• Руханият
  • 28 Қазан, 2020

«СӨНБЕЙДІ ӘКЕ, ШЫРАҒЫҢ!»

Отағасы өмірден өтті. Таяуда. Фәниден бақиға озу заңдылық дегенмен, тас түскен жеріне ауыр, орны толмас қасірет. Марқұмды көзі тірісінде көріп-білмесек те, газеттерден қаралы хабар оқығанда артында қалған зайыбы мен ұлына қаншалық ауыр соққанын жан жүрегімізбен сезіндік, ұқтық, қайғыларына сырттай болса да, іштей ортақтасып, Жаратқан иеден сабыр, төзім, шапқат тіледік. Басқадай не амал. Сексен екісінде дүние салған отағасының өзін білмесек те, оның құдай қосқан қосағын еңбекке араласқаннан бастап мінсіз атқарған (бұған алда аз-кем ораламыз) құзырлы қызметі арқылы және біраз жыл бір үйде тұрып, ара-тұра көріп жүретін көрші ретінде білетінмін. Ол сол шақтардың өзінде танымал қайраткер болатын. Анда-санда бізден кейінгі подъезге жасы келген кейуананы қолтықтап, кіріп не шығып бара жатқанын байқайтынбыз (анасы болар деуші едік, сөйтсек, әжесі екенін соңыра білдік). Қимылы ширақ, түсі игі жас қызбен аулада ұшырасқанда бас изеп амандасудан аспайтынбыз. Анда-санда қоржын-қапшықтарын көтерген әлдебір бейтаныс жандар біз тұратын бесінші қабатқа көтеріліп, пәтердің түймесін басатын да, қателескендеріне кешірім өтініп, жөн сұрайтын. Оларға іздеген адамдарының келесі подъездегі дәл осындай бесінші қабатта тұратынын айтып, келесі жолы да солардай «адасып келгендерге» бірден бағыт сілтеп жіберетін болдық.

Айттық қой, көзі тірісінде көріп-білмеген отағасының отбасы мүшелері мен жақын-жуық, тума-туыс, дос-жарандарына бағыштаған лебізімізді осылай бастауға тура келіп отыр, ағайын. Ал, енді...
Бұл отағасы кім болды екен деп отырған боларсыз, әрине. Қысқа қайырып айтсақ, еңбегі сіңген құрылысшы, айтулы маман, жаны игі жайсаң, абзал әке. Адам! Ол жайлы әзірге білетінім осы тектес қасаңдау мәлімет-деректер. Ал, кісілігі көлдей, құрметті, сыйлы, ізгі жанды жаратылыс иесі болғанын, басқасын қойғанда, жансыз бейне – суреттегі батыр тұлғалы бітім-болмыс, кескін-келбет айтып тұрғандай.
Туған жері – Түркістан топырағы. Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенелерінің ғажап көрінісіне таңырқай жүріп ержетіпті. Орта мектептен соң, 1964 жылы Қазақ политехникалық институтын бітіріп, инженер-құрылысшы мамандығын алады. Алғашқы еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс шебері болып бастайды. Онан соң Алматыға ауысып, «Алматышахтпромстрой» тресінде аға инженер, «Казгидротехместпром» жобалау институтында бөлім бастығы, «Казгипроград» бас жобалау институтында бас инженердің орынбасары сияқты лауазымдар атқарады. Құрылыстың сапалы, мықты ­болуы жобаға тәуелді. Осы орайда білікті маман Сайлаубек Еділбаев қызмет сатысында одан әрі өрлеп, Қазақ КСР құрылыс басқармасы төрағасының орынбасары, «Казоргтехстрой» институтының бөлім бастығы, бас инженер қызметіне жоғарылайды.
Сондай-ақ бұлармен шектеліп қалмай, құрылыс индустриясы ғылыми-техникалық қоғам басқармасының төрағасы, Қазақ КСР құрылыс материалдары министрлігінде күрделі Құрылыс басқармасы бастығының орынбасары болады. Жүктелген қай міндетті де мінсіз атқарып, алғыс-абыройға бөленеді, айтулы марапаттарға ие болады. Ғұмырынша асып-тасу, менменсу, өсек-аяң, ғайбат-жала, іштарлық, қызғаныш, күншілдік секілді нақұрыстықтардан ада, ақырын жүріп, анық басудан танбаған Сайлаубек Еділбаев 2002 жылы зейнетке шығып, көрер жарық, татар дәм-тұзы таусылғанша азаматтық арына кір келтірмей, тазалықты ту етіп өтті. Рухы шат болсын!
Енді Сайлаубек жайлы көңіл айту, жұбату сөзімізді осымен шегере тұрып, оның бір кезде біраз уақыт бір үйде менімен көрші тұрған – жарқосағы кім екеніне ойысайық.
Одан алдын, отағасының өзін білмесем де, суық хабарды газеттен оқыған сәтте қандай күй кешкенімді жоғарыда аз-кем баян еткенімді қайталап еске салу артық еместей. Әрі, осы жолдардың хатқа түсуіне себеп-салдар сол болғандықтан десек те.
Телефон арқылы бұрынғы көршімнің басына түскен қиындық жайлы хабарлаған ғазиз жанның «олай болса, үйіне барып, көңіл айтсаңыз болғандай екен» деген лебізінен кейін, міне, Сайлаубектің отбасына келіп отырған жайым бар. Үйде әлгі мені осында келуге үндеген тілектес, ниеттес дос және Сайлаубектің зайыбы, мен үшеуміз. Қол жайып, құран оқу, жұбату жоралғыларынан соң, отыз жылдан аса бір шаңырақ астында ғұмыр кешкен, қымбаттысынан айырылған (баяғы) көршімнің көңілін аулау ниетпен өткен-кеткенді сөз ете отырып, анадай жерде жатқан су жаңа кітапқа назарым ауды. Соны байқасымен (бұрынғы) көршім әспеттеп басылған кітапты алды да: «Е, бұл бұдан екі жылдай бұрын өз отбасымыз, туған-туыс, құда-жекжат дегендей, көз көргендер үшін шығарған дүние ғой, негізінен әке-шешем, ата-бабаларым, нағашы жұрт, өзім жайлы баяндаулар. Мен мына жалған дүниенің қиындығын көп көріп, қызығын аз көрген әке-шешемнің жалғыз перзентімін. Әкем 41, шешем 62 жасында қайтыс болды. Екеуінің бар үміт, сүйеніш-тірегі мен едім. Жасым қырықтан асқанда Сайлаубекпен тұрмыс құрып, қазір ержеткен ұлымыз бар. Түркиядан оқып келіп, жұмыс істеп жүр. Сәкең ұлын үйлендіріп, немере сүйсем деген арманына жетпей кетті (мен сөзін бөліп, «ол нәсіп енді сізге бұйырсын, соған біз де куә болайық» дедім, ол «әумин» деді). Ұлым әкесін іздейді, өлгеніне ­сенбей жүр. Жасым жетпістен асқан зейнеткер ­болсам да, өз әкемді мен де іздеймін ғой осы күнге дейін. Ұлым да, қызым да, ­барым да, нарым да өзіңсің деп отырушы еді ол маған. Мына кітапты «Сөнбейді әке, шырағың!» деп атағаным сондықтан. Енді алдағы ғұмырымда бұл атау да, кітап та ұлым екеумізге ортақ. Жазмыш солай екен, қайтейін» деді күрсініп.
Бұл аралықта кітапты жай парақтап отырған менің бір сөйлемге кездейсоқ көзім түсті де: «Алматыдағы Ардагерлер үйі мен Әлеуметтік тұрғын үйдің ашылғаны сідің арқаңыз екен. Бас мердігер Евгений Хрюкин Ардагерлер үйі салынып біткенше күн демей, түн демей сізбен бірге болғанын айтады. Осы рас па?» дедім.
– Әрине, рас. Ташкент пен Киевтегі Қазақстан елшілігінде бес жыл кеңесші боп істеген соң, туған елге оралдым. Мұнда маған қалалық Еңбек пен әлеу­меттік қамсыздандыру басқармасы бастығының орынбасары қызметін ұсынды. Ризашылықпен қабылдадым. Менің міндетіме мүгедектер мен көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету, әлеуметтік мекемелер және қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеу жатады екен. Оларды айту қазір оңай болғанмен, ол кезде оңай емес-ті. Сан рет тағдыры қиын адамдармен кездесуге тура келді, – деді.
Ал, енді қымбатты оқырман, осылай деген ханым – Қазақ университетін бітірер-бітірместе ерік-жігер, зерек­тігімен көзге түсіп, кейін Комсомол, партия органдарында жауапты лауазымдар атқарып, халықтың іскер, кішіпейіл, қалаулы қызына айналған болашақ қоғам және мемлекет қайраткері, бұрынғы көршімнің аты-жөнін айтар кез келді-ау деймін, ә!?
Әсен Беспаева! Иә, иә! Бұған дейінгі түсінігімде есімі Әсен емес, Әсем, баспасөздерде солай жазылатын секілді еді, сөйтсем, Әсен аталуының да өзіндік тарихы бар екен. Атқарған қызмет орындарының бәрі болмаса да, кейбірін атасақ, комсомол комитетінде лектор, қазіргі Жетісу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшы, Алмалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Бостандық (бұрынғы Калинин) аудандық атқару комитетінің төрағасы, Шымкент облыстық партия комитетінің хатшысы, Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Министрлер Советінің бөлім меңгерушісі секілді биік ­лауазымдар атқарған – кәдімгі Әсен ­Беспаева. Әсен әңгімесін әрі қарай сабақтады: «Сан рет тағдыры қиын адамдармен кездесуге тура келді, – деп. – Осы басқармада қызмет істеген жылдарда әкемді жиі еске алатынмын. Оның бес жасқа толар-толмаста панасыз қалып, ата-анасының мейірімін көрмей, жетімдікпен өскен балалық шағы көз алдыма келеді. Әкем қайтыс болғаннан кейін пәтерден-пәтерге көшіп жүрген кезіміз, менің оқуыма жағдай жасау үшін анамның жар құлағы жастыққа тимей өмірден өткені – бәрі көз алдымда. Осылардан түйгенім, адамдарды әлеуметтік жақтан қорғаумен айналысатын ұйымдарға олардың жағдайын түсінетін, қиындықты өз басынан өткерген жандарды жіберген дұрыс-ау деп ойлаймын. Мұқтаж адамдарға кісімсіп, мұрын шүйіре қарайтын кеудемсоқтарды жіберудің қажеті қанша?!
Өз басым, шетелдерден Алматыға оралып, жоғарыда аталған қызмет тізгінін ұстаған бойда бірден байқағаным, қарттар мен жүйке сырқатына ұшырағандар өте тар, лас, адам төзгісіз интернатта тұрады екен. Онда әр барған сайын көңілім құлазып қайтатынмын. Осы жағдайларды баяндап, қалалық әкімшілікке хат жолдадық. Аталарына рақмет, олар тиісті құрылымдарға зерттеу және ұсыныс жасауды тапсырды. Нәтижесінде тоғыз ай ішінде жаңа ғимарат тұрғызылып, интернат аталатын тар қапастағылар жаңа үйге қоныс аударды. Бұл деген қарттардың тұруына барлық жағдай қарастырылған республикадағы бірегей әлеуметтік мекеме болып шықты. Онда екі рет келіп, риза болған Нұрсұлтан Назарбаев алдағы кезде интернат емес, «Ардагерлер үйі» деп атауды ұсынды. Мінеки, қазіргі ұлы Баукең, Бауыржан Момышұлы көшесіндегі «Ардагерлер үйі» осылай пайда болды. Оған іле-шала...
Менің бастамаммен жалғызбасты қарт­тарды ескі баспаналарының орнына жайлы тұрғынжаймен қамтамасыз ету үшін Әлеуметтік тұрғын үй ғимараты салынды. Онда тұратындар Әлеуметтік төлемдерден босатылып, білікті мамандардың жәрдемі, медициналық қызмет көрсету шарасы ұйымдастырылды. Кір жуу, шаштараз, аяқкиім жөндеу, т.б. тұрмыстық қызмет тегін. Солайша, Әлеуметтік тұрғын үй ғимараты да бірегей нысанға айналды. Тағы бір игілікті іс деп қаладағы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемелері жанынан мүгедек балаларға үйде қызмет көрсететін бөлімшелер ұйымдастырылғанын айтуға болар еді. Бұл ата-аналар үшін айтарлықтай көмек болғаны былай да түсінікті, әрине.
– Бұлар басқармаға сіз келген соң жүзеге асқан шаралар ғой?
– Негізінде солай, бірақ, барлығын жалғыз мен жасадым демеймін, ұжымның арқасы. Мен бастама көтеріп, бәрі түгел жүзеге асқанша тыным таппай жүгіргенімді ондағылар жақсы біледі.
– Бәрекелді. Президент көріп, риза бопты. Басқа да басшылар оң пікір білдірген шығар?
– Ол жағын қайдам, бірақ, Ардагерлер үйі мен Әлеуметтік тұрғын үй жұмысын Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен ­вице-премьер Бірғаным Әйтімова, Әлеуметтік қамсыздандыру министрі ­Тамара Дүйсенова жоғары бағалады. Мен үшін ең бас­тысы, сол жұмыстардың игілігін жұртшылық қазірге дейін көріп келе жатқаны.
Міне, қысқа уақыт кездесу үстіндегі қысқа әңгімеден осындай нақты іс-шаралар жайлы біліп, Әсеннің әсем қырларына қанықтық. Бәрінен де, осынау әңгіме, ой-пікірлердің ғибраты қандай десейші, шіркін! Пах!
Басқа түскен қайғы-қасірет жанашыр­лардың демеуімен сейіліп, жеңілдейді дейді ғой. Кім білсін? Бас иесінен айырылғанына екі аптадан енді асқан Әсенге жұбату сөзімізді айтып болдық-ау деген ­шамада қайтуға жиналдық. Оқып бітісімен кері қайтаруға уәде беріп, марқұм күйеуі ­Сайлаубек Еділбаев екеуі шығарған кітапты ала шықтым. Өзім жарты ғасырдан астам қызмет еткен «Мәдениет және тұрмыс» журналында ертеректе «Кітап – қазына» деген айдар болушы еді. Мына кітап дәл сол! Қазына!
О, онда не жоқ дейсіз! Бәрін қамту мүмкін емес. Бір-екеуін ауызға алайық. Әсен Беспаеваны Алматы қалалық атқару комитеті председателінің орынбасары болмысымен аяқастынан туындаған мемлекеттік деңгейдегі тағы бір мәселе күні-түні мазалап, көкейінен кетпей қояды. Өткен жылға дейін бұрынғыша аталып келген Халықаралық 1 мамыр мерекесі Совет Одағы тарауына ­байланысты биыл ­аталмайын деп тұр. Бұрында үйреніп қалған халық бұл күнді асыға күтетіні белгілі. Биыл ше, қалай болмақ? Әсен қадірлі ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері атынан ­Президентке хат жазып, 1 мамыр мерекесін «Қазақстан халқының бірлігі күні» ретінде атауды ұсынады. Әрине, қызметтес серіктерімен, басшылармен ақылдасып. Оларды басқа облыстардағы әріптестері қолдайды. Қаншалықты қиын болса да, Н.Назарбаев Жарлыққа қол қояды. Мереке тойланады. Барша телеарнадан көрсетіледі. Бұрынғы одақтас көрші респуб­ликаларда түске де кірмеген мереке, сөйтіп, бізде тұңғыш рет «Қазақстан халқының бірлігі күні» ретінде аталып өтеді. Содан бері жыл сайын аталатын мерекеге айналды.
«Осынау мемлекеттік маңызы зор шараға бастамашы болғанымды мақтан етемін» дейді Әсен.
Басқаларды қайдам, ал, мен өз басым қазіргі шақтағы 1 май мерекесінің біздің жаңа дәуір, жаңа қоғамға Әсеннің бастамасымен қайта оралып, мәңгі орныққанын білмейді екенмін.
Отбасымыз, жақын-жуықтар үшін шығардық дейтін кітапта осындай елең еткізердей дерек-дәйек, мәліметтер, алуан тағдыр, үрім-бұтақ, ата-ана, ет жақындары, бауырларының бастарынан өткен қиындық, қуғын-сүргін, төгілген қан, көз жасы, ­соларды жеңе білген, үстем болған мерей, бәрі бар. Бәрі!..
Ал, қымбатты Әсен... сіз болсаңыз осындай жауһарды отбасылық кітап дейсіз. Қайдағы?! Олай болса, біле жүргейсіз. «Сөнбейді әке, шырағың!» – барша қауымға қажет, қазына кітап. Қазына!

Зәкір АСАБАЕВ,
жазушы, халықаралық
«Алаш» сыйлығының иегері

1337 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы