• Білім және ғылым
  • 15 Қазан, 2020

Балық та – байлық

Жақында Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лі­гінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері үшін Алматы об­лы­сындағы «TMT Group» «Есік» форель шаруашылығына баспасөз туры өтті. Шара ­барысында журналистер қауымы ша­руа­шылықтың жұмысымен, балықшылар мектебімен етене танысты.

Баспасөз туры барысында «Есік» форель шаруашылығының қожайыны Марлен Тұрсынәлі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Қазіргі таңда еліміздегі балық шаруашылығындағы ­басты мәселелердің бірі – ­маман тапшылығы. Осыған ­байланысты, балық мектебін аштық. Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп, оқу орны базасында ғылыми-өндірістік орталық ашып, студенттерге теориялық білім беріп жатырмыз. Содан кейін бізде тәжірибеден өтеді де, жұмысқа орналасады. Балықты қалай тамақтандыру керек, қандай отырғызу материалдары қажет, бәрін көрсетеміз. Балықты аурулардан сақтауға бағытталған вакцинацияның жасалу жолын да үйретеміз. Ал шаруашылықтың өзіндегі толық базалық курстан 10 күнде өтуге болады» деп атап өтті М.Тұрсынәлі.
Қазір Есік балық шаруашылы­ғында балықтың 6 түрі өсіріледі. Олар: ханбалық, сазан, амур, дөңмаңдай, бекіре, ­клариус сомы. 250 тонна форель, 50 ­тонна бекіре өндіріледі. Негізгі тұтынушы – Алматы қаласы мен облыс халқы. Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан. 2019 жылы еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құрады. Қазақстандағы су ресурстары 600 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Сол себепті қазір Экология министрлігі шаруаларды қолдау мақсатында бірқатар Заңдарға өзгеріс енгізіп, субсидия беру жолдарын қарастырып жатыр.
Балық шаруашылығындағы өзекті мәселенің бірі – білікті мамандардың тапшылығы. Сондықтан «Есік» форель шаруашылығы бұл проблеманы жою үшін арнайы «Балық мектебін» ашты. Биылғы жылдың өзінде 30 адамды оқытып, соның ішіндегі 10 адамды жұмыспен қамтамасыз еткен.

Нұрлан ҚҰМАР

1303 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы