• Қоғам
  • 21 Қазан, 2020

ЕЛ БІРЛІГІ – БАРЛЫҚ ТАБЫСТЫҢ КІЛТІ

ШАҒЫНАУДАН БОЙ КӨТЕРІП, 386 ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

 Түркістан облысы Мақтаарал ауда­нындағы елді елең еткізген жағымды жаңалық ауызбіршілік пен рухани-адамгершілік, бейбітшілік пен өзара түсіністік еліміздің одан ары дамып, гүлденуіне септігін тигізетіндігіне кезекті рет көз жеткізіп отыр. Өңір тұрғындары мамыражай дерлік мамыр айында орын алған тосын апат кезінде сабыр сақтап, ынтымақ-бірлігін бекіте түсті. Қиындықты бірлесе жеңді. Сол бір сын сәтте ауыл тұрғындарымен болған кездесуде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ең бастысы ауызбіршілік ажырамай, бар қиындықты ел болып еңсеру қажеттігін айтты. Атақты Білге қаған атанған Күлтегін бабамыздың сонау ықылым заманның өзінде «Халқына бегі, бегіне халқы сенген ел ұзақтау жасайды» деп халық пен мемлекет арасында орнаған сенімнің сарқылмас қуатқа ие екенін білдіргенін ел есіне салды.

Мамырда жанары мұңға толып, көңілі жабырқаулы болған мақтааралдықтар қазанда жаңа үйге кіріп, арқа-жарқа болып жатыр. Өңірдегі бұл қуанышты мақтааралдықтардың үйін су басқанда бірге мұңайған бүкіл ел бөлісуде. Мақтааралды қалпына келтіруді Президенттен бастап, Елбасы, облыс, аудан басшылары бір сәт те назардан тыс қалдырған жоқ. Нәтижесінде қиындық кешегі күннің еншісінде қалды, жаңа баспанаға кіріп, қоныс тойын тойлап жатқан тұрғындардың ертеңге деген сенімі нығайды. Сардоба суы тасқынының тақсыретін тартқан Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының тұрғындары, яғни 386 отбасы аудан орталығы Мырзакентте бой көтерген жаңа шағынауданнан баспаналы болып, қуанышқа кенелуде. Әрқайсының аумағы 100 шаршы метр болатын, қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған, кәріз жүйесіне дейін жүргізілген тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Мақтааралдықтардың қуанышын бөлісуге ауданға арнайы келген Премьер-министрдің орынбасары, Төтенше жағдай жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы Роман Скляр, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев тұрғындарды құттықтап, баспана кілттерін табыс етті. Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдай кезінде ерекше қызмет атқарған бір топ азаматтар Премьер-министрдің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың арасында Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат ­Хамраев пен Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Абдулла Кулдашов та бар. Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа шағынауданның құрылысына атсалысқан бірқатар азаматтарға Президенттің Алғыс хаттары мен «Халық алғысы» медалін табыс етті. «Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы шекаралас екі ел үшін де оңайға соқпады. Апат айтып келмейді. Осы тосын жағдайды естіп, мақтааралдықтардың тағдырына алаңдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік деңгейде көмек көрсетілді. Зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмады. Бүкіл ел көмек қолын созды. Қиындықтар артта қалып, осы сәт өмірлеріңіздің жарқын кезеңі болсын» деді Өмірзақ Шөкеев салтанатты жиында. Аумағы 70 гектар жерді алып жатқан жаңа қалашық барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған, жоғары жылдамдықтағы ­интернет желісіне қосылған. Тұрғындардың демалуы мен ­салауатты өмір салтын ұстану үшін көлемі 5,5 ­гектар саябақ пен 2 спорт алаңшаларының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ жаңа мөлтек ауданда 1200 орындық мектеп, 280 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория, полициялық тірек пункті салынуда. Яғни тұрғындардың тұрмыстық жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақсара түсуіне барлық алғышарттар жасалынды. Топан судан зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстары облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатаң бақылауында болды. Ауданға жиі баратын аймақ басшысы салынып жатқан әрбір үйдің сапасына жіті көңіл бөліп, тұрғындармен кездесуде айтылған талап-тілектердің ескерілуін қадағалады. Осындай жауапкершілікпен, халықтың қолдауымен атқарылған істің шарапатын мақтааралдықтар көріп отыр. Жаңа баспанаға ие болған тұрғындар шексіз алғыстарын білдіруде. Ал салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр мен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев баспаналы болған 2 отбасының шаңырағына кіріп, құтты болсын айтты.

 

ПРЕЗИДЕНТ РИЗАШЫЛЫҒЫН БІЛДІРДІ

 Иә, қалпына келтіру жұмыстарынан кейін кешегі су тасқынының ізі де қалмаған. Әйтпесе, су тасқынынан 5 елді мекен – Жеңіс, Жанатұрмыс, Фирдоуси, Өргебас, Достық елді мекендері зардап шеккен-ді. Ең алдымен, шұғыл түрде Мақтаарал ауданында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб құрылды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін бастапқыда 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды. Бірнеше күннен кейін төтенше жағдаймен күресуге қосымша күш тартыла бастады. Көрші аудан тұрғындары, төтенше жағдай басқармасының мамандары, әкімдік өкілдері – барлығының бірлескен күшімен 31 мыңға жуық тұрғын дер кезінде қауіпсіз аймаққа көшіріліп, облыс әкімінің тапсырмасымен ашылған 24 эвакуациялық орынға орналастырылды. «Бірлігі бекем ел барлығын жеңеді» демекші, бұл сынақ халқымыздың біртұтас ел екендігінің айқын дәлелі болды. Аудандағы ахуалды тікелей өз қадағалауына алған ­Президент зардап шеккен әрбір тұрғынның жағдайы ескерілгенін мәлімдеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Кәсіпкерлер, құрылысшылар, дәрігерлер, қарапайым азаматтар, көптеген еріктілер белсенді жұмыс істеді. Барлығына шынайы ризашылығымды білдіремін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев ауданға арнайы келген ­сапарында. Иә, Мақтааралға еліміздің бүкіл облыстары көмек қолын созды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 700 ­тоннадан астам азық-түлік пен гуманитарлық көмек келді. Көрші елден апат ­салдарымен күресуге келген арнайы техникалар мен 200 адам елді мекендерге жайылған суды тазалау мен су сору жұмыстарын жүргізді. Егістік алқаптарды қалпына келтіріп, шитті мақта егуге атсалысты. Қазақстандық кәсіпкерлер апаттан зардап шеккендерге қолдау көрсетуде елеулі үлес қосты. Су басқан аймақтағы әрбір тұрғын республика бюджетінен 100 мың теңгеден қаражат алды. «Болат Өтемұратов қоры» зардап шеккендерге үй салып беру үшін 6 млн АҚШ долларын бөлді. Ресей кәсіпкері Әлішер Усмановтың қорынан 5,2 млн АҚШ доллары аударылды. Бұл қаржы 5202 отбасына (30 420 адам) 1000 АҚШ долларынан үлестірілді. Зардап шеккен үш ауыл тұрғындары үшін Мырзакенттен бой көтерген жаңа қалашықтағы 386 үйдің 196-сы Үкімет резервінен бөленген қаражат есебінен, 150 үй Болат Өтемұратов қорының қаржысына салынды. Ал 20 баспана Nur Otan партиясының «Біз біргеміз» қоры мен 20 баспана «Салиқалы ұрпақ» қорының қолдауымен бой көтерді. Мақтаарал ауданында су басқан аумақтың жалпы көлемі 175 ­шаршы шақырым аумақты құрап, 515 млн текше метр су ағылды. Нәтижесінде 5700 гектарға жуық егістік алқаптары зардап шекті. Барлық зардап шеккен агроқұрылымдарға 1,142 млрд теңге өтемақы берілді. Төтенше жағдай кезінде үй жануарларынан айрылған азаматтарға мал шығыны толығымен төленді. Топан су басқанда жалпы аудандағы 22 отбасы 144 бас малынан ажырап, шығынданған болатын. «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы түйеге 300 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін, жылқыға 160 мыңнан 380 мың теңгеге, сиырға 110 мыңнан 220 мың теңгеге, ұсақ малға 25 мыңнан 45 мың теңгеге, үй құсына 2000 теңгеге дейін өтемақы берілді. Демеушілік жасап, қолдан келген көмегін көрсеткен кәсіпкерлердің бірі, еліміздегі белгілі бренд «Астана моторс» компаниясы су басқан Өргебас және­ ­Фирдоуси ауылының тұрғындарына жалпы сомасы 50,5 ­миллион теңгені құрайтын 426 жинақталған үй жиһаздарын сыйға тартты.

Мақтааралдықтардың қуанышына ауданға жұмыс сапарымен келген Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те ортақтасып, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады. Жеңіс, Достық, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, партия тарапынан топан су салдарын жою бағытында нақты жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Апат болған алғашқы күннен бастап партияның Түркістан облыстық филиалы өкілдері жедел штаб құрамында жұмыс істеді. Тұрғындарды эвакуациялауға, азық-түлікпен қамтуға, гуманитарлық көмекті үйлестіруге атсалысты. Партияның барлық облыстар мен қалалардағы ­филиалдары гуманитарлық көмек керуенін жіберіп, мырзашөлдіктермен бірге екендерін дәлелдеді. Сонымен бірге Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған «Birgemiz» қоры арқылы 32 үйді салу жөнінде шешім қабылданды. Осыған байланысты мамыр айында партия басшылығы Мақтааралға арнайы келіп, жаңа шағынауданнан бой көтеретін үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Міне, іргетасы көктемде қаланған 20 үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріліп отыр. Бауыржан Байбек жаңа үйлердің кілтін тұрғындарға салтанатты жағдайда тапсырды. Сонымен бірге құрылысы жүріп жатқан 12 үйдің жай-күйімен танысты. Ол баспаналар да таяуда пайдалануға берілмек. Жаңа баспанаға ие болған Достық ауылының тұрғындары жетекші партияның қамқорлығына ризашылықтарын білдірді.

 

ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ 4 ЕСЕ АРТЫП ОТЫР

 Аудандағы Өргебас және Фирдоуси елді мекендерінде де қалпына келтіру жұмыстары, жаңа тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуда. Мысалы, Өргебаста су тасқынынан зардап шеккен 209 үйдің 195-і бұзылып, қайта салынды. Аудан әкімдігінің мәліметінше, бүгінде 185 үйдің құрылысы толық аяқталған. Мемлекет тарапынан берілетін 17 млн теңге қаржылай қолдауды келісімшарт түзген 195 отбасы үш траншпен алған. «Үй тұрғызуды үйреніп алдық. Енді біз адам жалдап, әуре болмаймыз. Асарлатып үй тұрғыздым. Мемлекет тарапынан берілген қаражат толық жетті. Жанымдағы көршім үш баласымен бірге үйді бітіріп алды. Ел ағаларына, осында жиі келіп, жағдайымызды біліп тұратын облыс әкіміне алғыстан басқа айтарымыз жоқ» дейді Өргебас ауылының тұрғыны Құрақбай ­Мамырежепов. Елді мекен аумағындағы ескі мектепте ағымдағы жөндеу, қосымша жылыту қазандығын қою жұмыстары жүргізілуде. Фельдшерлік-акушерлік және тірек пункттері салынуда. Ал Фирдоуси елді мекенінде тұрғын үй салу шығындарын өтеу бойынша 314 отбасы құжат тапсырып, 3 транш бойынша тиісті қаржыны алған. Су тасқынынан зардап шеккен 314 үйдің 308-і бұзылған болатын. Бүгінде ­231-інің құрылысы аяқталған. Сондай-ақ 600 орындық жалпы орта мектеп ағымдағы жөндеуден өткен. Қазіргі таңда, жылыту қазандығын табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Ауылда, сонымен бірге дәрігерлік амбулатория, тірек пункті салынуда. Қалпына келтіру бойынша осындай ауқымды жұмыстар атқарылған ауданда өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл орайда ­ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі артып келеді. Жалпы ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 3,2 миллиард теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 12,5 миллиард теңгеге жеткен. Яғни өнім көлемі 4 есе артып отыр. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі өткен жылы 2,2 миллиард теңге болса, биыл 10,8 миллиард теңгеге жетті. Ауданда 10 536 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Аудан кәсіпкерлері 9 айда жеңілдетілген пайызбен «Ырыс» шағын несие ұйымынан 297,4 миллион теңге, «Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы тарапынан 64,1 миллион теңге, «Жетісай несие» ұйымынан 175,05 миллион теңге, «Агро Несие Корпарациясы» АҚ-ы тарапынан 19,8 миллион теңге несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатында 3330 азаматқа кеңес, 140-тан аса сервистік қызметтер берілген. Сондай-ақ 133 кәсіпкерге заңгерлік қолдау көрсетілген. Одан бөлек, ­«Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 299 азамат, «Бизнес кеңесші» бағдарламасы аясында 29 азамат білім алған. Шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында биыл Мақтаарал ауданында жалпы инвестиция көлемі 6,784 миллиард теңгені құрайтын 2 жоба іске асырылуда. Осы арқылы 191 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамту көзделуде. Қазақстан және Түркия елдері бірлесіп Мақтаарал ауданынан жалпы құны 4,764 миллиард теңге болатын, жіп шығаратын фабриканы іске қоспақшы. «Tulpar Texstill» ЖШС-іне қарайтын өндіріс орны 2020-2021 жылы іске асады. Жоба жылына 6600 тонна жіп өңдіре алады және 143 адамды жұмыспен қамтиды. Жалпы құны 2,02 миллиард теңгені құрайтын мақта майын шығаратын «Tulpar May» ЖШС-ы да 2020-2021 жылы жүзеге аспақшы. Қазақстан мен Ресей елдерінің бірлескен жобаның жылдық қуаты 2,9 мың тонна май шығара алады және 48 адам жұмыспен қамтылатын болады. ­Сонымен қатар Мақтаарал ауданында құны 2,1 миллион евро болатын «JID&COM» ЖШС-нің жеміс-жидектерді және бақша дақылдарын кептіру, жеміс-жидек мармеладтарын өндіру жобасын 2020-2021 жылы Қазақстан және ­Германия елдері бірлесіп іске қоспақ.

 

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

 Осындай нақты мемлекеттік қолдау­дың нәтижесінде кәсібін дөңгелетіп отырған жергілікті азаматтар ауылдастарына қол ұшын созуда. Жуырда жергілікті кәсіпкер аудандық аурухананың жанында орналасқан өзінің жекеменшік жер теліміне тікұшақ қонатын алаң салып берді. Бұған дейін ауыр жағдайдағы науқастарды облыстық емдеу мекемелеріне жеткізетін тікұшақ елді мекен шекарасындағы егістік алқаптарға қонатын болған. Науқастың тағдыры үшін әрбір секундтың маңызды екені белгілі. Сондықтан санавиация қызметі ауылдық жерлердегі адам өмірінің ұзақтығына әсер ететін басты бағыттардың бірі. Аурухана жанынан ашылған жаңа алаң денсаулық жағдайы мүшкіл емделушілерді санавиацияның күшімен жедел жеткізу қызметінің тиімді жұмыс істеуіне сеп болмақ. Кәсіпкер Қанат Мырзахметов осыған дейін де көптеген үлгі боларлық істерімен көптің алғысын алып келеді. Ол елдегі пандемиямен күрес кезінде аудандық ауруханаларға жалпы саны 12 өкпені жасанды желдету аппаратын сыйға тартқан. Аймақта орын алған су тасқыны кезінде де қарап қалмаған. Жерлестерін апаттан аман алып қалуға атсалысқан. Сондай-ақ ауданда пандемияның екінші толқынына дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Екінші толқын демекші, жалпы бүгінде эпидемиялық жағдайы тұрақты Түркістан облысы да ­айтып келмейтін ауруға төтеп беруге толықтай дайын. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, өңірде ­коронавирус инфекциясының ықтимал белең алу жағдайлары ескеріле отырып, медициналық ұйымдарда 6000-ға жуық төсек-орынмен қамту қарастырылған. «Ауруханаларда материалды-техникалық база жақсартылды. Өкпені жасанды желдету аппараттар саны 65 пайызға артты. Сонымен қатар қуаттылығы мықты 80 оксиген аппараты алынды. Оттегі концентраторларының саны 900 бірлікке жетіп, бүгінде өсім 95,0%-ды құрап отыр. Қосымша 5 ренгтен және 1 компьютерлік томограф аппараттарын алдық. Аурухана аймақтарынан салынған оттегі станциялары да екі есеге артты. Облыста көрші елмен шекаралас екі аудан бар. Олар Сарыағаш пен Мақтаарал аудандары. Осы екі өңірде карантиндік стационарлық төсек-орындарды ­даярлап қойдық. Бұдан былай шекарадан өткен әрбір азаматтың қолында COVID-19 инфекциясына тексерілген анализ қорытындысының қағазы болуы керек. Егер болмаған жағдайда жергілікті дәрігерлер олардан сынама алып, стационарға жатқызады. Дәл қазіргі уақытта Сарыағаштағы ­стационарда 10 азамат жатыр. Жалпы облыс көлемінде науқастарға арналған 6500 төсек-орын дайын тұр. Барлық ­мекемелерде 2-3 айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Бүгінде инфекциялық стационарда ем қабылдап жатқан екі науқас бар. Олардың жағдайы тұрақты»  дейді Марат Орынбасарұлы.

Облыстың бас дәрігері, сондай-ақ жыл соңына дейін 122 жедел жәрдем көліктері берілетінін жеткізді. Яғни облыстағы жедел-жәрдем көліктері 100 пайыз жаңарады. Одан бөлек жақын күндері 12 жылжымалы медицина кешендері өңірдің шалғай ауылдарына барып қызмет көрсетпек. Медициналық автокешен УДЗ, рентген аппараттары, зертханамен жабдықталған. Ауыл тұрғындары мұнда анализ тапсырып, дәрігерлердің тексеруінен өте алады. Ал Кентау қалалық ауруханасы алғашқы толқында 1400-ге жуық пациентті емдеп, тіпті коронавирус жұқтырған жүкті әйелді аман-есен босандырып алған болатын. Індеттің екінші толқыны бола қалған жағдайда науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуге дайын­быз деген аурухананың бас дәрігері Гүлбану Сыздықова 580 төсек-орын әзір тұрғанын айтты. Бүгінде облыс бойынша 8 оттегі станциясы іске қосылған. Соның бірі осы Кентау ауруханасында орналасқан. Станцияны жергілікті меценат Бекболат ­Бекенов өз қаражатына салыпты. Құны 60 миллиондық станция тәулігіне 250 оттегі баллонын толтыра алады. Бас дәрігер станция қажет болған жағдайда өзге де мекемелерді оттегімен қамтамасыз ете алатынын айтады. «Ауруханада 10 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 47 оттегі концентраторы бар. Елу төсек-орынға арналған инфекциялық госпиталь толығымен науқастарды қабылдауға дайын. Бізде маман тапшылығы жоқ. Жалпы 520 медицина қызметкеріміз бар. Оның 57-сі дәрігер, 220-сы орта буынды қызметкерлер. Пандемияның, әрине, қайталанбағанын қалаймыз. Әйтсе де, тұрғындар өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса екен дейміз. Әр адам карантин режимін сақтап, өзін-өзі, жақындарын қорғап жүрсе алғашқыдағыдай науқастар саны көп болмас деген ойдамыз» дейді Гүлбану Жұмағалиқызы.

Бейбіт күнде жарылысты бастан кешірген Арыс қаласындағы орталық аурухана да жеке қорғаныс киімдері мен дәрі-дәрмектің екі айлық қорымен қамтамасыз етілген. Жансақтау бөлімінде 9 өкпені жасанды желдету аппараты, қосымша 50 оттегі оксигенераторлары және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Қанда оттегінің қаншалықты қаныққанын анықтайтын пультоксометрдің 144 данасы алынған. Осы құралдың көмегімен дәрігерлер науқастың жағдайы қаншалықты ауыр немесе қанағаттанарлық екенін айнықтай алады. «Сатурациясы 93-тен төмен пациенттерді бірден жансақтау бөліміне жатқызамыз. Мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде жансақтау бөлімін қабылдау бөліміне жақын орналастырдық. Бұл науқас пен дәрігердің алтын уақытын үнемдейді. Жалпы қазір коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған 19 мобильді топ халыққа қызмет көрсетуде» дейді Арыс қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Ерғали Әлімбаев. Бірінші толқында көп тәжірибе жинақтаған ақ халаттылар індетті емдеудің тәсілдерімен күн сайын танысып, білімін жетілдіруде. Ауруханада 40 провизорлық төсек-орын мен 20 төсек-орындық инфекциялық госпиталь дайын тұр. Ал ­Ордабасы аудандық ауруханасында індетті анықтайтын зертхана іске қосылған. ПТР сынамасы бойынша анықтайтын зертхана тәулігіне 500-ге жуық тест қабылдау мүмкіндігіне ие. Алдағы уақытта Арыс қаласы мен Бәйдібек ­аудандарынан сынама қабылдау жоспарлануда. Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша мұндай 12 зертхана жұмыс істеуде. «Қазірге дейін 23 анализ тексеріп үлгердік. Барлығы теріс нәтиже көрсетті. Зертханада жұмыс істейтін дәрігер-лаборанттарымыз Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында бір ай біліктілігін арттырып, әрі қарай Түркістан қалалық емханасында тәжірибе алмасып келді» дейді бас дәрігер Бақытжан Мырзалыұлы. Қазіргі таңда емдеу мекемесі жеке оттегі станция­сы, 23 өкпені жасанды желдету аппаратымен жасақталған.

Жалпы облыста бүгінде 23429 ­медицина қызметкері бар. Оның 5000-нан астамы дәрігер, қалғаны орта буын мамандары. Ақ халатты жандардың ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 3331 науқас толық жазылып шыққан. Жалпы, пандемия белең алғалы облыста Covid-19 инфекциясы расталған 3395 жағдай тіркелді. Олардың 2355-інде ауру симптомсыз өткен.

 Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ

Түркістан облысы

 

1629 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы