• Қоғам
  • 28 Қазан, 2020

ЕҢБЕКПЕН ШЫҢҒА ШЫҚҚАН

ФОСФОРЛЫ ЖОЛ

 Отандық химия өндірісінің алыбы «Казфосфат» кәсіпорны негізінен Қаратаудың ­қой­науында отау тіккен.

Көне Тараз қаласы маңында күні-түні көк түтіні будақтап, мұнара мұржасында от-жалыны лаулаған зауыттар көктен де, жерден де көрінеді.

Бұл көріністің еш айна-қатесіз көзге түсіп, адамдардың бойы үйренгеніне 70 жылдан асып барады.

Осы уақыт қойнауында неше түрлі фосфор рудасын өндіріп, ауыл шаруа­шылығы саласын минералды тыңайт­қыштармен қажетінше қам­тамасыз етіп келе жатқан Жамбыл фосфор зауыттарының ел эко­но­микасын дамытуға қосқан үлесі миллион, ­миллиардпен аталып жатты. Байырғы еңбек ұжымының жүріп өткен бай тарихында өшпес із қалдырған кәнігі мамандар мен адалдықты ту етіп, ұйым­дастырушылық ерен қабілетін сарп еткен өндіріс басшыларын құрметпен төрге оздырды.

Фосфор өндірісі – күрделі сала. Білім мен ғылымның жетістіктеріне тәуелді тұстары өте көп.

Ел аузынан түспейтін Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Минералды тыңайт­қыш­тар зауыты, Теміржол өндірістік кешені, Қаратау-Шолақтау кен байыту комбинаттары бұл күндері «Казфосфат» ЖШС-не шоғырланып, бұл еңбек ұжымдарында 6300-ге жуық адам еңбек етеді.

Жамбыл облысында ең ірі әрі тоқ­таусыз жұмыс істейтін алып кәсіпорын. Есепшотқа салсақ, өңірдің экономикасына ең көп қаржы түсіретін осы «Казфосфат». Ертеде де, қазір де ел қазынасына байлық-дәулетті еселеп әкелуде олардың алдына түскен ешбір кәсіпорын жоқ.

Ең үлкен мәртебесі осында. Әрі қарай...

Қазақстандық фосфор кенін дүниежүзінің 30-ға жуық мемлекеті сатып алады. Он бес жыл көлемінде экспорт көлемі артпаса, еш кеміген емес. Бір шеті Еуропа елдері Германия, Франция, Түркия, Чехия, Щвейцария, Испания, Әзербайжан, мұхит асып АҚШ-қа жол тартады. Өзіміздің ежелгі көрші Ресей, Өзбекстан, әріден Қытай мен Жапония, Үндістан мемлекеттері Жамбылдың сары фосфорына сұраныс жасап отыр. Жылдық өнім шығару қуаты – 500 мың тонна. Енді 1,5 млн тонна минералды тыңайтқыш өндіру қолға алына бастады.

Егер биылғы 8 айда 152 млрд теңгеден астам өнім өндіргенін айта кетсек, бұл енді фосфордың 22 түрлі өнімін сатып алушылар логистиканың заманауи жолға қойылғанына разы.

Дүниенің фосфорын келешекте Қытай, Үндістан сияқты халқының саны 1 миллиардтың о жағы мен бұ жағында жүрген елдер (бәлкім, болжам бойынша 30-40 пайызын) сатып алады деп те айтып жүр.

Бұл көңіл аударатын, жөн-жосығы мол ақпарат «Казфосфаттың» өзі өсіріп, баулыған түлегі, бүгін осы алып ­кәсіп­орынның Бас ­директоры, Қазақ­­станның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровке жақсы таныс, жан-жақты мәлім.

Асып-тасымай айтсақ та, әділдігіне жүгінсек те Жамбыл фосфор зауытының тар жол, тайғақ кешуден аман-есен, әйтеуір негізін сақтап қалуда Қазақстан Үкіметінің қамқорлығы шешуші рөл атқарса, талай-талай ақылды бастар мен менеджер жас азаматтар осы зауыттың тізгінін берік ұстаймыз, көп табысқа кенеліп, жұмыс істей аламыз деген ниетпен келіп-кетіп жатты. Олар да ізденді, тығырықтан шығатын жолдарды қарастырды. Мол қаржы-инвестиция да салуға құлықты еді. Жаңа нарық жағдайында инвесторлар да тартылды.

Бұл адамдардың күш-жігер жұмсағаны әмбеге аян.

Дей тұрғанмен, зауыт өндірістерінің құрылымы жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып құрылып, «Казфосфатты» басқару Мұқаш Ескендіровке сенім білдіріп, тізгінін ұстауы отандық фосфор өндірудің көзін ашып, бағын жандырды. Бар абырой мен табыс кілті осында.

Жамбыл аграрлы-индустриалды аймақ. Әйтсе де фосфор өндірісінің атақ-даңқы алысқа кетіп, қарыштап дамуы композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Фосфорлы Жамбыл» әні қайта шырқалғандай әсер қалдырды. Киесі мен иесі табылып, аңсаған арнасына қайта оралғандай.

Қарт Қаратаудың күнгейінде 100 шақырымға созылып жатқан құт қой­науында фосфор кентастарының қоры (200 млн) жөнінен ТМД елдерінде 1-ші орынды, дүниежүзінде Мароккодан кейінгі екінші орынды иеленеді. Шөгінді тау жыныстарын аршып алса, фосфор қышқылдары мен фосфорлы тыңайтқыштар тау-тау болып үйіліп, берекелі байлықтың көзі бола бермек.

Бүкіл саналы ғұмырын, 1982 жылдан бері Жамбыл фосфор зауытында қатардағы мастерден оның Бас директоры қызметіне дейін сарп еткен Мұқаш Зұлқарнайұлы кенді Алтайда дәурені дүрілдеген А.Күленов, О.Шаяхметов сияқты ірі өндіріс ұйымдастырушылары сияқты ірілердің інісі болуға жарап, ел ішінде нағыз қайраткер тұлға биігіне көтерілген сәттерінің барлығы оның тұла бойына Алла Тағала бере салған талант­ты қарым-қабілеті, азаматтық толысу жолдары, кісілік кескін-келбеті мен қалың жұрт сүйсіне көз тастайтын бейнесі, мейірімділігі мен қамқор көңілі таңға­ларлықтай үйлесіп, жарасымды қалыптасқан.

Бұл өңірде «Казфосфаттың» абыройлы тыныс-тіршілігі басым айшық­тарымен көрінетіні рас, ал оның басшысы Мұқаш жолдастың жеке беделі көп биіктеп кеткен. Бір басына жетерлік беделімен билеп-төстеп жатқан ештемесі жоқ. Әйтсе де қолы ұзын азаматтың халқына жасаған жақсылығы екінің бірінің қолынан келе қоймайды, аузы дуалы арлы азамат әділетті әлеуметтік қоғамның қолдаушысы. Тура бидің көзі десең де артық болмас, ірі ұжымның талассыз ұйытқысы. Қазақ халқын әлем өндірісшілеріне танытқан өндіріс өкілі. Атақты лирик ақын ­Тұман­бай Молдағалиевтың «Жиналса әлем халқы, қазағымның атынан баруға да лайықтысың», «Жинаса барлық ұлттың жігіттерін, қазақтан сен барса деп ұсынар ем» деп жырлағанындай, шынардай өмірі ұлан-ғайыр, жұлдызды еңбекпен жарқын!

Асығыстау айтайық енді, қырық жыл ғұмыры фосфор ауыр жұмысымен жалғасып келе жатқан Мұқаш достың кітапқұмарлығында шек жоқ. Жұртты бір қызықтыратыны, қолы бос деп айта алмайды. Сенбі, жексенбі күндері де цех аралайтын дағдысына берік, бір ерекшелігі осы. Алматыдағы үйінде 3 мың кітабы бар. Таразда және бірнеше мың кітабы сөрелерде көз жауын алады. Жақсы кітапты іздеп жүріп оқитын ол осыдан бірнеше жыл бұрын «Есенқұл Жақыпбек деген ақын туралы көп айтып, жиі жазады. Ол азаматтың бір кітабын тауып бересіздер ме?» деп қолқа салған-ды. Есағаның «Өтті өмір» деген жинағын сұрастырып жүріп тауып, қуана сыйладық.

Жұмыс бабымен мұхит асып, сапар шеккен Мұқаң бір күні «Оқып шықтым. Өлеңдері әдемі екен. Ана «Біздің елдің жігіттері» деген рухы мықты әннің өлеңін жазған осы Есенқұл бауырымыз екен ғой» деп айтқаны әлі есімізде.

Сол талантты ақынның, басқа да қаламгерлердің жаңа туындыларын біздің Мұқаң АҚШ-қа барған сапарында өзімен бірге алып барыпты. «Жол бойы көз алмай оқыдым» дейді.

Ал біз «адамдар кітап оқымайды» деп жаңылысып жүрміз. Фосфорлы жолда жүрген мың жылдық жолаушының өнегесі ойландырмай ма?

 

ХАЛЫҚТЫҚ АКАДЕМИЯ

 Адам өз топырағына тартып туады. Біздің кейіпкеріміз осыдан 60 жыл бұрын көненің көзі, өркениеттің үзігі Сайрам жерінде көп балалы отбасында дүниеге келген. Ел-жұртына ақылымен ес, біршама дәулетті несібесімен сес болған Ескендірдің Зұлқарнайы шаңырағында шекесі тор­сықтай ұл жарық дүние есігін ашқан екен.

Ауыл баласының өмірі бір-біріне етене ұқсас болып келеді. Сайрам өңіріне әділдігімен және берекелі тірлігімен мәлім әулеттің бар баласы мал бағып, егін салып, сабақтан қолы босаған сәтте әке-шешесіне көмектесіп жүріп есейген.

Қатардағы қарапайым қазақ ­баласы Шымкенттегі Қазақ химия-тех­но­логиялық институтында «Орга­никалық емес және ­минералды тыңайт­қыштар» техноло­гия­лық ­маман­дығы бойынша жоғары білім алған.

Содан бастап жас маманның бүкіл өмірі әйгілі «Казфосфатта» өтіп келеді.

Бізді жақындастырған – әдебиет. Сырттай, бір қарағанда қыран қабақ, оттай жанған мөлдір көз, қайратты қою шашы, алып денелі (бойы 186 см), ­ерекше көркем, тұлғалы азаматтың маңына көп адамның батылы бармайды, жолай бермейтін шығар деуіңіз бекер. Жүрегі жомарт, құшағы ашық, езуінен әдемі күлкісі мейірім шуағын төгетін жігіт ағасымен өткізген бір күн – мың күнге тартады десек те болады.

Ел қамы, жер тарихы, қоғамдағы құбы­лыстар, жастар тәрбиесі, қоғамдық мәдениеттің өзекті мәселелері болса да толғандырады, қайсы бірде, әрине, алаңдатады.

Сол кісінің ұйытқы болуымен ортақ рухани әлеуметтік мәселені ой тал­қысына салып, пікірлесу алаңында кездестік. Біздің студент кезімізде атақты әдебиетші, профессор Рахманқұл Бердібаев жүргізетін «Халық уни­верситеті» сабағындағыдай дәрісті Жамбыл жерінде ХХІ ғасырда химия өндірісінің басшысы, әдебиет ауылын сағынып тұратын жан Мұқаш Ескендіров жүргізетін болды. Халықтық академия дейміз бе, өндіріс орнының лауазымды кісілері – Нұржан Жүнісбеков, Леонид Франгули, Әбсәмет Керімбаев, Нүрзия Лесбекова, сондай-ақ қоғам қайраткері Батырбек Құлекеев, Гулам Умаров сияқты өңірге танымал азаматтар мүше болды. Нұр-Сұлтаннан Сенат пен Мәжіліс депутаттары жолы түсіп ауыл жаққа келгенінде «Ескендіров академиясы» дәрісін тыңдауға қуана-қуана қатысқаны да бар. Ел ­аузында Ескендіров «академиясы» аталып ­кеткен бұл орта – зиялы қауымның бас қосып, салауатты жағдайда пікірлесе алатын мәдени-шығармашылық ­клубына айналды. Ғибраты көп басқосу­ларда Бас директордың экономика­лық мә­селелер жөніндегі ­орынбасары Нүрзия Лесбекованың, құдай-ау, қазақ әдебиетінде оқымаған кітабы қалмағанын естідік, ал өзбек жігіті, белгілі дәрігер Гулам Умаровтың бала-шағасы қазақ тілінде ғана кітап ­оқи­тыны, облыстық Мәслихаттың ­депутаты, марқұм Нұрлан Ортаевтың әке мен баланың қарым-қатынасы жайында ­айтатын ғибратты әңгімелері көпшіліктің көңілінен шықты.

Кейінірек қоғам мәдениетін қа­лып­тас­тыруға тигізер пайдасы мол «Ес­кендіров академиясына» қала әкімді­гінен басшылар да қатысып жүрді.

Ұлтқа керекті, ұрпаққа пайдалы, қоғамға маңызды мәселелерді көтеріп, тәлімді-тәрбиелі жағын пайымдасақ, одан кім ұтылмақ?

Зиялы қауымның әңгімесі мағыналы мазмұнға ие болса, айтылған ұсыныс жерде қалмайды.

Химиктер әулетінің айнымас өкілі Мұқаш Зұлқарнайұлы жаппай кітап оқу іс-шарасын өткізуді үнемі қайталап айтып отыратын. Сөйтіп, сәті туғанда нағыз кітап оқу жарысын бастады да жіберді. Оны «Кітап оқып миллионер бол!» деп атады. Қалалық «Жамбыл-­Тараз» газетінің бас редакторы, жас журналист Эльмира Мырза-Ғали толып жатқан ұйымдастыру жұмысын жүргізді.

Оқушылардың оқуына қазақ ақын-жазушыларының 100 кітабының тізімі ­жарияланды. Бұл жобаға қала мектептерінен 1,5 мың оқушы қатысып, 5 ай ішінде 22 мың шығарма оқылды ­деген дерек келтірілді. Ынтасы бар әр бала ­20-40-80 кітап аралығында кітап оқыды.

Ең көп оқыған оқушыларға Мұқаш бауырымыз 3 миллион теңге жүлде таға­йындады. Бірініші орынды Б.Момышұлы атындағы №45 гимназия­ның оқушысы (қазір ол 11 сыныпта оқиды) Қазына Әб­дісейіт жеңіп алып, 1 миллион теңге сыйлыққа ие болды.

Бұл игі жобаның көпшілікке әсері аз болған жоқ.

Әйгілі азаматтың рухани келбетіне көрік беріп, көңіл толтыратын тірлігі басқа әріптестеріне үлгі болғаны жөн. Алайда бас пайдасынан артық ешнәрсеге бас ауыртпайтын бай адамдар аз деймісің.

Байлық, дәулет бар болса да, қоғам мұқтажымен бөлісуге келгенде кежегесі кейін тартып тұратын адамдарды көргенде, қарның ашады емес пе?..

Дей тұрғанмен, Әлімбек Жұмабаев, Арман Еділбаев сынды жас кәсіпкерлер, Ғалымжан Сағынтаев тәрізді арыстан жүректі жігіттер өздері аға тұтатын Мұқаң­ның ізбасарлары деуімізге демеушілік тірліктері куә.

Мұқаң өзі сергек спортшы. Біз оның күн сайын 15 шақырым жаяу жүріп, сергектікті серік еткенін, бір уақ 120 келі зілтемір көтеретін дағдысын қысқа қайырып айталық дедік. Содан болар, «Казфосфаттың» спорт сарайындай, футбол алаңындай ғимараттар көп тамсандырады. Не болса да ұжымның несібесі деп қарайды. Жұрттың есінде шығар, осыдан біраз жыл бұрын Тараз қаласында «Әлем барысы» жарысында бас бәйгеге 100 мың долларды тіккен осы «Казфосфаттың» басшы азаматы. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Әлем барысы» жарысына да демеушілік көрсетті.

Өткенде ғой, асқар таудай ағамыз Мырзатай Жолдасбековтың 6 томдық шығармалар жинағын ­«Қара­тау-­Шо­лақтау» кәсіпорнының кітап­хана мең­герушісіне телефон соғып, бұл көр­кем туындыларды «Көктал» шипа­жайының кітапханасына ­апарып қоюды, өзінің жеке қолдауымен жарық көрген атақты боксшы, аңыз-бапкер Әбдісалан Нұрмаханов жайлы кітапты Жаңатас кеншілеріне жеткізуді т­апсырып жатыр. Жамбылдық жас ақындар шығармасын кітап етіп шығару, «Жыр қағаны» бәйгесінің демеушісі болу қалыпты жұмыс сияқты. Нақпа-нақ. Тап-тұйнақтай тірлік. «Қиындықтардан еңбек қана құтқарса, рухани азбаудың тура жолы – әдебиетте» деп тереңінен түсінген Мұқаш тәрізді дара-дүлдүлдердің әрбір қадамы – қоғам байлығын құрайды. «Енді өмір бұрынғыдай болмайды» деп қара аспанды суға алдырғандай қараудың жөні жоқ. Алғыр ойлы азамат бұл өмір енді бұрынғыдан әлдеқайда өзгеше болады дегенді ғана білдіретінін айтады.

Қазақ зиялылары ұрпағына ие болу керек! Мұқаңның ұстанымы осы. Өңі өшпес өнегесі мол аға ұрпақ өкілдерінің өсиеті мен аманатына бүгінгі жас ұрпақ рух жағынан әзір ме, жоқ па?

Қайсар мінезді қазақтың мемлекет­шілдік қадір-қасиеті әрдайым ұлттық парыз биігінен көрінеді.

Бір өзі облыс көлемінде жұмыс істейтін көптеген қоғамдық комиссияның жұмысына белсене қатысады. Оның саны 10 ба, әлде, 20 ма? Өңірдің ­«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ­Директорлар кеңесінің төрағасы болу аз жауапкершілік пе? Көп жылдан бері облыстық мәслихаттың ең беделді ­депутаты. Халықтың қалаулысы.

Таудан түнде көрінген оттай жарқын тұлғаның қалың ортада ұдайы болуы ұлағатты тәрбиенің тірегі. Бұл жағдай қазіргі әлеуметтік-еңбек қатынастары ерекше мәнге ие болып, тұлғалар ықпалы сәл-пәл бәсеңсіген кезде ­мойындау­ға тұратын адамдар мәртебесі ­ерекше маңыз­ды. «Қазір жөн сөзге тоқтап, құлақ түретін адам бар ма?» деп жаппай айтылғанда, сыйлау мен сенім қасиетін Ескендіровтердің жоғалтпайтынын да ескеру керек.

Бұл қоғам дамуында кірпік ілдір­мейтін, қашанда сергек, ояу құбылыс.

 

ЕҢБЕК ЕРІ ЕЛІМЕН БІРГЕ

 Ежелгі ел шежіресі Тараз қаласына ресми сапармен келген адамдар «Казфосфат» зауытына бас сұқпай кетпейді.

Бүгінгі алып химия өндірісі жаңа технологиялар мен менеджерлік ізденістің үлгілі нәтижелерімен әйгілі.

Ертеректе Жамбыл өңірі десе, «мал­шылардың маршалы» атанған, дала академигі, екі мәрте Еңбек Ері, Алтын жұлдызды кеудесіне таққан Жазылбек Қуанышбаевтың есімі еске түсер еді.

Ел тәуелсіздігі жылдары туған елі үшін аянбай еңбек еткен Ерлерінің шоғырында «Казфосфаттың» аты озып тұр. 2015 жылы Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Казфосфат» ЖШС Бас ­директоры М.Ескендіровке Отанымыздың өркендеуі мен дамуына қосқан зор үлесі үшін еліміздің ең жоғары наградасы «Қазақ­станның Еңбек Ері» атағының бе­рілуі абыройға абырой қосты, талантты өндіріс адамының өміріне үлкен өзгерістер әкелді.

Еңбек адамы мен еңбекті дәріптейтін Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігі «Еңбек Ері елімен бірге» деп аталатын бір жобаны қолға алып, бүгінгі заманның қаһарманы аудан-ауылдарда кездесулер өткізе бастады.

«Ол қандай адам, қандай еңбегі үшін осындай биік мәртебеге ие болады?» деген сұраққа ол кісінің өмірбаяны ғана емес, азаматтық деңгейі де сеп болғанына көз жеткізді. Ал жергілікті халықтың көкейінде жүрген сауалдардың шешімі тап сол кездесулерде табылып жатты. Айталық, Меркіде Тұрар Рысқұловтың музейін жөндеу, Құланда әйгілі ­жазушы Шыңғыс Айтматов оқыған ауыл шаруашылығы колледжінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға қаржы бөлу, Жаңатаста көп қабатты үйлердің бірсыпырасын жас жұмысшылар от­басының сатып алуына жәрдемдесу, Байзақ ауданында химия өндірісінен оқуы бар жастарды жұмысқа қабылдау, Таразда экологиялық сауықтыруға мил­лиардтаған қаржы қарастыру және басқа да ұсыныстарды Мұқаш Ескендіров толық орындап шықты. Бірде-бір ұсыныс аяқсыз қалған жоқ. Құдды бір өңірде Ұжымдық шарттың жүзеге асуына атсалысу ақиқаты осылай жалғаса береді. Жеке адамдардың шаруасы мен өтінішін қолынан келгенше жүздеп орындайтынын айтсақ, ұзақ-сонар тізім жасалады.

Еңбек адамының хұқы мен мүддесін қорғайтын Қазақстан кәсіподақтары Федерациясы өткен жылы ­республика өндіріс кәсіпорындары арасында алғашқы «Ең үздік әлеуметтік әріптес» төсбелгісін М.Ескендіровке табыс етуі еш кездейсоқтық емес. Еңбек ада­мына қолайлы әлеуметтік жағдай туғызу, лайықты еңбек жалақысын жасау, ұжым­дық шартты орындау, еңбек қауіпсіздігін сақтау сияқты әлеуметтік қолдау әрдайым өзекті мәселе, бағалаудың басты шарты.

Әдетте шені жоғары шенеуніктер мен жекеменшік кәсіпорынның ­кеуде көтерген басшылары қарапайым кісілерге оң қабақ танытпақ түгілі, ­есі­гінен де сығалатпайды. Төрешілдік те қоғам дерті.

Ал Мұқаш Ескендіровтің кеңсе есігі әрдайым ашық екеніне жұрт куә. Зауыт кеңселері тым қарапайым дей алмаймыз, бай экспонаттары көздің жауын алады. Әлемнің әйгілі химик ғалымдары мен Қазақстанның Қ.Сәтбаев, ­М.Усано­вич, Д.Сокольский, А.Бектуров, Б.Бірімжанов, М.Козловский, О.Сонгина, Б.Жұбанов, Е.Ерғожин сияқты ғұламалар портреттерінің қаз-қатар ілініп тұруы химия және геология ғылы­мының үздік еңбектеріне ұлттық-ғылыми құндылықтар тұрғысында қарап, құрметтеудің айқын көрінісі.

Әдебиет демекші, кезінде Халық жазушысы Шераға – Шерхан Мұртаза Қаратау-Жаңатас аймағында жұмысшылар өмірі мен өндірістік тақырыпқа арнап «Қара маржан», ал көрнекті қаламгер Әкім ­Тарази «Кен» деген көркем туындылар жазған.

Осы екі роман зауыттар кітапханасында ең көп оқылған кітаптардың қатарында аталады. Қара тасты жарып шыққан қызыл гүлдей Қаратау қаласы мен тарихи жер жайында Нарша Қашағанұлы­ның жыр кітаптары жұмысшылардың қызығып оқитын туындылары болса, ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қаратау толғауы» баршаның сүйікті шығармасына айналған.

Мұқаш Зұлқарнайұлы тарихты жасайтын ұлы тұлғалар мен өз кәсібінің адал иелерін бәрінен де биік қояды. Оның қоғамның әлеуметтік және рухани өмірі бір-бірін толықтырып, байытатын күш деп біліп, ізгілікті игіліктерге, ортақ дәулетке қол жеткізіп отырғаны анық. Жалпы XX ғасырдың 50-жылдары Қаратау-Жаңатас бассейнінде әлемде ең ірі суперфосфат салына бастағанда ұлттық жұмысшы ­мамандар даярлау өте зәруліктен ­туындаса, содан бергі аралықта фосфор өндірісінің майталмандары түгелдей ауыл балалары.

Химия өндірісі кәсіпорындарында қазақ балалары кенші де бола алады.

Алып өндірісті де басқара алады ­деген сенімді дәлелдеп, ақтаған ізашар тұлға Тұйғынбек Темірбеков ағамыз екен. Темірдей тәртіптің адамы жұмысшылар рухын көтеруді ойласа керек, сол уақытта Жамбыл қаласында тұрған атақты композитор Шәмші Қалдаяқовпен жақын дос болып, әйгілі «Фосфорлы Жамбылым» әнінің сөзін де жазған дейді. Кейінірек ән сөзін белгілі ақын Сабырхан Асанов сәл басқалай жазып шығыпты. Мұқаң сол дәстүрді берік рухани иммунитет санайды.

Ұлттық рух пен ұлттық намыс – өмірі ұшталған семсердей өткір ­жұмысшы­лар қауы­мының айнымас құндылық­тары, олар қашанда болсын, сергек әрі сезімтал.   

Қазақ жұмысшыларының білікті де білімді шоғырын қалыптастырып, әрісі 200, берісі 300 жылдық өтімі бар химиктер әулетін үлгі етуде.

Жас жұмысшылар әлеуметтік ­өзге­рістер мен әділетті заңдар үшін дауыс береді. Сенім білдіреді.

Мұқаш Ескендіровтей аса байыпты, әділ, турашыл басшылыққа қарап бой түзейді. Өндірістен түлеп ұшқан небір азаматтар қала, облыс басшылығы қызметіне дейін көтерілді. «Басшысы қандай болса, қосшысы сондай болады» дейтін халық сөзі дәл осы ұжымға қарап айтылғандай...

Биыл адамзат пандемия жағдайында небір қиындықтар мен ауыртпалықтарды басынан өткеруде.

Карантин де айлап енгізілді. Соған қарамастан еңбек қауіпсіздігі мен әлеу­меттік талаптарды қатаң сақтай білген «Казфосфат» өндірісі еш тоқтаған жоқ. Жұмыс істеді. Жұмыскерлер мен еңбек ардагерлеріне орасан ­әлеуметтік-медици­налық көмек жасалды.

Жамбыл облысының медицина мекемелеріне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып берді. Жарнаманы жаратпайтын жан күн-түн демей сырқат адамдарға аса қажетті оттегінің қорын үсті-үстіне жөнелтіп жатты. Өзі бас болып, осы өңірде аты шыққан кәсіпкерлердің ортақ іске, ел жағдайына жатпай-тұрмай қарайласу мақсатымен едәуір мол қаржы жинап, алыс-жақын елдерден өте қат әрі қажет дәрі-дәрмектерді емханаларға тегін ­таратып бергенінен де жұрт хабардар. Қол қусырып отыратын уақыт па, ауыр соққан айларда нағыз жанашыр, көшбасшы азамат алдыңғы шепте жүрді. Қоғамдық бақылау қызметіне де ұйытқы болды. Зауыттың белсенді азаматтары медицина мекемелеріне қымбат құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектің уағында жетіп, сырқат адамдардың тиісті ем алуына халықтық бақылау жасады.

Ел басына қиындық туғанда ерлерсіз іс біте ме?

Қарап тұрсақ, ұлы Абай атамыз айтқандай, Мұқаш Ескендіровтер осы заманның толық адамы. Қоғамға да осындай жарқын тұлғалар керек. Ірілердің інісі болған бұл азамат «Іргелі еліңде кімдерің бар?» деген сауалға тұтас рухани-кісілік келбетімен жауап бере алады.

Жамбыл өңірі десе, осы заманның өр тұлғасы Мұқаш Ескендіровтің есімі ойға оралатынын енді айтып жатудың өзі артық секілді.

Біздің елдің жігіттері осындай!

 Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері

Жамбыл облысы

 

1310 рет

көрсетілді

92

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы