• Тұлға
  • 15 Қазан, 2020

АДАМДЫҚТАН АЙНЫМАҒАН

Нұрперзент ДОМБАЙ
«Ana tili»

Алаштың анасы атанған ежелгі Сыр өңірінде Қазалы аталатын іргелі аудан бар. Бұл аймақ сонау қилы кезеңде Самарқанды сан жыл билеген ірі қайраткер, әйгілі қаһарман Жалаңтөстің, қазақтың азаттығы үшін жан аямай алысқан ер Жанқожаның елі екені көзі қарақты жұртқа әбден белгілі. Бұл асыл топырақ сырлы да көркем сөздері арқылы төңірегін адамгершілікке, ізгілікке, парасаттылыққа үндеген журналист-қаламгерлерден де еш кенде емес. Олардың аты-жөндері аталғанда Байжігіт Әбдіразақов, Сейіл Боранбаев, Әлмәмбет Әлішев, Киікбай Ізетұлы, Молдахмет Қаназ... есімдері ауызға алынар еді. Мұнан әрі созар болсақ Шәмша Айтуған, Кеңес Арықбаев, Молдабай Қаржаубаев, Әбен Жұмашев, Жұмабай Жақып... Осылай кете береді.

Алдыңғы толқын ағалардан үлгі алып, солардай жүйрік қалам иелері болуға талпынған талантты жастар ­болды. Солардың бірі ардақты да аяулы азамат ­Насифулла Аяғанов еді.
Нәкең 1954 жылы дүниеге келді. Орта мектепті тамам­дағаннан кейін еңбек жолын газетте жалғастыруды жөн санады.
– Мені газетке, журналистикаға құмартқан Байжігіт ағамыз болды. Мықты журналист еді. Үйге газет-жур­налдар келгенде, ең алдымен, сол кісінің жазғанын іздейтінмін. Очерктерінің өзі көркем әңгімеге бергісіз болатын, – дегені бар еді оңаша бір әңгіме үстінде.
Рас, Байжігіт Әбдіразақов елімізге танымал, қаламы қарымды , білікті журналист болды. Алғаш ауылда бала оқытып, мұғалімдік қызмет атқарды. ҚазМУ-дің журналистік бөлімін бітіргеннен кейін аудандық газетке жұмысқа орналасты. Жауапты хатшы болды. Мұнан соң облыстық газетте бөлім басқарды. Ең аяғында мемлекетіміздің бас басылымы саналатын «Социалистік Қазақстанда» (бүгінгі ­«Егемен Қазақстан») газеттің Қызылорда облысы ­бойынша меншікті тілшісі тізгінін отыз жылға жуық ұстады. Меншікті тілшілікті мұншама жыл атқарған әріптестеріміз өте сирек. Оннан астам кітапты өмірге келтірді. Бір жағы Байжігіт ағамыз Насифулланың балалық шағы өткен Үрмәш Түктібаев ауылынан. Әке-шешесі көрші болып, тығыз араласқан. Нәкеңнің әкесі Аяған Ділжанов екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер. Шаруашылық жетекшісі, ауылдық кеңес төрағасы секілді жауапты қызметтерді атқарды. Игі істер тындырып, ел-жұртының алғысына бөленді. Күрделі кезеңде ауыл сыртына көпір салып, соңында ол ел ішінде «Аяған көпірі» атанып, мәңгілік аты қалды.
Журналистік мамандыққа ынтық жас жігіт Қазалының «Ленин туы» (қазіргі «Қазалы» газеті) деп аталатын аудандық газетінде қызметін фототілшіліктен бастады. Корректор, содан соң әдеби қызметкер болды. Бұдан әрі радио хабарларын тарату бөлімін жүргізді. Аудандық газетте жүріп ҚазМУ-дің журналис­тика факультетін сырттай оқып бітіріп алды.
Отбасы жағдайына байланысты Алматы қаласына қоныс аударуына тура келді. Мұнда да өзінің сүйікті кәсібі журналистік қызметін одан әрі жалғастырды. Молдахмет Қаназ ағасы басқаратын «Денсаулық» журналына қызметке алынды. Жауапты хатшы ретінде басылымның дер уақытында әрі көркем де мазмұнды шығуына атсалысты.
Қазалы мен Байқоңыр қаласы қанаттаса, көрші жатқан елді мекендер, тұрғындар бір-бірін жақсы біледі. Туыстыққа салса да өте жақын адамдар. Қалаға жолы түскенде көкке ұшырылған зымырандардан бөлінетін заттардың адам ағзасына зияны жөнінде көп еститін. «Денсаулықта» жүргенде осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, тереңірек зерттеді. Нөмірден нөмірге жалғасқан сериялы мақалалар жариялады. Нәтижесінде бұл еңбегі лайықты бағаланып, Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын иеленді.
Ұйымдастырушылық қабілеті зор азаматқа күтпеген жерден маңызды міндет жүктелді. «Қазақ теміржолы» журналын шығару тапсырылды. Сөйтіп, аталған басылымның алғашқы редакторы болды.
Нәкеңнің бойындағы алабөтен ерекше қасиет-көңілінің кеңдігі, адамдарға деген ыстық ықыласы. Қиналған жанға көмек беруге, қамқорлық көрсетуге әрдайым дайын тұратындығы.
Маған төмендегі әңгімені ақын-журналист, марқұм Жетіскен Мәкенәлі айтқаны бар-ды.
Тоқсаныншы жылдардың бас кезі қиын болды ғой. Тұрмыс нашарлап кетті. Жетпейтін нәрсе көп. Осы ауыртпалықты Нәкең де бастан кешірді. Ақыры ахуал қарыз сұрауға мәжбүрлейді.
– Сол кезде өзінің жайы мәз емес. Одан бір кісі қарызға ақша сұрайды. Адалдығы, көңіл жықпастығы ғой, ол өзінің жай-күйін ысырып қойып, әлгінің өтінішін орындау үшін таныс аралап, зыр жүгіреді. Әйтеуір жолы болып, тауып береді. Ғажап қой. Осыған қалай таңырқамассың. Мен мұны жақын жолдасымнан естідім, – деп еді Жетіскен ағамыз.
Бауырмалдығы, ізеттігі бөлекше еді. Қатар жолдастары, жерлес ағайындары Алматыға келсе басқа жерге аялдамай Нәкеңнің үйін іздеп келетін. Осында жатып шаруаларын бітіреді. Оқуға келген жастарға да көмегі зор болды. Баратын жерлеріне апарып, оқытушыларына дейін жолықтыратын. Осы істердің бәрін ақ, адал ниетпен, риясыз көңілмен атқаратын.
Ару Алматыда жүрсе де туған жері – ­Қаза­лысын естен еш шығарған емес. Реті келсін, келмесін аттың басын солай қарай жиі бұрып тұратын. Ақырында соңғы демі де туған топырақта жүріп үзілді.
Қаламгердің көтерген негізгі тақырыбы – өскен жер, ауыл азаматтары. «Қасиетті Қазалы – ортаймаған қазаны» атты энциклопедиялық жинақтың жауапты шығарушысы болды. Жеке өзі «Қазалы перзенттері», «Асан азаматтары» деген кітаптардың авторы атанды.
Насифулла мен Балзада жеңгеміз бес баланы тәрбиелеп өсірді. Балалардың үлкені Гүлжанат әке жолын қуып, журналист мамандығын игерді. Гүлжанар, Кәмшат, Арайлым да өздері қалаған кәсіптің абыройлы иелері. Кескін-келбеті, қимыл-қарекеті әкесінен аумай қалған Жалғас болса анасына немерелерінің қызықтарын көрсетіп, туыс-ағайынның көңілдеріне сай өсіп келеді. Осындай өркен жайған ұрпағы барда азамат есімі, оның ізгі істері ұмтылмақ емес.
Жақында ел жақтан жақсы хабар алдық. Қаламгердің өмір жолына етене қанық үлкен-кіші журналист жерлестерінің аты өшпеуі үшін кезінде өзі тұрған елді мекендегі бір көшенің оның есімімен аталуын қалайды екен. Көпшілік қалауы осылай болса-қандай қарсылық болсын. Мұның өзі тек бір адамға ғана емес, жалпы қаламгер қауымына көрсетілген сый-құрмет болары анық.

 

1404 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы