• Тұлға
  • 28 Қазан, 2020

«Асыл ер өзін биік санамайды...»

Облыстық (Қызылорда) газетте «Үйлеріміз қалада, жұмысымыз далада» деген сын мақала шыққалы аудан, шаруашылық басшылары арасында күбір-сыбыр көбейіп кетті. 1952 жылдан бері қала ішінде орналасқан кеңшар жыл сайын еңбек өнімділігін әлсіретіп, экономикасы төмендеп кеткен еді. Шаруашылдықты басқарған корей азаматы Ким қанша тырысса да совхоздың өндірістік көрсеткішін көтере алмады. Совхоздың негізгі мақсаты қала халқын сүтпен қамтамасыз ете отырып бау-бақша өнімдерін өндіру еді. Амал не, шаруашылығы нашарлап егілген көкөністен жоспарлы көрсеткіштің өзін орындауға қол жеткізе алмады.

Өйткені совхоздың бүкіл ат­қа­рылар жұмысы далада бол­ған­дықтан қаладан қатынап істейтін сауыншы, бақшашы, механизаторлардың уақытылы жұмысқа шықпай қалуынан үлкен кемшіліктер жіберілді. Осындай шаруашылық істерін ұйымдастырудағы шалалықтың кесірінен совхоз жылды 500-700 мың сом зиянмен аяқтап отырды. Сондықтан аудан активтерінің көпшілігі осы шаруашылықтың басшысын қызметтен алатын шығар деп болжам жасағандар көбейген еді. Ақыры осы шындыққа айналды. Бұл 1963 жылдың көктемі еді.
Ауданның алқа мәжілісінде совхоз­дың болашағы мен қазіргі жағдайы жан-жақты талданып, эконмикалық сараптама жасалынды. Жиын шешімімен совхоз­ды қаладан шығарып, далаға қоныстандыру мәселесі қойылды. Совхозға директор болып отыз екі жастағы Бүркіт Жөкелов тағайындалды. Бұған дейін жоғары ғалым – агроном мамандығы бар Бүркіт көршілес Арал ауданында және облыстық ауылшаруашылық басқармасында инспектор, ­агроном болып қызмет атқарған еді. Жақсы тәжірибе жинақтаған жас жігітке артта қалып келген шаруашылықтың экономикасын көтеру оңайға түспеді.
Қаладан 30 шақырымға жуық жердегі « Көларық» елді меке­ніне алғашқы қазығын қаққан шаруа­шылық ХХІІ партсъезд атындағы совхоз атанды. Совхоз күріш өнімін өндіруді меже тұтты. Шаруашылдық жұмысын жүргізу үшін алдымен іскер кадрларды жасақтауға ден қойды. Сонымен бірге жұмысшы-қыз­меткерлерге тұрғын үй салу, мектеп және балабақша құрлыстарын жүргізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Совхоздың шаруашылық жұмыс­тарын жеделдету үшін алдымен егінші-механизаторларға арналып тұрғын үйін салуға басым бағыт берілді. Жаңа директор көшелер бойына 3 бөлмеден тұрғын үй салуды ауданның архитекторымен келісе отырып жүргізді. Әсіресе мектеп пен балабақша үшін құрылыс бригадасы жасақталды. Қуаныштысы сол, көршілес ауылдардан келген жұмыскерлер жеке үй салуға білек сыбана кірісіп кетті. Сөйтіп, бес ай ішінде ауыл орталығы жаңарып шыға келді.
1972 жылы шаруашылық егіс ал­қабын тегістеу жұмысына кірісті. Соның нәтижесінде атыздарға жібе­рілетін және шығарылатын су жолдары түгелдей механикаландырылды. Қол еңбегі жеңілдетілді. Осындай тегіс алқаптарда тыңайт­қыштармен егілген күріштің әр гектарынан 40 центнерден өнім алынды. Шаруашылық талай рет облыстың жүлдесін жеңіп алып, абыройы артты.
Бүркіт аға көптеген кадрларды өсіріп, тәрбиелеп шығарды. Мәселен, осы совхозда бригадир болып қызмет атқарған Қоламсақ Жолмырзаев, инженер Қалила Өтемұратов, МТМ бастығы Нағашыбай Сағитжанов совхоз директорлығына дейін өссе, кіші агроном Ермағанбет Жұбатқанов бас агроном және совхоз директорлығына дейін жоғарылатылды. Механизатор ­Болат Төлешов бас инженерлікке көтерілсе, Қаршыға Жұмабаев бас есепшіге дейін өсті.
Бүркіт Жөкеловтың жұмыс тәсіліне ауыл еңбеккерлері дән риза болатын. Ол таңертең кеңсе алдындағы дөңгеленген жұмыр тастың үстіне шығып, механизаторларға, бригадирлерге, мал мамандарына тапсырма беріп, оның орындалуын қатаң қадағалайтын. Осы тасқа көзі түскендер Жөкеловтың ақыл тасы деп атап кеткен. Бөкең механизаторлар ауылдан қашық жерде жұмыс істейтін болса олардың отбасына қажетті азық-түлігін, отынын жеткізіп беруге совхоздың тиісті маманына қатаң тапсыратын. Мұндай қамқорлық әр механизатордың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайтын еді. Осыдан шығар, совхоз директоры ауыл ішінде сыйлы, құрметті азамат атанды.
Сыр елінің танымал шайыры болған, халық ақыны Нұртуған Кен­жеғұлұлының «Кеңес» деген өленіндегі:
Асыл ер өзін биік санамайды,
Елі үшін, еңбек күшін аямайды.
Бір өзі білседағы білем демес,
Сынатып, көпке салып шамалайды – деген жолдар осы Бөкеңе арналған сияқты.
Бөкең көптен бері ойланып жүрген өзекті мәселені шешу үшін ауданның бірінші басшысына барған-ды. Басшыға айтқаны көршілес Арал ауданындағы бұрын көл болып, талай балықшылардың ауыздары майланып табысқа жеткен Ақбайдың бүгінде тақтатайдай тегіс алқап екені. Оған келер жылы күріш егілсе, кеткен шығынның барлығы өтелетінін және пайдаға кенелуге болатынын сеніммен жеткізді. Хатшының мамандығы да агроном болғандықтан сөзін жерге тастамай, келісімін берді. Бұл 1994 жылдың күзі еді. Сол күзде ПМК-86 мекемесі ­Алтай каналы арқылы Ақбайға су жолдарын тартты. Нәтижесінде Ақбай алқабы күрішшілер мен механизаторлардың ырыс несібесіне айналды. Совхоз рекордтық өнім алып, күрішші Әбуша Дінисламов Социалисттік Еңбек Ері атағына ие болды. Арада елу жылдай уақыт өтсе де бүгінде аралдықтар Ақбай алқабынан жыл сайын қауын-қарбыз, картоп егіп, көкөністің игілігін көріп отыр.
Бөкең совхозды 11 жыл басқарып, кемеліне келтіріп, 1976 жылы Энгельс атындағы кеңшарға директор болып ауысты. Бұл шаруашылықты 5 жыл басқарып, совхоз шаруашылығын ілгері дамытты. Одан кейін аудандық агрохимиялық және тұқым инспекция мекемелерінің бастығы қызметтерін атқарып зейнетке шықты. Еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше медальдармен ­марапатталды. 2005 жылы Қазалы ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Бөкең кісілік пен кішілікті қатар алып жүрген абзал азамат еді. Жан жары Жамал Жанұзақова екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірді. Жамал талай шәкірттер тәрбиелеген тәжирибелі ұстаз, оқу ісінің үздігі. Омырауына Алтын жұлдыз таққан батыр ана болды. Тұңғыш қызы Бақытгүл мектепті алтын медальмен бітіріп, анасының жолын қуып ұстаз ­атанды. Үлкен ұлдары Оңталап жоғары білімді инженер. Басқа ұлдары мен қыздары да жоғары білім алып, қазіргі заманның ыңғайына қарай шағын және орта кәсіппен ­айналысуда.
Бөкеңнің 11 жыл басқарған ХХІІ партсъезд совхозы қазір Ақтан батыр ауылы деп аталады. Осы ауылдың ақсақалдары жыл сайынғы Наурыз мерекесінде бір үй тігіп, ардақты азаматты еске алып, дұға бағыштайды екен. Мұның өзі Бүркіт Жөкеловтың халыққа еткен еңбегінің жақсылығы екендігі анық. Осындай артында із қалдырған азаматты аудан әкімдігі мен мәслихат депутаттары еткен еңбегін ескеріп, аудан орталығынан көше атын берсе артықтық етпейді.

Киікбай Ізетұлы,
журналист, дербес
зейнеткер

1695 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы