• Cұхбаттар
  • 21 Қазан, 2020

«ӘНШІЛІКТІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МОЛ»

Қазақ өнерінде классикалық операның орны бөлек. Ол үшін ерекше дарын, ешкімге ұқсамайтын дара дауыс, үздіксіз еңбек қажет екендігі сахнаны түсінетін әрбір азаматқа белгілі.
Осындай күрделі өнерді терең меңгеріп, жас та болса әлемге танылып қалған өзгеше дарын иесі – Балуан Беркенов. Ол қазіргі таңда Алматы шаһарындағы Абай атындағы Опера және балет театрының жетекші солисі. Көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы.
Жуырда жүрегі жомарт та, жаны сұлу талант иесімен сұхбаттасып едік. Бүгін оның өткен өмірі мен шығармашылықтағы жетістіктері жайлы әңгімені қалың жұртшылық назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Өзіңіз ұлтымыздың кезінде кіл мақтаныштары, яғни КСРО халық артистері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев және басқалар қызмет атқарған киелі өнер ордасының белді әншісісіз. Аға ұрпақ өкілдерінен алған үлгі-өнегеңіз аз емес шығар. Қара шаңырақта жұмыс істеу кез келген өнер иесінің басты арманы екені белгілі.

– Оныңыз рас. Қазіргі өнер ордасында қызмет атқарып жатқаным үшін өзімді шексіз бақытты сезінемін. Әрине, мен Күләш Байсейітова, Роза Жаманова секілді апаларымның көзін көре алмадым. Бұл өнер майталмандарының өмірін тек қана кітаптардан оқып, тарихтан ғана білемін. Алайда қазақ елін дүниежүзіне танытқан Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Хафиз Есімов секілді көрнекті тұлғалардың қайталанбас дауыстарына әбден қанықпын.

Біз студент кезден бастап қазіргі қызмет атқарып жатқан театрға жиі келіп тұратынбыз. Сондықтан да аға ұрпақ өкілдерінің шеберліктерін бойымызға сіңіруге тырыстық. Келешекте солардай болсақ деп ұмтылыс жасадық.

– Өнер кез келген кісіге қона бермейді. Әу баста әншілік сізге қайдан дарыды? Әке немесе нағашы жағынан жұқты ма? Жалпы зиялы қауым ­Беркеновтер әулетін жақсы біледі. Айтыс өнерінің  аққуы, Қазақстанның халық ақыны Әсия Әйіпқызын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жан ретінде құрмет тұтамыз.

– Жалпы Беркеновтердің әулеті қазақ еліне танымал десем, артық айтпаған болармын. Қазақстанның халық ақыны, бір бойынан көптеген игі қасиет табылатын Әсия апамды барша жұрт ұлтымыздың ежелден келе жатқан суырып салма айтыс өнері арқылы жақсы білсе керек.

Ол кісі қаншама жас дарын иелерін тәрбиелеп, беделді айтыстарда халық алдына шығарды. Қазір де республикалық сайыстарда әділқазылар алқасының құрамында болашағынан үлкен үміт күттіретін жігіттер мен қыздарға әділ бағасын беріп келеді.

Танымал айтыс ақыны – менің әкемнің туған бауыры. Сәби кезімде «Өскенде жұрт қамын ойлайтын үлкен азамат болсын» деген ырыммен аузыма түкіріпті. Соның да ықпалы болар, жылдар өте әншілік жолға түстім. Апамыздың үкілі үмітін ақтаған сияқтымын.

Біздің отбасымызда рухани байлыққа көп көңіл бөлінеді. Асқар таудай әкем Марат пен асыл анам Зейнегүл де ән-күй десе, ішкен астарын жерге қоятын. Мен үшін қымбат бұл кісілердің бала кезімнен өзімді қолдап, әрдайым қанаттандырып отырғандығы әлі күнге дейін есімде.

Біз киелі шаңырақта үш бала ата-анамыздан тағылымды өнеге алдық. Әпкелерім Ардақ пен Самалдан кейінгі ұлмын. Әке-шешем әлі күнге дейін маған тілектестік білдіріп, шығармашылық жетістіктеріме жас баладай қуанып отырады.

– Қостанай өңірінің қай жерінде дүниеге келдіңіз? Ең алғаш орындаған туындыңыз есіңізде ме?

– Әркімге кіндік қаны тамған жері әрқашан да ыстық екендігі дау тудырмаса керек. Мен 1992 жылы 2 қаңтарда Қостанай облысына қарасты ­Наурызым ауданының Өлеңді деп аталатын ­ауылында тудым.

Отбасының иесі, әкем Марат – қарапайым ғана азамат. Ол осы елді мекенде құрылыс саласында жұмыс істеді. Анам Зейнегүл негізінен үй шаруасымен айналысты. Азаматының алаңсыз жұмыс істеуіне, балаларының тиянақты білім алуына айрықша көңіл бөлді.

Жас кезде көргенің мен естігенің жадыңда ұзақ сақталады емес пе? Мен алғаш рет қазақ эстрадасының жұлдыздары атанған ағаларымыз Нұрлан мен Мұраттың репертуарындағы «Лейла» әнін орындадым.

– Сіз мектепті Қостанай шаһарында бітірдіңіз. Ал музыкалық білімді қай жерден алдыңыз? Тұңғыш тәлімгерім деп кімді айтар едіңіз? Біздіңше, сіздің өміріңізде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі ­Александр Калугин ерекше орын алады. Сондай-ақ концертмейстер Светлана Рачинская жөнінде де білсек?

– Өткен жылдарға шолу жасайтын болсақ, ­облыс орталығындағы №6 мектепте оқыдым. ­Осында 9-сыныпты аяқтаған соң, қаладағы Қостанай педагогикалық колледжінің жанындағы лицейге шәкірт болып қабылдандым.

Қайсы өнер адамының болсын әу баста қалып­тасуына игі әсерін тигізетін немесе «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, тәлімгер болатын азаматтар болады емес пе? Бәлкім, менің ұстаздан жолым болған шығар. Осы жерде Қазақстанның еңбек сіңір­ген артисі, кезінде Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарған Александр Калугиннің тәрбиесін көрдім. Ол әрдайым маған: «Сенің келешегіңнен үлкен үміт күтемін, өзіңнен опера әншісі шығатындығына кәміл сенемін» дейтін. Оның айтқандары дәл келді. Аузы дуалы тұлға екендігіне көзім әбден жетті. Сондай-ақ осы студияда шәкірт болып жүр­генімде белгілі концертмейстер Светлана Рачинс­каяның да көмегі аз болмағандығын тілге тиек еткім келеді. Жүрегі мейірбан кісі маған нота сауаттылығын үйретсе, Александр Калугин мені сахнадағы артистік және әнді шырқау шеберлігіне баулыды. 

– Өзіңізді еңбекқор, табанды, алға қойған мақ­сатына жетпей қоймайтын азамат ретінде де танимыз. Өйткені кезінде «Алтын микрофон» байқауларында нағыз дарын иесі екендігіңізді әбден дәлелдедіңіз емес пе?

– Аталған байқау талай дарынды ­бозбала  мен бойжеткенді шыңдады. Оларды қалың жұртшылыққа танытты. Мен де бұл күндері халықаралық деңгейге көтерілген «Алтын микрофон» байқауында бағымды сынап, дипломант атандым. Басқаша айтқанда, өнерге біржола ден қоюыма даңғыл жол ашты.

Уақыт өте осы байқаудың жанашырларының бірі болғанымды да мақтанышпен айтар едім. Онда әрбір қатысушының орындаушылық, артистік қабілетіне баға беріледі.  

– Арман алдамайды деген рас екен. Өзіңіз еліміздегі мыңдаған сахна жұлдыздарын дайындаған Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақтың ұлттық консерваториясына түсіп, алға қойған мақсатыңызға жеттіңіз. Таудай талабыңызға орай есімі әлемге танымал көрнекті тұлға Шахимардан Әбілевтің таңдаулы шәкірттерінің бірі болдыңыз. Одан алған тәліміңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз?

– Қостанайда әншілік өнеріне ден қойған мен Алматыдағы ұлттық консерваторияға келіп, бес жыл тағылым алдым. Осы жерде де тәлімгерден жолымның болғанын жасырмаймын. Мәселен, атақты опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбілевті кім білмейді?

Мұнда осы ірі тұлғаның сыныбында тәлім алып, жоғары деңгейдегі шеберлік мектебінен өттім. Студенттік жылдардың өзінде оның тікелей қамқорлығымен бірқатар байқауларға қатысып, кәсібімді шыңдадым. Мысалы, Шымкент қаласында ұйымдасты­рылған «Қазақ романсиадасы» деп аталатын халықаралық байқаудың орны бөлек. Осы өнер сайысында қос номинация бойынша бірінші сыйлыққа ие болдым. Алғашқы талпыныстарым өзіме деген сенімімді барынша арттырғанын ерекше атап өткенім де орынды шығар.

Студенттік жылдары Алматы шаһарындағы және басқа да мәртебелі концерттерге үздіксіз қатыстым. Мұның бәрі де сайып келгенде, маман­дығымды жан-жақты игеруіме ықпалын тигізді.  

– Опера – әншілік өнердің ең биік шыңы. Оны таңдауға кез келген адамның жүрегі дауалай бермейтіндігі рас. Оған да табиғат берген зор дауыс, батылдық пен қайсарлық керек. Өзіңіз жастайыңыздан дүниежүзін жарқын талантымен тамсандырып, классикалық операны аса құштарлықпен орындайтын Лучано Паваротти секілді халық сүйіспеншілігіне бөленсем дейтінсіз. Осы үлкен арманыңыз да рет-ретімен орындалып жатқандығы байқалады.

–  Адам баласы жас кезінде қиялшыл болып, талай белестерді бағындырғысы келетіндігі ешкімнен жасырын емес. Мен де оны бастан кештім. Жоғарыда өзіңіз тілге тиек еткен Италияның өнер жұлдызының ғұмыры талай әріптестеріме үлгі болғандығы ақиқат. Опера шын мәнінде ән өнерінің биік шыңы екендігін барша талғампаз қауым біледі.

Кезінде бір білгір музыка сыншысы «Класси­калық туындыларды игерген вокалистке барлық жанрлардағы әндерді орындау қиынға соқпайды» деген екен. Оның шындық екендігі көпшілікке аян. Бұл пікіріммен эстрада әншілерін ренжіткелі отырған жоқпын. Әр жанрдың хас шеберлері болады. Классикалық туындыларды орындау көп уақытты, тынбай еңбектенуді қажет етеді. Соған төзіп, шыдамдылық танытқандар ғана дегеніне қол жеткізе алады.

– Осы кезге дейін қанша жеке шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз? Қостанайдағы өнер ордаларымен тығыз байланыс жасайсыз ба? Карантин кезінде де шығармашылығыңызды жалғастырып, тың ізденісте болғаныңызды білеміз.

– Қостанай мен үшін кіндік қаным тамған ыстық мекен ғана емес, бақытты балалық шағымның ізі қалған әрі ата-бабаларымның мәңгілік тыныс алып жатқан жері. Сондықтан да бұл аймақ әрқашан менің жүрегімнің бір түкпірінде тұрады.

Қызмет бабына байланысты төтенше жағдай жарияланған кезге дейін республикамыздың біраз жерлерінде болдым. Талғампаз алматылықтардың көңілінен шығу – біздің күнделікті міндетіміз екені белгілі. Азамат болып қалыптасқан Қостанай ­облысында екі рет шығармашылық кешімді өткіздім.

Оның алғашқысы жақында ғана дарынды опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин директоры болып тағайындалған Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның үлкен сахнасында өтті.

Залда ине шаншар орын болған жоқ. Үлкенді-кішілі қауым көп жиналды. Онда, әрине, өзімді бауырларымның алдында шығармашылық есеп бергендей сезіндім. Қанша дегенмен толқиды екенсің. Классикалық және эстрадалық әндерді орындағанымда көрермендердің қол шапалақтауы маған тың күш-қуат бергендей болды. Бұл концертім 2010 жылы болған еді.

Содан кейінгі шығармашылық концертім бұрынғы қазақ драма театры орналасқан ғимаратта, яғни қазіргі «Мирас» деп аталатын Мәдениет ­сарайында ұйымдастырылды. Мұнда да өнер сүйер жұртшылық көп жиналды. Ақсақалдар мені құшағына алып, ақ баталарын берді. Солардың ізгі ниеттері мен тілектері мені әрдайым биіктерге жетелеп келеді. Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирус дерті біздің елімізді де айналып өтпегені белгілі. Карантин кездерінде де жұмысымызды тоқтатпай, тың ізденістер жасап, шеберлігімізді шыңдаумен болдық.   

– Азаматтың бақыты – отбасында. Сол жөнінде де қысқаша баяндап берсеңіз?

– Кез келген адам, ең алдымен, отбасында өзін бақытты сезінуі керек. Сонда ғана жарасым тапқан шаңырақ иелері қызметте де жақсы нәтижеге қол жеткізе алатындығын өмірден көріп жүрміз.

Өткен жылы өзім жүрегім қалаған Диана есімді қазақ қызымен көңіл жарастырып, жеке отау көтердік. Тойымыз Қостанай шаһарында өтті. Екеуіміз өнерде де, өмірде де бірге келеміз. Келіншегім де мәдениет саласының маманы. Өзім қызмет атқаратын опера және балет театрында – концертмейстер. Оның шығармашылығына ұлтымыздың бұлбұлы, КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенова апамыздың өзі ерекше құрметпен қарайды. Қазақ сахнасының шебері оны халықаралық байқауларға шақырып, өзінің ризашылығын білдірді. Диана да өнер майталманының сенімін ақтауға әрдайым талпынады. Ерлі-зайыптының бір салада қызмет атқарғаны өте жақсы дер едім. Өйткені, олар бір-бірінің жан дүниелерін терең ұғынып, қажет кезінде қолдап отырады.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан ­Сағын­таевтың өнерді жоғары бағалайтын азамат екендігін сөздің орайы келгенде ерекше атап өткенді өте орынды деп есептеймін. Өйткені шаһар басшысының жастарға деген қамқорлығының арқасында біз де баспаналы болдық.

– Болашақта сіз секілді опера әншісі болғысы келетін інілеріңіз бен қарындастарыңызға қандай ізгі тілек білдірер едіңіз?

– Әншілік өнер үлкен бақыт болумен қатар, жоғары жауапкершілік. Мұндай мамандықты таңдаған жастарға терең білім, жан-жақты қабілет, қарапайымдылық, жан сарайының кемелдігі, тынымсыз еңбек керек. Сонда ғана халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, үлкен сахнада өнер көрсете аласың. Мұны мен өз басымнан өткіздім. Сондықтан нық сеніммен айта аламын.

 Әңгімелескен

Оразалы ЖАҚСАНОВ

1058 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы