• Қоғам
  • 15 Қазан, 2020

ХАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ?

НЕМЕСЕ МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАР ТУРАЛЫ ТҮЙТКІЛДЕР

Қазіргі уақыттағы пандемияның қарқыны қатты болғаны соншалық, халықтың денсаулығы ғана емес, рухани құндылықтарымызды да құрдымға кетіре бастағаны жасырын емес. Оның ішінде зілбатпан ауыртпашылықты бастан кешіре бастаған саланың бірі – қазақ баспасөзі десек, қателеспейміз. Әрине, қазақ баспасөзінің шөл далада тамырына су жетпей, әр жерде бір седірейген сексеуіл сияқты жұталып бара жатқаны жанға бататын ауыр көрініс. Осы орайда, өз басым қазақ баспасөзінің бүгінгі зардаптарын біздің ұлттық санамыздың, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, тіліміз бен дініміздің, салт-дәстүріміздің, т.б. рухани құндылықтарымыздың құлдырауы деп қана ойламаймын. Бұл құлдыраудың артында ұлттық намысымыз бен патриоттығымыздың және қазақи пейіліміздің де сынға түсіп тұрғанын аңғару қиын емес. Ең қиыны да осы... Өйткені пейіліміз тарылып, ұлттық намысымыз бен патриоттығымыз кемшін соғып жатса, еліміздің ертеңгі тағдыры да үлкен сын екені айтпаса да түсінікті.

Бір өкініштісі, пандемия мен карантин талаптарына байланысты екінші жартыжылдықта баспасөзге жазылу шаралары тиісті дәрежеде қолға алынбады. Оған жаны ашып, шырыл қаққан жандарды да көрмедім. Көптеген оқырмандар баспасөзге жарты жылдыққа ғана жазылатын болғандықтан, газет-журналдардың таралымы күрт төмендеп кетті. Көп басылым­дар орта есеппен елу пайызға жуық оқырмандарын жоғалтты. ­Онымен қоса, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, қазақша газет-журнал сататын дүңгіршектер де жабылып тынды. Көптеген адамдар (негізінен жастары 55-тен асқандар) карантин шараларына ­байланысты үйлерінде отырды. Үйде отыру дегеніңіз көзі ашық, көкірегі ояу адам үшін кітап пен күнделікті ­газет-журналдарды көптеп оқуға және шығармашылық­пен айналысуға мүмкіндік беретін керемет жағдай екені түсінікті. Өкінішке қарай, сол мүмкіндікті тиімді пайдалана алмаған ағайындар жетерлік. Себебі көбісі мерзімді баспасөзге жазылмаған және ­газет-журналдарды дүңгіршектен сатып алуға дағдыланған. Ал енді сатып ­алайын десе, қазақша газет-журналдар сататын дүңгіршектер ­карантинге байланысты жабық ­болды. Есесіне, әлеуметтік же­лілердің бағы жанды. Әсіресе орыс тілінде ақпарат ­тарататын сайттар мен порталдардың оқырманы ­артты. Бұған да жаны ашып, жүрегі сыздаған қазақ ағайындарды байқамадым. Тіпті бір күйінгенім, кейбір газет пен журналдың ­редакторларына ­(аттарын айтпай-ақ қояйын) өздері басқаратын мерзімді басылымдар қай жерде сатылып жатқанын сұрағанымда, өздері білмейтін болып шықты. Бұл қандай масқара? Егерде мерзімді басылым басшылары өздері ­нанын тауып жеп жүрген газет пен журналдың қай жерде ­сатылатынын өздері білмесе, өздері дабыл қақпаса, басқа жұрттан не талап етуге болады? Ал енді осы мақаланы жазу барысында баспасөз саласында беделді қызмет істеп жүрген кейбір ­таныстарыма «Баспасөзге жазылу науқаны ­басталды ма?» деп қойған сауалыма «Білмейміз» деген жауап­ты естігенде жағамды ұстадым. Себебі мерзімді басылымдардың беделі мен бедерін баспасөзге ­жазылу науқаны көрсетеді. Яғни газет пен журналдардың болашақ тағдыры оқырманның қолында. Сондықтан да аталмыш науқанның барысы мен шабысын баспасөз басшыларының өздері білмесе, басқа кім біледі? Енді осын­дай сорақылықты көргенде «баспасөзге ­жазылмайды» деп халықты кі­нә­лағанша, кінәні өздерінен ізде­гендері ­дұрыс-ақ деп ойлайсың. Тіпті газеттің ­таралымына басын ауыртпай, «Құрылтайшыларымыз далада қалдыра қоймайтын шығар» деген пейілде жүргендерді де кездестірдім. Міне, осындай ын­тасыздықтан кейін баспасөз қалай оңады?
Бәрін айт та, бірін айт, қазіргі уақытта қазақ баспасөзінің құл­дырау себептерін зерделей келе, төмендегідей пайымға келдім. Біріншісі – қаламақының жоқ­тығы және жалақының төмендігі. Қаламақы жоқ болған соң, журна­листі ынталандыру да, автор тарту да қиынның қиыны екені бесенеден белгілі. Екіншісі – кәсіби деңгейі биік және талғамы жоғары журналистердің тапшылығы. Мазмұны былай тұрсын, кейде газет бетінде құмырысқадай өріп жүретін стилистикалық, грамматикалық қателерден көз сүрінеді. Бұл дегенің кеңес өкіметі кезінде газеттің кезекті санында бір үтірден қате кетсе, кезекші редактордан бастап, корректорға дейін таяқ жейтін талаптың жоқтығынан екені сөзсіз.

Ондай газетті оқып отырып, екінші мәрте бетін ашқың келмей қалатыны жасырын емес. Үшіншісі – газет пен журналды баспасөз саласына еңбегі сіңбеген, өздері қалам түртпейтін және халық танымайтын адамдардың басқаруы. Ондай басылымда қандай бедел, қандай мазмұн, қандай сапа болады? Мысалы, көп басылымдардан тартымды эссені, публицистика мен очеркті және қызықты репортаждарды көре алмайсың. Жұртты елең еткізетін детектив жанры да жұтаң тартып барады. Заң және экономика, IT технология жетістіктері, журналистік зерттеу мен проблема, пікір, ұсыныс тақырыбындағы материалдардың сапасы да шала піскен астың сыйқы сияқты. Не дәмі, не дәнегі жоқ. Ал енді саясат төңірегіндегі мақалаларда объек­тивтілік тапшы. Олай дейтінім, біржақты мақтау немесе біржақты жамандаудан тұратын материалдар тым көп. Мысалы, оппозициялық басылымдар біржақты жамандаса, билікке жақын басылымдар біржақты мақтаумен ғана шектеледі. Тіпті спорт тақырыбында жазатын талантты журналистердің кейбіреуі әлеуметтік желілерге ауысып кетті. Бұған қоса, әлеуметтік саланың астарында бұғып жатқан проб­лемалар мен ақиқаттар да ашық ­айтыла бермейді. Себебін сұрасаң, онда істейтін әріптестеріміз «құрылтайшылар рұқсат бермейді» дегенді жасырмай айтады. Былайша айтқанда, баспасөздегі көзбояушылық процесінен де әлі арыла алмай келеміз. Сондықтан да кейбір оқырмандарымыздың ішінде «өтірік жазатын газетке неге ­жазыламын?» деп шындықты бетіңе баса салатындары да аз емес. Тіпті баспасөздің шырайын кіргізетін материалдардың берілуі мен газеттің макеттеріне, яғни дизайнына да көңілің толмайды. Бұл дегеніңіз ­жауапты хатшылардың деңгейінің төмендігін көрсетеді. Және де жақсы рубрикалар мен жақсы тақырыптар да жоқтың қасы.
Кеңестік кезеңде «Жақсы тақырып – мақаланың жартысы» деген қанатты сөз бар болатын. Әуелі, «Лениншіл жаста» (Жас Алаш») жақсы рубрика тапқан журналистерге ынталандыру сыйлықтарын беру дәстүрі де болған. Ал қазіргі уақытта бұндай дәстүрлер келмеске кетті. Тіпті жақсы материал жаздық деп желпініп келгенімізде бас редакторымыз: «Мақалаң өте жақсы екен. Тек тақырыбын бұдан да жақсылап қояйықшы» деп қайтарып жіберетін. Біз де ойланамыз, редакторымыз да ойланатын. Содан жақсы тақырыпты тапқан кездегі қуанышымызда шек болмайтын. Сондықтан да «Лениншіл жас» («Жас Алаш») өз биігіне осылай көтерілді. Ел басқаратын қаншама мемлекет және қоғам қайраткерлерін, қаламы қарымды ақын-жазушылар мен журналистерді тәрбиелеп шығарды. ­Арысы Жұбан Молдағалиев, Әбіш Кекілбай, Кәкімжан Қазыбаев, Шерхан Мұртаза, Камал ­Смайылов, Ақселеу Сейдімбеков, Мұхтар Шаханов, Сағат Әшімбаев, Оралхан Бөкей, Жанболат Аупбай, бергісі Парламент пен билік басында жүрген Нұртөре Жүсіп, Бейбіт Исабай, Бауыржан Омаров, Әділбек Қаба, т.б. осы газеттің түлектері. Мен бұл мысалды кейінгі жастар білсін, өткен тарихтан хабардар болсын деген ниетпен айтып отырмын.
Иә, шындықтың бетіне тура қарайтын болсақ, қазіргі уақытта мерзімді басылымдарды басқарып отырған кейбір бас редакторлар кешегі Шерағаң (Шерхан Мұртаза), Сейдағаң (Сейдахмет Бердіқұлов), т.б. сияқты бас редакторлардың басқан ізі емес, бармағына да татымайды. «Шерағаңның шекпенінен», «Бердіқұловтың бешпен­тінен шыққанбыз» деп мақтанатын кездер қайда кетті, шіркін? Шерағаң мен Сейдағаңдарда журналистік ­мектеп ­болды. Ал қазір ондай мектеп бар ма? Әрине, жоқ. Осы Шерағаң мен Сейдағаңдардың және Уәкең (Уәлихан Қалижан) басқаруы кезінде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») таралымы жағынан үш жүз мыңдық межеге жетті. Қазіргі уақытта елімізде қазақ тілінде шығып жатқан республикалық газеттердің барлығының таралымын қоссаң да, бір «Лениншіл жастың» сол кездегі 300 мыңдық таралымына жете ­алмайды. Әуелі, «Лениншіл жас» қана емес, оның «Мыңнан бір мезет», «Қалқан», «Ақ босаға», «Ырғақ» сияқты қосым­шаларының өзін халық қалай оқыды. Сондықтан да өз басым «Лениншіл жастың» («Жас Алаш») шырқау биікке көтерілген кезінде қызмет істегенімді әлі күнге дейін мақтан тұтамын. Тіпті газеттен кеткеніме 29 ­жылдай уақыт өтсе де, аракідік сол жылдардағы оқырмандарым әлі күнге дейін танып жатады. Не деген бақыт десеңші! Сол жылдары «Лениншіл жаста» жарияланған екі-үш-ақ мақаласымен немесе «Жұлдыз» және «Жалын» журналындағы бір ғана әңгімесімен, үш-төрт өлеңдерімен бүкіл республикаға танылған таланттар қаншама. Ал қазір болса, мың мақала жазса да, шығармашылық тасадан шыға алмай жүрген қаламгерлерге қарап, жаның ашиды. Себебі қызмет істейтін басылымының таралымы екі-үш мың данадан аспайды. Жасыратын несі бар, демін зорға алып, демігіп отырған бұндай басылымдарда қызмет істейтін журналистердің топ жарып шығуы оңайға соқпайды. Бұған қоса аудармамен, интернет материалдарымен және ұсақ-түйек жанрдан аса алмай жүрген журналис­терден қандай құнды шығармаларды күтесің?
Иә, қазіргі уақытта таралымы мыңға да жетпей немесе бір-екі мыңнан аспай тұрған басылымдар жетерлік. Аттарын атап, түстерін түстемесем де, көзі қарақты оқырман мен сол редакцияларда қызмет істейтін қаламдастар өздері біле жатар. Ондай басылымдардың мүшкіл халі келесі жылы қалай болары айтпаса да түсінікті. Өз басым оларды ертеңгі күннен үмітін үзіп, төсекте дәрменсіз күйде жатқан науқастың қал-жағдайымен салыстырамын. Турасын айтқанда, ондай басылымдар ескі жылмен қош айтысып, жаңа жылда «жаназасы» шығуы да ғажап емес. Яғни қазақ руханиятының біраз жәдігері тарих қойнауына кетуі қаупі қорқынышты жағдай. Сондықтан да жәдігерлерімізге жанымыз ашитын болса, қазақ баспасөзін бұл тығырықтын алып шығуға бір кісідей жұмыла ат салысуымыз керек. Себебі газет-журналдар соғыс пен ашаршылық кезінде де шыққан. Солай десек те, қазіргі жайбасарлығымыз соншалық, баспасөзге жазылу науқаны әлі басталған жоқ. Қалған екі айдың ішінде жазылу шаралары жеткілікті нәтиже береді деп айта алмаймын. Өйткені, уақыт тым тығыз. Өкінішке қарай, кедергі де көп. Оның негізгісі – баспасөзге ­жазылуды талап еткен басшының әрекетін ­сыбайлас жемқорлықпен немесе қызмет бабын ­асыра пайдаланумен байланыстырып, артына ит қосып қуатын әдет те біздің халықта пайда болды. Өзінің жекеменшік басылымы емес, халықтың руханияты үшін күш салған адамның басына қара бұлт үйілдіру дегенді мүлде түсінбеймін. Бұндай кертартпалықпен қалай көгереміз немесе қалай рухани жаңғырамыз? Керісінше, қазақ баспасөзіне жаны ашыған басшыны біз қазақ руханиятының жанашыры, ­патриоты деп қабылдауымыз керек емес пе? Сондықтан да ұлт намысын қамшылаған патриот азаматтарды қудалауға салу дұрыс па? Әрине, жоқ.

 

Ұстазы – Google, тәрбиешісі – YouTube…
Бас-аяғы он-он бес жыл ішінде біз оқырман ұрпақтан айырылып қалдық. Қаңсықты демей-ақ қояйын, жаңа технологиялық жетістіктерді таңсық көрген, смартфоннан бас алмайтын ұрпақ пайда болды. Ұстазы – Google, тәрбиешісі – YouTube, досы – әлеуметтік желі... Оған әкенің де, шешенің де сөзі өтпейді. Тіпті әке-шеше де қарын қамынан артыла алмай, бүкіл тәрбиені гаджеттердің қолына аман-есен өткізіп берді. Баласы оқымаса, мұғалімін кінәлайды, мектеп тапсырмасының тым күрделі екенін айтып жалтарады.
Сондықтан қазір жаргондармен сөйлейтін, өз ойын жеткізуге қабілетсіз, бейпіл, былапыт, ең бастысы, білімсіз ұрпақ өсіп келеді. Орыстың атақты актері Олег Табаков бір сұхбатында: «Страна за теми, кто есть» деген еді. Осы бетпен кете берсек, біздің елдің тізгіні де білімсіз, бағдарсыз ұрпақтың қолына тие ме деп қорқамын. Сондықтан балаларға қандай қамқорлық жасаудың мүмкіндігі болса, соның бәрін қарастыруымыз керек. Балаларды баяғыда ажырап қалған ізгілік әлеміне қайта шақыруымыз керек.
Сенатор Нұртөре Жүсіп ағамыз: «Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкенді» оқып өскен бала ертең аға газеттердің оқырманына айналады. Балалар газетін оқыту арқылы біз болашақ оқырман тәрбиелейміз» деп еді. Мен балаларыма осы үш басылымды да, оған қоса «Балабек», «Ертегілер елінде» журналдарын да жаздырып жүрмін. Әрине, сабақтары қиын, бос уақыты жоқтың қасы. Бірақ ауылға жиі апарып жатқаным жоқ, қатты дене еңбегімен де айналыса бермейді. Ендеше, олардың жанын шыңдауға тырысуым керек деп тырысып жүрмін. Тіпті оқыған кітаптары үшін анасы екеуміз ынталандырып та қоямыз. Саналарының бір түкпірінде біздің осы әрекетіміз әйтеуір бір жеміс беретіні анық. Өйткені біздің ата-анамыз да сондай үлгі көрсетті.
Ал жағдайы төмен отбасылардың жеткіншектеріне балалар басылымын жаздырып беруді ғана емес, ертең солардың қолына нақты жетуін де ойластыру керек. Қазір газет жаздырып алмайтын аула ғана емес, ауылдар да бар. Жеткіншегінің жанын жамандықтан арашалауға ұмтылған елдің болашағы жаман бола қоймас деп ойлаймын.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

 


Жалпы баспасөзге жаздырудың өзіндік тәсілдері аз емес. Турасын айтқанда, ынта мен ниет болса ғана жеткілікті. Оған мысал ретінде 2001 жылы болған оқиғаны тілге тиек ете кеткенді жөн көрдім. Ол кезде Шығыс Қазақстан облыстық бас кеден басқармасында басқарма басшысының орынбасары қызметінде істейтінмін. Қызмет орным Семей қаласында. Бір күні «Семей таңы» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Риза Молдашева мен «Абай» журналының бас редакторы, белгілі ақын Мұратбек Оспанов және республикалық газеттерде істейтін біраз таныстарым телефон шалып, баспасөзге жазылу мәселесіне көмек көрсетуімді сұрады. Дереу ұжымды жинадым да, кім өзін қазақ руханиятының патриотымын деп есептейтін болса, қазақ тіліндегі газет пен журналдарға жазылуы міндетті екендігі жөнінде жиналыс өткіздім. Шамам келгенше намыстарын қамшылайтын біраз жайттарды мысалға келтірдім. Нәтижесінде бірде-біреуі қарсы болған жоқ. Сөйтіп, бір күнде «Семей таңы» газетіне 40, «Абай» журналына 20, ал қалған республикалық «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі» газеттеріне де бірнеше адам жазылды. Ал енді ұжымдағы мектепті орысша бітірген кеденшілер газетті әке-шешелерінің ­немесе аға-әпкелерінің ­мекен-жайларына жаздырды. Содан келесі жылы ұжымдағы кейбір азаматтар өздері жазылған газеттерден жақсы мақалалар оқығанын да айтып қалып жүрді. Тіпті бір әріптесімнің маған: «Мен өмірі газет оқымайтынмын. Бізге газет оқуды да үйреттіңіз ғой» деп күлгені бар. Менің осы әрекетімде заңсыздық бар ма? Керісінше, баспасөзге жазылу арқылы қаншама адам рухани сусындады, ой-өрісі кеңейді, өмірге деген көзқарасы өзгерді. Қорыта айтқанда, баспасөзге жазылудан жаман бола қойған адамды көрген емеспін.
Мысалы, Кеңес үкіметі кезінде газет пен журналға жазылу науқаны барысында колхоз-совхоздардан, завод-фаб­рикалардан, жоғары оқу орындарынан, т.б. бір-бірімен жарыса есептер түсіп отыратын. Ол, әрине, сол кездегі коммунистік партияның мықтылығы мен тегеурінді талабының нәтижесі болатын. Сондықтан да біз кеңестік кезеңді қанша жамандасақ та, ол заманның баспасөзге деген ерекше қамқорлығы мен талабын жоққа шығара алмаймыз. Сол кездегі мықты идеология мен тегеурінді талаптың арқасында алажіпті аттамайтын және білімге, әдебиетке құштар қаншама ұрпақ тәрбиеленді. Жасыратын несі бар, қазіргідей интернет ресурстары жоқ және ақпараттық кеңістік тар болған сол замандағы ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына баспасөздің қосқан үлесі зор. Сонымен қатар бас­пасөзге жазылу науқаны барысында белгілі бір басылымның ғана мүддесін көздеп, халықты белгілі бір газетке ғана жазылу керек деген мәжбүрліктен бас тартқан жөн. Халық арасында өздері сүйіп оқитын басылымына ғана жазылу жөнінде адал насихат жүретін болса, сүттің қаймағы бетіне шығып, көкжиекке шын мықтылар көтерілері хақ. Яғни әр қазақтың үйінде бір басылым болуы керек деген қағидатты қалыптастыра алатын болсақ, қандай керемет. Бұған қоса меценаттық танытып, баспасөзге халықты өз қаражатымен жаздыратын азаматтардың және волонтерлардың насихатын күшейтпесе болмайды. Осы орайда, «Ұйғыр авази» газетінің тиражы біздің талай республикалық газеттерден озып кеткенін көргенде намыстан жарыла жаздайсың. Бұл жерде мәселе аталмыш газеттің мықтылығында емес, ұйғыр халқының өз ана тіліндегі басылымына жанашырлығы мен патриоттығында.
Әрине, қазіргі нарық заманындағы уақыт талабы ол кезбен салыстыруға келмейді. Қалай дегенмен де, «Нұр Отан» және басқа да саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ ел алдында беделі бар азаматтар өздері бас болып, баспасөзге жазылу мәселелері жөнінде халықтың патриоттық сезімін оята алатын үндеу тастаса, артық болмас еді. Себебі ұлттық мүддеміздің құрамдас бөлігі болып саналатын баспасөз атты рухани қазынамызды қорғау баршамызға ортақ парыз екені айтпаса да түсінікті. Бұған қоса, кез келген саяси партияның платформасының негізі ұлттық мүддемен үндесіп тұрудан басталатынын ескерсек, аталмыш мәселе сөз жүзінде қалмауы керек. Сонымен қатар баспасөздегі кадр саясатына да жете мән бермесе болмайды. Себебі көптеген газет пен журналдардың құрылтайшылары мерзімді басылымға басшы тағайындаған кезде ел алдында беделі бар, қаламының қарымы мықты, ұйымдастырушылық қабілеті зор және баспасөздің менеджментінен хабары жетерлік адамдарды қойғаны дұрыс деп ойлаймын. Газет пен журнал ­шығады-ау. Алайда одан аузыңды қу шөппен сүрткендей оқитын ештеңе таппасаң, ол қандай басылым? Жасыратын несі бар, қазіргі уақытта бетін аша саласың да, қайтадан жаба салатын басылымдар аз емес. Ондай басылымдарға халықты ­жазыл деп үндеуге де аузың бармайды.
Иә, баспасөзге жазылу мәселесінде айта берсе, проблема көп. Мен негізгілеріне ғана тоқталып өттім. Сөз соңында қазақ руханиятының патриоты ретінде өз басым «Абай», «Жұлдыз» журналдарына, «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Дала мен қала», «Қазақ үні» газеттеріне жазылғанымды айта кеткім келіп отыр. Яғни өзімнің көңілімнен шығатын басылымдарға ғана жазылдым. Аттары аталмай кеткен басқа басылымдар болса ренжімейтін шығар. Себебі келесі жылы көштерін түзеп, жақсы туындылар беріп жатса, оған да жазылармыз. Қорыта айтқанда, қазақ баспасөзінің басына қара бұлт үйірілмесін десек, елдігімізді және ертеңімізді ойлайық. 

Бекен НҰРАХМЕТОВ,
Қазақстан Журналистер одағы С.Бердіқұлов атындағы
сыйлығының лауреаты

 

2722 рет

көрсетілді

101

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы