• Тарих
  • 15 Қазан, 2020

МӘРСЕКҰЛЫН ҰМЫТПАСҚА...

Алаш зиялылары. Солдан оңға қарай: бірінші қатар: 1) Жақабай Әтікеұлы; 2) Жұбандық Болғанбайұлы; 3) Тұрағұл Абайұлы; 4) Әлихан Бөкейхан; 5) Райымжан Мәрсекұлы; 6) ?
Екінші қатар: 1) ?; 2) Мұқан Жәкежанұлы; 3) Көкбай Жанатайұлы; 4) ?

 

Берік УӘЛИ,
«Дарын» мемлекеттік жастар
сыйлығының иегері

Алты Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан көрнекті Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанұлының 1914 жылы мезгілсіз қайтыс болуына байланысты «Қазақ» газетінде «Барлыбекті ұмытпасқа» атты азанама-мақаласын жариялағаны баршаңызға мәлім. Осы мақаладан кейін дүйім ел Барлыбектің туған халқының құқы мен азаттығы үшін жан аямай күрес жүргізген биік азаматтық тұлғасын ­таниды. Әлихан Бөкейханның томдарын ақтарған сайын осы қазанамаға соғам. Соққан сайын есіме Райымжан Мәрсекұлы түседі. Иә, Барлыбек Сырттанұлын ғана емес, Мәрсекұлын да ұмытпауымыз керек.
Қазақ хандығы ыдырағаннан кейінгі тарихымызға зер салсақ ұлты­мыздың мемлекет құру жолындағы жансебіл арпалысын, қаншама боздақтардың төккен тері мен қиған қыршын жанын көресіз. Елдік рухтың сөнбеуі, сом жүректе қайнаған намыс қаны XX ғасырдың басында «Алаш» ұғымын жаңғыртып, уыздай ұйыған ұлт зиялылары бостандық идеясын ту етіп көтерді. Қазақ мемлекетінің қайта тіктеген қара шаңырағына уық болып қадалып, босағасы болып бекіткен тұлғалардың бірі, ұмытпай ұлықтауға тұрарлық есім – Мәрсекұлы Райымжан еді.

Райымжан Мәрсекұлы.  1918 жыл. Семей.

Райымжан Мәрсекұлы.
1918 жыл. Семей.

Санкт-Петербург универси­тетінің заң факультетін тамамдаған білікті заңгер Райымжан Алаш партиясы және Алашорда үкіметінің құжаттары мен бағдарламарын жасап, дайындауға көп еңбек сіңірген қайраткер. Университеттің темірдей тәртібі студенттерді саясатқа араластырмау, жасырын ұйымдар мен үкіметке қарсы қимылдарға қатысуына жол бермеу. Осылайша патша үкіметі жас буынды өзінің дегеніне көндіріп, айтқанына жүргізбек. Бірақ қазақ даласында болып жатқан алабұрқақ саяси өзгеріс, халықтың теңдікке ұмтылған батыл қадамы, демократиялық озық идеялардың қазақ баласын оятып, кеңінен тарай бастауы көкірек көзі ашылған саналы қауымды бейжай қалдырған жоқ.
Университет қабырғасында жүрген Мәрсекұлы осы кезден бастап қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, өзі секілді шартараптан білім іздеп келген қазақ жастарымен бірлесе отырып «Студенттік жерлестер» ұйымын құрады. Бұл ұйымның маңызы өте зор, себебі қазақтың білімді, зиялы жастары бір-бірімен тығыз араласып, қарым-қатынас жасап, ел іші-сыртындағы әлеуметтік, саяси жағдайларды назардан тыс қалдырмай талқылап, өздерінің көзқарастарын білдіріп, қиыншылығы бар талапкерлерге көмек қолдарын созып тұрды. Бұл болашақтағы Алаш үшін жанпида деп қызмет істейтін батыл әрі сара жолдың басы еді. «1899 жылы 8 ақпанда Санкт-Петербургте патша билігіне қарсы студенттік қозғалыс болып, оған қатысқандар полиция тарапынан қатты соққыға жығылады. Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарының студенттері ақпан-наурыз айларында бірнеше рет қарсылық ереуілін ұйымдастырады. Полицияның озбырлығына қарсы шыққандардың арасында Райымжан да болады» дейді алаштанушы Светлана Смағұлова.
Қазақтың қансыраған халын, нулы, сулы жерін жат табаны таптап, өзі талау мен талапайға түскен босқын кейпін көріп өскен Райымжанның кеудесінде әділетсіздікке деген кек сахардай қайнап жатқан еді. Бүркемеленген саяси шындықты ашып, құқай мен қорлықтан көзі ашылмай келе жатқан халқын бостандыққа жеткізгенде ғана жанын сыздатқан сыздауық жарылатынын түсінген Р.Мәрсекұлының күрескерлік қадамы осылайша басталады.
«Қазаққа лайықты, келімді законды қазақтың өзі жасамаса, халықтың салтын, ғұрпын, жайын білмегендердің қолынан келмес, жасаса тұрмысына үйлеспей, қолайсыз болар деп, жалпы қазақ сиезі әр облыста комиссиялар сайланып, іске кіріссін деп қаулы қойған еді» деп жазады Р.Мәрсекұлы «Заң жобасын дайындайтын комиссия» атты мақаласында. Заң жобасын қазақтың тұрмыс-тіршілігіне үйлесімді, халыққа қолайлы жағын қарастырып дайындайтын комиссияның алар рөлі ерекше. Бұл айдарынан жел ескен хандық дәуірдегі «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысының» қазақ даласында қайтадан жаңғыруымен барабар еді. Есе-теңдігі көп кеткен халқының тарихындағы ақтаңдақты толтыру үшін майырылған қылыш пен мұқалған найза емес, білім мен ғылым ғана заманның құйынан құтқарып шығатынын терең пайым­даған Р.Мәрсекұлы елінің ертеңі үшін жинаған білге-дарынын игі іске айналдыруды алғаш Семейдегі округтік сотында «Помощник присяжного» лауазымды қызметке тағайындалудан бастайды. 1907 жылы Тобыл округтік сотында Тар уезінің тергеушісі болып, 1908-1912 жылдар аралығында Омбы сот палатасында адвокатура саласында қызмет атқаруы Райымжанды заңның қыр-сырына жан-жақтылы жетілдіре түседі. 1912 жылы қайтадан ­Семейге көшіп келгенде халқы алақайлап бөркін аспанға атуы да текке емес еді. Себебі Райымжанмен бірге есе-теңдіктің лебі ілесіп келгендей күйге бөленген. Патша шенеуніктері мен жер өлшеушілердің, парақорлық пен зорлықтың тізесі әбден батқан қара халық Райымжанға шағынып, арыздарын жеткізуі де оның іскерлігі мен заң арқылы жалған ­жаладан арашалап шығатын әділеттілігін көрсетеді.
«1914 жылы Әлихан Бөкейхан, ­Мір­жақып Дулатұлы, Ахмет ­Байтұрсын­ұлы тұтқынға алынады. Осыған байланысты Р.Мәрсекұлы «Қазақ» газетінде мақала жариялап, жоғарыда аталған қайраткерлердің тұтқындалуы «жұрт үшін қайғырып, елі үшін күйініп жүрген ерлерге ондай іс батырдың басына соғыста салған жарадай болып, батырлық, қаһармандықтың белгісі» деп қалам тартады» дейді алаштанушы Нұрлан Дулатбеков. Балапан басына, тұрымтай тұсына тартып жұрттың сорпа бетіне шығар серкелерін қойша көгендеп әкетіп жатқанда, бұндай батыл сөз айта алу ұлты үшін басын бәйгеге тігуді қаһармандық санайтын перзенттің ғана қолынан келмек. Ол мерзімді баспасөзді қару етіп шыншыл, батыл, селт еткізер ойларымен қоғамдағы түйткілді мәселелер жер, тіл, дін және халықтың тәуелсіздігі жолында үздіксіз өзінің өткір көзқарасын білдіріп отырды.
«XX ғасыр басында қазақ интеллигенциясын тарихи аренаға шығарған Алаш қозғалысына, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің қызметіне де Райымжан бар жан-тәнімен қызмет етті. Ол елдің қамын, болашағын ойлап, отаршыл жүйеге қарсы шыққан, барлық ой-пікірлерін «Қазақ», «Дала уәлаяты газеті», «Серке», «Алаш» сияқты газеттер мен «Айқап», «Шура», «Шолпан» журналдарында жариялап тұрған қазақтың біртуар ұлдары, ұлтымыздың ақыл-ой көсемдері – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Сей­далиндердің сенімді ­се­ріктерінің бірі болып, олармен қоян-қолтық араласты» деп түйінделетін ­алаштанушы Светлана Смағұлованың пайымымен толықтай келісеміз. «Алаштың» белді мүшелерінің бірі ретінде ­Райымжан партияның келешек көздеген міндеттері мен мақсаттарын анықтауға, «қазақты қайтсек ел етеміз?» деген баба жолға өзін арнады.
Алашорда үкіметінің қаулы-қарарларын, құжаттарын «Сарыарқа» ұлттық-демократиялық газеті арқылы Алаш жұртына жеткізіп отырған Халел Ғаббасұлы, Имам Әлімбекұлы, Шынже Керейбаев қатарлы қайраткерлердің белортасында болды. Осы газетке ­Райымжан бірқатар мақалаларын жария­лап, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мәннан Тұрғанбайұлы, Әлімхан ­Ермеков сынды қазақтың ұтқыр ойлы азаматтары ұйысқан ортаның тегеурінін көрсетті. «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Керектің керегі – ғылым» атты мақаласында: «Қай халық болса да қазақтан артық туған жоқ, артылса, озса, ғылым-білім арқасында асып отыр. Егер оқу жолына партиялық қызығуына кіргендей ұмтылсақ, талаптансақ, жігерленсек біреуінен кем болмауымыз анық. Ұмтылатын заман келді. Ерлердің қайраты, жақсылардың білімі, елдің елдігі, ынтымағы саналатын жорық болды. Қазағым, ойлан, толған! Ғылымсыз күн, қараңғы түн» дейді. «Оян, Қазақ!» деп жар құлағы жастыққа тимей күрескен арыстардың биік мұраты – ағартушылық идеясы. Қазақ білімге қанып, ғылымға сусындаса ешкімге есесін жібермейтіні қақ деп сенді. Бұл бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі ғана емес мәңгілік тақырып. Райымжан секілді ұлтымыздың ғасырда бір туар тұлғалары ғылымның шырағын жақсақ деп көтерген байрағы бұл күнде біздің аспанымызда желбіреп тұр. Біздің тәуелсіз мемлекет Алашорда үкіметінің заңды жалғасы, Алаш идеясын ту етіп көтеруші.
Райымжан Мәрсекұлы 1918 жылдың 17 қаңтарынан 1919 жылдың 23 маусымына дейін Семей облыстық Жер басқармасының төрағасы қызметін атқарады. Әрине, бұл кезеңде ең ауыр мәселе жер мәселесі еді. Раймжан бұл жұмыстарға белшешіп кірісіп, ­обылыс ішіндегі көптеген губернияларды аралап, тексеру жүргізіп, жерінен нақақ айырылған бұқараның тұрмыс-тіршілігімен танысып, оларға қолынан келгенше жәрдем жасауға тырысты. Қылышынан қан тамған Колчактің Сібір үкіметі «Алшорда милициясын Ішкі істер министрлігінің қармағына алу» турлы бассыз шешіміне қарсы болған Р.Мәрсекұлы уақытша үкіметтің жоғары басшылығына хабар беріп ­тойтарады.
Азамат соғысы жылдарындағы экономикасы төмен, шаруашылығы ұстағанның қолы, тістегеннің аузында кеткен қазақ халқы ауыр қиындыққа дүп келеді. Аш-жалаңаш босқындар қарасы көбейеді. Осындай қиын-қыстау кезеңде Райымжан бас болған Жер басқармасы қолдан келгенше көмек көрсетеді. Осы басқарманың өкілі ретінде Райымжан Мәрсекұлы Владивосток қаласындағы Америкалық «Андерсен, Майер және К» фирмасының бөлімшесімен келіссөз жүргізіп, 15 миллион сомның тауарын жергілікті шикізатқа айырбастап, халықты күнделікті тіршілігіне ең қажетті деген тауарларына қолын жеткізуі баға жетпес ұлтқа сіңірген еңбектердің бірі.
Райымжан Мәрсекұлы Алашорда әскерін құруға да белсене атсалысқан тұлғалардың қатарында. Кеңес өкіметін мойындауға мәжбүр болғанға дейін Алашорда өз жұмысын табандылықпен атқара білді. Қалыптасқан мемлекеттік құрылым деңгейінде жұмыс атқарған алаштықтар заманның алағай-бұлағай тұсына тұспа-тұс келді. Бірақ қылша мойыннан бас кеткенше өз жолдарынан таймады. Сол кездегі шиеленіскен жер, тіл мәселелерін еміс-еміс көтеріп, патша үкіметінің қазақ еліне жүргізіп отырған отарлау, орыстандыру саясатына қарсы шыққан қайраткерлердің бірі де Мәрсекұлы болатын.
Біз құрастырған «Алаш жылнамасы» атты анықтамалықта мына бір деректер келтірілген: «Р.Мәрсекұлы 1922 жылы Қытайға эмиграцияға кетеді. Сол жақтағы жергілікті ел оны құрметпен қарсы алады. Р.Мәрсекұлының қашан, қандай жағдайда қайтыс болғаны толық мәлім емес. Бір деректерде «Құлжа түрмесінде өлді» делінсе, екінші бір деректерде «Семей түрмесінде өлген» делінеді». Райымжанның 1922 жылы Қытайға қашқанда оның отбасы ­Семей қаласында қалып қояды. Арғы бетке өткеннен кейін Нұржамал есімді әйелмен бас құрап, 4 ұрпақ сүйген. Қиыр қонып, шет жайлап кеткен Қытай жеріндегі қазақтар Райымжанға бөтен емес еді. 1918 жылдың жазында Алашорда басшыларынан Ахмет Байтұрсынұлы, Садық Аманжолұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәр­секұлы қатарлы 5 адамдық делегация Семей қаласынан жолға шығып Шәуешек қаласына барып, атақты бай Рамазан Шәнішевтің үйіне түскені белгілі. Бұл турасында алаштанушы ғалымдар талай қалам тартты.
Үрімшіге қазақ байы Құсайын бастап барған Алаш делегациясы Шыңжаң өлке­сінің бастығы Ян Зын Шин мыр­заның қабылдауында болады. Осылайша Алаш үкіметінің болашақ нұрлы арманын жүзеге асыру үшін көрші мемлекеттермен дипломатиялық барыс-келіс орната білген Алаш қайраткерлерінің арасында Райымжанның орны да бір төбе еді. 1922 жылы басына қара бұлт үйірілгенде Қытайға қоныс аударуы, ондағы қандастардың арасына барып бой тасалауы тегін емес. Алаштың сол жақтағы көз-құлағы болғаны ақиқат.
Қытай қазақтарынан шыққан әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлының поэзия­сын саралай келе Ербол ­Алшынбай былай дейді: «Жұрт ­аузында айтылып жүрген Мақсұт Сасанұлы, Әбеу Құдышұлы, Таңжарық Жолдыұлы бастаған «арғы беттегі» қазақ зиялылары Шығыс Түркістанға «қоныс аударған» Алашорда ұлттық үкіметі әскери кеңесінің мүшесі Райымжан Мәрсекұлы мен Ыбырайым Жайнақов сынды Алаш идеясының айнымас сарбаздарымен қосылып, Алашорданың Қазақстанда іске аспай қалған ұлы мұраттарын орындау жолында, Құлжа қаласында «Алаш-азаттық» атты құпия ұйым құрып, Шығыс Түркістан азаттығы үшін күрескен». Әрине, Шығыс Түркістандағы өткен 15 жыл бойында Райымжанның текке жүрмегені белгілі. Шығыс Түркістандағы кеудесінде Алаштың қаны қайнаған ұландардың басын қосып, қыруар жұмыстар атқарғаны сөзсіз. Бұл Р.Мәрсекұлы өмірі жайлы әлі зерттелмей жатқан соны тақырып, уақытқа көмілген тарих.
Алаш қайраткері, заңгер ­Райымжан Мәрсекұлының өмір жолы татқан тәттісінен ащысы мол, азапты соқпақ. Табанына шөгір кіріп, маңдайына тікен қадалсада ол арда жолдан, Алаштың ақ жолынан айныған жоқ. Бүгінгі ұрпақтың баяшат өмірде ­жасап жатуы кешегі Райымжан секілді арыстардың төккен тері мен берген бодауларының жемісі. Сөз басында айтқандай, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Барлыбекті ұмытпасқа» атты өшпес туындысынан ұшқын алған ой қаламымызға күш беріп, осы жолдарды жазуға түрткі болды. Алаштың маңдайына жұлдыз болып жарқырап біткен қадау-қадау тұлғалардың бірі – Райымжан Мәрсекұлы. Біз бұл есімді ешқашан ұмытпақ емеспіз. Райымжанның ғұмыры мен істеген игі істері бізге әлгі күнге дейін толық ашылған жоқ. Ол өз алдына зерттеуді күтіп жатқан тың тақырып. Бұл мақала жалпы шолу сипатында ғана болмақ. Біз Райымжан әлеміне, Алаштың қайраткері жасап кеткен өнегелі жолға әлі талай ат басын бұрамыз.

 

2363 рет

көрсетілді

223

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы