• Тарих
  • 21 Қазан, 2020

ӘБІЛҚАЙЫР ХАН:АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ,
жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Ол 1693 жылы тұуып, 1748 жылы кісі қолынан қаза табады. Қазақ басына қасіретті күндер мен жылдарды әкелген, бас-айағы отыз бес жылға дейін (Жетісұудың шығысында 1770 жылға дейін) созылған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған тарыйхый кезеңінің елеулі батырының бірі.
Ол жайында әуелі ресімій деректерден үзінді келтірейін.
1973 жылы жарық көрген Қазақ совет энциклопедиясының 2-томында мынандай дерек бар: «Өсектің ұрпағы» (14-бет).
«Ұрпағы» дегенді кім қалай түсінетінін қайдам, мен, әйтеуір, әкесі деп түсінбеймін, сондықтан ҚСЭ Әбілқайыр ханның әкесін анықтай алмаған деп түсінем, Әбілқайырды 1748 жылы Барақ сұлтан өлтіргені мұнда анық айтылады.
Енді 1997 жылы жарық көрген «Қазақстан» ұлттық энциклопедияның 1-томын қарайық. ҚСЭ да, бұл да Әбілқайырдың Шыңғыс хан әулетінің кіші бұтағынан тарайтынын айтады. Бірақ «кіші бұтақтың» кімнен тарайтын бұтақ екенін таратып айтпайды. Мейлі, әйтеуір, төре екені анық қой. Бұл кітәп оны Өсеке ұрпағы, Қожа сұлтанның баласы дейді (622-бет). Бірақ оның кім екенін, қайдан тарайтын сұлтан екенін айтпайды. Қысқасы, бұл да Әбілқайырдың әкесін анықтап айтпайды. Әдейі айтпай ма әлде «бәлелі жерге бармағын сұққысы» келмей ме, білмеймін. Бұл да оны Барақ сұлтан өлтіргенін айтады. Сонымен қалай түсінсең, солай түсін дегендей, оны «Қалдан Серенмен астыртын байланыста болды», 1729 жылы Аңырақай шайқасына қолбасшылық жасады дегенді айтады.
Енді мен өзім оқыған Әбілқайыр жайында айтайын.

Оның Өсек (Өсеке) немесе Үсек ұрпағы болыуы шындық шығар деп ойлаймын. Ондай адам Жошыдан тарайды. Жәркент өңірінде Шың­ғыс хан кезінде де, қәзір де Бұрқан, Түрген деген жерлер бар. 1856 жылы Құлжаға бара жатқанда Шоқан Уәлійханов сол арамен өтіп, Бұрхан мен Түрген жайында жазады да, ол кезде Үсек (Өсек) өзенінің Ілеге құйатын төменгі жағы ғана Түрген аталатынын айтады. Соған қарағанда, бұрын Үсек өзені түгелдей Түрген аталған. Ал оның кейін Үсек аталып кетіу себебі, сол араны кейін Үсек төренің бійлеуімен байланысты деген жорамал бар. Ол жорамалдың жөні де бар. Өйткені бұл өлке – Шыңғыс ханның өзі де, ұрпағы да жайлаған жер. Теміршыңның тұуған жері Шыңғыссай да, жайлаған жері Аралтөбе де, Баркөрнеу (Көренлік) де, Кійтің (Күйтің) мен Жасыл көл (Көкнор) де – бәрі осында.
Шәкәрім өзінің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде», «Әз Тәукенің екі баласының бірі – Әбілқайыр хан және бір баласы – Болат хан, оның баласы – Сәмеке, Әбілмәмбет», – дейді (Алматы, 1991, «Қазақстан» баспасы, 52-бет).
Бірақ бұл да дәлелденбеген сөз. Өйткені өзге дерек бұлай демейді. 1715 жылы Тәуке өлгенде, Әбілқайыр Болатпен таққа таласады, жеңіледі. 1730 жылы Болат хан өлгенде, тағы таққа таласады, тағы жеңіледі, Әбілмәмбет ұлы хан болады. Соның бәрі оның Болатпен бірге тұуған бауыр екеніне күмән келтіреді және бірде-бір деректе екеуінің бірге тұуғандығы айтылмайды. Ал енді Әбілқайыр ханның әкесі Қожа сұлтан дегенді өз басым еш жерден оқыған емеспін.
Жалпы, төрелердің төңірегінде өтірік әңгіме мен шындық әңгіме қабаттасып ­жатады, сон­дықтан соның ішінен ең шынын табыу аса оңай емес.
Мен өзім оқыған және ой түйген мына бір деректі оқырманға таратқаным дұрыс ­болар деп ойлаймын: «Абдолла төренің баласы болмады. Екі жерде екі төре баласыз болды. Соған бір ылайықты жақсы тұқымнан бала іздестірдік. Мен оны таптым. Арғын Құуандық ішінде Темеш деген рұуда Нұрғожа деген бій болды. Соның Қарымсақ деген баласының әйелі бір ұл тұуды да, босана салып дүнійеден қайтты. Әйелінің өлгенін көтере алмады ма әлде құдайдың жіберген ақ өлімі оған әдейі себеп болып тұр ма, Қарымсақ қоса дүнійе салды да, құндақта тійтімдәй бала қалды. Ол осы Жолбарыс болатын. Оған Жолбарыс атын берген – мен. Сөйтіп жетімекті бір түнде ұрлатып алдым да, Абдоллаға жеткіздім. Тұуғанына үш-ақ күн болған Жолбарысты емізген Абдолланың әйелінің емшегінен сүт шығып, артынан Әбілқайырды тапты. Жолбарыс пен Әбілқайырдың арасы бір-ақ жас».
Мұны айтып отырған – әйгілі Қаз дауысты Қазыбек бій. Оның айтқанын бізге жеткізіп отырған – Қазыбек бек Тауасарұлы («Түп-тұ­қыйын­нан өзіме шейін», Алматы, 2019, 289, 290-бет).
Бұған наныуды да, нанбауды да әркім өзі біледі. Мен нанам әрі Қазыбек бій мен Төле бійдің бұл «қылмысты» елдің қамы үшін, қолдан төре жасап, халыққа елдің қамын ойлай­тын хан қойыуды ойластырғандарына түсі­ністікпен қараймын. Және сол үшін екі бійді сөкпеймін де. Халықтың қамын жегені үшін қалай оларды сөгіуге болады?
Бұдан басқа қазақ тарыйхында Жолбарыс пен Әбілқайырдың ата тегі жайында бірде-бір нанымды дерек жоқ. Болыуы мүмкін де емес. Мүмкін болғанының бәрі нандырмайды әрі дерек көздері белгісіз.
Қазыбек бек Тауасарұлы – «Ақтабан шұ­бы­рынды» басталған 1723 жылғы шілдеден 1729 жылғы Аңырақай шайқасынан кейінгі уа­қытқа дейін ұлы жүз қолын басқарған қолбасшы адам. Ол Әбілқайырдан бір жас үлкен, оның ағасы саналатын Жолбарыс ханмен құрдас. Ол жоғарыда аталған кітәбінде: «1104 жылан (1104 + 622 = 1726-ж. – Б. Н.) жылы Әбілқайырмен Ордабасыда, Қаржақта, Тоты­сарыда бірнеше мәрте кездесіп, дүркін-дүркін әңгімелестім», – дейді (сонда, 134-бет). Тұурасын айтқанда, Қазыбек бектің айтыуына қарағанда, Әбілқайырды ең алдымен жақтырмайтын адам – Әйтеке (Айтық) бій, сонан соң Қазбек пен Төле бійлер. Қазыбек бек те оны мансапқор, өз мүдесі үшін халық мүдесін сатып кететін адам деген баға береді, «өзі бүкіл қазаққа хан болсам дейді, ұрпағыма да соны мұра етсем, жақсыдан жәдігер дегісі келеді. Сол сатқындық оның өз түбіне жетті. Барақ оны өлтірді, – дей келіп, – Бірде Хыйуаға, бірде орысқа құйрық тығыуы бізді қатты абыржытатын еді», – дейді (сонда, 136-бет). Ақ Арыс, Жан Арыс ұрпақтарынан Бек Арыс ұрпақтарын бөліп әкетті, ел бірлігін бұзды деп айыптайды.
1717 жылы Айагөзде қазақ пен қалмақ соғысып, қазақ қолын Қайып хан басқар­ғанын, бірақ Әбілқайыр өз әскерін алып кетіп, қазақ жеңіліп қалғанын жазады (213-бет). Одан басқа да біраз кінәсін тізбелейді. Соған қарағанда, Әбілқайырдың мансапқор, мансап үшін, өз басының пайдасы үшін, кейде өзгелердің мүдесіне қайшы әрекетке де барып қалатыны ырас болыу керек. Бірақ өз еліне – қазақ халқына – қарсы болған жері жоқ.
Әйткенмен Қазыбек бек оны Барақтың өлтіргенін құптамайды, Барақты айыптайды. Бірақ Барақ Әбілқайырды ел мүдесін орысқа саттың деп өлтіреді. Ал, шынына келгенде, Барақ та оны ел мүдесі үшін емес, өз мүдесі үшін өлтіреді. Алайда Қабырға өзенінің (Торғай жерінде) бойында Ор қаласынан қайтып келе жатқан Әбілқайырды Барақ тобы шапқанмен, оны Барақ өз қолымен өлтірмеген. Оған күә мына дерек: «За убийства хана меншой орды, Абулхаира, батыром средней орды Сырымбетом, сын убитого – Ералы, собственноручно убил убицу своего отца и сверх того по присуждению биа большой орды уйсыневца Туле, получил два куня, а остальные затем 4-х Ералы простил. Это событие удостоверно известно» («Материалы по казахскому обычному праву, опубликованное военным губернатором Тургайской области Л.Ф.Баллюзеком в 1871 г. «Материалы по казахскому обычному праву» Алматы, 1948. Сборник, 204 стр.).
Бұл мәліметке қарағанда, Барақ сұлтан Әбілқайыр ханға бес адаммен шабыуыл жасаған. Ал өлген ханды жерлеуді Шақшақ Жәнібек тархан ұйымдастырған екен («Қазақ» гәзеті, 2013, 15-наурыз, Хамитбек Мұсабаев).
Енді Әбілқайыр ханға қатысты Қазыбек бектің тағы бір пікірін оқып көрейік. «Әбілқайырдың қолбасшыға ылайық екені әмбеге айан болатын. Асыны (Түркістанды – Б. Н.) үш жүз ұлысымен қайтарып алыудағы, Еділдегі қалмақтар шабылыуынан қазақты қорғаудағы, түрікпендердің шабылыуына тойтарыс беріудегі оның ерлігі ұшан-теңіз. Әбілқайырдың жауынгерлігі жанында аталған екі хан да жіп есе алмайтын» (сонда, 228 бет).
Екі хан деп отырғаны – Әбілмәмбет пен Сәмеке. Үшінші ханды айтпайды, ол – өзімен құрдас ұлы жүз ханы Жолбарыс. Ол да Әбілқайырдың қасында жіп есе алмайтын ханның бірі. Бәрінен бар жағдайы мен қабілеті асып тұрғанын біліп, көріп жүрген Әбілқайырдың ұлы хан болыуды мақсат етіуі, менің ойымша, заңды.
Осындай ерлік жасаған және ерлігін хан-қараға мойындатқан Әбілқайыр 1726 жылы кейін Ордабасы аталған жерде өткен жыйында хандар мен бійлердің кеңесінде қазақ әскеріне, йағный үш жүздің қолына бас қолбасшы болып сайланады. Жыйынды ұлы хан Болат ашады. Әбілқайырды Болаттың орнына ұлы хан етіп сайлау да үлкен кеңестің ойында болған, бірақ оған Әйтеке бій қарсы болды дегенді айтады Қазыбек бек. Қалай болғанда да, Болат тірі тұрғанда өйтіп ұлы хан сайлау сол кездің салтына жатпайды, сондықтан ол арада ұлы хан сайланбадым деп Әбілқайыр соншалық іренжімесе керек еді. Болат хан қатты ауырыуға шалдыққандықтан, оның орнына басқа хан сайлау әңгімесі күңкіл-сүңкілден әрі аспаған. Ол күңкіл, әрійне, Әбілқайырдың да құлағына жеткен. Ағасы Жолбарысты үш бійдің де жақтайтынын ол көріп, біліп жүрген адам. Алайда ол Жолбарыстың таза төре емесін, өзіне жат адам екенін бала күннен білетін. Өйткені асық ойнап отырып, Жолбарыс екеуі төбелесіп қалғанда, шешесі Жолбарысты шапалақпен бір салып қалып, «өй, бұзалқы неме!» дегенін өз құлағымен естіген-ді. Өгей шешенің қылығына шыдамай, Жолбарыс Қазыбек бійге бірнеше рет қашып та барады, бірақ ол жалынып-жалпайып қайтадан Абдоллаға алып келеді. Соның бәрін көріп, біліп жүрсе де, Әбілқайырдың әкесі Абдолла Қазыбек бійге басы артық ештеме айтпайды. Бәлкім, асырап алсам да, Жолбарыс өз балам, оның хан болғанына неге қарсы тұрам дейтін болыу керек.
Ұлы жүздің ханы болып отырған Жолбарыстан да, орта жүздің ханы болып отырған Сәмекеден де, қазақтың ұлы ханы Болаттан да қазақ үшін өзінің артық еңбек сіңіргенін Әбілқайыр, әрійне, білді, ол тұрмақ, басқалар да білді, Қазыбек бек те солай жазып отыр.
Үлкен кеңес Әбілқайырды бас қолбасшы сайлағанмен, ұрыс тұуын оған емес, Бөгенбай батырға көтертеді. «Сый қылсаң, сыпыра қыл» деп өскен қазаққа ол, әрійне, оңай тіймейді. Бәрінің бас қолбасшылықты амалсыз беріп отырғанын, бірақ өзін бәрі онша жақтырмайтынын Әбілқайыр білмеді дейсіз бе? Білгенде қандай. «Оның орнында өзіңіз болсаңыз, қәйтер едіңіз?» деп тарыйхшылардан сұрағым келеді. Өзі кекшіл, өзі мансапқор адамға әлгі қылық қалай әсер етеді? Сөз жоқ, кегіне кек қосады, қара қазандай көңіліне күйе жағады. Аурыу Болат ханның орнына кімді сайлауды алдағы соғыстан кейін бійлер анықтайтын болады. Бірақ бір нәрсе бәрібір түсініксіз қалады. Әбілқайыр бір ғана ұрысқа бас қолбасшылық жасай ма, жоқ қалмақпен бүкіл соғыс айақталғанша ма? Үлкен кеңесте ол жағы ашық айтылмаған. Бұлдыр шешім Әбілқайырдың ойын да, дау жоқ, бұлдырлатады.
Ол бас қолбасшылық жасаған Сарысұу бойындағы Айрантөгілген деген жердегі соғысқа қырық төрт мың қазақ қолы қатысады. Қалмақ қолы да сол шамалас, 45 мың болады. Ұрыс төрт жерде төрт қолбасының басқа­рыуы­мен өтеді: Бөгенбай, Қабанбай, Қазыбек бек және жеті мың қолмен Әбілқайыр өзі кіші жүз қолын басқарады. Ұрыстың үш күні жекпе-жекпен өтеді, төртінші күн дегенде жаппай соғыс басталады. Қазыбек бектің жа­зыуын­ша, ұлы жүз қолы Бұланты өзенінің бо­йында соғысып, үш күнде тоғыз жекпе-жекке шығады, оны шапырашты Сатай батыр бастайды.
Бұл Сатай – Аңырақай шайқасында бірінші жекпе-жекке шығатын Бөлек батырдың әкесі. Шындығында, атасы. Бөлек бірінші немересі болғандықтан, Сатай оны өз баласы етіп бауырына салып алған. Жекпе-жекте сегіз қазақ батыры жеңіп, Қоңқай деген батыр ғана қаза табады. Бұл соғыста қырық бес мың қалмақтың азы ғана аман қалады, алайда анық саны еш деректе айтылмайды. Аман қалған қалмақтар төрт бөлініп қашады. Шығысқа қашқанының соңынан Қабанбай, терістікке қашқанының соңынан Бөгенбай, батысқа қарай қашқанының соңынан Әбілқайыр, ал өрге қашқанының соңынан Жолбарыс хан мен Қазыбек бек түседі. Кейін бұл соғыс өткен жер «Қалмақ қырылған» аталып кетеді. Бұл жеңісті ұлы жеңіс деп атау орынды әрі қазақ халқы үшін үлкен тарыйхый жеңіс, өйткені «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зобалаңына бетбұрыс жасаған алғашқы жеңіс. Оны бағаламау Әбілқайырды ғана бағаламау емес, халқымыздың тарыйхын бағаламау болып ­табылады. Сол ұлы жеңістің 290 жылдығын 2016 жылы, Аңырақай жеңісінің 290 жылдығын 2019 жылы тым болмаса біздің тарыйхшыларымыз бір мақаламен де атап өткен жоқ, бірақ кеңес заманындағы Ұлы Отан соғысының 75 жылдығын індет кезінде де атап өттік.
«Қалмақ қырылған» шайқасына бас қолбасшылық жасаған Әбілқайыр қашқан қалмақты құуған бетінен қайтып ұрыс өтіп жатқан жаққа оралмайды. Ол Әбілқайырдың үлкен қателігі еді. Бійтке өкпелеп, тонын отқа салмауы керек еді. Бірақ өзін үш хан мен үш бійдің де жақтамайтынын және жақтырмайтынын біліп, көріп жүрген Әбілқайыр мұндай жағдайда не істеуі керек еді? Біздің ойымызша, «Соларды қойшы! Халқым үшін соғысайын, қолбасшылығымды ары жалғастырайын» деуі керек еді, әрійне. Әлі күнге дейін бәріміз бетіне баса беретін оның бірінші қәтелігі – осы.
Оның екінші қәтелігі – Аңырақай шайқасына қатыспай қойыуы. Қазыбек бектің жазыуына қарағанда, ол Болат хан өлгенге дейін, йағный 1730 жылға дейін, ұлы жүз жері Қордай маңында болған. Бірақ 1730 жылы Болаттың орнына мұрагерлік жолмен Әбілмәмбеттің ұлы хан болғанын естіп, бұлқан-талқан ашыуланып, жолындағы ел-жұртты шауып, Ырғыз асып кетеді. ­Ашыуын ақылға бійлете алмаған Әбілқайырдың бұл – үшінші қәтелігі. Менің ойымша, егер Әбілқайыр Аңырақай шайқасына қатысып, сол «Ақтабан шұбырынды» кезеңінің «Қалмақ қырылғаннан» кейінгі ұлы жеңісіне қатысып, абыройына абырой қосса, ұлы хан сайланыуы мүмкін де еді. Амал қанша, мінезі құрғыр оған жібермеді. Оның бір себебі, меніңше, ­Жолбарысты аға дей алмай өткен кекшілдігі мен намысқойлығы шығар.
Үш жыл ғана бұрын бүкіл қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған адам енді Жолбарыс ханның қол астында соғысыуды ар санаған да болар, кім біледі? Оның үстіне, ол соғысқа Қазыбек бійдің Бөгенбайды алып келгенін естіп, Бөгенбайды бас қолбасшы еткенін де біліп отырғандықтан, ол соғысқа менің қатысыуым өзімді төмендетіуім деп түсініуі де мүмкін. Ол да өзінше ойлап, өзінше шешім қабылдай алатын адам ғой.
Әбілқайырдың кінәсін, қателігін, тағы басқасын жұуып-шайыудың, тігісін жатқызып түзетіудің тарыйх үшін түк те қәжеті жоқ, бірақ бүкіл халқымыздың мақтанышы болған «Қалмақ қырылған» аталған ұлы жеңісті үнсіз тұншықтырыуымыз – ел, мемлекет екенімізге көлеңке түсіретін біздің қәтелігіміз. Ендеше сол ұлы жеңіске басшылық жасаған Әбілқайырға да ылайықты баға беріуіміз – әрі мемлекеттік, әрі халықтық іс. Өзінен мың әскер артық жауды «азы қалғанша» қырыу Әбілқайырдың қолынан келді, ал оның сол ерлігін бағалау қазақтың қолынан әлі күнге дейін келмей отыр. Бұған не деуге болады?
Сол кездің әрі сол соғыстың күуәгері, Әбіл­қайырдың замандасы әрі оны онша ұнат­пайтын Қазыбек бек былай дейді: «Бұл жолы жыйынды төбе төрдегі үшеудің ортасындағы Төле бій ашты. Сонан соң Әбілқайыр қолды қалай орналастырыу, кімнің қолы қай жақтан келіуі керек дегенді тәптіштеп түсіндірді» («Түп-тұқыйаннан...», Алматы, 1993, 202-бет).
Міне «Қалмақ қырылған» жеңісінің жүзеге асыуына Әбілқайыр осылай қолбасшылық жасаған. Бұл бұрмалауға болмайтын, тек бағалай біліуіміз тійіс шындық. «Көргенді көттеген жеңедіге» салып, әрқайсымыздың әр жаққа тартыуымыз тек шындыққа селкеу түсіреді. Болғанды болғандай бағалау – әрі дұрыс, әрі әділдік. «Ханда да бар қәтелік, Айтпай оны нетейік? Ішкі дауды қойыңдар, Жау түбіне жетелік» демеп пе еді Бұқар бабамыз?
Хан Әбілқайырдың қолбасшылығымен жеңіске жеткен «Қалмақ қырылған» соғысы­ның маңызы мен бағасын анықтаудың ­орнына кей тарыйхшымыз оны бұтарлап, Бұланты соғысын бір бөлек, Қызыл сыйыр деген жердегі соғысты бір бөлек қарастырыуы тарыйхқа да, халыққа да, Әбілқайырға да жасаған қыйанат деп бағалаған жөн.
Бәрінен – хандардан да, бійлерден де – көңілі қалған, ерлігін бағаламаған мемлекеттен де күдер үзген Әбілқайыр, меніңше, ары ойлап, бері ойлап, ақырында орыстарға арқа сүйеуі керек екенін түсінді. Сонымен 1731 жылы ақпанда Анна императорға хат жазды. Оған оны қазақ хандығының өзі мәжбүрледі. Елден береке, бірлік кеткенде, ердің де басы бағаланбайды. Әбілқайырдың бұл ісі қәтелік болса, қәтелік шығар, бірақ сатқындық емес. Елдің ішкі, сыртқы жағдайы оны осыған еріксіз ійтермеледі, бұдан басқа амал-айла жоқтығына көзін жеткізді.
Оның бұл ісін онымен замандас Қазыбек бек былай байандайды:
«Патша арқылы бүкіл қазақты өзіне бағын­дырмақ еді. Бірақ бұл бір Бек балаларының ойы емес-ті. Кейін Әбілқайырдың хатын пайдаланған Ересей Ор мен Електінің бойына қаласын орнатқан соң, Әбілқайырды керек ете қоймайды. Оны Барақ өлтіргенде, «Неге бұлай болды?» – деген де жоқ», – дейді Қазыбек бек өзінің аталмыш кітәбінде (сонда, 213-бет).
Меніңше, бұл – Әбілқайырдың қылы­ғына дұрыс берілген баға. Ол қазақты сат­қан жоқ, қазақты бійлегісі келді. Болат пен Әбілмәмбеттен артық бійлейтінін білді. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дейді қазақ. Өз елінің хандары мен бійлеріне өкпе­леген Әбілқайыр жат елдің сайасатына өстіп амалсыз құрбан болды. Оның кекшілдігі мен мансапқорлығын Ресей басшылығы шеберлікпен пайдаланды.
Әбілқайырдың қылығы, егер Ресей патшасы дұрыс сайасат жасаса, заңсыз еді. Өйткені ол тек кіші жүздің ханы болатын, ал егер бүкіл қазақ атынан хат жазыу керек болса, оны тек ол кезде ұлы хан Әбілмәмбет жазыуы тійіс еді. Ал ондай хатты Әбілқайыр жазғанын естіп білген соң, оған қарсылық білдірген хатты Ресейге Әбілмәмбет жазыуы керек еді, ол да өйтпеді, өйткені оған бәрібір еді. Әйтеуір, Әбілқайырды айыптауды ғана білді. Бұдан қандай қорытынды шығарыуға болады?
Бұдан бір-ақ қорытынды шығады: үш жүздің үш ханы, оның үстінен қарайтын ұлы ханы бар болғанмен, қазақтың мемлекеті өз тұтастығынан іс жүзінде айрыла бастаған еді, ондай елді не Ресей, не Қытай өз бійлігіне қаратып алыуы бәлендей қыйын да емес. Егер қазақ халқын Ресейдің ықпалына түсіргені үшін Әбілқайыр кінәлі болса, оған ұлы хан Әбілмәмбет те соншалық кінәлі еді. Өйткені басқарыу орталығы әлсіреген елді кім епті сайасат жасаса, сол бағындыратын, Ресей ақыры бағындырды. Қазақ ішінде Әбілқайырды қолдаушылар да жоқ емес, Жәнібек батыр сондай қолдаушылығының арқасында орыс патшалығынан «тархан» деген атақ алды. Бізге ұнай ма, ұнамай ма, бір тарыйхый кезеңді Әбілқайыр бастады. Ол бастаманы біресе мақтаймыз, біресе даттаймыз, бірақ сол сайасаттан әлі күнге бас тарта алмай келе жатқанымызды есепке алмаймыз.
Егер орысқа бағыныу кезеңін бірінші ­болып Әбілқайыр жасамаса, бәрібір оны басқа біреу, сөз жоқ, жасайтын еді. Өйткені оған қарсы тұратындай орталық басшылық қазақта болған жоқ, оны тоқтатыуға Абылайдың да шамасы жетпеді... Ол ұлы хан сайланған кезде (1771 ж.) қазақ жерін орыс патшалығы жан-жақтан бекініс салып қоршап та алған болатын. Өзінен әл кеткен ел әдетте біреудің қолтығына кіретіні сөзсіз. Соны білген ­Жолбарыс хан да, Төле бій де орыс қолтығына кіріуге қарсы болған жоқ. Азды-көпті оқыған, көзі ашық болған соң, Қазыбек бек оларды кінәләп жазады, бірақ оны тоқтатыуға оның да шамасы жетпейтін еді. Қазақпыз, елміз деп құры даурыққаны болмаса, біріктіретін басшысы жоқ елді бірте-бірте күшті ел ақыры өзіне қаратып алды. Оған қарсы болған Сырым батырды, Исатай-Махамбетті, Жанғожаны, Кенесарыны бір қазақ жақтаса, бір қазақ жақтамады.
Абылайды алдарына салып, сол арқылы бійлігін жүргізген Төле, Қазыбек, Әйтеке – үш бій «Ақтабан шұбырындының» бетін қайтарыуға ханға бергісіз хәрекет жасады, бірақ халықтың жеңісін үшеуі де көре алмай кетті. Әбілқайырды олар ұлы хан жасамады, жасаймыз десе, жасар еді. Қолына үлкен бійлік тійген соң, өзі мансапқор, өзі кекшіл Әбілқайыр ешкімге бағынбай кетеді деп қорқты. Лениннің Сталиннен қорыққаны сыйақты. Ақыры қазақ Ресейге отар болып тынды. Оған, сөз жоқ, Әбілқайыр бастамашы болды. Ол – тарыйхый шындық. Жақтырсақ та сол, жақтырмасақ да сол. Түбі болатын нәрсені ол тек тездетті. Бірақ сол үшін жалғыз ол ғана кінәлі емес еді.
Торғай обылыстық басқармасының аға кеңесшісі Иван Иванович Крафт деген кісі 1898 жылы Орынбордан «Далалық обылыстардағы қырғыздар тұуралы заңдар жыйнағы» деген кітәп шығарады. Сонда император Анна Ивановнадан Әбілқайырға 1731 жылы 19-ақпанда қол қойған грамотаның мәтіні берілген, онда төрт бап басты талап іретінде көрсетілген. Біріншіден, біздің императорлық құзырымызға адал қызмет етіп, йасакты башқұрттар сыйақты төлеуге міндеттенесің. Екіншіден, Ресей бауырларың сендерді ешқашан ренжітпейді, қәуіп-қәтер төндірмеуі тійіс. Үшіншіден, егерде сендерге, қайсақтарға, қандай да бір жау шабыуыл жасай қалса, біз сендерді боданымыз ретінде қамқорлығымызға алып, қорғауымыз қамтамасыз етіледі. Төртіншіден, сендерден башқұрттар және басқа Ресей бодандары қолға түсірген құл-тұтқындарды өздеріңе қайтарып беріуді талап етіп, ал сендердің қолыңдағы башқұрттар мен және қалмақтармен татұу тұрыуға міндеттенесіңдер» (362-бет).
Мен мұны әдейі сөздәйек етіп отырмын. Көп адам түпнұсқаны оқымай-ақ не мақтай береді, не даттай береді. Жоғарыдағы төрт баптың тізіміндегі ең қәуіптісі – «йасак» төлеу. Ондай жасақты қазақ «Ақтабан шұбырынды» кезінде қалмақтарға да төлеген. Анау – 1723 жыл, мынау – 1731 жыл.
Менің өз ойымша, қазақ хандығының әлсіреп, іштен іріуі Салқам Жәңгір қазасынан кейін-ақ басталған. Әз Тәуке ел бірлігін Есім ханның тұсындағы дәрежеге, қанша тырысқанмен, көтере алмады. Елдің сырты бүтін болғанмен, іші түтіндей бастады. Болат пен Әбілмәмбет хандығы кезінде олардың тіпті ықпалы кіші хан саналатын Әбілқайыр, Жолбарыс, Сәмекеден де төмен дәрежеге жеткен-ді. Соның бәрін бір Әбілқайырдың орыс бодандығын қабылдауынан көріуді көпе-көрнеу қыйанат санаймын өз басым. Тіпті «Ақтабан шұбырындыны» Сеуен-Рабданның бастауына әз Тәукенің қылықтары себеп болған жоқ па? Әсіресе оның тұтқынға түскен ұлын қайтарып әкелген қалмақтардың бәрін қырып тастауын Сеуен-Рабдан адамгершілік санамаған. Ал бірақ Сеуен-Рабданның қалың­дығын қазақ жігіті Төлекейдің жүкті етіп қойыуына әз Тәукенің ешқандай қатысы жоқ болатын, бірақ түсінбеушілікті тұудырған жағдайлар асқына-асқына келіп, ақырында кек алыуға ұласты.
1731 жылы Петірборға шапырашты ­Наурызбай батырдың әкесі Құттымбетті қосып, ал 1732 жылы өз баласы Ералыға албан Ырыскелді батыр мен сұуан Аралбай батырды қосып елші жіберіуі Әбілқайырдың сайасатқа да жетік екенін аңғартады. Онысы, әрійне, құулық, бірақ сол құулықты жүзеге асырып, өзін қазақтың үш жүзі де қолдайды деп көрсете біліуі Әбілмәмбет пен Сәмекенің (шын аты – Шахмұхамбет) дәрменсіздігінен көш ілгері, оларға қарағанда оның іскер екенін көрсетеді.
Әбілқайырдың орысқа бодан болыуды қалағанын Қазыбек бек сатқындық санайды. Оның көзқарасы бойынша, солай екені даусыз. Ол кейін орыс бодандығын алмақ болғаны үшін, Төле біймен де араздасып кетіседі. Оның көзқарасы бойынша, үш үлкен ауылдың қазағы орысқа да, қалмаққа да бағынбаса дейді. Бірақ үш үлкен ауылдың біріге алмай отырғанын, оны біріктіретін хан да, бій де болмай отырғанын өзі де көріп, біліп отыр ғой. Берекесі кеткен елде берекесіз іс болатыны белгілі. Қалай болғанда да Әбілқайыр – таза төре, ал Жолбарыс та, Абылай да күмәнді төре, соның бәрін ол біліп, көріп отырған адам. Қысқасы, мемлекетті басқарыудағы қәтелік Әбілқайырдың қәтелік жасауына да жол ашты.
Осының бәрін тізбелеп жазып отырғандағы менің мақсатым – тарыйхшылардың, басқа­лардың «сатқын» деп баға беріуі Әбілқайырға тағылған кінәнің әділ емесін дәлелдеу.
Ол да елін, жерін қорғаған азаматтың бірі. Кекшіл, мансапқор мінезінің жетегімен қателік те, ерлік те, осалдық та, батырлық та жасай білген батыр хан.
Оның мансапқор адам екенін орыс ­тарыйхшылары да жазған. Қазыбек бектің: «Егер біздің үш ханымыз хандыққа таласып, үш басты жыландай Әбілмәмбет, Сәмеке, Әбілқайыр үш жаққа тартпағанда, осы қалмақпен болған соғыстың айағы төрт-бес жылда-ақ көрініп қалатын еді», - деуіне (сонда, 256-бет) қарағанда, қазақ арасындағы алауыздыққа бір ғана Әбілқайыр кінәлі емес.
Жарайды, кіші жүзді орысқа бодан қылғаны үшін Әбілқайыр жазықты-ақ болсын, ал орта жүзді, ұлы жүзді бодан еткені үшін кімдер кінәлі? Ыдырап бара жатқан мемлекетті Абылай да, басқа да сақтап қала алған жоқ. Бұл – біз ұмытпауға тійіс сабақ. Сондықтан орыс патшалығының халықты емес, халықты басқарыушыны өз ықпалына тарта білсе, қалғаны оп-оңай шешілетініне оңай көзі жетті.
Ол кезде қазақ хандығы (мемлекеті) іштей де, сырттай да ыдырай бастаған еді. Әуелі бір төре кеп хан болады, қолынан келсе де, келмесе де өле-өлгенше хан ­болып ­оты­рады. Ол өлген соң, қолынан келе ме, келмей ме, оған қарамастан хандыққа көп ұлының бірі мұрагерлік жолмен тағы таққа ­отыра қалады. Бұрынғы кездегідей хан сайланбайтын да болған еді, тек мұрагерлік ­жолмен тағайындалатын. Соның бәрі халықты ­шаршатты, сансыратты.
Халық тек бағыныушыға, хан тек бағын­ды­рыушыға айналды. Ақырында мемлекет ішінен іріп-шіріді. Ханы керек қылмаған, ханы сыйламаған халық хандықтан да, ханнан да күдер үзді. Осыны пайдаланған орыс патшалығы ақырын-ақырын бар бійлікті қолына ала берді, ала берді. Әбілқайыр бастаған бодандықты 1846 жылы ұлы жүз халқы Қапалда айақтады. Ол бодандық кейін Кеңес одағының бійлігіне ұласты. Содан әлі толық арыла алмай жүрміз. Мемлекет дегеніміз халықтың бірлігі емес, тек ханның қара басы сыйақтанып кетті.
Сол осалдықты зерттей білген орыс патшалығы «балықты бастан шірітті».
Әз Тәукенің қазақты үш хан мен үш бійге бөліп басқарыуы хандықта да, әр жүзде де қос бійлік тұуғызды, тіпті ханға қарағанда, бійлер қабілетті болып шықты. Соның бәрі орталық бійлікті әлсіретті, бодандықтың орнауына сол да ықпал етті деп ойлаймын.
Кейде жеке адамның пікірі көптің пікіріне айналып кетіп жатады. Мысалы, Қазыбек бек былай деп жазады: «Шыны керек, байағыда Аңғырақпен болған ұрыста бізді тастап кеткен соң-ақ мен Әбілқайырды ұнатпайтынмын» (сонда, 314-бет).
Сол Аңғырақпен болған ұрысты басқарып жатқан Бөгенбайды Сәмеке хан да қайт-қайта: «Қайт!» деп бұйрық жібереді, бірақ Бөген­байды Қаз дауысты Қазыбек жібермей қойады. Көрдіңіз бе, Әбілқайыр ағасы Жол­ба­рысқа көмектеспей кетсе, Сәмеке хан Бөген­байға халқыңды қорғамай, кейін қайт дейді. Екеуінің қылмысы бір-бірінен кем емес. Демек ондай мінез бір Әбілқайырда емес, қазақ ханының біразында болған. Қазыбек бектің жазыуынша, Әбілқайырдың 1740 жылы Хыйуаға барып хан бола қалыуы да оның мансапқорлығын дәлелдейді. Солайы солай, бірақ мансапқорлық сатқындыққа жатпайды.
Ал «Қазақстан» ұлттық энцикло­педиясының 1-томында жазылған «Қалдан Серенмен астыртын байланыста болды» деген айыптауы – Сталиннің 58-бабына барабар қылмыс. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбайлар Қалдан Серенмен мына жақта жан алып, жан беріп қырылысып жатқанда, ол ана жақта Қалдан Серенмен астыртын байланыс жасап жатса, оны, әрійне, үлкен сатқындық дер едік. Және оны орысқа бодан болыудан да артық айыптар едік. Алайда ол пікір – дәлелсіз пікір. Жала. Ондай тұжырымды енсійклопедыйаның қандай дерекке сүйеніп жазып отырғанына зінім жетпейді.
Ырас, «Қалмақ қырылған» жеңісінен кейін Әбілқайыр Жетісұуда өтіп жатқан қанды шайқастардың бірде-біріне қатысқан жоқ, көмекке әскерін де жіберген жоқ. Бірақ ол да бекер қарап жатқан жоқ. Тағы Қазыбек бекке жүгінейік. «Әбілқайыр бастаған кіші жүз қазақтары да тыныш жатпады. Сійрек те болса ойратқа, башқұртқа қарсы аттанған ұсақ ұрыстар салды» («Түп-тұқыйаннан...,» Алматы, 1993, 307-бет).
Қалай жамандасаң да, бұл сатқын адамның қылығына ұқсамайды. Алайда ол Қалдан Серенмен құда болыуға келісті, бірақ кейбір себептермен ол ойы жүзеге аспай қалды деген пікір бар. Менің ойымша, қалмақпен құда болыу қазаққа жасалған сатқындыққа жатпайды. Қабанбай батыр да Сеуен-Рабданның баласы (шапырашты Төлекейден тұуған) Әмірсанамен құда болады, ода тұрған не бар? Ол – тіршіліктің табыйғый заңы.
Онан соң ҚСЭ – да жоқ деректі «Қазақ­стан» ұлттық энциклопедиясы қосып, 1729 жылғы Аңырақай шайқасына Әбілқайыр қолбасшылық жасады депті. Бұл – таза өтірік. Ол ұрысқа басшылықты Бөгенбай жасаған, оған ұлы жүз қолын басқарған Қазыбек бек көмекші болған, Жолбарыс хан, Қаз дауысты Қазыбек бій мен Төле бій ақылшы болған. Олардың отырған жері, шыққан тауы – бәрі Аңырақай жерінде сайрап жатыр. Бөгенбайдың бұйрығымен төбе-төбелерге жерленген батырлардың бейіті де әлі сол арадағы жоталарда көрнеу жатыр. Ол бейіттер жөнінде кезінде Манаш Қозыбаев та Бөгенбай батырға қатысты мақаласында жазған.
Сондықтан, менің ойымша, Әбілқайырды жөнсіз мақтай да бермей, дәлелсіз даттай да бермей, «Ақтабан шұбырынды» кезінде қазаққа алғаш ес жыйғызған батыр адамға ылайық баға бергеніміз жөн-ау деп ойлаймын. Ол өмір бойы орыс үшін де, қалмақ үшін де соғысқан жоқ, тек қазақ халқы үшін соғысты. Қазақ халқының ғана батыры болды.

(Ескерту: Автордың жазу
стилі сақталып отыр)

3441 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы