• Тіл
  • 21 Қазан, 2020

«СӨЗІ ЖОҒАЛҒАН ЖҰРТТЫҢ ӨЗІ ДЕ ЖОҒАЛАДЫ...»

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым докторы,
профессор

Бүгінгі тіл білімі ғылымына әлемдегі тілдер саны нақты мәлімсіз көрінеді. Мамандардың болжауларына қарағанда әлемде 7000 тіл бар. Сонымен қатар әрбір екі аптада бір тіл жойылып отырады екен. Тілші ғалымдардың есебі бойынша қазіргі қолданыста аз пайдаланылатын тілдердің 50 пайызы ХХI ғасырдың соңына өмір сүруін тоқтататын сияқты. Қазір 1400‑дей тілдер қолданыстан шығуға жақын. Бұл – осы тілдердің иелері де жеке ұлт, халық ретінде де тарих көшіне ілесе алмай қалады деген сөз.
Алла мұның бетін бізден аулақ қылғай! Дегенмен, осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын заңғар жазушымыз М.Әуезовтің сөзімен айтқанда, қазақтың «оқыған азаматтарының тұңғыш көсемі» Ахмет Байтұрсынұлы «ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» дегенде өз халқының тағдыры, оның тілінің толымсыз күйі көкейінде тұрғанына күмән жоқ. Бұл жағдай Ресейдің отарлық кезеңінен басталған болатын. Алаштың болашақ көсемдері Ресейдің отары болуымыздың қасіретті салмағы ең алдымен ана тілімізге түсіп отырғанын жете түсінді, терең сезінді. Сол себепті де Алаш ұлт-азаттық қозғалыстың алғашқы қадамдарының бірі 1905 жылдың маусым айында Қоянды жәрмең­кесінен Ресей патшасы II Николайға жолданған петицияда отарлау саясатқа ашықтан-ашық қарсылық білдірілді. Көп мәселенің ішінде ерекшелеп ана тіліне еркіндік беруді ең қа­жеттілік деп алға шығарылды. Ал осы қозға­лы­стың жетекшісі Әлихан Бөкей­хан 1905 жылдың қа­­ра­­шасында Мәскеуде Жалпы­ре­сей­лік жергілікті және қалалық қай­раткерлер съезіне қатысып, он­да 4 миллион қазақ халқының атынан сөз сөйлеп, қазақ ті­лін оқы­­татын мектептердің қу­ғын­ға ұшы­райтынын, қатаң бақы­ла­наты­нын айтып, жергілікті тілге бар­лық шектеуді алып тастауды ұсынды. Алайда бұл ұсыныстарды тың­дайтын құлақ та, көретін көз де ол кезде де, кейін де бола қойған жоқ.

Осылай тіліміз бен халқымыздың тағдырлы тарихы патшалық Ресейдің отарлау саясатынан басталды. Асты да, үсті де бай, Менделеев таблицасындағы барлық элементтерге бай Ұлы даланың кең байтақ жерін ғана иемденумен шектелмей, отаршылдығы басқа елдерден «қомағайлығымен» ерекшеленген Ресей билік табаны қазақ жеріне тиісімен өңірдегілерді өз мұратына ыңғайлауға кірісті. Мұны сезген жергілікті халықтың ішке қарай ығыса бастағанын байқаған билік басқа жолды іздеуге мәжбүр болды. Оны көп қиналмай тапты да. Қазан қаласында арнайы дайындықтан өткен татар молдаларын бірінен соң бірін қазақ даласына аттандырды. Олар аса маңызды екі мәселені шешулері керек болды. Бірі – оқытамыз деп қазақ тілін өз тілдерімен шұбарлау, екіншісі – дін таратамыз деп осы кезге дейін халық өз тұрмысына лайықты қабылданған ислам дінінің нұсқасын лайлау. Ал тілі мен дінінен, ділінен, яғни ұлттық рухынан алыстаған халықтың тағдыры үстем ұлттың қолында болатынына адамзат тарихы куә. Бұған мысалдар толып жатыр.
Патшалық Ресейдің сая­си жалғасындай болған, әлеу­мет­тік әділеттілікті сөз ­жү­зінде ұран­датып саяси сахнаға шық­қан Кеңес ­заманында да тіліміздің айдарынан жел ескен жоқ. Алаш алыптарының бірі Мұстафа Шоқай: «Орыстың пат­шалық меке­мелері біздің ұлт­тық дамуымызды тежеп келсе, боль­шевиктердің басқаруы халқы­мызды ұлттық сезімнен жұрдай етуге, мұндай сезімді көкірегінен біржола сылып тастауға тырысып отыр» деп ашық жазған болатын.
Қазақ тіліне деген қиянат кеңестік Қазақ­станның ең басты құжаты, 1937 жылғы конс­титуциядан басталды. Онда ежелден осы жердің иесі және ­мемле­кет құрушы ұлттың тілі туралы бір ауыз сөз жазылмаған. Мұны не­гізгі ­заң­ды дайындағандар біл­меді емес, білді. Бірақ ұлтының асыл мұраттарын мәселе етіп көтергендер «ұлтшылдар» аталып, жаппай қу­даланып, қырғынға ұшы­ра­п жатқандар еңсесін көтеріп, Мәскеуге қарап, бірдеңе деуге бата алмады. Коммунист көсемдеріне бұл да аз көрінді. Содан елімізде орыс тілінің үстемдігін арттыра түсуге бағытталған құжат – 1938 жылғы 13-наурызда БКП(б) ОК мен КСРО Халық комиссариатының «Ұлттық республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті оқыту туралы» шешім қабылдады. Бұл өз елінде азшылық болып қалған, кеше ға­на зиялыларынан айырылған жергілікті халық үшін тіпті қиын болды. Содан сол кездегі, кейін де жетіп-артылатын со­лақай белсенділер Мәскеудің саясатын жалау­латып алға шы­қты. Олар орыс ті­лінің үстемдігін орнатуға білек түре кірісті. 5-сәуірде Қазақстан КП(б) ОК және ҚазКСР Халық комиссариаты кеңесі іле-шала арнайы кешенді іс-шара қабылдады. Онда 1938-1939-оқу жылынан баста­уыш мектептің екінші класының екінші жартысынан, толық емес орта және орта мектептердің үшін­­ші класынан бастап орыс ті­лін оқытуды қамтамасыз ету рес­публика Халық ағарту комисса­риатына ұсынылды. Алайда мұ­ны қатаң қадағалауға соғыс кедергі келтірді. Содан он жыл өткеннен соң бұл шаралардың жүзеге асырылуы тағы да арна­йы қаралып, Қазақстан КП(б) ОК 1948-жылдың 2-3-тамызында «Қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту туралы» Қаулы қабылдан­ды. Онда қазақ мектептерінде, әсіре­се ауылдық жерлерде орыс тілі қа­нағаттанғысыз оқытылып жатыр деп, 1948-1949-оқу жылынан бастап қазақ мектептерінде орыс тілін оқытуды түбірімен жақсар­ту мақсатында 1-кластың екін­­ші жарты жылдығынан бас­тап оқы­туды, осымен байланыс­ты көптеген нақты шараны жү­зеге асыру міндеттелді. ­Тіп­ті тә­жірибе есебінде, қазақ мек­те­бінің 8-10-кластарында математика, физика, химия және денешы­нықтыру пәндерін орыс тілінде оқыту ұсынылды. Осы арада таңданатын бір мәселеге тоқтай кетпеу мүмкін емес. Осы күндері жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытайық деген ұсыныстар жасалуда. Сонда қазақтың ұл-қыздары бұл пәндерді өз тілдерінде білуі қажет емес пе?
Тіл тағдырын әңгіме еткенде соңғы бір ғасырда әліпби жүйесінің тұрақты өзгеруімен қосымша қиын­шылықтар жалғасып келе жатқанын айтпай ­кетуге болмайды. Ахмет Байтұрсынұлының жазуы­нан латынға көштік. Ал латыннан кирилге бір жарлықпен бір түнде асығыс ауыстырылды. Ал соңғы шара еліміздің ана тілдік кеңістігінде қаншама қай­шылықты жағдайлар туғызды. Мәскеу сонымен қатар бірсыпыра орыс әріп­терін қа­былдаттырды, орыс тілінде қалай айтылса, солай жазу керек деп «КПСС, ООН, ТАСС» деген сияқты қыс­қарған сөздердің күнделікті жазуға қосты. Не керек, осыларды айта отырып, қазақ жазуының тарихы – «әліпби айтысының тарихы» болды деушілермен келіспеу қиын. Мұны сонау ­Францияда жүріп, Кеңес Одағындағы, әсіресе Түркістанда болып жатқан экономикалық, саяси‑әлеуметтік салалардағы өзгерістерді жіті бақылап отырған Мұстафа Шоқай: «Рухани салада маңызды рөл ойнайтын әліпби мәселесінде де кеңестердің саясаты белгілі. Олар өз тепкісінде отырған түріктерге орыс алфавитін зорлап таңу арқылы түркиялық бауырларымызды бөліп тастауды көздейді» деп жазған еді.
Ең қиыны ұлттық үнімізден жаңыл­дық. Жастау кездерімізде Мәскеуде болғанда метрода жергілікті қартаң кісілер бізден ылғи «сіздер қай ұлттың өкілісіздер?» деп сұрайтын. Сонда қазақпыз десек, олар «орысша қалай таза сөйлейсіздер!» деп таңғалатын. Иә, бұл олар үшін таң­ғаларлық жай еді. Ал біздер үшін мұның не екенін өздеріңіз ойлаңыздар...
1978 жылы қабылданған ­Республика Конституциясында да ана тіліміз «ұмыт» қалды. Сонымен, жергілікті халық Одақ конс­титу­циясын басшылыққа алып, орыс тілін мемлекеттік тіл және ­ұлт­аралық қарым-қатынас құралы ретінде ­пай­далануға мәжбүр бол­­ды. Бұл ­ғасыр­лар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық ай­мақтарды мен­сінбеудің, басынған­дықтың ашық та айқын көрінісі, «кемел­денген социализмнің» рухани нәтижесі ­болатын. Бұл шара да Одақ орта­лығына жетімсіз санал­ды. Содан 1990 жылғы 24-сәуірде кеңестік кеңістікте орыс тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін құ­қық­­тық жағынан бекіту мақсатында КСРО халық­тарының тіл­дері туралы заң қабылданды. Бақытымызға орай одақ ыды­рап, ол жүзеге аспай қалды. Ал ол жү­зеге асқанда, бәлкім, қазір ана тіліміздің үлгі­лерін мұражайлардан іздеп жүрер ме едік?
1980 жылдардың аяғына қарай Одақтың ыдырауы, егемендіктің елең-ала­ңы ұлтшыл азаматтарды ана тілі үшін бел­­сенді күреске тартты. 1989 жыл­дың 22-қыркүйегінде Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің кезектен тыс ХІV сессиясында аса күрделі жағдайда «Тіл туралы» Заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бұл сан жылдар аңсаған арман, сарғайтқан үміт еді, нақты жүзеге асты. Осылай тіліміздің ме­рейін көтеруге, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған бүкіл­ха­лықтық қозғалыс басталып-ақ еді. Алайда бұл ұзаққа созылмады. Өкініштісі, сол кездегі жер-жерде көріне бастаған ұлттық рухқа тиісті тыныс, өркенді өріс берілмеді. Қайта оянған сана, асқақ идея жаңа жағ­дайда ұлттық мұраттарымызды ше­шумен жалғастырылмады, тәуелсіздік талаптарына сәйкес тиісті жаңара, нығая түспеді. Со­дан ана тілдік кеңістікте көптен қор­даланған мәселелер шешімін тап­пай, қайта жалғаса берді, күрделене түсті. Мұның ең қиыны 1995 жыл­­ғы Конституциядан басталды. Ата заңның 7-ба­­бы­­ның 1-тармағындағы «Қазақстан Респуб­ликасындағы мем­лекеттік тіл – қазақ тілі» деген халқымыздың көптен аңсаған аса маңызды құқықтық норманың келесі тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген қайшылықты нормамен қабылдануымен тиісті құқықтық күшінен айрылды. Содан орыс тілі, шын мәнінде, мемлекеттік мәртебеге көтеріліп, ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналды. Ана тіліміз бұрын‑соңды бола қоймаған жаңа қай­шылықты жағдайға ұшырады. Ең қиыны – мемлекеттік жүйеде орыс тілі ашық үстемдікке ие болды, әлі ие болып келеді...
Осы арада өзінің ұлттық мәселе­леріне әрқашан өзі ие болып келе жатқан көрші Өзбекстандағы жағдай туралы бір ауыз сөз айта кетейік. Рас, кейбіреулер бізді олармен салыстырмау керек деуі мүмкін. Ол кейбір жайларға байланысты жөнсіз де емес. Алайда біз реті бар нәрсенің өзін жасауға әлсін‑әлсін жан‑жағымызға қараумен, жалтақтаумен дәрменсіздік танытып келеміз. Тілімізге мемле­кеттік мәртебе бердік, енді ол автоматты түрде жүзеге аса береді деген алданыш ойға беріліп, мәз болдық. Ал көрші ағайын 1989 жылы өз тілдерінің мемлекеттік мәртебесін шешкенін қанағат тұтпай, 1995 жылы ­Өз­бекстан Республикасының «Мем­лекеттік тіл туралы» Заңын қабылдады. Ал біз 1997 жылы Қа­зақ­стан Республикасындағы Тіл (бұл шынына келгенде «о язы­ках» болатын) туралы заңдағы «Қа­зақстан Респуб­ликасының мем­лекеттік тілі – қазақ тілі» деп кон­ституциялық норманы қай­та­лаудан аса алмай келеміз. Шаршайтын емеспіз. Сондықтан содан бері қазақ тілі­нің мемлекеттік мәртебесін көтеріп, оның қолданыс аясын кеңейте түсетін бірде-бір қағидатты шара қабылдай алған жоқпыз.
2006 жылдың 11-ма­мырында «Ана тілі» газетіне бер­ген «Қа­­зақстанның болашағы – қа­зақ тілінде» атты сұхбатында ­Елбасымыз Тілдер туралы заңды қайта қарап, қажет болса, оған заман талабына сай өзгерістер енгізу керек деген еді. Бірақ бұған Парламент те, Үкімет те былқ еткен жоқ. Содан бері арада он төрт жыл өтті. Мұны қазір ешкім еске де алмайды, түсіне де кірмейді. Тек ана тілі туралы құрғақ ұрандардың салдарынан туасы дәрменсіз, қайшылықты жайлардан аяқ баса алмайтын Тіл ­туралы заң, шынына келгенде, ана тіліміздің ­дамуына тұсау бола бастады.
Бірер мысалға жүгіне кете­йік. Басты мәселе – Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттемейді, тілді білу қажет, парыз, меңгеруге тиісті деген ұсыныстармен шектелген. Ал осы Заңның негізгі ІІ, ІІІ және ІV та­рауларындағы 15-бабы түгелдей «мемлекеттік тіл­­де және орыс тілінде» деген сөз тіркестерімен қатар «қа­жет болған жағдайда басқа тіл­дерде жүргізіледі» деген сияқ­ты қосақтаулы нормалар. Бұл басқа этнос өкіл­де­рінің мемлекеттік тілді білуіне қажеттілікті жойды. Қазақша үйреніп басыңды қатырма, өз тіліңде дайыны тұр дегеннен кейін кім қазақ тілін білуге ұмтылады? Тіпті орысша білім алған өз ұл‑қыздарымыз да бастарын қатырмайды.
Мемлекеттік тіл туралы консти­ту­ция­лық норманың құқықтық күшін елей бер­мей­тіндігімізге бірер мысал келтіре кетейін. Тілді үйретіп, жетілдіретін, шынайы қолданыс аясын кеңейте түсетін әлеуметтік орталар – қоғамның білім беру, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары саласы екені белгілі. «Тіл туралы» Заңымыздың осыларға қатысты тарауында «Қазақстан Республикасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді мемлекеттік тілде, орыс тілінде, ал қажетіне қарай және мүмкіндігі болған жағдайда басқа да тілдерде алуды қамтамасыз етеді» немесе «Қазақстан Республикасы баспа басылымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің, басқа да тілдердің қолданылуын қамтамасыз етеді» деп жазылған. Бұл мысалдар қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жай ғана қағаз жүзінде екеніне еріксіз сендіреді.
Ал Тіл туралы Заңның «Мемлекеттің тіл жө­ніндегі қамқорлығы» деген ­6-бабында «Мемлекет Қазақстан хал­қының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жө­нінде қамқорлық жасайды» және «Тілді мемлекеттік қорғау» атты 23-баптың бірінші бөлігіндегі ­«Қа­зақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекеттік органдар бұл тілдердің қолданылуы мен да­муына қажетті жағдай жасайды» деп ешкімді ештеңеге міндеттемейтін баптар мен «Тілді құқықтық қор­ғау» атты 5-тарауының 23-ба­бындағы «Тілдің дамуы мем­ле­кеттік тілдің басымдығын жә­не ісқағаздарын жүргізуді қа­зақ ті­ліне кезең-кезеңмен көшіруді көз­дейтін Мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­мен қамтамасыз етіледі» деген қағи­даның бүгінгі жағдайы кез келгенге белгілі болар. Тіл – ұлттық ділімізді айқындайтын күрделі құбылыс, мәдениетіміздің биік тұғыры, оны жай құқықтық күші жоқ сөздермен не бағдарламамен шешеміз деу өзімізді алдарқату басқа ештеңе емес.
ҚР Үкі­ме­тінің 1998 жылғы ­14-тамызда қабылдаған «Мемлекеттік ор­ган­дарда мемлекеттік тілдің қолда­нылу аясын кеңейту туралы» Қау­лысынан жұртшы­лық күткен үміт ақталмады. Со­нымен, қазіргі келешегіміз деп отыр­ған қаракөз жас­тарымыздың, жас мамандарымыздың дені, тіп­ті түрлі билік өкілдерінің өз мем­лекеттік тілде ер­кін сөйлей алмауы, кейбі­реулерінің сөйлеуге талпынбайтын жағдайы қалыптасты. Өйткені олар ондай лауазымды қызметтерге бару үшін қазақ тілін білу міндетті емес екенін жақсы біледі.
Ашық айтқанда, осы кезге дейін мемле­кеттік тіл туралы саясатта оң жүйе қалып­таспай келеді. Осыдан он шақты жыл бұрын (2004) Елбасы «үш тілдің бірлігі» идеясын ұсынған бола­тын. Ондағы ой біздің ұрпақ­­тарымыз өз ана тілін жетік бі­ліп, орыс тілін оның үстіне ағыл­шын тілін, тілдерін ғана емес сол ха­лықтардың тарихын, мәдениеті мен ғылымын білетін болса, біз­дің қоғам өркениеттің жаңа бір белесіне көтерілер еді деген мақ­сат еді. Алайда сол кездегі саясатшыл аудармашылар (көбіне орыс тілінде сөйлейтін) «триединство языков» дегенді «үш тұғырлы тіл» деп ­аударып, бүкіл қоғамды шатастырды. Мұны байқаған Ел­басы 2008 жылғы ­29-мамырда қазақ­тілді ақпарат құралдарының же­текшілерімен кездесуінде осы «үш тілдің бірлігін» (әсте «үш тұ­­ғырлы тіл» емес) дұрыс тү­сін­бегендерге: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі!» деп қадап айтқан болатын. Бірақ осы «үш тұғырлы тіл» Мемлекеттік бағдарламаларға кіріп, күнделікті өмірде көптеген қайшылықты жайлар жалғаса түсті. Бас­қа­ны былай қойғанда, басшылары екі-үш жылда ауысып оты­ратын, сондықтан кейде нені, қалай оқытуды шатастыратын Білім және ғылым министрлігінің қа­зақ балабақшаларында үш тілді үй­ретуге ұмтылуынан туған қиын­шы­лықтар қаншама? Ме­нің тіл туралы жазбаған билік тар­мағым қалмады, бірақ еш нәтиже жоқ. Тек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алдымен мемлекеттік тілге басымдық берілсін» дегеннен кейін ғана бұған тыйым салынды.
Міне, мемлекеттік мәртебеге осыдан отыз жыл бұрын ие болған ана тіліміздің бүгінгі ахуалы осындай. Мұның себептері көп‑ақ. Тәуелсіз ел болғанымызға осыншама уақыт болса да, мемлекеттік саясат ел мен жердің иесі қазақ халқының ең басты ұлттық мүддесіне толық мойын бұра алмай отыр. Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне Ата заңымыз кепілдік беріп отырса да, оған мемлекеттік органдарда мемлекеттік көзқарас жетіспейді. Конституция мен «Тіл туралы» Заңның мемлекеттік тілге қатысты онсыз да әлсіз құқықтық нормаларының орындалуын қа­дағалауға атқарушы органдар тарапынан жі­герлілік, жүйелілік, принципшілдік же­тіспейді. Кешегі кеңестік заманның тоталитарлық саясатынан пайда болған ұлтсыздық сана бүгінгі тәуелсіздік жағдайында еркіндік ала алмай отыр. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Батыстық буржуазиялық жолды таңдаймыз, бірақ өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, қабылдаймыз» деген асыл өсиетін назарға алмай, жаһандану, таңдамай, талғамай Батысқа табыну жалғаса түсуде. Осындай жағдайда не істеуге болады, қазіргі ғасырлар қордаланған қиындықтан ана тілімізді қалай аман‑есен алып шығамыз?
Ел Президенті Қ.Тоқаев­тың «Тіл мәселесіне бейжай қа­рап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіп­сіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» деген сөзі мемлекеттік органдарды да, халқымызды да қатты ойландыруы қажет. Сондықтан осы кезге дейін тиісті ескерілмей келген Ата Заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның ­7-бабын жүзе­ге асыру мақсатында Үкімет, жер­гілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының бар­лық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қа­жетті ұйымдастырушылық, ма­те­риалдық және техникалық жағ­дайдың бәрін жасауға міндетті» деген конституциялық тапсырманың аясында ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін елеулі түрде жоғары көтеретін, оның қолданыс аясын барынша кеңейте түсетін пәр­мен­ді құқықтық нормалар мен шаралар аса қажет. Ол үшін ең бірінші қазақ тілін мүшкіл күй­ге түсірген, түсіріп келе жатқан Кон­­с­титуцияның 7-бабының 2-тар­мағындағы «Мемлекеттік ұйым­дарда және жергілікті өзін-өзі бас­қару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қол­данылады» деген норманы алып тастау қажет. Бұл автоматты түрде қоғамда ана тілімізге деген үлкен бетбұрыс әкеліп, алда мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға мүмкіндік туғызар еді. Ал мемлекеттік тіл туралы заң қабылдамай тіліміздің мәселесі шешілмейді. Оны көрші елдердің тәжірибесі айқын көрсетіп отыр. Мұндай қажеттілік латын әліпбиіне көшу туралы идеяның толық жүзеге асуы үшін де маңызды боларына дау жоқ.
Президентіміз ұлттық мектептің үлгісін жасау мәселесін алға қойып отыр. Болашаққа қызмет ететін бұл қағидатты мәселені жан‑жақты ойластыру қажет. Кешегі ана тілді ардақтағандар «ұлтшыл» аталған зобалаң заманның саясатынан бастауыш класс 5 жылдық болсын, оның алғашқы үш жылында ұл-қыздарымыз өз ана тілінде еркін оқып, жаза және сөйлей алсын, содан соң 4-кластан орыс тілін оқытайық деген тамаша педагог әрі психолог, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының асыл өсиеті келмеске кеткен еді. Бәлкім осыған қайтып оралу керек шығар. Қазіргі еліміздегі орта оқу орындарының жиырма пайызын құрап отырған аралас мектептерден кезең-кезеңімен арылған жөн. Сонан соң дені өзіміздің ұл‑қыздарымыз болып отырған орыс мектептерінің оқу жоспарларын өзіміздің ұлттық мүдделерімізге сәйкес қайта қараған дұрыс болар еді. Егер қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін шын мойындайтын болсақ, балабақшалар түгел дерлік қазақ тіліне көшуі керек.
Келесі бір мәнді мәселе – тіл­дің иесі халқымыздың өзін жап­пай мемлекеттік тілдің мәрте­бе­сін көтеруге, қоғамда әркімнің өз ана ті­ліне деген жеке азаматтық жауап­кер­шілігін арттыру – маңызды мәселе. Қазіргі ана тілімізге қатысты жаңаша көзқарасты қалыптастыру ­парыз ғана емес, міндет деп түсінгеніміз жөн. Сонан соң халқымыздың саяси санасының да біршама биіктегенімен есептескен дұрыс. Қазіргі қоғамды еркіндікке ­тарту, қоғам мен билік арасында сындарлы диалог орнатуға ұмтылу халықты белсенділікке бағыттап отыр. Бұрынғыдай ғимараттың ең жоға­ры қабаттарында отырып алып, министрліктер «сен мынаны оқы, мынаны біл» деп тапсырма бергендерін тыйғаны жөн. Тілдің иесі өзі екенін халықтың ұғынатын уақыты келді. Осы бағытта кешегі егемендіктің елең‑аланында жұртшылықты жаппай ана тілінің азаттығы үшін атсалысқан, кеңестік дәуірден бастау алып, тәуелсіз ел болып жарияланған 90-жылдардың алғашқы кезінде аса белсенділік танытқан, бірақ кейін орыстілді билікке де, орыстілді қазаққа да керегі болмай қалған, бүгінгі күні кейбір аймақтарда қызу жұмыс жүргізіп жатқан «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымдардың жандана түсуіне жергілікті мемлекеттік мекемелер тиісті қолдау жасаса оң іс болар еді. Мысалы, осындай қолдау көріп отырған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қызылорда облыстық филиалының, оның «Тіл сақшысы» газетінің ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін көтеру, оның қолданыс ­аясын кеңейте түсу бағытындағы жүйелі де қағидатты, мазмұнды да қызғылықты жұмысы облыс жұртшылығын риза етіп отыр. Бұл да – қайта жанданған ұйым.
Тәуелсіздік жылдары Тіл комитеті бірнеше рет өзгерді. Ана тілімізге қандай көзқарас болса, оның мемлекеттік құрылымына да сондай қатынас жасалды. Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты осы Тіл комитетіне ерекше құқықтық мәртебе беру керек деп есептеймін. Бұдан шығатын қорытынды – қазіргі қазақ тілінің тағдыры оны басқаратын мемлекеттік ұйымның деңгейі мен оның құқықтық мүмкіндіктеріне тікелей байла­нысты деген ой.
Осылардың барлығын айта отырып, мынадай ұсыныс жасағымыз келеді. Ана тілдік кеңістікте ға­сыр­лар қордаланған күрделі қиын­шы­лықтарды шеше алатын, оның бүгінгі күйін терең түсініп және қоғамымызда қалыптасқан аса күрделі жай-күйін жан-жақты талдай отырып, ерекше құқықтық мүмкіндік және мәртебелерге ие, мемлекеттік жүйеде тіліміздің конституциялық қағида­сын қатаң қадағалап отыратын, тілдік кеңіс­тікте, әсіресе ана тілінің өзекті мәсе­лелерін шеше алатын, тікелей Президентке бағынатын мемлекеттік агенттік болып құрылса дұрыс болар еді. Мұндай ой тіл жанашырларының көкейінде көптен ұялады. Бұл құрылымның басты мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының ана тілі – ұлтты сақтаушы, халықты ұйыстырушы, сол жұрт­тың елдігін айғақтаушы белгі, қалқан əәрі қорған боларлық нағыз тағдырлы құбылыс дегенін шындыққа айналдыру болмақ.
Әлемдік тәжірибеде кез келген мемлекет өз шекарасы шеңберіндегі көпэтносты мәдениеттің әр текті сипатына қарамай, өзінің ұлттық мәдениетін, өзінің рухани мәселесін қалыптастырады, еркін шешеді. Бұл үшін ұлттық рух қажет, ал оның негізі – ұлттық тіл. Біз неғұрлым санамыздағы құлдық бұғаудан тезірек құтылып, мемлекеттік мәртебелі өз тілімізге өзіміз шынайы ие болсақ, сан ғасыр күресіп қол жеткен тәуелсіздігіміз рухани жағынан тұғырлана түсер еді.

2293 рет

көрсетілді

92

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы