• Тұлға
  • 15 Қазан, 2020

АДАМЗАТҚА ОРТАҚ ТҰЛҒА

Абай – исі қазаққа, тіпті адамзатқа ортақ тұлға деп жүрміз. Ұлы ­демократ ақынның қазақ халқының ой-санасының өсе түсуіне ықпалы зор болды. Ғұлама ұстаз, үлкен гуманист, дарынды сөз зергері, ақындардың алыбы, ойшылдардың озығы, кемел ойлы философ кең жүректі ағартушы, композитор Абай – ұлтымыздың мақтанышы, данышпан перзенті, қазақтың ең жанашыр сыншысы Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін зер салып, зейін қоя оқу ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет. Президентіміз өз мақаласында халқын шексіз сүйіп, жанашырлық таныта отырып, өз ұлтының кемшілігі мен олқылығын бетке айтқан Абай мұрасы мен ілімінің бүгінгі күні де құнын жоймайтынына, болашақта да бағалы бола беретініне шүбәсіз сенетінін айтты. Ол Абайдың қара сөздерін оқи отырып оқырман «іші толған у мен өрт, сырты дүрдей» кемеңгердің мұң-шері мен арман мақсатын айқын сезіне алатынын жазыпты.

Абайдың өлеңдерін 6-7 орыс ақы­нының орыс тіліне аудармақ болғанын, бірақ ойдағыдай қиыстыра алмағанын оқығанымыз бар. Өйткені оның өлең­деріндегі сөз саптау ұлттық калоритке аса бай болғандықтан, басқа тілге аудару оңай емес. Сондықтан ұлы ақынымызды орыстілділер Мұхтар Әуезовтің атақты романы мен ақын жайындағы естеліктер арқылы ғана білетін. Аударманың озық үлгісін Абай өзі танытты. Ол орыс тіліндегі өлеңді ақынның айтар ойын дұрыс бағамдап, өзінің төл өлеңіндей қиыстырып аударды. Ал Абайдың қара сөздерін басқа тілге аудару ешқандай қиындық келтірмейді. «Қазақтың классик әдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының асқар биігі, XIX ғасырдағы Шығыс әдебиетіндегі ірі тұлға» деп М.Әуезов бағалаған Абай шығармалары – аса қымбат мұра. Ойы терең, тілі көркем, өзінше айтсақ «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» қиыстыра білген ұлы ақын халық тілін ұстартып, әдеби қалыпқа келтірген деп жүрміз. Туған халқының рухани мәдениетін көтеруде, шындықты көркем тұрғыдан игерудің үлгілерін өрнектеуде, этникалық және эстетикалық құндылықтарды қалыптастыруда Абайдың өзіндік үлес қосқаны белгілі. Қазақ елінің ұлттық рухы мен менталитетін, оның көкейкесті арманы мен даналық ойларын абыздық көрегендікпен, өлеңмен өрнектеп, берген Абайдың теңдессіз гауһар жырлары, таңғажайып көркем аудармалары, данышпандық ғақлиялары, керемет әндері тыңдаушысын бейжай қалдырған емес. Қоғамды өзінің ойлы да өнегелі сөздерімен алға бастап, озық елдерінің қатарына тартуды армандаған Абай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп өнегелі өмір мәнін айшықтапты. «Қалың ұйқыдан» оянуға асықпаған халқының бейқамдығына күйзелген ұлы Абай «кімнің ұяты болса – иман сонда» деп адамдықтың негізі имандылықта жатқанын меңзейді. Абайдың, әсіресе ашынып сынап-мінейтіні надандық пен еріншектік. Адамды адам еткен еңбек деп білген Абай еңбекті бес асыл істің біріне жатқызып «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – арылмас азап» деп, еріншектіктен талапсыздық, жігерсіздік, кедейлік, жақынына жаны ашымаушылық, ұятсыздық туындайтына күйзеледі. Халық өміріндегі бұрын болмаған мұндай келеңсіздікке XIX ғасырдағы қоғамдық, әлеуметтік жағдай себепкер болды деушілер бар. Қазақы тіршілік отаршылардың зорлық-зомбылығынан күйзеліске ұшырады. Қазақтық сулы, шұрайлы жерлерін басып алып, өздерін ұлт ретінде құртуды мақсат тұтқан орыс отаршылары құрған тығырықтан шығудың жолын іздеген Абай деп жүрміз. Халқының қамын жеген іші толы «у мен дерт» Абай бұрындары қазақ ортасында болмаған алауыздық, ұрлық, өтірік, өсек – аяң, қаскүнемдік, қам-қаракетсіздіктің орын алуына күйініп, жақ-жақ ­болып айтысып-тартысқан елдің береке, бірлікке, еңбекшіл болып кәсіппен, қолөнерімен шұғылдануын ­армандады. Жұмыссыздыққа, бойкүйездікке ­салынбауын ­армандады. Абай өзінің «Қара сөздерін» туған халқы ғана оқысын деп жазған. Егер ол бұл жазғандарын басқа тілдерге тәржімәлайтынын білсе, шығармасын сәл-пәл толықтырып, қазақты ғана жеке дара кінәлап қоймай, өзінің ашынып айтқан жағымсыз қылықтар басқа халықтарда да кездесетінін ескеріп, бүкіл адамзатқа қатысты ғып айтар ма еді... Абай туған халқы қазақты мақтап көрген емес. Ол қазақ менталитетінің ұнамды жақтары қайда қалар дейсің, онан да халқым өз тұрмыс-тіршілігіндегі жағымсыз, келеңсіз қылықтарынан арылсын деген мақсатпен оны бастан-аяқ сынады. Ақынның бұл айтқанының ұрпақ тәрбиесінде айрықша маңызды екенін сезінген халқы оны құдайдай құрметтеп, төбесіне көтерді. Абай өзінің «Қара сөздерінде» өз жұртын бастан-аяқ мінейді. Туған халқын ояту үшін, қараңғылықты сейілтіп, рухын көтеру үшін ақынға ­заман айтқызды. Оның бұл айтқанының өзектілігі сақта­ла­тындықтан, мектептің жоғары сыны­бындағы әдебиет сабағында оның «Қара сөздерін» бастан-аяқ оқыту керек. Оның айтқан сөздерінің нақылға айналып кеткені аз емес. Қазақтың міні мен ­айыбын бетке басып, жанына батырып айта отырып, ақын отаршылардың ауыр қыспағына тап болып, өз басынан еркі кеткен халқының тұманды тағдырына күйзеледі. Әлем халқының басым бөлігі қазақтарды бұрын көрмеген, олар жайын­да ештеңе естімеген. Абайдың «Қара сөздерін» оқығанда олар «осы қазақ деген қандай халық өзі» деп ойланып қалса, оның өзі өкініш тудырып, намысқа тиеді. Сондықтан ақынның жазғанының қазақ тіліндегісін ешқандай өзгеріссіз сол күйінде қалдырып, басқа тілге ­аудармасында қазақты жеке-дара атап сынап-мінеген жерін редакциялап, ондай келеңсіз қылықтан аулақ болуды бүкіл адамзатқа қатысты етіп түзетсе қалай ­болар еді деп те ойлайсың, кейде...
Қазақ – тіліп түсер ділмар, сойып түсер сөзшең халық. Шешендік өнер – халқымызға тән, қанымызға сіңген қасиет. Импровизация, суырып салмалық қанымызға сіңген. Қалың жұртшылық алдында өткір, бейнелі тілмен табанда тауып айтатын айтыс өнері дамыған. Қазақтың бай музыка мәдениеті қалыптасқан. Әсіресе ән салу мен күй тарту өнері, ақындық өнері мықтап дамыған. XIX ғасырдағы орыс саяхатшасы Г.Н.Потанин: «Күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай. Екі қазақтың бірі – ақын» деп жазғаны тегін болмаса керек.
Қазақ – әзілқой халық. Адамдардың бір-бірімен сыйластығы, емен-жарқын әңгімелесуі жарасымды да әдемі әзіл-қалжыңмен ұштасып жатқандай. Екі ауыз сөзін әзілге орап айтпайтын қазақ сирек. Көркем тілдің небір тартымдысын байқататын әзіл-қалжыңның өзі – тұнып тұрған шешендік өнер.
Басқа халық өкілдері қазақтың ежелден келе жатқан сөз ырғағы мен мәнерін дұрыс қиыстырып бата беру сияқты игі дәстүріне қызыға қарайды. Қазақтың басқа көп халықтан артықшылығын танытатын туыстық қарым-қатынасқа зор мән беруі де оның қанына сіңген. Қарға тамырлы қазақ дегендей, жеті атасын білу арқасында сұрай келе біреуі өз ағайыны, қалғандары не қайын жұрты, не нағашы жұрты, не жиені, не құда-құдағиы, жекжат-жұрағаты боп, бір-біріне қошемет білдіреді. Қазақ жетім-жесірлерін де қамқорсыз қалдырмайды.
«Қазақ құда-жекжатын құдайдай сыйлап, ең жақын жанашыр туысына айналдырады екен» дегенді зор таңданыспен өзгелер айтып жүр. Қазақта пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған деген сөз бар. Күйеу баласын туған ұлынан кем көрмей, бар дәмдісін аузына тосып, асты-үстіне түсіп сыйлаған. Соған орай қазақта ажырасу деген болмаған. Қазақ – достыққа берік халық. Достық – көңілдің кәусар бұлағы, өмірдің мәні деп түсінген олар ежелден адамға шынайы сезім шуағын, көңіл қуатын жеткізетін сыйластық пен азаматтықты дәріптеп, қадірлеген. Күре тамырының қанын орамалға ағызып дос болған. Шынайы достықтың тағы бір айқын көрінісі – «тамыр» деп аталатын көнеден жеткен ғұрып. Қылышын жалаңаштап, көкірегіне ұстап, қанжар не қылыш сүйіп, үш рет төстесе құшақтасып, тамыр болатын. Тамыр болу ғұрпы кейін келе ұлтаралық татулықтың дәнекеріне айналды. Ертеректе өзбек пен ұйғырдан, тіпті діні бөлек орыс, неміс, т.б. халық өкілінен тамыры жоқ қазақ сирек кездесетін.
Ұлтымызға ұлағат болар қазақы қалпымыздың, әдемі ғұрпымыздың бірі – меймандостық. Қазақ тәтті-дәмдісін қонағына сақтайды. Келген қонақты қадірлеп, сый-құрмет, қошемет көрсету, кішілік пен кісілік таныту сүтпен бітіп, сүйегімізге сіңген. Швецияның үлкен бір ғалымы Моңғолия, Қытай, Иран, Түркия, Орта Азия халықтарының тұрмыс-тіршілігімен танысып, қазақтардың өзін, салт-дәстүрін, өмірлік ұстанымын сақтаудағы пәрменділігін дастарқанның құдіретінен көргенін, дастарқан басы тентекті тезге салатын, ұрпаққа үлгі боларлық бата берілетін, тіл өнеріне баулитын, ымыра-жоралғы берілетін орын екенін айтып, таңғалғаны жайында тебірене сөз қозғайды («Алматы ақшамы», 29.05.2010).
Қазақ думаншыл, сауықшыл халық болғандықтан той-томалақ жиі өткізіледі. «Той десе, қу бас домалайды» деп айтатын қазақ үшін той – ізгілік пен жақсылықты, озық дәстүрлерді жаңғыртып, жалғастыратын игі қадам. Қазақ табиғатында еліктегіш, барша игілікке ұмтылғыш халық. Сондай-ақ олар қашанда қанағатшыл, қоңыр төбел өмір сүруге бейім тұрады. Төзімділіктің қазаққа тән үлгісі шетелдіктердің қызығушылығын тудырады. Қазақ – ақкөңіл халық. Басқа халықтар қазақтарды, әсіресе кеңдігі, дарқандығы үшін аса құрмет тұтады. Сталиндік сұрқай заманда тағдыр тәлкегімен қуғын-сүргінге ұшырап, қырылып кету қаупі төнген қанашама ұлысты қазақ халқы өзінің қайрымына бөледі! «Қазақ – елі мырза, ері сырбаз халық. Ауыр жағдайда қолұшын берген қазақ халқының бауырмал, меймандос көңліне, ақ пейіліне ризамыз» дейді олар. 1970 жылдары Грозный қаласына делегаттар құрамымен барған Қасқабай Мұнапов деген азамат мынадай жан тебірентер жайды әңгімелеген. «Армысыз, аға! Сізді көргенде жарқын жүзді, қонақжай, бірге туғандай болып кеткен қазақ халқын көргендей болып отырмыз. Ана тіліміздей болып кеткен қазақ тілін сағындық. Сіз қазақша сөйлеңізші» деп, бірде-бір қатесіз жазған өтінішті алып, тәнті болып, сөзімді бастадым. «Кавказ тауының сұңқарлары, шешен-ингуш халқының сүйікті ұлдары! Мен сіздерге Алатаудың баурайынан, әсем қала Алматыдан, Қазақстан халқынан туысқан шешен-ингуш бауырларға жалынды сәлем алып келдім» дегенім сол-ақ екен, бес жүз кісілік зал ішінде күн күркірегендей дауыс шығып, құлақ тұндыра қол соққан шапалақтың үніне толып кетті. «Қазақстан – туған жеріміз. Қазақ тілі – екінші ана тіліміз. Алатау – Кавказ жасасын!» деген дауыс естіліп жатты» («Егемен Қазақстан», 15.03.1996). Ал АҚШ азматы Дж.Брайан Хаузер былай дейді:
– 1991 жылдан бері Қазақстанда 20 рет болғанымда алған әсерім орасан зор. Туған жеріме қайтқан сайын Қазақстанды сағынып, оның кеңқолтық халқының пейіліне риза болып отырамын. Жұрт Қазақстанды жер көлемі кең, бірақ ешкімге белгісіз ел деп санайды. Ал мен қазақ жұрты әлем халқына үлгі көрсетіп отырған бірден-бір мемлекет деген пікірдемін. Ол – ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі тұңғыш мемлекет. Соның арқасында жер жүзінің жағдайы біршама жақсарып, қауіпсіз бола түсті. Қазақтар жайында ерекше атап өткім келеді. Олар өзінің қонақжайлығымен, мейірімділігімен және білімпаздығымен ерекшеленеді. Қазақтың қонақжайлығымен ешбір ел бәсекелесе алмайды. Қазақстан күллі әлемге қолы ашық, көңлі таза ұлттың үлгісіндей ел, – деп жазыпты («Ана тілі», 06.01.2010).
Атақты ғалым Н.Л.Зеланд (XIX ғ.) «Қазақ» атты этнографиялық очеркінде «Қазақ – қызуқанды жан. Алайда жүйкесі көнбіс, ашуға жол бермейді. Олардың қызуқанды болуының себебі көшпенділердің өмір салтынан болса керек» деп ой топшылайды. Ғалым қазақтардың рухына жайсаңдық пен ізгілік тән екенін, ылғи да жайдары жүріп, сергек, еліктегіш келетін, аналитикалық ойлау қабілетінің күшті екенін жазыпты. Ел жұртын шексіз сүйген кемеңгер бабамыз Абайдың халқының жарқын болашағын армандап, жазған «Қара сөздеріне» жазған «Алғы сөзді» оқып, қазақты бұрын естіп білмеген шетелдіктер олар жайында дұрыс мағлұмат алар еді.

Сейдін БИЗАҚОВ,
филология ғылымының
докторы, профессор

1698 рет

көрсетілді

72

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы