• Руханият
  • 15 Қазан, 2020

ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС БЕДЕРІ

«Асқан алып – ата затым, сұрасаң, Асқан дана – ана затым, сұрасаң» деп қазақтың ­дарынды дүлдүл ақыны Мағжан Жұмабаев жыр­ла­ғандай, адам баласы қайдан шыққанына, қайда бара жатқанына ой толғаса ғана адами қасиет бой көрсете ме деген ой келеді. Адамның ерек­шелігінің, артықшылығының өзі де не істеп, не қойып жүргенін ойлап, оны бір-біріне сөзбен жеткізуінде ғой. Қай тілде ойлап сөйлесең, сол ұлттық негізде іс-қимыл жасайтының хақ.

«О, туған жер, сен – анамсың, мен – балаң» деп қазақтың өлең-жырларында, қанатты сөздерінде тегін айтылмаған. «Отан оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс», «Отаным – алтын бесігім» деген мақал-мәтелдерде де зор мағына бар.
«Отан» деген сөзді әр адам, әр халық, әр ұлт өзінше түсініп, мән беріп, өмірге, қоршаған ортаға, дүниеге деген көзқарастарын қорыта келе өз орнын анықтап, келешекке жол тартады. Мен үшін «Отан» деген сөздің мағынасы дүниедегі ең асыл да ардақты, қымбат та ыстық, ой түйсігінің шырқау шыңының ұшар басындағы қасиетті ұғым.
Адам баласына «Отан» деген ұғым ана құрсағынан басталатын сияқты. Өмірге келгенде ана сүтімен ауызданып, бесік жырын тыңдап, ата-анасының істеріне, қимылдарына қарап, тіршілік ете бастағанда Отан туралы түсінігі одан әрі молая түсетіндей. Адам өсіп, ер жеткенде, өмірді, дүниені жан-жақты түсініп, білген кезде «Отан» деген ұғым бұрынғыдан да мәнді, мағыналы болып көрінетіндей.
«Отан» мен «Ана» бір-бірін толықтыра түсетін ажырағысыз ұғым. Қазақтар ертеден адамның бірнеше ­анасы бар деп есептеп келді. ­Мысалы, өзіңді өмірге әкелген, жарыққа шығарған әйел затын ана десең, сосынғы анаң – туған елің, туған жерің. Ойыңды жеткізіп, айналаңмен сөйлесіп, ­жазып, қарым-қатынас жасасатын – өз Ана тілің. Шындығында тіл ғана ұлт белгісін көрсетеді. Өз халқыңның тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті де – қасиетті. Себебі өз халқыңның шыққан тегін, тарихын білмеген адам нағыз адам қатарына жата қояр ма екен? Сен өз халқыңның нағыз ұлы, ұлтыңның, еліңнің, шыққан тегіңнің қасиетті істерін жалғастырушысы болуың шарт. Осы түсініктердің бәрі қорыта келгенде Отанмен байланыстырылады емес пе? Сондықтан да қазақ үшін Отан жоғарыда айтылған түсініктердің бәрімен бірге анамен теңелетіндіктен, ұғымымыз ұлғайып, ой-өрісіміз кеңейе түсетіндігі даусыз.
Енді Отан қазақ үшін қандай ұғым екенін түсінуге болады. Қазақ халқында осы түсініктердің бәрі тегіннен-тегін анамен теңестірілмеген. Әрине, басқа халықтарда бұл түсініктердің бәрі басқаша мағына береді. Нақтылай келгенде бүкіл осы түсініктер жинағы: туған анаң, туған жерің, Отаның, тілің, салт-дәстүрің, тарихың мен мәдениетің бірігіп, қазақ халқының менталитетін анықтап, қазақтың туған еліне деген көзқарасын жетілдіріп, оның бойында туған елі мен халқының тағдырына деген ерекше патриоттық сезімді қалыптастыра түспей ме?
Қазақтың анаға деген шынайы сезімі өмірдегі бүкіл түсінігін өзгертіп, дүниеге деген көзқарасын қалыптас­тырып, осы өмірдегі өз орнын анықтауға көмектесетіні анық. Осы тұста Мұхаммед Пайғамбардың: «Жұмақ анаңның таба­нының астында» дегені еріксіз еске түседі. Мен міндетті түрде өз анамды ардақтауым керек, тағы да сол сияқты өз халқымды, оның ішінде қанша ұлт болса да сыйлауым керек. Себебі менің анам – Отаным оларға қамқорлық жасап, құшағына тартып отыр. Қазақ Отан-Анасын қорғауға міндетті. Шындығында осы сезім емес пе, қазақтың батырларының елі үшін, жері үшін көкірегін оққа тостырған, жандарын пида қылдырған.
Мен өз елімді, өз халқымды ғасыр­лар бойы қалыптасқан салт-дәстүр­лерім мен әдет-ғұрыптарымды жан-тәнім­мен сүйемін. Неғұрлым терең үңіліп, салт-дәстүрлеріміздің қалай қалып­тасқанын ойлаған сайын біздің ата-баба­ларымыздың ой-парасатына, ақыл­дылығы мен тапқырлығына қайран қаласың. Мысалы, әр жігіт өзінің шық­қан тегінің жеті атасын жатқа білуге мін­детті. Егер сүйген қызы жеті атаның бірі­нен тарайтын болса, үйленуге ­тыйым салған. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген мақал осыдан шыққан болу керек.
Қарап отырсақ, бұндай салт бізден басқа елдерде ойластырылмаған. Басқа көрші елдерде, тіпті Еуропаның дамыған елдерінде жақын, бірге туған ағалы-інілердің, қарындастардың балалары бір-бірімен қосыла береді. Бүгінде тарихта да, ғылымда да осындай жақын жандардың арасындағы туысқандық қатынастар келешекте отбасыларының азғындауына әкеліп соғатындығы дәлелденіп отыр.
Қазақтың қандай салт-дәстүрі де ғасырлар бойы жинақталған тәжірибе­лерден қалыптасқан. Сондықтан да өмір сүруде көмектескен. Мысалы, «Құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық» деген мақал еліміздің ел болып дамуы­на әсер еткені көрініп тұр. Себебі ертеде құда болу дәстүрі шетсіз, шексіз жатқан қазақ елінде әркім өз теңдерін, қатарларын қиыр шығыстағысы батыс­тан, оңтүстіктегісі солтүстіктен тауып, құда түсіп, туыстасқаннан кейін бір-бірімен берісі жүз, әрісі мың жылға дейін араласып, қарым-қатынас жасап тұруы еліміздің біртұтас болып бірігуіне, тіліміздің біртұтас болып дамуына, салт-дәстүріміздің біртұтас болып қанат ­жаюына әсер етті.
Бізде әрі-беріден соң «Сүйек жаңалау» деген дәстүр бар. Ол бұрынғы құдалар уақыт өткен сайын ескіре бастағанда жаңадан екеуінің арасындағы күйеу мен қыздың жақындарын атастырып, құдалықты жалғастырып, бір-біріне деген жақындықты жаңарта түсіп, ел бірлігін нығайта түсуі деп түсінген жөн.
«Туған ел – алтын бесігім», «Елі байдың жері бай», «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деп, қазақ өзінің қонақжайлылығын, ашық көңілдерін ақтара көрсеткен.
Басқа елдерде халқымыздың қонақ­жайлылығы туралы аңыз ғып айты­латынын біліп жүрміз. Бірақ осы қонақжайлылық біздің елде Тәуке ханның жарлығымен заңдастырылғанын көбіміз біле бермейміз. Хан Тәуке Жеті Жарғысының бірінде қонақ қабылдау тәртібін бекіткен. Оның себебі, кең байтақ қазақ даласында әр жерде шашырап орналасқан халқымыз қатаң табиғатта, ұзақ жолда бір-біріне қол ұшын бермесе жойылып кету қаупі болғандықтан, әр адам мүлкіне заңды талап бекіттірілген. Тәуке хан жарлығы бойынша әр отбасы өз мүлкін үшке бөліп, бір бөлігін өздеріне, бір бөлігін балаларына (қанша бала болса да), бір бөлігін тұрақты келім­ді-кетімді кісілерге – қонақтарға арнаған.
Салтымыз бойынша жетіліп келе жатқан жастарға қойылатын талап ерекше екенін айтуымыз керек. Ертеде өмірдің ауырлығына байланысты «Азамат ат үстінде», «Ауыздықпен су ішіп, үзеңгімен су кешкен» деген сөздердің айтылған кездерінде бесіктен босана бере бала ат үстінде отыруға үйретілген. Сондықтан да біздің шығыстағы көршілеріміз: «Қазақтың қыз-жігіттері аттың құлағында ойнайды» деп таңғалған. «Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болу керек», «Қыз қылығымен сұлу» деген мәнді сөздеріміздің негізінде бала өсе келе көптеген өнер түрлерін жетік білуі керек деген талап жатыр. Қазағымыздың әлемдегі ең әріден келе жатқан ұлт екені де, дүниедегі өнерлі, білікті халық болуы да осы талаптан ­болар. Біз бұл салт-дәстүрімізді келешекте одан әрі дамытуымыз қажет.
Отанды, елді, халықты сүю үшін әркім өз халқының даму тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін жетік білуі шарт. Әйтпесе мемлекетке, елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мүмкін емес. Кішкентай бұлақ көзінен ­бастау алған тасқындай, әркімнің еліне, халқына деген сүйіспеншілігі кіші ­Отаны – туған жерінен басталатынын өмір заңдылығы деп білемін.

Серік ТІЛЕУБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,
Халық келешегі «Ғибрат» қоғамдық бірлестігінің басшысы

2434 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы