• Руханият
  • 21 Қазан, 2020

ҒЫЛЫМ-ҒҰМЫР

Биыл Есік қорғаны­нан табылған Алтын адам жазуларын 30 жыл зерттеп, құпиясын физика-математикалық әдіспен ашқан ғалым-физик Мағрипа Жылқыбаеваның туғанына 75 жыл.

Алтын адамның күміс зерен­ше­сіндегі 26 таңбасын оптика ілімі ар­қылы зерттеумен айналысқан ғалым еліміздегі және шет елдердегі 1000-нан астам жартас жазуларының, көне каллиграфиялық суреттердің шифрын ашып, артына мол мұра қалдырған. Алматыдағы Ұлттық кітапханада ғалымның ғылыми мұрасына арналған халықаралық конференция өтті.
Жиынды Жапонияның қоғам ­қай­раткері Имайо Юджи ашып, ­Мағ­рипа Жылқыбаеваның ғылыми мұра­сының Жапония үшін маңызы ерекше екенін атап өтті. «Жапонияда ежелгі дәуірде Шйотоку Тайши деген мемлекет қайраткері болған. Мағрипа Шөжеғұлқызының еңбектерінде Алтын адамның жапон өркениетіне қатысы туралы мәні терең, құнды деректер көп» дей келе, ғалымның мұрасы Күншығыс еліне кеңінен насихатталатынын айтты.
Физик ғалымның еңбектерін зерт­теуші қаламгер Болат Шарахымбай: «Мағрипа Жылқыбаева – кванттық физика ғылымы арқылы әлемде тұңғыш рет Есік қорғанынан табылған Алтын адам мұрасы бойынша протодәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасап, осы сала бойынша 25 том кітап жазған ғалым. Адамзат баласының елу мың жылдық арғы тарихына бойлап, байырғы жаһандық тұлғалар өмірін суреттеп, ежелгі дамыған өркениет­тердің ғажайып құпиясын бүгінгі күнге жеткізген бірегей зерттеуші. Анау қазақ даласынан бірінен соң бірі табылып жатқан Алтын адамдардың Планеталық деңгейдегі ерекшеліктерін зерттеу арқылы Сақ қорғандары мен Көк Түрік пирамидаларының құпиясын тұңғыш ашқан оқымысты. Міне, қолға тиіп отырған үш томдықтың «Алтын адамның мұрасы» және «Алтын адамның аманаты» аталатын 2, 3-ші кітаптары осы тақырыпқа арналады» дей келе, «Өкінішке қарай, ғылымда осындай ерліктің үлгісін көрсеткен ғалымның көзінің тірісінде бірде-бір кітабы жарық көрмепті» деп сөзін түйіндеді.
Жиында қаламгер Болат Шарахымбай, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Нұрлы әлем» баспасының басшысы Жарылқасын Дәулет, Қазақстан-Жапония адам ­ресурстары дамыту орталығының ­директоры Жанар Оразғалиева, журналист ­Шаяхмет Құсайынұлы. ­Жазушы Орысбай Әбілдаұлы, жазушы ­Ертай Айғалиұлы сөз сөйлеп, Мағрипа Жылқыбаева еңбек­терінің ерекшелігіне тоқталып, ғалымның азаматтық тұлғасы туралы естеліктер айтты.
Шара аясында кванттық ­физика арқылы әлемде тұңғыш рет про­то­дәуірдегі алғашқы адамзат тілінің расшифровкасын жасаған жаратылыс­танушы ғалым еңбектеріне арналған «Ғылым-ғұмыр» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Алтын адам жазуының құпиясын ашқан ғалым» деп аталатын бейнетүсірілім көрсетілді.
Осы күні Алматы облысы ­Жамбыл ­ауданында Мағрипа Жылқыбаева атындағы «Алтын адам» ғылыми музейі ашылды. Лента қию рәсіміне Жапонияның бірінші дәрежелі архитекторы Имайо Юджи мен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ­метро құрылысшысы, Мағрипа ­Жылқы­баеваның шәкірті Базар ­Самаликов қатысты. Салтанатты ­жиында Такэда Масано, Амано Тэцуя, Канджи Фудзий сияқты Жапонияның көрнекті ғалым-профессорларының жеделхаттары оқылып, жазушылар, дипломаттар мен халықаралық ұйым өкілдері, өңір басшылары сөз сөйледі. Ғалым мұрасын жинап, баспаға ұсынған ­«Жапония-Еуразия» ұйымының мүшесі Шарафат Жылқыбаева «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген Мағрипа Шөжеғұлқызының кітаптарын Жамбыл орта мектебіне тарту етті.

Нұркен Жандәулетұлы

1451 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы