• Әдебиет
  • 21 Қазан, 2020

ТІРЛІГІМ ТІПТІ ҰҚСАС ТӨРТ МЕЗГІЛГЕ

Нағашыбай  МҰҚАТОВ

Нағашыбай  МҰҚАТОВ

 

САҒАТ ТУРАЛЫ СЫР

 

Уызынан мезгілді ұғынған көп,

Шуаққа шомылмайтын шыбын жан жоқ.

Сыртылдайды сағатым, бір тынбайды,

«Сенетін менен басқа, кімің бар» деп.

 

Жоспарласа жұмыс та мәнді жүрмек,

Адамның арты арайлы, алды гүлдеп.

Сыртылдайды сағатым, бір тынбайды,

«Ақ төсектен оян да, ал жүгір» деп.

 

Түк ойланбай төредей төрге шығып,

Өңімді өзгерткендей өлмес үміт.

Сыртылдайды сағатым, бір тынбайды,

Болған ба уақыттан өңгесі құт.

 

Ертеңгіні еске сап, бүгін жүктеп,

Ең даладан ерекше дүбір күтпек.

Сыртылдайды сағатым, бір тынбайды,

Секундттарды, минутты, сырымды ұқ деп.

 

Қай кезде келешекті барлау бітпек,

Жақсыға жалын, оттай жанды-ау жұрт кеп.

Сыртылдайды сағатым, сыртылдайды,

Жаһандағы жалғыз жау-жалқаулық деп.

 

Көрегендік көктесе көпті өсірмек,

Көгерейік намысты көкке сілтеп.

Сыртылдайды сағатым, сыртылмайды,

Күндерің күміс шашпай өтпесін деп.

 

ҚАЙДА, ҚАЙДА?

 

Шақ тұрушы ем шоқ басуға,

Қиялды қолтықтап  ап қашуға.

Қайда аңқау он сегізім,

Періп кетер отқа, суға.

 

Құлшынып құшақ айға жайған,

Қызық қумады қай маңайдан.

Қайда жүгірмек жиырма бесім,

Нәрленген, әлденген найзағайдан.

 

Ұшақсыз да ұшты-ау балаң,

Мылтықсыз-ақ құсты аулағам.

Қайда отты отыз жасым,

Кеудесінен күш саулаған.

 

Дарқан далада ырыс қандай,

Мәңгілікке тыныс бардай.

Қайда қайралған қырық жасым,

Қаққа бөлер қылыштардай.

 

Сәнді өмір, толы арман,

Сәтті, сансыз жолы болған.

Қайда еңселі елу жасым,

Қарияның қолын алған.

 

Жылға азық бір күн елес,

Дүние онсыз дүркіремес.

Қайда тал түс – алпыс жасым,

Не кәрі, не жігіт емес.

 

Бұра көрме теріс жаққа,

Боз белімде жеміс қапта.

Жеңнен тартып желаяқ жыл,

Жетектейді жетпіс жасқа.

 

Үміт, сенім үйген елім,

Әлі талай сый көрермін.

Қайда уыз-уақыттар,

Көкірек түсірген кином менің.

 

ТАРАЗЫ – САНА

 

Тілегенмін таза тұрғанын тұсымның,

Тұман, бұлтты бүйірден  түртіп ысырдым.

Көктем болды көргенім көбелек кезде,

Аспан, жерді тек шуақ деп түсіндім.

 

Серуеншіл серілік сезгем лебін,

Төрелерге төсектей төселмедім.

Жаз екен ғой жігіт боп жолыққаным,

Жаңбыр да, өр толқынды өзен де өзім.

 

Қалайды қай тірі де бәрі ұнауын,

Сұмдық сірә сұлу суретті танымауым.

Күзге де мен кезіктім кеңістігі алтын,

Сыбағамыз – сары бидай, сары қауын.

 

Ортамыздың ойлағаны оңды жұрт,

Кісілік бағдаршамсыз жолды ұмыт.

Қыстың да ұлпа қарын уыстадым,

Қыстан гөрі адам аязы тоңдырып.

 

Арманды жерден де ізде, көктен де ізде,

Ауыр арқалап асудан өткенбіз бе?

Таразы-санаға сап салмақтасам,

Тірлігім тіпті ұқсас төрт мезгілде.

 

ӨМІР ӨТІП БАРАДЫ

 

Жүрегім жүз тебіреніп, аласұра,

Жүзімді бұрдым кең қазақ даласына.

Тәттісін талайларға үлестіріп,

Ащысын араластырып арасына

Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

 

Адамсыз айналаның өңі кетті,

Аңсайды жерді емес, көбі көкті.

Шуағын шашу етіп шартарапқа,

Тұманы тұншықтырып төңіректі,

Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

 

Жарық дүние сәулесі жанға бақыт,

Құдай сақта қалмағаннан қамбада түк.

Шаттығын шапқылатып тай, құлындай,

Қайғысын қара қапшықпен арқалатып,

Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

 

Тіршілік тұрмас ылғи ту ұстатып,

Табанда өзгермей ме дұрыс бағыт.

Бақыттың балын беріп бөшке-бөшке,

Уын да алақанға уыстатып,

Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

 

Көңілім көк жайлауда көгенделіп,

Кішірейіп кеткен бе көлем, көрік.

Таныс, достың арасы алтын көпір,

Туыстар туыстарды бөтен көріп,

Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

 

Төменге құлағандай тау-ізгілік,

Сый сирек, сырқаттанды, ауырды жұрт,

Ғаламды «ғаламатпен» қоршап тастап,

Адамды адамдарға  жауыз қылып,

Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

 

Шынайы, шырын-сөзді ем көремін,

Шалқыған ғажап ішінде кең кеменің,

Үмітті үзіп алмай үкілетіп

Күдіктің де күдірейтіп желкелерін,

Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

 

Қабақ түйіп қыста әрі жазда бұлт,

Қолдаса тәңір ара-тұра маздадық.

Құрдастарым қырда қымтап көрпесін,

Сырластарым араласар аз қалып,

Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

 

Пенде ем парасатты алаң көрген,

Ауа-азыққа тойған ба  әмән кеудем.

Адам, ақша, дүние барлығы да,

Тек уақытша екенін дәлелдеумен,

Өмір өтіп барады, өмір өтіп.

 

СҰЛУЛЫҚ САҒАН ҚАРАП ӨТЕР ЕДІМ...

 

Қашанда мейірімге қамдан жаным,

Қатыгездік құдығына әркез алданбағын.

Беті сұлу көбейді бұл жалғанда,

Іші сұлу азайды аңғарғаным.

 

Адам үшін атпай ма арай таңым,

Ақ пейілді қалайша қарайтамын.

Сөзі сұлу көбейді күннен-күнге,

Ісі сұлу азайды және айтарым.

 

Жанға қуат күмістей күлкілерім,

Жақсыларға жарастық кіл тіледім.

Киімі сұлу көбейді көремісің,

Кісілігі сұлу азайды бір білерім.

 

Қалмаса екен инабат үйі құлап,

Қамқор болсын жастарым жиылып ап.

Қыздан сұлу көбейді көзіңді тік,

Қылығы сұлу азайды қиынырақ.

 

Әлемің мәңгі – алау, мәңгі – жалын,

Әрқашан тек сағыныш салғыз әнін,

Сұлулық саған қарап өтер едім

Сұлу болса бер жағың, арғы жағың.

 

ҚАЙТЕМІН...

 

Қаражатсыз қалтарыста қалдым ба,

Қайырылып қарайладым әр мұңға.

Ақ халатты дәрігерге жолықсам,

Ақша төле деп тұрады алдымда.

 

Нарықты айтып налытады неге жай,

Нар толқыннан кері қайтқан кеме қай,

Апарып ем оқу орнына баламды,

Ақша төле, ақша төле дегені-ай.

 

Теріс қарай айналғандай табақша,

Топыр халық томпаңдайды таң атса,

Қызықтырған қызметің қажет пе?

Сыртында үйдің сытырлайды тағы ақша.

 

Жастайымнан жақын емен ласқа мен,

Жаны сұлуға жүгіре құшақ ашқан ем,

Жүрек әмірін жүре тыңдап махаббат,

Шешіледі шынында кейде ақшамен.

 

Тар сияқты сезінемін кең жерді,

Тарықсам да ең алдымен ел көрді.

Әне бір тұрған әжетханаға барсам да,

Әкел дейді алақанға теңгеңді.

 

Жалған дүниеде жоқ ештеңе жай тегін,

Жаралы жанды сауықтыру айт емін.

Кейде суық, кейде жылы жамағат,

Сәлеміне сұраса ақша қайтемін.

 

НЕ ЖАҢАЛЫҚ?

 

Тақырға тал өсірді деме халық,

Таскөз түгіл, көкірекпен көрем анық,

Алдымен сәлемдескен адамдардың,

Аптыға сұрайтыны «не жаңалық?»

 

Келеді толқындарды кеме жарып,

Кеңістік, көкжиегі жобаланып,

Отауда отыратын зейнеткердің,

Ойланбай айтатыны «не жаңалық?»

 

Тіршілік бір мезгілге тына қалып,

Бірде қуанып, ал бірде жылап алып.

Дабылы дала кезген дос-қауымның,

Аузына түсетіні «не жаңалық?»

 

Түн іздемес махаббат себебі жарық,

Сәулелерден сәнді өрнек өреді барып.

Қызметтен шаршап, шалдығып келгеніңде

Келіншектің қайталайтыны «не жаңалық?»

 

Кірпіш-көңіл жатсыншы тек қаланып,

Түр, түсті бұзбайықшы текке налып,

Іңгәлап іш жылытқан нәрестелер,

Туа сап демесе болды «не жаңалық?»

 

ЗАҒИП ДЕМЕЙ, КІМ ДЕЙМІЗ?

 

Адамның адамдарсыз жоқ мекені,

Араласса ағайын боп кетеді.

Алдында қасқая қарап тұратұғын,

Ақиқатты көрмейтін көп көкені,

Айтыңдаршы, зағип демей, кім дейміз?

 

Талайлар кеудесі – күн, сөзі отты,

Тас-тағдыр тәлкегіне төзіп өтті.

Жамандық жаман тонын жамылып ап,

Жақсылықты көрмейтін көзі жоқты,

Айтыңдаршы, зағип демей, кім дейміз?

 

Желбіреп тік тұрмайды туың мәңгі,

Жылыту жеңіл емес, суынғанды.

Ту сыртыңнан айналып тура тартқан,

Туыстықты көрмейтін суық жанды

Айтыңдаршы, зағип демей, кім дейміз?

 

Дүние дүбір-думан дөңгеленді,

Қайтейін өзге белді, өзге жерді,

Таң сәріден табысып, құшақтасқан,

Татулықты көрмейтін пенделерді

Айтыңдаршы, зағип демей, кім дейміз?

 

Шын қыран шыңдарына ұшып өлді,

Ілгеріге апарсын ісің елді.

Тәңір өзі тудырып, сыйға тартқан,

Таланттыны көрмейтін кісілерді

Айтыңдаршы, зағип демей, кім дейміз?

 

Өнегелі өрнегін өрден сызды,

Тағылымын тамаша төрден тізді.

Көкірекке көркем бір күмбез тіккен

Көркем сөзді көрмейтін көргенсізді

Айтыңдаршы, зағип демей, кім дейміз?

 

Тоқтататын күш бар ма лас құмарды,

Тағылым көргей үлкеннен жастың алды.

Жеген сайын қарында қанағат аз

Жемқорларды көрмейтін басшыларды,

Айтыңдаршы, зағип демей, кім дейміз?

 

Кейбіреу толып, толысып бола қалды,

Алтындай қолпаштадық қолаларды.

Зияны жоқ бір түйір қоғамыма,

Зиялыны көрмейтін көп адамды

Айтыңдаршы, зағип демей, кім дейміз?

 

СҰРАҢДАРШЫ…

 

Дүбірлеген дүние жалған, жалған,

Дабыл қағып жетсе ғой арманға арман,

Қулық-сұмдық құпиясын сұраңдаршы,

Қу тақырда қалғаннан, алданғаннан.

 

Ақыл-ой аңырап құлап әмән жардан,

Айнала кісіліксіз қараң қалған,

Алаяқ, арамдарды сұраңдаршы

Ақ сүттей аппақтардан, адалдардан.

 

Отауда оң тірлікті оттар жанған,

Бары жақсы әр уақыт жоқ болғаннан,

Тұщы, ащыны анықтап сұраңдаршы,

Түрмеде түнергеннен, сотталғаннан.

 

Шынында, кім жасырған шешімді елден,

Гүрілдеген Гитлер сесін көргем.

Сұм соғыстың  жарасын сұраңдаршы,

Жиырмада жар жоғалтқан жесірлерден.

 

Орын бер, ойланбастан, түрегеп төрден,

Оларды орталарда кім  өбектеген,

Зор денсаулық қадірін сұраңдаршы,

Мұңды, үнсіз отырған мүгедектерден.

 

Тұтасып, тіпті кетпей бастан тұман,

Тірлікте түсініксіз жасқанды ұлан.

Тас-әке, тас-ананы сұраңдаршы,

Көз жасы тыйылмаған тастандыдан.

 

Көркем сөзім көрінші көмейлерден,

Қымбат, арзан киімді көрем киген,

Теңге құнын тезірек сұраңдаршы,

Байдан емес, әрине, кедейлерден.

 

Үміт, үміт ақ құшақ жайыпты алдан,

Және оның  кезі жоқ айып болған,

Құйттай сәуле құдіретін сұраңдаршы,

Қараңғыға қамалған зағиптардан.

 

ОТЫРМЫН ТАРАЗЫЛАП…

 

Жан бөлек жадыраңқы, жанған өңі,

Жылы лепті аңсайды алдан көбі,

Дүйсенбі басшыға бардым бір шаруамен,

Жоқты айтатын әрине бардан гөрі.

 

Өлеңнің әр кеудеде оты жүрмек,

Сөз азай көркем емес, көбігің көп.

Сейсенбі кітапханаға кіріп кеттім,

Қасымды қайта-қайта оқығым кеп.

 

Меніңше, шатастырдық шын дүбірді,

Миға қабылдау қиын тым мұңды күнді.

Сәрсенбі теледидарды қосып қалып,

Жеңіл ән желпілдеді, жынды қылды.

 

Тәңір өзі нұсқаған әйдік жолды,

Тер төксең тамшылатып байлық қонды.

Бейсенбі бәйбішеміз шелпек пісіріп,

Баяғы  бабаларға жайдық қолды.

 

Ашық әңгіме ақтарса сыр ашылар,

Ақиқаттан адассақ кінә шығар.

Жұмада жұмыла жүгіріп жиналысқа,

Сөз тыңдадық өтірігі, расы бар.

 

Адамдар ақ үмітті таңды атырмақ,

Армандар зымыраған алға атылмақ.

Сенбіде серпілдік қой тойға барып,

Екі жүз ер, екі жүз жар тақылдап.

 

Бұра тартып бұрылды іні қайда,

Батқандай белшесінен ірі лайға,

Жексенбіде моншада терлеп-тепшіп,

Жолықтым сүндеті жоқ сұмырайға.

 

Жүргенмен сөзден ғана жан азық ап,

Жеңісім желбіреген әлі азырақ.

Табанын тайдырып тұрды тағы бір апта,

Терген, көргенді отырмын таразылап.

 

ӘЙЕЛ

 

Маңдайға бұйыр нандыратын нақ қадам,

Минут сайын аттамайды баққа адам.

Қуанса әйел – тербетеді теңіздей,

Ашуланса әйел – адастырар ақ боран.

 

Көре сала кім шығарған төріне,

Өз теріңмен өрле, өрле өріңе.

Қуанса әйел – ұшырар ғаламат ғарышқа,

Ашуланса әйел – тірідей көмер көріңе.

 

Шаңырақтан сақта Алла кіл құтсыз,

Шар дүниеде ынтымаққа ынтықпыз.

Қуанса әйел – ай жұлдызға жеткізер,

Ашуланса әйел – атып тастар мылтықсыз.

 

Жұмыр жерде жұбайыммен бай болам,

Жоқ болса жар қайдағы күй, қайдағы ән.

Қуанса әйел – жаһан жайнап кетпей ме,

Ашуланса әйел – ақыр заман айналам.

 

Жалғыз құдай таза тілекті құп алсын,

Жарасса жұп жарқырайды шығар шың.

Қуанса әйел – қос аққусың айдында,

Ашуланса әйел – сыңсыған бір сыңарсың.

 

Баба сөзін, дала сөзін айтам дәл,

Бір намысты ей еркектер байқаңдар.

Қуанса әйел – қос иығыңда періште,

Ашуланса әйел – шауып жүрер шайтандар.

799 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы