• Білім және ғылым
  • 21 Қазан, 2020

Бағдары айқын білім ордасы

Бүгінгі білім беру саласының болашағы қоғамның даму үдерісімен, білімнің тәжірибемен ұштаса алу мүмкіндігімен, ғылыми интеграцияға ұмтылуымен, заман ағымына қарай келіп түсетін ақпарат көлемінің әртүрлі тегімен анықталады. Сол себепті бүгінгі таңда оқу орындарындағы білім берудің сапасы мен деңгейіне үлкен талап қойылып отыр. Сол талапқа сай келу үшін, терең білімді, тың ойлайтын ұстаздар қауымын ынталандырып, оқыту мен тәжірибені үйлестірудің жаңа технологиясын күнделікті жұмысында қолдануды басты міндетіне айналдырған оқу орны ғана сапалы білім беріп, түлектерін толықтай жұмысқа тұруына кепіл бола алады.

Жоғары білім беру жүйесінің басты мақсаты — бәсекеге қабілетті маман даярлау. Осыған сай қазіргі жоғары білім беру принципі «білімді адамнан білікті адамға» деген бағыттағы білімге көшуді көздейді. Бұл білім беру жаңаша ұйымдастыру — оның философиялық, пси­хо­логиялық, педагогикалық негіз­дерін, теориясы мен тәжірибесін тереңірек қайта қарауды қажет етеді.
Сондықтан бүгінгі күні еліміздің білім жүйесінде оқыту үдерісін тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнын қамтамасыз ету міндеті тұр. Осы ­мін­детті толығымен жүзеге асыруды ­Алматы технологиялық университеті жолға қойды.
Жаңа білім беру бағдарламалары, заманауи үлгідегі жатақхана құрылысы, жаңадан ашылған студенттерге қызмет көрсету орталығы, университет жанына ашылған студенттер тәжірибе алатын қонақжайлық кешенінің ашылуы – осы жылдың басты жетістіктері. Бұл туралы Алматы технологиялық университетінің ректоры Талғат Құралбекұлы Құлажанов өткен оқу жылының қорытындысы бойынша жыл сайын беретін есептік кездесуінде айтты. Университет ішінде жүзеге асырылып жатқан бұл ірі шаралар университеттің даму стратегиясының негізінде іске асырылады. Оқу орнының бұл ұзақмерзімді даму жоспарының негізгі мақсаты экономика салаларын бәсекеге қабілетті мамандармен қамтамасыз ету, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мазмұнын әлемдік үрдіске қарай жаңашаландыру, ғылымның еліміздің индустриалды қажеттіліктеріне қосатын үлесін арттыру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді дамытуда менедж­мент пен мониторингті жетілдіру және университеттің инфрақұрылы­мын дамыту болғандықтан, бүгінде атқарылып жатқан әрбір іс ел экономикасын көркейтуге үлес қосар жастардың игілігі үшін екені сөзсіз. Атап айтқанда, заманауи оқыту технологиясының озық үлгісіне айналған 8 проблемалық ғылыми-зерттеу зертханасы бар 3 ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан-Корея ғылыми-білім беру орталығы, Коммерцияландыру кеңсесі, шикізаттан өнімге дейінгі толық технологиялық циклды қамтамасыз ететін заманауи өндірістік құралдармен жабдықталған тағам және жеңіл өнеркәсіп пен мейрамханалық-мейманханалық бизнес бойынша 3 технопарк университет оқытушылары мен студенттерінің игілігі үшін пайдаланылуды.
Университеттің үлкен жетістік­терінің бірі – қосдиплом бағдарламасы. Яғни осы бағдарламаны таңдаған ­сту­дент, бірден екі елдің дипломын алып шыға алады. Бұл бағдарлама аясында АТУ Швейцарияның Туризм және Мейманхана менеджменті ­институты, Г.В.Плеханов атындағы Ресей ­Эко­номикалық университеті, Еуропа ­дизайн институты, И.Раззақов атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті, М.Рысқұлбеков атындағы Қырғыз экономикалық университеті, Пловдив қаласындағы тағам технологиясы университетімен екіжақты тиімді келісімшарт жасасып, еліміздің жастарына екіжақты білім алуға үлкен мүмкіндік жасап отыр. Сонымен қатар академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша, студенттердің шетелде тәжі­рибе жинақтауына үлкен мүмкіндік бар.
Практикалық сабақтар мен ­жұ­мыспен қамту мәселесі бойынша қала­мыздағы ірі қонақүйлер мен тағам өндірісі кәсіпорындарымен серіктес­тік қарым-қатынаста. Жан-жақты жетіл­діріліп жатқан жұмыс көп күттірмей жемісін берері сөзсіз. Бұл тұрғыда ректор жарқын болашақтағы айқын ­жоспарлармен бөлісіп, қызметкерлердің алдына мазмұнды міндеттер қойды.
Ел болашағы — білімді ұрпақта. Сондықтан білім беру саласында жасалып жатқан жаңа реформаларды жүзеге асыру — осы сала қызметкерлеріне ортақ іс. Себебі ғылымның дамуы, білім мазмұнының өзгеруі, өмір талабы, шәкірт талғамы үнемі өсуде. Қай қоғамда болмасын шешуші фактор адам және жеке тұлға болып қала бермек. Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымызды, байлығымызды түгендеу, игеру, жас ұрпақ бойына игі қасиеттерді сіңіру — бүгінгі шәкірт тәрбиелеу жолында жүрген білім саласы мамандарының басты борышы.

Смайыл Базарбай

954 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы