• Тұлға
  • 21 Қазан, 2020

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

Кенже Нұрмұханбетұлы (оң жақта).

 

Кенже Нұрмұханбетов 1932 жылы 1-қаңтарда бұрынғы Нарынқол ауданы Көмірші ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ата-анасы сол кезде жаңа құрылған шаруашылықтың мүшесі болған. 1936 жылы анасы ауырып қайтыс болса, 1946 жылы әкесі де өмірден озады. Балалық шағы екінші дүниежүзілік соғысқа тұспа-тұс келіп, сабақтан бос уақытта еңбек майданына қатысып, шаруашылықтың сиырын бағады. Мал басын аман сақтап, семірткені үшін 1944 жылы Кегенде өткен «стахановшылар» слетінде мақтау қағазы және заттай сыйлықпен марапатталады. Ол кезде Көміршіде он жылдық мектеп болмағандықтан сегізінші сыныптан соң Қарасаздағы интернатта жатып оқып, 1949 жылы орта мектепті үздік бағаға бітіреді. Сөйтіп, бала жасынан ақиық ақындар Мұқағали, Еркіндермен аралас, құралас болып өскен. Бұл кейіпкеріміздің жасөспірім кезінен–ақ, өлең жазып, шығармашылықпен айналысып өсуіне өз әсерін тигізген. 1953 жылы Абай атындағы КазПИ-дің физика-математика факультетін және кешкі дене шынықтыру институтын бірдей бітіреді. Екі жоғары оқу орнын бірдей алып жүруі білімге деген құштарлықтан, еңбекқорлықтан болғаны даусыз.

Мектепте оқып жүрген кезінен бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Мәселен, 1947-1949 жылдары мектепте, 1950-1953 жылдарда институтта, 1954-1957 жылдары әскер қатарында бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, 1958-1964 жылдары Сарыжаз, Көміршідегі бірнеше бастауыш партия ұйымдарын біріктірген партком құрып, сол партком хатшысы болған. Үнемі ізденіп, білімін де толықтырып отырған. Әскери борышын өтеп болған соң 1957 жылы Закарпатия әскери округінде ашылған бір жылдық әскери партия мектебін бітіріп келеді. Бұл кейіпкеріміздің кейін қызметте көтерілуіне себепші факторлардың бірі болады. Өйткені ол кезде партия мектебін бітіргендер, партия қатарында болғандар қызметте тез өсетін.
1958 жылы әскерден оралған Кенже Нұрмұханбетұлы сол кездегі Нарынқол ауданы Сарыжаз орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Бұл кезде Ұлдахан Байұзақова ҚазМҰУ-дың физика-математика факультетін бітіріп келіп, осы білім шаңырағында жас маман болып қызмет ететін. Олар бұрын жерлестер ретінде ­Алматыда танысқан болатын. Міне, оларды тағдыр тағы да жолықтырып, сол жылы отау құрады. Осылайша, кейіпкеріміздің қиын да қызықты ұстаздық еңбек жолы басталып кетеді. 1954-1966 жылдары Сарыжаздағы орта мектеп мұғалімі, 1966-1970 жылдары Қайнардағы орта мектеп директоры, 1970-1979 жылдары Сарыбастаудағы орта мектеп директоры, 1979-1984 жылдары Қақпақтағы орта мектеп директоры, 1987-1989 жылдары Сарыжаз орта мектебінің директоры қызметтерін атқарады.
Ұстаздық еңбек жолының отыз жылдан астам уақытында басшылық қызметте жүріп, абырой биігінен көрінеді. Ол еңбек ете жүріп, сол кездегі заман ­талабына сай арасында өзінің партиялық білімін де шыңдап отырған. Мәселен, 1968-70 жылдары Алматы қаласындағы екі жылдық университетті сырттай оқып бітіреді. Партиялық сауатын жан-жақты жетілдірген кейіпкеріміз директорлық қызметтерін атқара жүріп, 8 мәрте аудан­дық кеңестің депутаты болып сайланады. Қоғамдық жұмыстарымен қатар білім саласындағы тың ұсыныстары аудан, облыс, республика көлемінде тәжірибе болып таратылады. Соның бірі өзі басқарған мектептерде спорттың бірнеше түрі бойынша әртүрлі секциялар ашып, оқушылардың сабақтан тыс уақытта жүйелі айналысуына мүмкіндік жасайды. Соның нәтижесінде Кенже Нұрмұханбетұлы басқарған мектеп оқушылары аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, оқушылары республикалық додалардан жүлделі орындар ала бастайды. 1974 жылы мұғалімдердің тамыз мәслихатында екі орыс, бір қазақ мектебінің директоры ­баяндама ­жасайды. Соның бірі кейіпкеріміз болады. Сол кездегі республика басшысы Д.Қонаевқа Кенже Нұрмұханбетұлының нақты ұсыныстары мен жеткен жетістіктері ұнап, Оқу министріне ол кісі басқарып отырған мектепті спортқа керекті құралдармен жабдықтауға тапсырма береді. Қорытындысында министр бір миллион сомның спорттық заттарын ол кісі басқарып отырған шалғайдағы ауыл мектебіне сыйлайды. Атап айтқанда, екі күрес кілемі, 20 күрес киімі, 5 стол теннисі, 100 шаңғы, 100 коньки, 100 волейбол, ­баскетбол добы және әртүрлі 200 спорттық киімдер. Бұл ауыл мектебі үшін сол заманда қол жетпес байлық болатын. Бұдан кейін дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен спорттық секция жаттықтырушыларына қатаң талап қоюдың нәтижесінде Кенже Нұрмұханбетұлы басқарған мектептің оқушылары облыстық, республикалық жарыс­тарда жүлделі орындардан көптеп көрінеді. Ең бастысы, жылына спорт­тық же­тістікке жеткен 20 оқушы Алматы қала­сындағы республикалық спорт-интер­натына оқуға қабылданады. Бұл көрсеткіш одан кейінгі жылдары да еселеніп отырады.
Жалпы Кенже Нұрмұханбетұлы өзінің отыз жылдан астам директорлық қызме­тінде осындай ондаған тың бастамалар көтеріп, онысы облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейде тәжірибеге ен­ген­дері бар. Соның бірі 1972-73 оқу ­жы­лында болған. Кейіпкеріміз сол кездегі елі­міздің Оқу министрлігі арқылы ­Ресей Оқу министрлігіне ұсыныс ­жасайды. Онда 1 сыныптың оқушыларын бір тоқсан бойына басқа республикаға апарып оқытуға ұсыныс түсіреді. Не керек, мұндай ерекше ұсынысты қолдаған Ресей Оқу министрлігі сол оқу жылында Красноярск об­лысының 30 оқушысын Сарыбастау қазақ орта мектебінің интернатына орналастырып, орыс тілінде оқытады. Оған сол кездегі ауыл мұғалімдерінің білімі де, тілдік қоры да жеткен. Ал келесі оқу жылында Сарыбастаудың 30 оқушысын Грузияның Батуми қаласына қысқы каникулға 10 күнге жіберіп, мектебін, мұражайларын ара­латып, ел көріп, жер тануға мүмкіндік жасаған.
Кенже Нұрмұханбетұлы ауданда алғаш рет мектептің өз табысына арналған есеп-шотын аштырған. Ол табыстар оқушылар ұжымдарға көмектескеннен және мектептегі тәжірибе алаңының өнімін сатудан, мектептің еңбек пәнінің өнімдерін сатудан мектепке қаражат түсіріп отырған. Осы мақсатты орындауда мектепке ауылшаруашылығына қажетті құрал-жабдықтарды алдырады. Шеберханаларда жоғары сынып оқушылары сол станоктар мен тігін машиналарында жұмыс істеп үйренетін. Мектептің бұл тәжірибе алаңының жұмысы 1982 жылы дәріп­теліп, өндірген өнімдері шетелдік көрмелерге қойылады. Кезінде бұл туралы республикалық басылымдар жарыса жазып, идея авторы Кенже Нұрмұханбетұлы Алматы облыстық партия комитетінің пленумында, республикалық мұғалімдер съезінде баяндама жасайды. Сөйтіп, бұл тәжірибе де еліміздің мектептеріне кеңінен таратылады. Осындай тың бастамаларының арқасында мұғалімдердің халықаралық басқосуларына жиі қатысып тұрған.
Міне, «осыншама ұстаздық, басшылық жұмыстармен қатар депутаттық-қоғам­дық, сан салалы жұмыстарды Кенже Нұрмұ­ханбетұлы қажымай, талмай қалай атқарды?» деген сауал ол кісінің өмірбая­нын оқып отырған адамда туындауы тиіс. Бұған қаншама қажыр-қайрат, күш-қуат керек десеңізші. Сөйтсек оның ең бастысы, кейіпкеріміздің бала жасынан қиындықты көп көріп, шыңдалып өскені болса, екіншісі тағы да сол бала кезінен жанына спортты серік еткенінде деген ой түюге болады. Бұл сөзімізге 1956 жылы шаңғыдан, 1969 жылы шахматтан спорт шеберлігіне кандидаттық норманы орындағаны дәлел. Бұл екі спорт түрі де шалғайдағы ауылдарға кешігіп жеткені анық. Алайда жаңашылдыққа жаны құмар кейіпкеріміз осы екі спорт түрін де терең меңгеріп, осындай жетістікке жеткен. 1969-1988 жылдары шахматтан облыстық жарыстарға қатысып, жыл сайын жүлдегер, чемпион атанады. Бұған қосымша қазақ арасына кенжелеп келген стол тенисі, дойбы, мылтық ату секілді спорт түрлерін де үйреніп, аудан, облыс көлемінде чемпион болады. Осы өзі меңгерген спорт түрлерін кейін жасы келсе де тастамай, өміріне серік етеді. Бұл спорт түрлерін өзінің ұл, қыздарына және мектеп оқушыларына үйретуден жалықпайды.
Жастайынан шығармашылықпен айналысып өскен кейіпкеріміз нақты ғылымдар математика, физикадан оқушыларға сабақ өткенде де, оларды спортқа баулуда да, қоғамдық жұмыстарда да шығармашылық шабытпен жұмыс істегені байқалады. Соның нәтижесінде ол үнемі жетістіктерге жетіп отырған. Мектептердегі мұғалімдік, директорлық қызметте жүрген жылдарында «Математика», «Геометрия» пәндерінен конкурстық есептер жинағын шығарған. «Мектеп директоры» «Мектептегі тәрбие» журналдарының алқа мүшесі, Алтынсарин атындағы ғылым академиясының ғылыми кеңесінің мүшесі, әрі ғылыми хатшысы қызметтерін қосымша атқарған. Жаңадан шығып жатқан оқулықтарға ұсыныс жасап, рецензия жазып, сол замандардағы көптеген оқулықтардың сапалы шығуына атсалысқан. Өзінің өмір жолын нақты мысал еткен «Өмір-дастан» ғұмырнамалық, педагогикалық деректі кітап жазған. Кенже Нұрмұханбетұлының осынау еңбектері өз заманында еленіп, 9-рет Үкімет наградаларымен, медальдармен, көптеген мақтау грамота, дипломдармен марапатталыпты.
Еңбекте осынша табысқа жеткен кейіпкеріміз отбасылық өмірде де бақытқа бөленген жан. Жұбайы Ұлдахан Байұзақова екеуі үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, олардың бәріне жоғары білім берді.
Кенже Нұрмұханбетұлы 86 жасынан асқан шағында бақилық дүниеге аттанды. Он жасынан еңбекке араласып, елу жылдан аса ұрпақ тәрбиесімен айналысқан ұлағатты ұстаздың алдынан сан мыңдаған шәкірттер білікті білім, тәлімді тәрбие алғаны анық. Шәкірттерінің алды бүгінде зейнет жасында. Ұстаздарының жалындаған ерен еңбектерін бүгінде өз немерелеріне аңыздай әңгіме етіп айтуда. Сондықтан да Кенже Нұрмұханбетұлының жарқын бейнесі ұрпақтар жадында мәгіге жатталып, жаңғырып қалары анық.

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

644 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы