• Білім және ғылым
  • 21 Қазан, 2020

Кітапхана – қазына

Байырғы жазбалар мен сирек кітаптар секілді кітапхананың да тарихы өте көне дәуірлерден бастау алады. Кітапхана – берері мол, киелі орта. Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім нәрінің қайнар көзі. Парасаттылық пен адамшылдықтың, іскерлік пен ынтымақтастықтың мызғымас ордасы. Оқырман үшін үлкен қара шаңырақ, әдебиетпен мәдениеттің сансыз сұрақтарына жауап қайтаратын сиқырлы да киелі мекен.

Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды дегендей, қазіргі мемлекетіміздің болашағы жастардың танымдық қабілетін қалыптастыратын, мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Қызығы мен шыжығы мол кітапханашы мамандығы ­туралы бір ауыз сөзбен түйіндеу мүмкін емес. Жұрт көп біле бермейтін, ескере бермейтін, көлеңкедегі осынау қадірлі мамандық иелері қазанның 15-інде мерейлі мерекені атап өтті. Қалың жұрт­шылықтың кітап оқып, әдебиет әлеміне белсенді аяқ басуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жүрген кітап­ханашылардың еңбегі зор. ­Кі­тапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Кітапханашының ­жұ­мысы зор ыждағаттылық пен табанды­лықтан тұрады. Осы сөзімізге арқау ­болып отырған, Алматы қаласы ­бойынша 25 кітапхананың басын біріктіріп, әдебиет пен мәдениеттің дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген Алматы қаласы Орта­лықтандырылған кітапхана жүйесі коммуналдық мем­лекеттік мекемесінің директоры Роза Қасымбекқызы Қабиева­ның бас­қаруындағы тату да берекелі ұжымды сөзімізге сүйеніш, ойымызға таяныш ­етсек артық болмас. Осынау тарихы тереңге бойлаған кітапхана жүйесінде талай жыл еңбек етіп, жалынды жастықтарын кітапханаға арнаған қызметкерлер жетерлік. Бұл кісілердің барлығы дерлік өз жұмыстарының шеберлері, кітапхана ісінің үздіктері.
Кітапханашы күні – кітапхана қыз­мет­керлерінің мерекесі ғана емес, оқырман қауымның да мерекесі. ­Кі­тапхана – ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Кітапханашы оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тыныс-тіршілігіне жан беретін, гүлдендіретін, ұлттық құндылықтар мен оқырман арасын жалғастырушы кітапханашы.

Айбол Абашов,
Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкері

1596 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы