• Тіл
  • 28 Қазан, 2020

Мемлекеттік тілдің мәртебесі – ел мәртебесі

«Тіл – жүректің елшісі, жүректен шыққан сөз жүректерге жол табады» деген даналықты халқымыз бекер айтпаса керек. Тіл – ұлттың жаны, болмысы, рухани қазынасы оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы. Ең бастысы, тіл – сөйлеу және қарым-қатынас құралы, ол өзіне тән грамматикалық құрылымы бар сана құбылысы. Тіл адамдардың оны дұрыс қолдануы, яғни шұбарламай сөйлеуі арқасында тыныстайды.

«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің өзекті мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп заңғар жазушы Ғ.Мүсірепов айтқандай, елдің болашағын, тілдің құндылығын сақтау баршамыздың басты міндетіміз.
Өз тілін құрметтемеген ұлт бойындағы бар асыл қасиетінен айырылады. Себебі өз тіліңді қастерлеп, ұлықтасаң ғана, елің мен жеріңе ­деген патриоттық сезімің арта түседі. Мемлекеттік тілдің мәртебесі – ел мәртебесі екенін жадымыздан шығармауымыз керек. Біздің еліміз тәуелсіздік алғалы бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді.
Қоғамымызда қазақ тілін дамыту және оның мемлекеттік дәрежесін нығайту бүгінгі таңдағы негізі шаралардың бірі.
Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық, жүйелік кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткеніміз абзал. Өйткені өз тілінде жетік сөйлейтін ұлт қана өзге елдермен керегесі кең, терезесі тең, бәсекеге қабілетті мемлекет бола алады. Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл –тірлік үшін дегендей, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстандағы ең жетекші жоғары оқу орны болғандықтан, жастарды ана тілін қастерлеп, құрметтеуге, сонымен қатар өзге тілді меңгеруге көптеген жобалар ұсынып, олардың қызығушылықтарын арттыруда. Біздің Халықаралық қатынастар факультетінде де жылдан-жылға студенттердің кәсіби дамуына, өздерін жан-жақты же­тіл­діруіне, шет тілдерді озық меңгеріп, үйренуіне біршама жағдайлар жасалған. Биылғы жылы Халықаралық қатынастар факультетінің құрылғанына 25 жыл толуына және халық­аралық дәрежедегі заңгерлерді тәрбиелеп, шы­ғаратын Халықаралық құқық кафедрасының ашылғанына 30 жыл толуына байланысты көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Басым көпшілігін мемлекеттік тілімізді халықаралық деңгейге шығару аясында өткізілген іс-шаралар құрайды. Аталмыш іс-шаралар студенттеріміздің бойындағы үш тілділікті дамыту, кәсіби біліктілігін жетілдіру үшін ұйымдастырылған болатын. Болашақ жастарға өз ана тіліңді құрметтеп өзге тілді меңгеру келешекте көптеген мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өткенді жөн көрдік. Біз оқытушылар қауымы жастарды еліне елеулі, халқына қалаулы, адал, білімді, еңбексүйгіш, ана тілін құрметтейтін, абыройын кірлетпейтін, жан-жақты жасампаз тұлға ретінде қалыптасуы үшін бар білгенімізді үйретіп, тәжірибемізбен бөлісуге әрқашанда дайынбыз. Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі болғандықтан, өз ана тілімізді дұрыс қолдану мемлекеттік тіліміздің халықаралық деңгейге көтерілуіне, еліміздің дамуына бір қадам жақындата түседі.

Л.Нысанбекова,
Халықаралық құқық
кафедрасының PHD докторы
Ж.Үмбетбаева,
Халықаралық құқық
мамандығының аға оқытушысы

2273 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы