• Мәдениет
  • 12 Қараша, 2020

«Өлең – сөздің патшасы»

Ұлы ақын, ойшыл, дала кемең­гері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Өлең – сөздің патшасы» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған жыр бәйгесіне жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, бағы мен бабын сынады.

Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың таным-талғамын ұлт руханиятына бағыттауды көз­дейтін сөз зергерлері сайысының ал­ғашқы айналымына 14 адам ­қа­тысып, ақтық кезеңге 4 студент жол­­дама алды. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Нұрбол ­Жауынбаев, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Ардақ Адалбек, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Злиха Наурызалина және Х.Досмұхамедов атындағы ­Атырау университетінің студенті Жасар Нұрданбекұлы бар.
Шара Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенованың құттықтау сөзімен ашылды.
Айтыс барысында ақындар «Абай – дана, Абай – дара», «Рухани жаңғыру – басты бағдар», «Туған жер – тұрған жермен өлшенбейді», «Ана тілім – ардағым», «Тәуелсіздік – тұғырым» та­қы­рыптары бойынша сөз жарыстырды.
Ұлттың ұлылығын ұлықтап, төл мәдениетіміздің мерейін арттыруға сеп болған сөз сайысында Нұрбол Жауынбаев үздік атанып, байқаудың бас жүлдесін қанжығасына байлады. Бірінші орын Жасар Нұрданбекұлына берілсе, екінші орын Злиха ­Наурызали­наға бұйырды. Ал жүлделі үшінші орынға Ардақ Адалбек лайық деп танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенованың «Алғыс хатымен», арнайы дипломдармен және «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхамед пен «Tasgroup» компаниясы­ның ­бас­қарушысы Дулат ­Тастекеев ­та­ға­йындаған сыйақылармен ­марапатталды.
Аламан айтысқа қатысушылардың өнерін Талант Арынғали, Саят Қам­шыгер, Ләззат Игісін сынды танымал ақындар бағалап, жыр додасына қазылық жасады.
Осы орайда айта кетейік, өнер сайысының жоғары деңгейде өтуіне Қыздар университетінің Филология институтының қосқан үлесі мол. Институт директоры Тыныштық Ер­мекованың айтуынша, хәкім ме­­рейтойына арналған өнер жары­сы­ның мақсаты – Абай мұралары арқылы ұлт әдебиетінің табыстарын және тәуелсіздік жылдары қол жеткен жетіс­тіктерді дәріптеу.

Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ

583 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы