• Тарих
  • 05 Қараша, 2020

ШЕКТІ БӨГЕНБАЙ БАТЫР

Халқымыздың тарихында әлі де ашылмай тұрған ақтаңдақ беттер жеткілікті. Елін-жерін қорғаған, ерлік көрсеткен батырлар арасында зерттеушілер назарына ілінбей немесе аты бұрмаланып, басқа біреулерге телініп жүргені баршылық. Мұның себебі, олар жайында ел аузындағы әңгімелерге, жыр-дастандарға, шежіре-тарихқа Кеңес дәуірінде тыйым салынуы салдарынан, кейін біртіндеп ұмытылып, келешек ұрпаққа жетпей қалды. Бұған Шекті руында Қабақ бөлімінің батыры Бөгенбай Жапалақұлының ерлік жолы мен өмірінен нақты дәлел келтіруге болады.
Әлімнің Шектісінен тарайтын Қабақтың Жанкелдісінен, Жапалақтың баласы Бөгенбай батыр өмір сүрген уақыт аласапыран оқиғаларға толы болды. Әбілқайыр бастаған қазақ қолы Кіші жүз, Орта жүз жерлерін қалмақтан босату үшін ұзақ жортуылдарға шығып, талай ұрыстарға кірді. Табын Бөкенбай, Тама Есет, Ұран Бақтыбай, Тайлақ, Алтай, Сәрке, Қарабас, Қалдыбай, Жарас және басқа батырлармен бірге біздің кейіпкеріміз көптеген ел қорғау жорықтарына қатысқаны сөзсіз. Бөгенбайдың әкесі Жапалақ батырмен бірге туған Айдаралы би Шектінің атақты батыры Ұран Бақтыбаймен, даңқты Мөңке бимен қатар аталады.
Облысымыздың Шалқар қаласында тұратын шежіреші, өлкетанушы Оразбай Әділбаев, 2006 жылы «Шалқар» газетінде, кейін 2016 жылдың 5 мамырында О.Әділбаев, Ж.Асан, А.Мухамбетулин облыстық «Ақтөбе» газетінде жариялаған мақалаларында ел аузындағы әңгімелерді қамтыды. Бұл тарихты 2000 жылы 91 жасында дүниеден өткен, көкірегі сырға толы шежіреші Өтеш Нәжмадинов ағамыз да жақсы білетін. Бөгенбай батырдың тікелей ұрпақтары Ізтілеу Бүркіталин, Тахар Қожахметов, Қайырбек Төлегенов мағыналы әңгімелер айтып отыратын. Халықтың ғасырлар бойғы сан қабат тарихы ауызша жеткен емес пе? Олар тек шындықты, болған оқиғаларды өз күйінде баяндайтын.

Авторлар мынандай деректер келтіреді: «Көнекөз қарттардың айтуы бойынша, бейқам отырған елге қалмақтар шауып, адамдарын өлтіріп, малын айдап кеткен. Ел ол кезде қазіргі Шалқар-Ырғыз аралығында Үш Бақтыбай, Қызылкөл, Текелі, Қайнар, Сарысай деген жерлерді жайлап отырса керек. Бөгенбай інісі ­Таласбай бастаған шағын қолмен жаудың артынан қуған. Ырғыздың жолында биік шоқыға жақындағанда шоқының ­басында бір қарайған көрінеді. Шоқыға жақын келгенде әлгі қарайған қанатын ­жайып қарақұсқа ұқсап, санқып кеткендей әрекет жасап, шоқының арғы бетіне түсіп кеткен. Сол жерде інісі Таласбай: «Мына көрінген жан-жақты барлаушы, бізді көрген соң қуғыншы келе жатыр деп хабар беруге кетті. Абзалы біз елден қол жинап қаруланып келейік, жау жағы көп шығар» деген. Бөгенбай батыр: «Мен жаудан қорқып кейін қайтпаймын, не де болса осы қалмақпен соғысамын» деп, шағын топпен ұрысқа кіріп кеткен. Ойлағандай-ақ шоқының арғы беті қалмақтардың қаруланған қалың қолы екен. Таласбай елге хабар айтып, тез қол жинап ­келуге шабарман жіберіпті. Сол соғыста Бөгенбай батыр аз топпен қаруы сай көп қалмаққа жанқиярлық соғыс жүргізіп, ауыр жарақаттанған. Таласбайдың астында Сұрдөнен деген ұшқыр арғымағы бар екен, ағып келіп, Бөгенбайдың денесін өңгеріп, жаудан алып шыққан. Елден Бөгенбайдың Тінбай деген баласының баласы, яғни немересі Қарабек қол жинап келіп, Шоқы мен Жаманшыңның аралығында калмақтармен жанқиярлық соғыс жасаған. Жастайынан қайратты, ержүрек болып өскен Қарабек сол шайқаста, жекпе-жекте қалмақтың екі батырын өлтіріп жауды жеңіп, малды алып қайтқан. Ырғыздың оңтүстік батысында, шамамен, 40-45 шақырым жерде үлкен шоқы бар. Бөгенбай сол шоқының түбінде жан тапсырған. Қазақтың ежелгі салтымен, батыр қай жерде өлсе, денесін сол жерге қою керек. Сондықтан Бөгенбай батырдың сүйегін сол шоқының басына жерлеген. Сол кезден бастап ол «Бөгенбай шоқысы» аталған.

Біздің мақсатымыз – ата-бабамызды жалған мадақтау, жоқтан бар жасау емес. Тек шындықты айтып қолдағы бар, қазіргі заманға жеткен, ел-аузындағы әңгіме жырлар мен тың дерек көздеріне сүйеніп, Шекті Бөгенбай батыр мен Табын Бөкенбай батыр туралы тарихи ақтаңдақ беттерді ашып және негізгі әрі басты зерттеу нысанымыз «Бөгенбай шоқысы» туралы зерттеу жүргізу, Шекті Бөгенбай батырдың тарихтағы лайықты орнын көрсету. Себебі әлі күнге дейін Шекті Бөгенбай батыр туралы тарихи шындыққа қиянат жасалынып, бұрмаланып тұр. Енді сол тарихи шындықты айтатын дереккөздеріне жүгінейік – 2003-2007 жж. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Петербургтегі Ресей тарихы институтының қолжазбалар қорында [История Казахстана в русских источниках XVI-XX ­веков». Том V. А. 2007], бізге жеткен, жалғыз сақталып келген тарихи дерегіміз Я.П.Гавердовскидің жазбалары болып келетін [Обозрение Киргиз-кайсаксой степи (часть 1-я) стр. 23. (Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской 1803 1804 годов, стр.44.]. Еңбекте: «В праве верстах в 30 от сего стана видны горы, называемые Буканбаевыми. В равнине между ними верст на 15 в поперечнике, изобилуещей хорошим кормом для скота и чистою ключевою водою, возвышается в виде конуса каменная скала, которая по причине отменной высоте именуется Буканбаевым маяком. В старину, когда киргизцы были еще бессильны, и калмыки, жившие в окружностях их, набегами угоняли скот у киргизцев и их разоряли Буканбай бий киргизский, имел тогда между сими горами свое кочевье а на бугре – маяк, откуда давалось знать соседям о прибижении неприятеля. Киргизец сей храбростью своею низложил в окрестностях силу калмыков и будучи убит там посреди сражения, погребен на том же маяке, который вместе с его именем служит киргизцам напоминанием его храбрости» және де осы оқиғаны қайтадан 61-бетінде: «...При возрений на Буканбаевы горы и на маяк Буканбаев, киргизцы не могли у терпеть, чтобы не уведомить нас о причине такого их найменования. В старину – говорили они, – когда калмыки, притесня орду нашу чрез набеги, оставались обитать частью в здешних окрестностях, старшина Буканбай с подвластными ему аулами имет главное кочевье в горах, носящих теперь его имя... по койм паслись табуны под наблюдением расставленных на вершине гор караулов. Для предупреждения нечаянных нападений... выставлял особый пост, который определенными сигналами давал знать скрываюшимся в долине обо всех движениях неприятеля. Долго, таким образом, охранялось сие природное укрепление, но, наконец, жестокое сражение, в коем Буканбай лишился жизни, открыл врагам путь в середину. Тело сего героя погребено на горе маячной («Бөгенбай шоқысы» – авторлар)» деп келтіреді.

Зерделі оқырман аңғарды деген ойдамыз – мақаланың басындағы ел аузын­дағы әңгіме мен Я.П.Гавердовскидің күнделігіндегі ел аузындағы әңгіме бір-біріне ұқсас, бір тарихи тұлғаның басынан өткен оқиғалары екендігін аңғартады. Орыс саяхатшысы әрі тыңшысы Я.П.Гавердовский жайында аз да болса оқырман білсін деп, мына деректерді ұсынғанды жөн көрдік. Бұл туралы ­тарихшы Н.Жетпісбай «Алаш сардары» («Бахадүр батыр Бөкенбай». Ақтөбе, 2011 ж.) кітабының 96-116 беттерінде атап көрсетеді. «1803 ж. Ресейдің Бұқара хандығында сауда-дипломатиялық елшілігін бастап бара жатып, жолда қазақтардың қолында бір жылдан артық (Я.П.Гавердовский тұтқында болған – ­авторлар.) болған орыс офицерінің қазақтың жалпы тұрмыс-тіршілігі, тарихи өткені туралы жазбасы екі ғасырдан астам уақыт бойы жарық көрмеген болатын.

Я.П.Гавердовский жоғарыда келтірген осы тарихи оқиғаны И.Ерофеева өзінің «Хан Абулхайыр полководец, правитель и политик» атты (Алматы,«Санат», 1999 г.) кітабының 106-бетінде былай дейді: «...Народное воспоминание об этом событий дошли до нашего времени в письменном изложеный Я.П.Гавердовского, который записал их 1803 г. в казахских аулах рода Шекти и некоторых других подразделениях поколений алимулы на территории ­Северо-Восточного ­Приаралье...». «Часто поседелые старики – писал Я.П.Гавердовский указывая на крутые насыпи, прикрывающие прах усопших говорили нам: «Здесь лежат наши богатыри, погибшие на ратном поле, защищая вольность. Тут погребены целые аулы, истребленные многочисленными варварами. Невзирая на всю жестокость, мужества не оставляло отцов наших. Облекшись в панцири они сражались отчаенно и поле битво часто оставляли под твердыми своими стопами. Иногда подобный Красной буре, поражали они скопище неприятельские и след их бегства покрывали трупами». «...Увлекшись дорогими сердцу воспоминаниями о далеком прошлом, седобородые старейшины шектинцев подробно рассказывали ему оригинальное историчес­кое предание о Каракумском собраний свойх отцов и дедов». Мұның растығын айғақтайтын дүниелер: А.Сарыбай ­«Батыр Бөкенбай – XVIII ғасырдағы қазақтың қаһарман батыры» («Баһадүр батыр Бөкенбай». Ақтөбе. 2011 ж.), 371-377 беттерінде; тарих ғылымдарының кандидаты С.А.Уталиев «Табын» деген атпен жарық көрген 2 томдық кітаптағы мақаласы. И.Ерофееваның белгілі офицер-саяхатшы Яков Гавердовскийдің 1803 жылы шекті руы ақсақалдарының айтқандарынан жазып алған дерегін келтіруінен анық аңғарамыз.

Я.П.Гавердовский баяндаған оқиғаларды ғалым С.А.Уталиев облыстық «Актюбинский вестник» газетінде 2009 жылы 16 сәуірде № 47-48 «Батыр Бөкенбай XVIII ғасырдағы қазақтың қаһарман ­батыры» // «Баһадүр батыр Бөкенбай». Ақтөбе. 2011 ж., 78-80 беттерінде былай деп келтіреді: «...в 1803 году со слов казахов – аксакалов роды шекты и некоторых других подразделений рода алимулы на землях северо-восточнее Аральского моря. Являясь руководителем русской торгово-политической миссии в Бухару, Гавердовский попал в плен к казахам, кочевавшим на территории современной Кызылординской области. Именно тогда он сумел собрать оригинальные этнографические и географические материалы о Казахстане. Большая ценность записанных им исторических сведении о Каракумском съезде 1710 года, в том, числе и его информаторами, являлись сыновья и внуки участников курултая. Прошло не так много времени (96-97 лет). Чтобы события тех памятных дней стерлись из памяти, превратившись в домыслы, ­легенды или поверхностные слухи».

Тарихшы З.Байдосовтың көп жылғы зерттеуі және басқа өлкетанушы, ғалымдардың еңбектері мерзімді баспасөз беттерінде жарияланды. 2010 жылы «Баһадүр батыр Бөкенбай» (Ақтөбе. 2011 ж.), 2017 жылы И.В.Ерофееваның ­«Рыцарь звания чести. Казахский ­батыр Бокенбай ­Карабатырулы» (Алматы 2017 ж.); «Бөкенбай. Батыр ерлігі – елге мұра» (Ақтөбе 2018) кітаптары жарыққа шықты. Осы еңбектерде Табын Бөкенбай ­батыр ­туралы, оның ішінде туған жері, ата қонысы, кіммен ұрыста қаза болғаны, жерленген жері, көптеген басқа да деректер бар. Сонымен қатар Шекті Бөгенбай батыр туралы деректер де алғаш рет аталған еңбектерге енгізілді. И.В.Ерофеева Табын Бөкенбай Қараұлы тақырыбына арналған өңірлік ғылыми-танымдық конференцияда сөйлеген сөзінде қазақтың жоңғарлар мен патша отарлаушыларына қарсы 300 жылдық тарихында Бөкенбай немесе Бөгенбай есімді 7 батырдың дерегі бізге жеткеніне, кезінде ол деректердің қайсысының қай Бөкенбайға тиісті екендігіне байланысты қателіктер жіберілгеніне тоқталды.

Ал осы Я.П.Гавердовскийдің күнде­лі­гіндегі жазбасында айтылып отырған бұл ауылдар қай рудан? Және осы маңайды қоныс қылған қалмақтардан өзінің ауылдарын шапқыншылық қаупінен қорғау үшін төбелерге қарауыл қойып, жауларының қозғалысын бақылап, көп жылдары отырған қай Бөкенбай ерлікпен соғыста қаза табады? Өзінің ауылымен осы таулы жерлерді (сол уақыттардан бері бұл таулар «Буканбай» атымен аталып келеді) жайлаған қай Буканбай. Біз, көптен бері, оқырман назарын өзіне аударып келе жатқан бұл сұрақтарға жауап беру үшін алдымен Табын Бөкенбай батыр Қараұлы туралы жоғарыда аталған еңбектердегі тың мұрағат деректерін келтірейік.

Бірінші. Табын руының көшу-қону мәселесі:

1.1. А.Б.Қалыш, Н.Ы.Жетпісбай, С.М.Әнеш Табын: шежіре. I том. Алматы: Қазақ университеті, 2016 жыл, 30 бетінде: «Ресей отаршылығы басталмай тұрғанға дейін олар Жайық, Елек, Қобда, Қалдығайты, Шыңғырлау бойларынан бастап, арадағы Жем, Темір өңірін қоса, оңтүстіктегі Үстірт, Сама-Матай, Доңызтау, Қонырат, Хорезм, Сырдарияның орта ағыстарына дейінгі аймақтарда басқа ­рулармен қатар емін-еркін көшіп-қонып жүретін».

1.2. «История Казахстана в русских ­источниках XVI-XX веков». Том IV. ­Первое историко-этнографическое описание ­казахских земель XVIII века. Алматы «Дайк-пресс» 2007, 301-303 беттерде «Букенбай (Буканбай) Караулы (последняя треть XVII в. – 1741/1742) – казахский батыр, полководец, один из организаторов всенародного сопротивления казахов агрессии Джунгарского ханства. Происходил из рода Табын поколения Жетыру Младшего жуза, проживавший до середины 20-х гг. XVIII в. преимущественно в Приаральском регионе, а последние 20 лет – на северо-западе Казахстана, в пределах современных Западно-Казахстанской и отчасти Актюбинской областей».

1.3. А.И.Тевкелев 1731 ж. Ырғыз өңі­рінде болған уақытында Әбілхайыр ханнан «Бөкенбай батырдың ауылы қай жерде, бұл жерден қашық па?» деп сұрайды. Өзінің күнделігінде былай деп жазады: «Октябрь 18-го дня Букенбай батыр от него, Тевкелев, паки поехал в свой улус... А октября 22 день... И стал он, Тевкелев, ему, хану, говорить далеко ль улус Букенбай–батыря, чтоб к ниму со известием послать. И хан сказал: до него езди будет три дня. Очень далеко... Ноябрь 5-го числа приехал Букенбай-батыр с своим улусом... («Журналы и служебные записки дипломата А.И.Тевкелева по истории и этнографии Казахстана». // «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков». Том IV. Первое историко-этнографическое описание казахских земель XVIII века. Алматы «Дайк-пресс» 2015 . 77-79 беттер.) (Табын Бөкенбай батырдың қонысы Ырғыз өңірінде болмағандығын дәлелдейді – авторлар).

1.4. Жетпісбай Н. «Алаш сардары». «Баһадүр батыр Бөкенбай». Ақтөбе. 2011 ж., 96-116 беттерінде: «1731 жылы 10 қазанда болған кеңестен кейін бір аптадан соң Бөкенбай Тевкелевке ешкімнен қорықпауын тағы да тапсырып, өз ұлысына қайтыпты... Бөкенбай кетерінде елшіні қорғауды күйеу баласы Есет батырға табыс­тап, өз ауылына қайтады (Казахско-русские отношения в XVI-XIX вв. А. 1961. 59-60 беттерде).

1.5. Бөкенбайтанушы Қарылғашов Ж. «Бөкенбай баһадүр ескерусіз ерлік пен отты рух». «Баһадүр батыр Бөкенбай». Ақтөбе. 2011 ж., 141 бетінде: «Енді шыққан тегіне, ата-қонысына келетін болсақ, Бокенбай батырдың руы Тарақты, Табынның ­Жиенбет бөлімі. Әр рудың өзінің қыстауы мен жайлауы бар екенін ескерсек, бізге жеткен құжаттарда Тарақты Табындардың атақоныстары, көші-қон бағыттары Жайық-Елек құйылысынан басталып, Қалдығайты, Бұлдырты мен Ор, Ұя өзендерінің аралығын алып, Жем, Сағыз арқылы Нарын құмына кіреді.

Екінші. Табын Бокенбай батыр Қараұлының қай жерде қаза болып, жерленгендігі туралы деректер:

2.1. И.В.Ерофеева өзінің «Рыцарь звания чести Казахский батыр Бокенбай ­Карабатырулы» (Алматы 2017,) кітабының, 112-113 бетерінде: «Все казахские предания однозначно свидетельствуют о том, что ­Бокенбай был похоронен в своих ­родовых кочевьях (өзінің ата-қонысында – авторлар), но точное место нахождение его могилы ­неизвестно. По ­сведением Я.П.Гавердовского, записанным со слов степных информаторов поколения ­Алимулы в 1803 году, она находится будто бы на вершине сопки Бокенбай шокысы, расположенной на территории современного Ыргызского района Актюбинской области [ИКРИ-5. С. 2019-220]. Но в наше время какие-либо четко выраженные остатки старинных захоронений в этом месте не прослеживается, что дает основание осторожно отнестись к утверждению российского путешественника...» деген. Көріп отырсыздар зерттеуші И.В.Ерофееваның бұл ойы дұрыс, (Табын Бөкенбай батыр Шоқыда жерленді дегеніне сенбей, күмән келтіреді – авторлар.) бірақ білмей тұрғаны басқа тарихи тұлға – Шекті Бөгенбай батырдың осы шоқыда жатқаны ойына да келмейді. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында (ІІ том, 1999 ж.) Табын Бөкенбай батыр Қараұлы туралы анықтамада: «Қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы қыраттың бірін халық Бөкенбайдың құрметіне, «Бөкенбай шоқысы» деп атап кеткен (Авторы белгілі ғалым В.Ерофеева).

Осы тұрғанда айтқан жөн: «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында деректер толық қамтылды және дұрыс жазылды деп айта алмаймыз. Мысалы, Табын Бөкенбай батырдың 1710 жылы Қарақұм құрылтайында сөйлеп, қол бастағаны Қанжығалы Бөгенбай батырға телінген және ғалым В.Ерофеева бұл жерде өзінің бұрынғы «Қазақстан» ұлттық энциклопедия­сында Табын Бөкенбай батыр Қараұлына берген анықтамасына шүбә келтіріп, кереғар пікір ұсынып отыр.

И.В.Ерофееваның сөзінен бір зат анық – Табын Бөкенбай батыр Қараұлының «Бөкенбай шоқысында» (маячная сопка Буканбай) жерленбегендігі.

2.2. Тарихшы Әбілсейіт Мұхтар. ­«Бахадүр батыр Бөкенбай» кітабы, Ақтобе 2011 ж, 54, 58 бет: «...Міне, осы 1742 жылы сәуір айында түрікмендермен болған ашық шайқаста Бөкенбай батыр бастаған жүздеген қазақтар ерлікпен қаза тапты» (ҚРО 1, С 211). Я.П.Гавердовскидің «батырдың өлімі қалмақтар қолынан болған» дегенін 1741-1742 жылдары Кіші жүзде болған ағылшын көпесі Гоктың жазбасы және мұрағат деректері жоққа шығарады (Табын Бөкенбай батыр Қараұлының қалмақтардың қолынан өлгенін жоққа шығарады – авторлар).

2.3. Белгілі ғалым Байдосов З. көп жылғы зерттеулері нәтижесінде 2002-2003 жылдары Табын Бөкенбай батыр Қараұлы бейітін анықтап, «Бөкенбай ­батыр – қолбасшы, саясаткер, мемлекет қайраткері». «Баһадүр батыр Бөкенбай» Ақтөбе. 2011 ж. кітабының 43-44 беттерінде былай деп келтіреді: «Сөйтіп, Бөкенбай батыр 1669 жылы Жем өзеніне құятын «Құр Бөкенбай» сайының бойында дүниеге келген, 1742 жылы түрікпендермен шайқаста шейіт болған. Ақбұлақтың батыс беткейіндегі қыратта жерленген. Оны «Бөкенбай қорымы» деп атайды.

2.4. Бөкенбайтанушы Жақсат Қарыл­ғашев «Бас сардар Бөкенбай Қарабатырұлы», «Бөкенбай Қара­батырұлы. Батыр ерлігі – елге мұра». Ақтөбе, 2018, ж. кітабының 84-бетінде: «...Жайық казагы Харкиннің айтуынша, Бөкенбай ауылы – Қалдығайты мен Бұлдырты өзенінің бас сағасында, Жайық бетінен төрт күндік жер. ­Казак Харкин Бөкенбай батырдың 500 сарбазымен түрікпендерге кетіп, қаза болғанын ­хабарлайды. Осы хабар З.Байдосов ағамыздың Бөкенбайдың бейітін анықтаған жерін растай түскендей.

2.5. Алпысбай Мұсаев, «Табын Бөкенбай батыр және қазақ әдебиеті мен тарихының мәселелері» кітабындағы «Баһадүр батыр Бөкенбай» мақаласы Ақтөбе. 2011 ж., 170-174 беттерде: «Батыр бейнесі көрші қарақалпақ елінің атақты жырауы Тілеумағамбет Аманжолұлы ­1865-1935 жж. өзінің «Бөкенбай батыр» дастанында батырдың қалмақтармен, ­сонан соң түрікмендермен Сам және Матай құмдарында болған соғысын жырлайды. «Бөкенбай батыр» жыры:

«... Қасында Тама Есет бар,

Елге аман келеді,

Бөкенбайдың келгенін,

Халық түгел көреді,

Жайлап алған секілді,

Улы найза денені,

Ай жарым жатып Бөкенбай,

Бақиға қарай жөнеді.

Жарқамыстың қасына,

Биік жалдың басына,

Арулап елі көмеді» деп түрікмендермен болған қанды қырғында жеңіске жеткенмен, қатты жарақат алған Бөкенбай батыр соның зардабынан қаза тапқандығын баяндаумен аяқталады.

Түйін: 1. Бөкенбай батыр Қараұлының 1731-1742 жылдар аралығында Ырғыз өңіріндегі «Бөкенбай шоқысы мен Бөкенбай таулары арасындағы жерлерде ата-қонысы болмағандығы анықталды. 2. Бөкенбай батыр Қараұлы 1742 жылы аталмыш шоқы мен таулардың маңайында қалмақтармен соғыста қаза болмағаны және сол шоқыда жерленбегендігі айдан анық болып тұр. 3. Табын Бөкенбай батыр Қараұлы Сам, Матай құмдарында 1742 жылы түркімендермен болған шайқаста қаза болып, Жем бойы Ақбұлақтың ­батыс беткейіндегі қыратта жерленген. 4. Я.П.Гавердовскидің күнделігіндегі жазбада тарихи тұлға – «Буканбай» Табын Бөкенбай батыр емес екендігі дәлелденді. (Себебі бұдан басқа Шоқыда жерленді деген бір де бір дереккөз, не болмаса ел аузындағы әңгімелер жоқ – авторлар.)

Үшінші. Шекті Бөгенбай батыр ­туралы деректерді Табын Бөкенбай батырға арналған кітаптардан және басқа тарихи дереккөздерінен келтіріп отырмыз:

3.1. Гавердовский Я.П. «Обозрение Киргиз-кайсакской степи часть 1, или Дневные записи в степи Киргиз-кайсакской 1803 и 1804 годов». Біздің пайымдауымызша, Я.П.Гавердовскийдің жоғарыдағы «Бөкенбай шоқысы» (маячная сопка ­«Буканбай») туралы жазылған мәтіндегі барлық оқиғалар бір тарихи тұлға – Шекті Бөгенбай батырға байланысты айтылады.

3.2. О.Әділбаев «Бөгенбай шоқысы», «Шалқар» газеті 2006 ж.; О.Әділбаев, Ж.Асан, А.Мухамбетулин «Бөгенбай шоқысы» // «Ақтөбе» газеті 2016 жылдың 5 мамыры; О.Әділбаев. М.Сәңкібаев «Шекті Бөгенбай батырға белгі тас қойылды». «Шалқар» газеті 3 қараша 2016 жыл. Б.Кәртен «Таласқа түскен шекті Бөгенбай шоқысы» // «Шалқар» газеті, 10 наурыз 2017 жыл, 3 бет] атты мақалаларда Шекті Бөгенбай батырдың ата-қонысы, қал­мақтармен болған соғыстағы ерлігі, қаза тапқан соң «Бөгенбай шоқысына» жер­ленуі туралы ақсақалдардың әнгімелері баяндалған.

3.3. М.Оралбаев, Ж.Қабақбаев «Мамай батыр», «Тілеу, Қабақ» ғылыми мақалалар жинағының IV кітабы. Ақтөбе. 2010, 67-бетінде:

«Мәртікке әр кез болдың дем.

Жеңіске жеткен шайқаста,

Бөгенбай, Айтбай, Қайдауыл,

Хас батырлар кімнен кем?!

Бақтыбай, Тайлақ, Нарқасқа,

Көтібар, Достан, Арыстан,

Мамай, Ақтан, Қарағұл,

Шыққандар жаумен шайқаста» деп Саршолақ шайыр Шалқар өңірінен шыққан батырлар жайында тебірене жырлайды. Осы жыр шумақтары тарихшы Байдосовтың Зәкіратдин «Ақкісі энциклопедиясы» V том, (Астана 2013 ж.), 132 бетінде және «Үш ғасыр перзенттері» VII том, (Алматы 2014 ж.), 209 бетінде келтірілген. Шайыр Сарышолақ Боранбайұлының ­(1858-1929 жж.)­ ерлік пен батырлықты паш ететін жыр үзіндісінде айтылған тарихи тұлғалардың ішінде Шекті Бөгенбай батырдың алғашқы болып айтылуы, жаулармен айқаста көптеген ерлік жасап, хас батырға лайықты үлгі боларлық тұлға екендігі көрініп тұрған жоқ па?!

3.4. Қарақалпақстанның халық ­жырауы Алдаберген Тасқынбаевтың 2004 жылы Алматы қаласы, «Санат» ­баспасынан шығарылған «Атамыз Сәпи Адамнан...» атты жыр-шежіре жинағының 80-бетінде:

 «...Қабақтан туды бес бала

Небір қасқыр жүректі

Құлақты салып тыңдаңдар

Ақының сөзін үдетті.

Жанкелдіден – Бөгенбай

Қангелдіден – Қарабас

Шықты небір мықтылар

Батыры, биі аралас

Бәсеннен Есет, Көтібар

Кездескен жауын санамас...» деп батырлардың ерлік жолдарын жырлаған екен.

3.5. Амантай Қарақов 2010 жылы ­Табын Бөкенбай батыр Қараұлына арналған ғылыми конференцияда таныстырылған «Баһадүр батыр Бөкенбай» (Актөбе, 2011) кітабының 152-бетінде тарихта сегіз Бөкенбай-Бөгенбай бар екенін айта келіп: «...7. Қабақ Бөгенбай (XVIII ғасырдың басы – 1717 ж.) Шектінің Тілеу-Қабақ ­руынан шыққан батыр, 1717 ж. Еділ ­бойынан Жоңғарияға көшкен қалмақтармен ұрыста қаза табады (Туған, өлген жылдары зерттелуі қажет – авторлар)» деп тасқа басқандай таңбалайды.

3.6. И.В.Ерофееваның 2017 жылы «Рыцарь звания чести Казахский ­батыр Бокенбай Карабатырулы» (Алматы, 2017) кітабының тұсаукесеріне арналған конференцияда, 178-179 беттеріне назар аударылды: «В последнее время казахстанскими историками установлено на основе большей частю устных преданий, что имя собственное Бокенбай передаваемое в новейшие литературе в трех разных вариантах транслитераций этого ононима (Богембай, Богенбай, Бокенбай); носили ХҮІІІ в. не менее семи казахских батыров: два-в Младшем жузе и пять в Среднем жузе. Двумя тезками, батырами, младшего жуза являлись Бокенбай (? – 1717 гг.) из подрода Тлеукабак рода шекты поколения алимулы и Бокенбай Карабатырулы (1667-1742 гг.) из отделения Таракты табын поколених жетыру... К числу однойменных батыров Среднего жуза...» (о них см.: ҚҰЭ, 1999. Т2. 394-396, 405-406 бб.; Казахстан, 2004. Т.1. с.429-430, 436; Қазақ батырлары, 2008, 95, 98-бб; Караков-2011).

3.7. И.В.Ерофеева «Три Бокенбая» кітабының // Мырзалы Ө.Е. «Ұрпаққа ұлағат» (Ақтөбе – 2018 ж. «Жеті Арыс» қоғамдық бірлестігі), 48-51 беттерінде жоғарыдағы жеті Бөкенбай-Бөгенбай аттас батырлар туралы дерек келтіріледі, солардың бірі Шекті Тілеу-Қабақ Бөкенбай (?-1717 жж.) деп көрсетіледі.

3.8. «Қазақстан табиғаты» энциклопедиясы 1 том, 2008 ж. 272 бет. - «Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде абсолютті биіктігі 240 метр, оқшау орналасқан шоқының орта тұсы дөңгелек пішінді және көтеріңкі келген. Оның ұзындығы мен ені, шамамен, 300 м.-ге жуық. Батысынан Ырғыз өзенінің кішігірім саласы – Талдысай өзені өтеді. Шоқының басына Жангелді аталығының рубасы Шектінің батыры Бөгенбай ­(шамамен, 1700-1760 жж. өмір сүрген) жерленген».

3.9. Ақтөбе облысының 1942 жылы ­басылып шығарылған физикалық ­картасы. Ырғыз ауданындағы бұл орын «Бугумбай» шоқысы деп жазылған.

3.10. «Аруна» баспасынан шыққан «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» атты энциклопедиялық анықтамада «Бөгенбай – тау». Құрылыс а-ның оңт-нде 16 км жерде, Ырғыз ауданында. Абс. Биікт. 240 метр. Ру атына қойылған атау» Алматы, 2006 ж. 86-бет.

Түйін: 1. Я.П.Гавердовскидің Шекті және басқа Әлімұлы рулары ақсақал­дарының аузынан жазып алынған күнделігінде Ырғыз өңірінде аталмыш таулар мен қасындағы шоқыда қалмақтармен болған жанқиярлық соғыста жауын жеңіп, ауыр жарақаттан қаза болған Шекті Бөгенбай батыр екендігі, оның сол «Бөгенбай шоқысы» басына жерленгені анықталды. 2. «Бөгенбай» таулары мен «Бөгенбай шоқысы» атаулары Шекті Бөгенбай батырдың қалмақтармен болған соғыста ерлігінің құрметіне байланысты қойылғаны Я.П.Гавердовскидің жазбасынан белгілі болды. 3. «Бөгенбай шоқысы» мен «Бөгенбай» таулары арасындағы жерлер Шекті Бөгенбай батырдың ата-қонысы болғандығын және Шекті Бөгенбайдың атымен аталатындығына, жаңадан табылған мұрағаттық тарихи деректер, жоғарыдағы айтылған ел ауызындағы жыр, әңгімелермен сәйкес келіп, тайға таңба басқандай дәлелдермен анықталып тұр.

2016 жылы баба ұрпақтары «Бөгенбай шоқысы» басына ескерткіш-белгітас қойды. Ақтөбе қаласында бабаға ­арнап ас берілді. Жаужүрек батырлардың бірі Шекті Бөгенбай батыр Жапалақұлы ­туралы ақиқатты ел білсін деген ниетпен осы мақаланы жаздық.

Биылғы қыркүйек айында облыс­тық мәдениет басқармасының ұйымдас­тыруымен облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратында өткізілген дөңгелек үстелде бұл мәселе кеңінен талқыланды. Ғалымдар, өлкетанушылар шараға қатысушылар алдында Шекті Бөгенбай батыр туралы мағлұмат берді, ғылыми зерттеулер мен тарихи еңбектерден нақты деректерді ұсынды.

 Аманғали МҰХАМБЕТУЛИН,

өлкетанушы

Жұманазар АСАН,

филология ғылымының докторы,

профессор

Алмат ҚАЙДАРОВ,

гуманитарлық ғылымдар магистрі

 АҚТӨБЕ

3119 рет

көрсетілді

92

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы