• Cұхбаттар
  • 21 Қазан, 2020

ҚҰРМАНҒАЗЫ ОРКЕСТРІ – ӨНЕРДІҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ

Үстіміздегі жылдың нау­рыз айынан бастап елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мәдени өнер ошақтары мен концерттік ұйымдар да онлайн қызмет түріне көшкені белгілі. ­Рухани астанамыздың көркін кіргізіп, ажарын ашып тұрған өнер ошағының бірегейі – 85 жылдық тарихи бар Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі. 87-ші концерттік маусымның шымылдығын ашқалы отырған ұжымның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында оркестрдің бас дирижері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты – Абылай ТІЛЕПБЕРГЕН­МЕН сұхбаттасқан едік.

– Абылай Жанболатұлы, әлемді жайлаған қатерлі індеттің салдарынан қазір дүниежүзі қиын жағдайды басынан өткізуде. Қазақ өнерінің қарашаңырағы Құрманғазы атындағы оркестр ұжымына пандемия қалай әсер етті? Халықты жанды музыкамен сусындатып жүрген Сіздер үшін бұл жағдай қиындық тудырған жоқ па?

– Төрткүл әлемді дүр сілкіндірген індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, талай қиындықтар мен өтпелі кезеңдерден аман өтіп, сағымыз сынған емес. Жау жағадан алған заманнан өтіп, тамырын тереңге жайып, кез келген қиындыққа мойымай келеміз. Өкінішке қарай, аты жаман індет талай жанның жанын қиып, талай елдің экономикасын құлдыратты. Бұл індетпен қазір дүниежүзі күресіп жатыр. Жарияланған төтенше жағдайға байланысты жұмыс істеу, соның ішінде мәдени ұжымдарға қиындық туғызды. ­Дегенмен, әркім қолынан келгенше өз амалдарын жасауда. Технологияның өркендеп дамыған заманында мүмкін­діктерді пайдалана отырып біз де бұл тығырықтан шығуға тырыстық. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің #Bizbirgemiz, #ӨнерОнлайн жобасы аясында оркестрдің әлеуметтік желідегі парақшаларында онлайн іс-шаралар әлі де жалғасын тауып келеді. ­Карантин кезінде Құрманғазы оркестрі алғашқы болып онлайн түрде концерт өткізді деп толық айта аламыз. Ұжымдағы артистер қауымы жеке дара болып, топ болып көптеген іс-шаралар ұйымдастырды. Карантин әркімге қиындық туғызған­дықтан, бізге пайдалы тұстары да болды. Себебі концерт кезінде салмақ тұтастай оркестрге түсетін және бір-екі солист өнер көрсететін. Ал карантин кезінде әр артист жеке дара өзінің ойнау мүмкіндігін көрсетіп жеке солист ретінде жауапкершілікті сезінді. Бұрыннан өздері көздеп жүрген концерттік нөмірлерді дайындап көрерменге ұсынды. Оркестрдің тарихына тоқталып, тамаша сұхбаттар ұйымдастырды. Соның бірі Нұр-Сұлтан қаласы филармониясы әкімдігінің симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісімен онлайн түрде сұқбаттасып, тәжірибе алмастық. Өте қызықты эфир болды. Бұдан бөлек оркестріміздің бас концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – ­Батыржан Мықтыбаев, қобызшы Әсел Рақымжан жеке кештерін өткізді. Бұрын, яғни пандемияға дейін концерттерімізді жанды дыбыста тыңдап үйренген халыққа басында қиындау болды. Бірақ көппен көрген осы қиындықты да жеңіп келе жатырмыз.

– Республика көлемінде, шетелдерде гастроль­дік сапармен жиі жүретін оркестрдің каран­тин режіміне байланысты қазіргі жағдайы қалай? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ­«Жал­пыұлттық жоба» деп бағасын берген «Каран­тиндегі жұлдыз» жобасына тоқталып өтсеңіз.

– Бұл ретте оркестр ұжымы атынан Мәдениет және спорт министрлігіне алғысымызды жеткізгіміз келеді. Бүгінде министрліктің және бас санитардың қаулысын сақтап, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әрине, толық құрам болмағаннан кейін мұның да өзінің қиыншылығы бар. Деген­мен, қолдан келгенше карантин режіміне сәй­кес елу пайыз құраммен жұмыс жалғасып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жалпыұлттық жоба» деп бағасын берген «Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында өнер иелері өздерінің өнерлерін ортаға салды. Соның ішінде Құрманғазы оркестрі ата оркестр ретінде өнер көрсеткеніне өте қуаныштымыз. Себебі жобада дәстүрлі өнер ошақтарының саны көп болмады. Бұл жобада ұжымның жетекші солисі Әсел Рақымжан, М.Әуезов атындағы академиялық театрдың актері Еркебұлан Дайыров бізбен бірге өнер көрсетіп, бізді жанды дыбыста тамашалап үйренген халық теледидар, ютуб каналы арқылы көрді. Соған сәйкес бізде репертуарымызды лайықтадық. Яғни жеке орындаушыға, топтық концерттерге арналған бағдарламалар. Бұл ретте біз тандем құрғымыз келді. Яғни күйдің фонында, қазақтың қара өлеңін мәнерлеп оқып тікелей эфирге шығардық. Оның ішінде биыл туғанына 175 жыл толған қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының қара сөздері бар. Өте әсерлі халықтың көңілінен орын тапқан жоба болды деп ойлаймын.

– Сіз күйші, әрі дирижерсіз. Қазір күй өнеріне қоғамда сұраныс қалай?

– Қазақ халқының рухани дүниесінде күй өнерінің алатын орны ерекше. Рухани бол­мысымыздың, мәдениетіміздің тұғыры биік мұрасы ретінде – күй өнеріне сұраныс жақсы. Себебі жастар­дың басым көпшілігі дәстүрлі өнерге бет бұруда. Қазақтың күйі бірегей құбылыс ретінде мойындалып, қасиетті киіз үйімізбен бірге ЮНЕСКО-ның материалдық емес, мәдени мұралар тізіміне енуінің өзі күйдің лайықты бағасын алғаны деп есептеймін. Қоғамда домбыра ойнау өнері тамаша үрдіске айналып келеді. Бүгінде мемлекет тарапынан жастарға көптеген мүмкіндіктер жасалуда. Елбасымыз Жастар жылына қатысты «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге гранттар ұсынды. Осы сала бойынша Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген мамандар жеке авторлық мектептерін ашуда. Өнерге оның ішінде дәстүрлі өнерге көп көңіл бөлінуде. Өткен жылы Мемлекет басшысы мектеп бағ­дарламасына домбыра пәнін енгізу туралы ұсыныс білдірген болатын. Аталған ұсыныс күшіне енетін болса, өсіп келе жатқан жас ұрпақ­тың сана-сезімі, дәстүрге деген көзқарасы мүлдем ерекше болары сөзсіз. Ұлтшыл емес ұлт­жанды ұрпақ өсетіні ақиқат. Ал дирижерлік өнерге келетін болсам, бұл өнердің биік шыңы. Оның ішінде қазақ оркестрінің дирижері болу үшін алдымен дәстүрлі өнерді өте жақсы меңгеруі тиіс. Жақсы орындаушы, дарынды музыкант болу керек.

– Ғасырға жуық тарихы бар ұлы оркестрді басқарып келесіз, Құрманғазы оркестрі алдағы уақытта халықты немен қуантады?

– Құрманғазы оркестрі құрылған сәтінен бастап жаңашылдықпен айналысып келеді. 1934 жылы академик Ахмет Жұбановтың оркестрі құруының өзі қазақ музыкасында үлкен жаңалық болды. 1954 жылы кәсіби дирижер Шамғон Қажығалиевтің жетекшілігімен Бухаресте өткен фестивальде алтын медальмен марапатталуы тарихи сәт. Сол секілді дирижерлік постқа шық­қан әрбір дирижердің өзінің жолы болады. Бас дирижер ретінде менің тыңдармандарға ұсынатын шығармашылық жоспарларым бар. Әзірге жобаларымыз дайындық үстінде. Дегенмен оркестрдің өткені мен бүгінін сараптап, тарихқа көз жүгіртетін «Тарихтан сыр» жобасын атап өткім келеді. Оркестр ардагерлерімен жүздесіп, сол дәуірдегі музыканың орындалу деңгейін салыстырып, ерекше естеліктерімен бөлісетін жоба әр бейсенбі сайын эфирге шығады. Сонымен қатар қазір оркестрде түсірілім жұмыстары жүріп жатыр, 87-ші концерттік маусымның ашылуы қазан айында онлайн форматта өткізіледі. Жоғары форматтағы сапалы концерттерімізді әлеуметтік желі арқылы көрсетілім жасап, көрермен қауымды әсерлі концерттермен қуан­туды жоспарлап отырмыз. Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты Франция мем­лекетіне, республика бойынша Қарағанды облысына жоспарланған гастрольдік сапарымыз орындалмай қалды. Дей тұрғанмен, жақсылықтан үміттіміз. Қазіргі кезеңде баршамызға болаттай беріктік, мықтылық, шыдамдылық қажет. Ұлт ретінде ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 Сұқбаттасқан

Шолпан СМАЙЛОВА

1194 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы