• Әдебиет
  • 21 Қазан, 2020

Абырой

Белгілі журналист, көсемсөзші Мақсат Ахметқалиұлы Рсалин есімі оқырманға жақсы таныс. Ол 1960 жылы қазан айында Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Аққұдық ­ауылында дүниеге келді. Өмір жолын өзінің кіндік қаны тамған мекенде ­бастады. Тракторшы, слесарь болып туған ауылының өсіп-өркендеуіне үлес қосты.

Кейін Алматы қаласына қоныс аударды. Осында жүріп еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Қуаныш Сұлтанов, Сергей ­Дьяченко, Ахан Бижанов секілді танымал қайраткерлермен бірге «Қазақстан Халық Бірлігі» партиясының негізін қаласты. Аталған партияның орталық комитетінің жауапты қызметкері және Алматы облысы бойынша уәкілі ­болды. «Отан» партиясының да орталық ­ап­паратында бас кеңесші қызметін абы­роймен атқарып, партияның саяси плат­формасының жүзеге асуына атсалысты.
Мақсаттың өмірі газет жұмысымен тығыз байланысты. Кезінде республи­калық «Дала мен қала», «Страна и мир», «Ана тілі» газеттерінде меншікті тілші, бөлім редакторы, «Экономика» газетінің және «Бала би» журналы бас редакторының орынбасары қыз­меттерін атқарды. 2014 жылдары «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Алматы облысы бойынша өкілі және меншікті тілшісі болды.
М.Рсалиннің өмірдің әр саласына арналған және әр жанрдағы мақалалары республикалық басылымдарда жарық көріп жүр. Екі тілде еркін жазады. Ақтөбе облысының Хромтау ауданынан шыққан тұңғыш қаламгерлердің бірі.
Ол үнемі өзінің шығармашылығын шыңдап, бойындағы бар талантын дамытып отырады. Оның қай тақырыптағы шығармалары да оқырманын өзіне баурап алады. Әсіресе шағын, оқиғалы, қызықты әңгіме, мақалаларының тәрбиелік мәні зор, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Атап айтқанда, адамдардың адами қадір-қасиеті, ұлтаралық келісім, қоршаған ортаны қорғау, тылсым дүние, жануарлар әлемі, ғажайып құбылыстар, ел арасындағы аңыз болған оқиғалар туралы жиі қалам тербейді. Сөйтіп жүріп еліміздің тарихын, мәдениетін, тілін, әдебиетін дамытуға да лайықты үлес қосуда. Үш кітабы жарық көріп, оқыр­манның жылы лебізіне ие болды.
Қаламгердің шығармашылық жолдағы қажырлы еңбегі өз деңгейінде бағаланып келеді. «Жалын» журналы тағайындаған Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Ол – ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистикасының қайраткері атақтарының иегері. Көптеген ұйымдар мен мекемелердің Құрмет грамотасымен марапатталды. Өзі туып-өскен Хромтау ауданының «Құрметті азаматы» екендігін де еске сала кеткіміз келеді.
– Мақсат ерен еңбек, үлкен абырой иесі. Оны төңірегіндегілер адамдығы, әділдігі үшін ерекше құрметтейді. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарынан бастап, жаңа партиялық құрылыстың қалыптасуына, сондай-ақ қазақ журналистикасының дамуына үлес қосып келеді. Кезінде «Халық бірлігі» партиясының Алматы облыстық дербес бөлімшесін басқарып, айтулы еңбек етті.
Ол күрескер азамат. Көп күресінің қатарында өз өмірі, денсаулығы үшін күресіп келеді. Жеңіп келетінін де айта кеткеніміз жөн, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов.
Қаламгерлік істе мол тәжірибе ­жи­нақтаған әріптесіміздің алдағы уақытта да сүйікті оқырманын ­маз­мұнды еңбектерімен қуанта береріне сенім мол.

Смайыл Базарбай

1128 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы