• Мәдениет
  • 28 Қазан, 2020

Өмірдің өзі – өткінші

«Алматы» телеарнасы қоғамдағы әйел-ананың жан дүниесіне үңіліп, терең сыр шерткен «Өткінші жаңбыр» атты телехикаяның таныстырылымын өткізді. Тағдыр тәлкегімен Алматыда кездесіп, жақын дос болып, ортақ іс ашатын мінезі екі түрлі әйелдің тағдыры мен олардың арманы туралы баяндалған туынды кез келген әйелдің санасына сілкініс әкеледі деуге болады.

Таныстырылымда сөз алған телеарна директоры Нұржан Жалауқызы телехикаяның басты мақсаты – ­Алматы қаласын дәріптеу екенін атап өтіп, ­«Алматы – адамның арман-мақсаты орындалатын жайлы қала. Әр қиындықтың артында қуаныш болатынын, әр ананы мазалаған сұрақтың кез келген уақытта шешімі табылатынын» тілге тиек етіп, адам тағдырында кездесетін қиындықтан қорықпай алға жылжу қажеттігіне баса назар аударды.
Он екі сериядан тұратын телехикая­да бір қарағанда еш мұңы жоқ, толып-толысқан Жанар мен ауылда тұратын Ажардың қиындықты жеңіп, табысқа жетуі, өз-өзін дамытуы, жеке тұлға болып қалыптасу кезеңі көрініс тапқан.
«Өткінші жаңбыр» телехикаясының әр бөлімінде көрермен өзін және отбасына жақын көріністі тамашалауы мүмкін. Туындының басты кейіпкері – Жанар есімді көп балалы ана. Күнделікті үй шаруа­сынан зеріккен ол – кәсіпкерлікті қолға алып, ел қатарлы жұмыс істегісі келеді. Алайда жұбайы бұл ойын құптамайды.
Екінші кейіпкер – Ажар. Ол жалғызбасты ана әрі кәсіпкер. Оның ең басты табыс көзі – тапсырыспен торт пісіру. Жұмыстан жалыққан ол – керісінше отбасылық өмірді аңсайды. Кейіп­керлердің тағдыры әртүрлі бол­ғанымен, басқа түскен қиындық екеуінің басын бір арнаға тоғыстырады.
Көп балалы ана Жанардың рөлін сомдаған актриса Нұргүл Мыңғатова заман талабына сай үй шаруасындағы әйелдің де жан-жақты дамып, үнемі ізденісте болғанын дұрыс деп есептейді.
«Шынында да, қазір әйел адамның басынан өтетін проблема көп. Сол үшін ол жан-жақты болу керек. Яғни үйдің жұмысына көңіл бөлу, сыртта да өзінің оқыған мамандығымен жұмыс істеу – бүгінгі заман талабы. Бізде, қазақта әйел үйде отыру керек, үй шаруасына қарауы керек, бала тәрбиесіне көңіл бөлуі керек дейді. Бірақ қазір заман талабы басқа. Менің кейіпкерім 4 баласы бар, жағдайы жақсы. Тек өзінің жеке кәсібін ашқысы келеді. Жан-жағымен араласып, танымын кеңейтуге тырысады. Сол жолда алдынан көптеген кедергі шығады. Әйел адам қырық жанды дейді ғой, оның бәрін түбінде жеңіп, өмірінде отбасы мен жұмыстың арасында тепе-теңдік орнайды. Кейіпкерімнің болмысы маған ұнады» десе, Жанардың жары Ермектің рөлін ойнаған актер ­Алмат Сқақов: «Отан – ошақтан басталады. Өмірде ерлі-зайыптылар арасында әртүрлі жағдай болады. Айналып келгенде, ­отбасы беріктігі сақталып, балаларды аяққа тұрғызып, адам ету де үлкен жауапкершілік. Біз көбінесе жұмыс-жұмыс деп жүріп, ­отбасына көңіл бөле алмай жатамыз. Осындай ұсақ-түйек деп қарауға келмейтін өзекті мәселелердің жүгін көтерген телехикаяның аты да ұнады. Өйткені өмірдің бәрі өткінші, әр сәт бағалы» деп, қазіргі қоғамға өте қажетті жоба екенін жеткізді. Әрі өзінің ­ауылдан Алматыны аңсап келген балалардың бірі екенін атап өтіп, әлемнің қанша жерін араласа да, ­Алматыны сағынатынын, ­Алматы – ең сұлу қала екенін мақтанышпен әңгімеледі.
Ал продюссер Айкерім Самалбекқызы «Телехикаяның «Өткінші жаңбыр» деп аталу себебі, кез келген отбасында, жеке адамда қандай да бір мәселе, қиындық болады. Бұд өткінші жаңбыр сияқты өтеді де кетеді. Ең басты құндылықтар ол – отбасы бала-шаға, сыйластық, достық, туыстық қарым-қатынас мәңгі қалады. Телехикаяның негізгі идеясы, көрерменге жеткізер ойы осы болатын. Сондықтан телехикая «Өткінші жаңбыр» деп аталады» деп, журналистер тарапынан қойылған сауалға жауап берді.
Қазақ қызының, қазақ әйелінің бей­несін, болмысын жеткізуге тырысқан телехикаяның тағы бір ұтымды тұсы – Алматы қаласының «Бақытты отбасы», «Еңбек», «Іскер ана», «Бастау бизнес» сияқты әлеуметтік жобаларын іске асырып, сондай-ақ шетсіз қала тұжырымдамасын алға қояды. Біздіңше, бұл кино саласында бұрын-соңды пайдаланылмаған тың тәсіл. «Алматы» арнасының ұжымына осы үшін де алғыс айтуға тұрарлық.
Иә, шын мәнінде Алматы – тағдырлар тоғысып жатқан қаланың бірі.

Бағдагүл Балаубаева
«Аna tili»

954 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы