• Руханият
  • 16 Қазан, 2020

Фараби философиясындағы бақытқа жету жолы

Биыл Әл-Фарабидың туғанына 1150 жыл. Осыған орай Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры ғұламаның мерейтойын қала деңгейінде атап өтіп жатыр. Соның бір айғағы Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық конференция. Осы конференцияда сөз алған философия ғылымдарының кандидаты, доцент Әсет Құранбектің ойларын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Фарабидің идеясы бойынша адамның бақыт жолына жетуі қоғам мен өзінің арасындағы байланысты жақсы деңгейге жеткізіп, өзінің орнын түгелдей табуы. Демек адамгершілік ілімін түгел игеріп, өзінің мінез-құлқын соған сай өзгерткен кезде адам бақыт жолына жетеді. Бұл жолға жетудің дәйектемесіне әл-Фараби логика ғылымын үйрену арқылы қол жеткізуге болатындығын дәлелдейді. «Адамның толық кәміл тұлғаға айналып, бақытқа жетуі үшін не себепті логика ғылымы керек болды, – деп сауал тастайды Ә.Құранбек. – Міне, осыған жауапты ғалымның өзі береді: «Алайда логика ғылымы ғылымдар арасындағы ең бірінші оқылуы керек ғылым болса, кез келген бір ғылымды (өнерді) үйренгісі келген адам сол ғылымның мазмұнын зерттеуде қолданылатын біршама мәліметке қанық болмайынша, оған кірісе алмаса, ең алдымен логика ғылымының мазмұнын зерттеуде қолданылатын нәрселерді білуіміз керек».

Қазақ халқында «таза пікір, таза ой тек таза адамдардан шығады» деген даналық сөз бар. Ал «таза адам» дегеніміз кім? Бұл әр кездегі ойшылдардың армандап кеткен, сол арманның негізінде белгілі бір ақиқатқа жеткізетін ілім қалыптастырған идеяларының ұстыны. «Таза адам» түсінігі Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» «жәуанмәртлік» ұғымымен сәйкес келеді. Әл-Фараби ілімінде «толық адам» деген «интеллектінің» қалыптасуы болса, бұл ұстаным кейіннен Абайдың «кемел адам» идеясына ұштасты. Демек, қазақ даласындағы ой кешу үрдістерінен аңғаратынымыз, түркі-қыпшақ дәуірінен бері жалғасып келе жатқан даналар дәстүрінің мәні, адам баласын таза ақылға, таза ой ойлай алатын дәрежеге жеткізу. Ал бұл ойдың темірқазығы, ең алдымен, шешен сөйлей білу, ақиқатты айқын, әрі шынайы тілмен түсіндіру, түйткілді мәселелерді өткір шешуге тырысу. Олай болса ақыл екі мағынаға келеді: 1) адамның санасындағы бір нәрсені білуі; 2) сол арқылы қабылдауға болатын нәрсе. Ол арқылы қабылдайтын және ақыл деп аталатын нәрсені бұрынғылар нутуқ дейді. Нутуқ сөзі – сөз, сөйлем деген мағынаны білдіреді. Бұл өнер сөзді кемелдендіргендіктен, логика (мантық) деп аталған. Адамның ол арқылы талап еткен нәрсесін қабылдайтын нәрсе кейде жанның сөйлейтін бөлігі деп аталатындықтан, логика өнері арқылы сөйлейтін бөлігі кемелденеді. «Логика (мантық) сөзі кейде сөз сөйлеу мағынасында да келетіндіктен, адамдардың көпшілігі бұл ғылымның мақсаты дұрыс сөзді үйрету деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Дұрыс сөзді үйрететін ғылым – синтаксис. Синтаксис пен логика ғылымдары арасында бір ұқсастық бар. Сол себепті синтаксис ғылымы айтылған сөздердің сол тілдің иесінің әдісі мен қағидалары бойынша қайсысы дұрыс екендігін білдіреді және дұрыс сөйлеу қуатын береді. Логика (мантық) ғылымы болса, біз ойлаған нәрселердің қайсысы дұрыс (хақ) екенін үйретеді және дұрыс ойлау күшін береді. Синтаксис кез келген тілде сөйлемейтін адамның иесінің әдіс пен қағидаларға сай дұрыс сөйлейтіндей етіп тілді түзеткені секілді, логика (мантық) ғылымы да ойлайтын нәрселермен айналысады. Екеуінің арасындағы ұқсастық – осылар». Осыған ұқсас олармен логикаға кірісуімізге (мүмкін) болатын көптеген нәрселер санамызда бар болғанымен, олар туралы терең хабарымыз болмауы мүмкін. Бұлардан хабардар болғымыз келсе, ең алдымен, белгілі бір мағыналарды білдіретін сөздердің түрлерін дайындауымыз керек.

Н.Наурызәлиев

1038 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы