• Cұхбаттар
  • 28 Қазан, 2020

Қажы Қорғанұлы, Қазақ телевизиясының ардагері: ДИКТОР БОЛУ ОЙЫМДА ЖОҚ ЕДІ

Қазақ телевизиясында 40 жылға жуық қызмет істеген Қажы Қорғанұлы кезінде ұлттық телевизияның ең танымал, маңдайалды дикторларының бірі болды. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Жуырда қазақ телевизиясының ардагерімен сырла­судың сәті түсіп, осы әңгімені оқыр­ман назарына ұсынып отырмыз.

– Қажы Қорғанұлы, бір сұхбатыңыздан бала арманыңыз артист болу екенін оқып едім. Телевизияға, оның ішінде дикторлыққа қалай келдіңіз?

– Менің өміріме, шығармашылығыма әсер еткен екі ағам болды: бірі – Сейтім Жақыпов, екіншісі – Қайролла Тілемес. Екеуі де филармонияда істейді, адамды маг­ниттей тартатын азаматтар. Дикция қан­дай, келбет қандай, сөйлегенде ғажап еді.

Диктор боламын деген мүлде ойымда жоқ: арманым – артист болу. Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесіне оқуға түстім. Бізге сабақ беретін Тұрдыбек Оспанов сол кезде облыстық филармонияның директоры еді. Бір күні сабақ үстінде бәрімізді жеке-жеке тұрғызып, «кім болғың келеді?» деп сұрағанда, мен артист болатынымды айттым. Сонда әлгі кісі «бала, онда мұнда неғып отырсың, ертең бізге кел» деді. Ертеңіне бардым, өзім жатқа білетін бір-екі тақпағым, бір ауыз көркем сөзім бар-тын, соны оқып беріп едім, бірден қабылдандым. Осылайша, менің телевизиядағы бағымды ашқан – сахна өнері. Алдымен облыстық филармонияда, кейін «Қазақконцертте» Роза Бағланова, Үрия Тұрдықұлова, Жәлекеш Айпақов, Рахила Ақжарова, Мұрат Өскенбаев бригадаларында конференсье болып қызмет істедім. Сондағы сахна оғыландарының орны бөлек еді. Қазақстанның халық артисі Қали Жантілеуов ағайды екінші Құрманғазы десе де болады. Бес жасынан домбыраның құлағында ойнаған әрі ғажайып әнші. Ол кісінің жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы бір ғанибет. Маңғаз, байсалды, керемет гуманист адам. Сол кісімен сапарлас болған кездерім – ең бақытты сәттерім. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, дәулескер күйші, мар­құм Жәлекеш Айпақов – Қазанғаптың сұң­ғыла шәкірті. Онымен де сексен күн бірге жүрдім.

Сөйтіп, филармония мен телевизия­ның арасында біраз болдым. Екі ­ортада екеуін де қимай жүрдім. Содан 1960 жылы тұрақтап, 5-7 жыл Ақтөбе теле­видениесі мен радиосында диктор болдым. 1968 жылы Алматыда Қазақ телевидениесі шақырды. Сол жерде ­табаны күректей 32 жыл қызмет істедім. Онда төменнен бастадым, журналист, редактор, коментатор, саяси шолушы, диктор қызметтерін атқардым. Одан телефильм студиясының директоры ­болдым. Журналистік ғұмырымда негізінен ауылшаруашылығын насихаттадым.

– Журналистік ғұмырым деп қалдыңыз, тілшілер ел ішінде жүреді ғой. Көрген-білгеніңізден ерекше есіңізде қалған қандай оқиғалар бар?

– Дұрыс айтасың, қызым. Журналист ел мен жердің ортасында жүреді. Біз де талай жерді жаяу араладық. Осы елді аралап жүргенде қазақтың үш шопан қызын көрдім. Түсінесіз бе, үш қыз шопан.

Біреуі Сырдарияның қызы – Рабиға Іждіқұлова, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің депутаты. Қойшы болғанда нағыз қойшы.

Екінші қойшы – Мойынқұмның қызы Нұржамал Туғанбаева. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Аттың үстінде отырғанда билеп бара жатқандай елестейді. Нағыз қойшы, нағыз шопан.

Үшінші қыз – шымкенттік Фатима Қадырбаева. Ол да одақтық комсомолдың лауреаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Осы қыз ақылды екен. Өзі жап-жас, Мәскеуге ұшу үшін Алматыға келеді. Сонда бас қалада оқитын өз ауылының барлық студентін мейрамханаға шақырып, сырласады екен. «Қандай мәселелерің бар? Не шешілмей жатыр?» деп сұрайды. Бірі стипендияға іліне алмағанын, бірі жатақхана ала алмай жүргенін айтып, әрқайсысы өз мәселелерін ортаға салады. Кездесуден соң әр студентке 5-10 сомнан ұстатып, ректорларға арнайы атбасын бұрып, аталған мәселелерді шешуге күш салады екен. Білесіз бе, осыны істеп жүргенде Фатима небәрі 22 жастағы қыз. Ерлік емей, немене, айтыңызшы!

Тағы бір кейіп­керім болды: жам­был­дық қызылша өсіруші Дариға Жантоқова. Есімі аңызға айналған бұл кісімен соңғы рет 2005-2007 жылдары кез­дестім. 90 жасқа келген, аяғынан жүре алмай, арбада отырған кезі екен. Сонда да мені бірден таныды. Әңгіме ара­­­сында «Талғат ­(Бигелдинов – ред) деген батыр бар еді, сол қайда екен. Маған үйленемін деп еді, әлі жоқ» деп қалжыңдап күлді. Сөйтсем, бұл кісілер 1949 жылы Сталиннің 70 жылдық тойына бірге барған екен. Ол тойға ­Сталинге ат тарту еткен Атшабар Қартабаев, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Жұмабай ­Шаяхметов, ұшқыш Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин және сол кездегі ­Алматы облысының басшысы Жақыпбек Жан­ғозин Кремльге барыпты. «Соның бәрін көрген бізде арман жоқ» деп еді Дариға апам.

– Диктор ретінде айтыңызшы, теле­визияның тілі мен сыры қандай болу керек?

– Дикторлық та – өнер. Қыр-сыры көп, технологиясы күрделі өнер. Диктор бол­ғанда сен мәтіндегі бір сөздің реңін бұзбай оқып отырып, сол мезетте одан кейінгі екі сөзді де өрнекшідей тоқып отырасың. Мен үш сөзді қатарынан көре, тоқи отырайын деп ұмтылдым, бірақ меңгере алмадым. Мәтіндерді кейде тік және көлбеу дауыс әдістерімен оқуға тура келеді. Енді бірде бірінші жолды оқып отырғанда астыңғы екінші жол­дағы редактордың да, машинистканың да қатесін көзің шалады. Байқайсың да түзете бересің. Ал тікелей эфирдегі диктор көбіне саперлер сияқты. Қателеспеу керек. Қателесе берсең, аяғына жем түскен ат та бір, сен де бір. Көрерменнің көңілі қалады.

Кейде телевизияға газеттің, радионың қыз-жігіттері келеді. Соларға жиі ақы­лымды айтатынмын. «Телевизияның өз стилі, тілі бар, сен бұрқыратып сөйлегенің газеттің тілі, мынау радионың тілі. Өзің бір телесюжет, киноочерк жасап көрші. Сонда білесің» деймін. Сен бейненің тұрған тұрысын, жүрген жүрісін айту үшін сөй­леуің керек, сенің қызыл тілің түкке керегі жоқ. Осы жөнінен, әттең, көп адам теле­визияның стилін, тілін үйренбей-ақ кетті.

– Бүгінгі күні диктор болу оңай, көркі болса болды, басқа журналистердің дайын мәтінін оқиды деген түсінік қалыптасқан.

– Оның рас, айналайын. Жұрт солай ойлайды. Диктор деген мәтінді сауатты оқып, автордың айтайын деген ойын іркес-тіркес қылмай, сөздердің «басын жарып, көзін шығармай», әдемі даусымен оқырманға, көрерменге жеткізу керек. Біріншіден, дауыс керек, екіншіден, дикция керек. Қазір диктор деген мамандықты құртып жіберді ғой. Қазір диктор деген мамандық жоқ. Кез келген журналист өз хабарын өзі оқи береді. Диктор дегенді құрттық қазір. Диктордың қасиеті, қадірі жоғалды. Міне, мәселе қайда?

– Кезінде дикторларды ерекше құрметтеген, жағдай жасаған деседі. Тіпті сіздің өзіңіз де осы дикторлықтың арқасында баспаналы болған екенсіз.

– Рас, сол кездегі теледидар дикто­рының даңқы ғарышқа ұшқан ғарыш­керден кем болған жоқ! Кешегі Кеңес заманының бір жылы Алматыда, жетінші қараша күні орталық алаңдағы мерекелік шеруден репортаж жүргізіп болып, үйге қайтып келе жатсам, алдымнан орыстың бір шалы қарсы кездесіп қалды. «Жігітім, амансың ба? Халің қалай?» деп үйіріле кетті. Күтпеген жерден сәл тосылсам да, таныдым. Сонау алпысыншы жылдары Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген Николай Иванович Журин екен. «Біз баяғыда сен­дерді кө­шеде көр­генде, бұрылып қарап: «Әне, біздің дикторлар кетіп бара жатыр» деп мақтана­тынбыз» деді аңқылдап. Өзі орыс, біз сонда Мәриям Айымбетова екеуміз де қазақша оқитын диктормыз. Міне, диктордың беделі, дикторға деген құрмет! Сол алпысыншы жылдары Ақтөбеде тоқал тамымызда келіншегіміз Клара екеумізге бір күні пештен иіс тиіп, мұрттай ұштық... Мұны сол кездегі телерадиокомитеттің бастығы Михаил Николаевич Козин естіп, «ойбай, масқара болдық қой» деп жүрегі тас төбесіне шығып, зәре-құты қалмапты. Содан обкомның екінші хатшысы «дереу келсін» деп шақыртыпты. Мәриям екеуміз бардық. Мұхамеджанов деген кісі. Жай-күйімізді сұрастырып біліп алыпты. «Қарақтарым-ау, сендерде үй жоқ па еді?» деп бәйек болды да қалды. Дереу бір аптаның ішінде маған екі бөлмелі, Мәриямға бір бөлмелі қаланың қақ ортасынан пәтер бөлгізді.

– Қазіргі дикторларды тыңдап, жұмыстарын қарап отырасыз ба?

– Шынымды айтсам, қазіргі дикторларды қарамаймын. Қарамайтын себебім, қан қысымым көтеріліп кетеді. Бәрі дұрыс оқымайды. Мен сізге қызық айтайын, қазір телевидение көрмеймін, радионы тыңдаймын. «Барады ма?», «келеді ма?» деп сөйлейді. Масқара!

– Радио тыңдаймын деп қалдыңыз?

– Радионы жақсы көремін. Кезінде Қазақ радиосының дүлдүлі Әнуарбек Байжанбаевтан бір нәрсе үйренеміз ба деп соңында жүретінбіз. Қасында жүріп, сөйлеген сөзін, жүріс-тұрысын, қимылын, бәрін қарап отырамыз. Байжанбаевқа Тәңірдің көңілі түскен. Жаратқанның өзі бұл кісінің таңдайын жезден, көмейін күмістен шылаған. Оның сөзі әңгіме ­болып басталады да, ән болып аяқталады. Әсіресе, Ілия Жақановтың новеллаларын оқығанда, тіпті ән тыңдап отырғандай боласың. Қалықтатып, шалықтатып жібереді. Міне, диктордың құдіреті.

Екінші, «Шалқарды» тыңдап ­отырамын. Өзіміздің Мырзабек Қуатбеков қандай десеңізші! Біз қатар жүрдік, ­телевидение, радиоға қатар келдік. Өзі аңқылдаған, әпенделеу жігіт еді. Өмірден ерте қайтты, марқұм... Оның даусы, диапазоны, тембері қандай, дикция қандай! Қазақтың сөзін оқығанда орфоэпияны қалай керемет сақтайды. Міне, осындай жігіттер керек бізге.

Мен радионы 12 жыл зерттедім. ­Содан Ақпарат министрі болған Дәурен Абаевқа кіріп, үш ай радиода істеуіме, оны зерттеуіме рұқсат сұрадым. Ол көмекшісін шақырды да: «Ағайды радиоға үш ай қызметке алсын, жалақы төленсін. Қазақ радиосын, орфоэпиясын, сөйлеу мәдениетін зерттейді» деді.

Кейін қарасам, радио тәулігіне 18 сағат сөйлейді екен. Жалақы да аз. Бір жағынан ондағы жастарды аяймын. Құдайдың құтты күні 18 сағат, оны немен толтыру керек? Баяғыдай радиоға шұбырып ке­ліп жатқан адам жоқ қазір. Сосын оты­­рып алып «отбасы, ошақ қасындағы» әң­гі­­­мелерді радио толқынында айтуға мәжбүр.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

 Сұхбаттасқан

Ақбота ҚУАТОВА

1574 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы