• Тарих
  • 21 Қазан, 2020

Бұл – тарихи қадам!

немесе ел Президентінің «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына үн қосу

Еліміз егемендік алғаннан бері мемлекет тарапынан ұлттық тарихымызға деген құрмет пен қолдау жоғары деңгейде жүруде. Өткен жылы «Архив – 2025» бағдарламасы аясында шетел архивтерінде cақтаулы жатқан деректердің көшірмелері алынып, тарихымыз толықтырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырмасын тарихшы қауым қуана қабылдады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге саяси баға беру үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Президент Жарлығының жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Жоба электронды үкімет сайтында жарияланды.

Жобада мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық құқықтық және ­саяси ақтау болып табылады. Мемлекеттік ­комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады: саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын аяқтау; жазықсыз сот­талған және саяси қуғын-сүргінге, өмірі мен бас бостандығынан айыруға, пси­хиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдеуге, елден шығаруға және саяси нанымдар, таптық, әлеуметтік, ұлттық, діни немесе өзге де қатыстылығы бойынша құқықтар мен бостандықтары өзге де шектеулерге ұшыраған тұлғаларды ақтау процестерін ғылыми зерделеу және жүргізу әдіснамасын анықталсын; Қазақстанда іс жүзінде ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары санаттарының толық тізбесін айқындау, оның ішінде: қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттары; заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттары енгізу; комиссия мүшелері, зерттеушілер мен ұрпақтар үшін Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратура органдарының және өзге де мемлекеттік мекемелердің архивтеріндегі жабық қорлардың саяси қуғын-сүргіндер жөніндегі материалдардың қолжетімділігін қамтамасыз етілсін деп нақты көрсетілген.
Сонымен қатар Президент Жарлығы­ның жобасында: «Өзіне жүктелген міндетті шешу мақсатында Мемлекеттік комиссия мында міндеттерді шешеді» деп көрсетілген: 6) жабық қорлар ашу және саяси қуғын-сүргінге байланысты және Мемлекеттік комиссияның міндеттерін іске асыру үшін қажетті материалдарды құпиясыздандыру туралы шешімдер қабылдайды деп мәселені ашық жазған.
Осыған орай Президент тапсырмасы нақты іске асу үшін, ең алдымен, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің архивтері ашылуы керек. Бұған дейін бұл екі архив те зерттеушілер үшін жабық болды. 58-баппен айыпталған Алаш қайраткерлері құжаттарын ҰҚК архивінен ІІМ архивіне берілді. Ал бұл баппен айыпталған тұлғалар сонау 1993 жылы ақталған болатын. Өкінішке қарай, аталған мекеме архиві осы баппен айыпталғандардың туысы екендігіңді дәлелде деген талап қояды. Жаппай ­репрессия жылдары атылған тұлғалардың кейбірінің артында ұрпақ қалған да жоқ. Тарихи әділеттілікті қайта қалпына келтіру үшін тарихшылар зерттемегенде кім зерттейді. Осыны ІІМ қарасты архив қызметкерлеріне түсіндіре алмадық. Әскери сала болғандықтан министрдің бұйрығын күтеді. ҰҚК-нің архивіндегі 59-баппен (қолына қару алып, кеңес өкіметіне қарсы шыққандар) айыпталған тұлғалар әлі күнге дейін ақталмады. Олардың құжаты зерттеушілер үшін мүлде жабық. Әсіресе ҰҚК-нен ІІМ-не берілген арxив құжаттарына толық және шектеусіз қарауға комиссияның құқығы болу керек. Олай болмаса бәрі бос әуре. Науқаншылдыққа айналады. Ең алдымен, парламент 59-баппен айыпталғандарды ақтау туралы заң қабылдауы керек. Осыдан кейін аталған жабық мекемелердегі құжаттар ҚР Мемлекеттік орталық архивке өткізілуі тиіс. Егер ол құжаттар Орталық архивке өтпесе ІІМ-і мен ҰҚК-нің архивтері жабық мекеме ретінде, түрлі сылтау айтып, зерттеушілерге құжаттарды ашуға толық мүмкіндік бермейді.
1990 жылдары М.Қозыбаев бастаған мемлекеттік комиссия тарапынан атқарылған жұмыс жалғасын тапқаны абзал. Кезінде ол комиссияға да жартылай ғана мүмкіндік берілген. Соның өзінде қаншама тарихи шындық ашылды. Сол комиссия құрамында жұмыс істеген М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, Қ.Алдажұманов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков және т.б. сол құжаттар негізінде қаншама құнды еңбектер жазды. Әлі де ғылыми айналымға енгізіп келеді. 2013 жылы «Тарих халық толқынында» атты бағдарлама тұсында Президентке Қазақстан ­Республикасы Орталық мемлекеттік архиві мен Қазақстан Республикасы Президентінің архивіндегі «с» грифі (құпия белгісі) қойылған қорларды ашу мәселесін көтеріп, ел ­тарихын кемел жазу үшін аталған қор ­материалдарын жабық ­режимнен шығаруды сұрағанбыз. Өкінішке қарай, бұл хат жауапсыз қалды. Аталған архивтердегі Жоғарғы сот, Прокуратура және т.б. қорлар (1918-1980 жылдар аралығы) деректермен таныспай іргелі зерттеу жүргізу мүмкін емес.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік ­комиссия» құрамына кәсіби тарихшылар мен қатар архив саласын терең және жетік білетін кәсіби мамандар тартылса тарихы­мыздағы «ақтаңдақ беттер» ашылып, Президент тапсырмасының нақты іске асқандығының көрінісі болатын еді. Біз ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл қадамын – ірі Тарихи және сасяи қадам деп білеміз!

Рашид ОРАЗОВ,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология
институтының аға ғылыми
қызметкері

2242 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы