• Мәдениет
  • 15 Қазан, 2020

ҚАРТТАР – ҚАЗЫНАМЫЗ

Қазақ халқында қарияларға қамқорлық таныту деген ұғым оны басқа халықтардан ерекшелеп тұратын қасиеті іспетті. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп қарттарының қас-қабағын бағып, балаша мәпелеп қарайтын қазақ отбасы жайлы жылдар бойы жырлауға тұрарлық. Қазақтың қара шаңырағы данагөй қарияларымен, парасатты ұрпағымен, кең дастарқанымен жарасымын тапқан. Ал ата-әже мен немере арасындағы қарым-қатынас үлкен мектеп саналған. Екеуінің арасындағы байланыс, мейірім, ыстық сезім атадан балаға беріліп келе жатқан мұра. Дегенмен, жаһанданудың әсері ме, соңғы кезде қарттар үйін, бейімдеу орталықтарын паналаған қазақ қарттары жайлы аз айтылып жатқан жоқ.

Кәрілікті өз балаларының, неме­релерінің ортасында емес, қарттар үйінде қарсы алу – үлкен қасірет. Алайда отбасындағы кикілжің, ұрыс-керіс қарияларға осындай қадам жасауына себеп болып жатқаны қабырғаны қайыстырады. Міне, осындай мәсе­лелер ­жайлы қозғаған «Хабар» арнасынан берілетін «Соңғы үміт» ­телехикая­сы көпшілікке үлкен ой салады. ­Сериалда бүгінгі отбасы мәселесі, ата-ананың таңнан кешке дейін жұмыс деп жүріп баланың тәрбиесі­нен мүлт кетуі, оған ауылдағы қарияның қынжылуы, қарт ата-анаға деген қарым-қатынас, кейбір келіндердің ата-енесін сыйдырмауы, сыйластықтың сарқылуы жайлы мәселелер қозғалады. Жанға бататыны сол, сыйластықтың болмауынан балаларының өз ата-анасын артық адам санап, қарттар үйіне жетектеп апарып өткізулері. Одан да сорақы кездесетін тұсы, айына уақытылы барып, зейнетақысын алып қайтуы... Жанарына сыр жасырған, айналасына жалтақтаған, осындай жағдайға түскен қариялардың қазіргі халін ойлаудың өзі аянышты. Өкінішке қарай, бүгінгі күннің бейнесін телехикаяда дәл суреттей отырып, оның арты неге соғатынын, «атаңа не істесең, алдыңа сол келетінін» әсерлі жеткізеді, ой салады, ойландырады.
Кинода кішкентай Санат бала­қайдың атасына деген сағынышы, көңіл-күйі арқылы ата мен немере арасындағы қыл өтпес махаббатты, сүйіспеншілікті көрсетеді. Ол керемет көрініс қазақта бұрыннан бар, бірақ қазір сиреп бара жатқан көрініс екенін еске түсіреді. ­Сондай-ақ ­сериалда отбасында ер азаматтың рөлінің төмендеуі, әйелдердің ерін ­сыйламауы, тәккаппарлық пен көкіректіктің соңы ертелі-кеш ­немен бітетінін ескереді. Кинода басты рөлді сомдап шыққан ­актер Оразхан Кенебаевтың рөліндегі қарттың қаһарлы үні, тәрбиесі мол дана сөздері, іс-әрекеті сай-сүйегіңнен өтеді. Киноның ­жалпы идеясы, маз­мұны, дарынды актерлардың өз образдарын сәтті ойнап шығуы көрермен көңілінен шығып, жалғасын асыға күтетін жағдайға жеткізді. Қазақ кино­сы­ның қарыштап дамуымен қатар кө­терер жүгі де ауыр екені аңғарылып тұр.
«Әкең де осы жерде өлер енді,
Тәңірдің жазуына көнер енді.
О, жалған сағындым ғой,
тым болмаса
Алып кеп бір иіскетші немеремді» деп «Қара шалын» термеге қосып тербеген Алтынбек ағамыздың жалғыз қалған қарттардың жабырқаңқы көңілін жеткізе білгеніндей, киноның көрерменге ұсынған туындысы да жоғары бағалауға лайық болып тұр. Кері әсерден оң нәтиже шығару үшін сабақ алатындай дүниелер мол қамтылған, қазақы отбасындағы тәрбие мен өнеге ұштастырылған осын­дай туындылар ұдайы көрсетіліп тұрса екен.

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА
Түркістан

Нартай ӨТЕГЕН,
«Соңғы үміт» телехикасының идея авторы:
– Байқасаңыздар біз қай телехикаямызда да бірінші кезекте ұлттық құндылықты, қазақы мәдениетімізді қоямыз. Яғни идеямыздың айтар ойы болу керегін басты назарда ұстаймыз. Қазақылықтың исі шығып тұрмаған туындыда ұлттың ұрпағына берер ештеңе болмайды. Ал қазіргі кезде «Хабар» арнасының эфирінен жүріп жатқан «Соңғы үміт» телехикаясының әу бастағы мақсаты ұрпағымыздың санасына ата-ана мен қазыналы қарттарымыздың қадірін мықтап сіңіру. Оларсыз өткізген өмірдің зая кететінін ұғындыру. Негізінен «Үлкенге ізет, кішіге құрмет» көрсете білген жандардан ғана саналы ұрпақ өсіп шығады. Ал қарттарына «Әй» дейтін балада қандай болашақ бар?! Өткен ғасырда қарттар үйінде тек ешкімі жоқ, жалғызілікті қазақ қарияларын кездестіретін едік. Кейін осы мәселе түйінді түйткіл ретінде жармасты. Әке-шешесін қарттар үйіне апарып тастап, өздері «жайлы» өмір сүргісі келетіндер саны артты. Бұл – ойланатын, ойлантатын жағдай. Біз сол үшін де осы телетуынды арқылы көпшілікке ой салғымыз келді. Әрине, телехикаяның тағдырына баға қоятын – қалың көрермен ғой. Бірақ сол көрерменнің өзін басқа елдің менталитетінен алыстатып, өзіміздің қазақи таным-түсінігімізбен нәр беру сіз бен біздің қолымызда екенін де ұмытпауымыз керек. Ал экранымызды қазақылықтан айырған күні өз мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді жоғалтып алатынымызды түсінуіміз керек...

4364 рет

көрсетілді

912

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы