• Мәдениет
  • 21 Қазан, 2020

ҰЛЫ АҚЫН ЖҰМБАҒЫ

Елімізге ғана емес, әлемге қауіп төндірген пандемияның әсерінен қазақстандық театр­лар­дың да есігіне қара құлып салынған еді. Алматыдағы мәдени орындар араға жеті ай салып қайта ашыла бастады.Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 95-маусымының шымылдығын «Абайдың жұмбағы» атты жаңа ­премьерасымен ашты. Жаңа маусымның басты жаңалығы – карантиннен кейін көрерменге ұсынылған екі премьера ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналып отыр. Оның біріншісі – «Абайдың жұмбағы», екіншісі – «Қара» деп аталады.

«Көңіл көтеру деген – жеңіл, ойсыз күлкі емес, үрейден, қорқыныштан, ауру қай жағымыздан келеді деген уайымнан бір сәтке болса да басты алып қашу керек. Қазақстанның басқа қалаларында мұндай жағдай жоқ, тек Алматыда ғана залдың елу пайызына көрермен шақырып, спектакль көрсетуге рұқсат берілді. Сондықтан көрерменнен сұрарымыз, карантин талаптарын қатаң сақтанып, театрға бетпердемен кіріп, арақашықтық сақтауларыңызды сұраймыз. Біз биылғы маусымды Абай әлемімен, «Абайдың жұмбағы» премьерасымен бастап отырмыз. Абай – ұлы дария. Әрбір режиссер, әр буын өзінің Абайын іздейді. Біздің театр ұжымы да Абай әлеміне үнемі зер салып келеді» деді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.
«Абай жолы» романының желісімен, Абайдың өз қарасөздері мен өлеңдері бойынша жазылған композициялық қойылымның сахналық нұсқасын жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов пен жазушы-драматург Мадина Омарова. Қоюшы режиссері – Аридаш Оспанбаева. Қоюшы суретші – Мұрат Сапаров. Ал Абай рөлінде «Құрмет» орденінің иегері актер Болат Әбділманов.
Айта кетейік, «Абай жұмбағында» үш құрам –Болат Әбділманов, Жандарбек Садырбаев және Жанат Тынбаев құрамы ойнайды.
Қойылымда жас Абайдың философ деңгейіне көтерілу процесі, Тоғжанмен махаббаты, дәстүрге сай Құнанбайдың бесікқұдасы Алшынбай бидің немересі Ділдәға үйлену керегін түсіндіруі, Абайдың ел үшін езіліп қызмет етуі және т.б. көрсетіледі. Шығарманың басты кульминациясы – тамұқ сахнасы. Халықпен дау-дамай сахнасын тозақ ретінде алып, адамдардың деградациясын көрсетуге тырысқан. Қойылымда қазақилық бар, жаңа интерпретациямен, яғни композиторлық жұмыс бар. Яғни аталған қойылымнан Абай Құнанбайұлының әртүрлі шығармаларынан интерпретация жасалғанын көруге болады.
Абайдың өз қарасөздері мен өлеңдері бойынша жазылған композициялық қойылымның сахналық нұсқасын жасаған Болат Әбділманов пен Мадина Омарова еңбекті өмірге келтіру барысында абайтанушы ғалымдардың зерттеулеріне, оның ішінде ­Мекемтас Мырзахметов пен ­Жабал Шойынбеттің еңбектеріне сүйенген екен. Нәтижесінде жап-жақсы, жұп-жұмыр қойылым шығып отыр.


«Мен бүгінгі Абай рөліне 30 жыл ­дайындалдым. Бұл менің бірінші ­Абайым емес, білесіздер. 30 жасымда Райымбек Сейтметовтың «Қалың елім, қазағым...» ­поэзиясынан бастап, 40 жасымда Әзірбайжан Мәмбетовтың «Абайын» ойнадым. ­Содан кейін талай жерде талай Абайды ойнап жүрмін, бүгін міне тура Абайдың жасында, 60 жасымда нағыз Абайды шығардым. Бүгінгі Абай бұрынғы Абайлардағы сияқты бетіне жарты килограмм грим жағып, қасы-көзін бояп, кірпік жабыстырып, қауғадай қылып сақал жабыстырып шығатын, былайша айтқанда қолдан жасалған, соған ұқсауға тырысқан Абай емес. Бұл ешқандай гримсіз, актердің өз бойында Абайға ұқсайтын не бар сонымен сахнаға шығуы. Бүгінгі Абай халқымен бірге өсіп, қазақты шоқындыруға кіріскен патшалық үкіметке қарсы тұрған Абай. Бұған дейінгі қойылымдардан, кинолардан, кітаптардан туындаған Абай өз халқын ұнатпаған ба, әкесін жек көрген бе, орысшыл ма деген сұрақтардың жауабын бүгінгі Абайдан білуге болады» дейді Болат Әбділманов.
Иә, расында «Абайдың жұмбағында» Абайдың шын болмысын көрсетуге тырысқан. Сол кезде патшалық Ресей бүкіл қазақты билеу мақсатында үш бағдарлама енгізеді. Бірінші – хандық жүйені құрту, екінші – болыстықты енгізіп, ру-руға бөліп ­билеу, үшінші – халықты шоқындыру. Осы жарлықпен танысқан Мемлекеттік думаның депутаты Шаймерден Қосшығұлов хат жолдайды. Патшаның алғашқы екі жоспары іске асып, үшіншісіне келгенде Абай қарсы тұрады. Ақын 73 параграфтан тұратын құжатнама дайын­дап, оны генерал губернатордың алдында, патша өкілінің алдында дәлелдеп шығады. Құжаттарын дайындауға көмектеседі деген баласының құрт ауруына щалдығып, бақилық болуы да Абайдың қабырғасын қайыстырып кетті. Сахналық көріністе бұл сәт те икемді орайластырылған екен.
Бүгінде абайтанушылар Абайды қытай философы Конфуцийден биік қояды. Олардың айтуынша, Конфуций адамды адамға табындырған, ал Абай адамды бір Жаратушыға табындырған. Құран сөзін поэзиямен жеткізуге тырысқан. «Жүректің көзі ашылса, Хақықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі». Яғни адамның миы ойлайды, бірақ шешпейді. Оның бәрін жүрек таратады. Сол үшін Абай бәрін жүрекке жүгіндіреді. Адамның жүрегі таза болса, онда адам баласы бір-біріне мейірбан болады, мына жұмыр жер жақсарады. Абай осыны өлеңмен айтқысы келеді, ал абайтанушылар өлеңді талдап осылай түсіндіруге тырысады. Келісу-келіспеу әр оқырманның өз еркі. Тек ақынды тағы бір танығыңыз келсе, «Абайдың жұмбағын» тамашалаңыз.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Азаматтың суреттері

824 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы