• Тұлға
  • 15 Қазан, 2020

Абайдың рухани мұрасы

Жақында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Орталық мемле­кеттік архивтің бірлесіп ұйымдастыруымен «Қазақстан тарихы: Абайдың рухани мұрасы аясында» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ұйымдастырылған ­онлайн конференцияның негізгі мақсаты – қазақ халқының тарихын зерттеудегі Абай Құнанбайұлының орны мен рөлін анықтау. Абайдың терең мазмұнды ­рухани мұрасының қазақ халқының ­тарихы мен санасын қалыптастырудағы және тәрбиелеудегі ықпалы мен маңызын сараптау. Абайдың «үш сүю», «кемел адам» концепцияларының ел халқының саяси, мәдени келбетін қалыптастырудағы әсерін көрсету.
Ақын өміріне, оның шығармала­рының тарихы мен ондағы ұлттық идеяның негіздеріне бағытталған ­жиында Орталық мемлекеттік архивтің құжаттары негізінде дайындалған «Абай Құнанбайұлы архив деректерінде» атты көрме көп мағлұмат берді.
Конференция жұмысын ­Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының ­директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ­тарих ғылымының докторы Зиябек Қабылдинов кіріспе сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ­фи­ло­логия ғылымының докторы Ерден Қажыбек «Абай аманаты», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институ­тының «Ежелгі дәуір әдебиеті түрко­логия» бөлімінің меңгерушісі Төрәлі Қыдыр «Абай шығармашылығына классикалық түркі поэзиясының әсері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ерлан Сайлаубай «Абай және қазақ социумы: тарихи аспектілері», Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Этнология және антропология» бөлімінің меңгерушісі Ақсұңқар Абдулина «Әкесінің ұлы: Құ­нанбай және Абай», Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсти­ту­тының ғылыми қызметкері Рәшид Оразов «Абай Құнанбайұлы архив дерек­те­рінде» тақырыбында баяндама жасады.
Абай Құнанбайұлы және орыс-қазақ рухани-мәдени байланыстары, ақын шығармаларындағы Шығыс халықтарының тарихы мен мәдениеті негізінде Тәжікстан ҰҒА бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы Намоз Хотомов С.Айнидің тәжік халқының тарихындағы рөліне, Қырғызстан республикасының ­Б.Жам­герчинов атындағы Тарих, архео­логия және этнология институтының кафедра меңгерушісі қырғыз ақыны Қалыгүл Байұлының өмірі мен шығар­машылығына, аталған институттың ғылыми қызметкері Тыныстан ­Арзыбаев ХІХ ғасырдағы қырғыз-қазақ ­этно-мәдени байланыстарына тоқталды.
Конференцияда Қазақстанның ­тарих ғылымында Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын пайдаланудың және дамытудың жаңа жолдары мен тың аспектілері қарастырылды. Абайдың рухани мұрасының Қазақстан тарихына ықпалын сараптай келе, халықаралық конференция қарар қабылдады. Онда Абай Құнанбайұлының рухани мұрасының тарихи аспектілерін ­зерттеуге арналған гранттық қаржыландыру жобаларын дайындау және ұсыну; Абайдың тарих ғылымына қатысты пікірлерін, көзқарастарын, идеяларын сараптауға арналған кешенді зерттеу­лер жүргізу; Қазақстанның белгілі университеттері жанындағы «Абайтану» орталықтарымен Институт ұжымының бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын іске асыру; Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған мақалаларды тарихи энциклопедияларға, оқулықтарға, көптомдық Қазақстан тарихына енгізу; Абайдың рухани мұрасы негізінде қазақстандық отаншылдықты, еңбексүйгіштікті, гуманизмді, шын­шыл­дықты тәрбиелеу, тарихи сананы қалыптастыру концепциясын жасау; Абайдың ұлттық тарихқа, оның шешілмеген мәселелеріне қатысты ой-пікірлерін, идеяларын жүйелеу арқылы оларды Қазақстан халқының рухани игілігіне айландыру жолдарын көрсету және т.б. қарастырылған.

Бағдагүл Мұратқызы

1475 рет

көрсетілді

159

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы