• Руханият
  • 12 Қараша, 2020

КӨГІЛДІР ТАУЛАР

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ІІ. Сырт

 – Қап.., – деді Күреңбел асуына көтеріле бергенімізде күйгелектене тіл қатқан орманшы Дүйсенбай. – Жо... Жоқ. Бара алмаймыз... Бүгін өту қиын бұл жерден.

– Неге?

– Төменде шекарашылар жүр.

«Әттеген-ай!.. – дедік мына сөзді естігенде ішімізден біз де. – Сонша жерден келіп тұрып... Қарашы енді... Қодас баққан қырғыздарды көре алмайтын болдық-ау».

Сөйттік те көліктен түсіп, төменге көз салдық. Алқам-салқам тау бөктеріндегі кең аңғар. Оны бойлай аққан дүлей де долы өзен. Адуындылығы соншалық, арқыраған үні асудағы бізге анық естіліп тұр. Соның бер жағындағы жазықта бір нәрсе қарауытқандай ма, қалай? Байыппен бағдарлап қарасақ, қарағайдан қиып салынған аңшылар үйі екен. Бала кезден білеміз, бұл біз жақ – Қазақ елінің Хан Тәңірі аумағындағы ең шеткі нүктесі. Ал өзеннің арғы қабағында... Иә, онда ше? Әскери киімді екі адам астындағы аттарын жүре шалдырған күйі өрге қарай аяңдап кетіп барады. Ол – Қырғыз жұртына қарасты жер. Көзімізге көрінген анау екеу сол елдің шекарашылары.

Ертеректе Сырт жайлауы деп аталатын бұл өңірде бәрі басқаша еді. Жаз шыға бере екі жақтың малшылары мұнда асыға көшіп келетін. Сөйтетін де бір-бірімен қауқылдаса қауышып, қоңыр күзге дейін мына аңғарды көкпар мен бәйге дүбіріне бөлеп жататын. Сонда ғой, шөп шабатын бригадаға көмекке келген мектеп оқушылары біздің қонаққа шақырылған ағаларымызға ілесіп, қырғыздардың қодас фермасына баратынымыз. Ол анау тұрған Құзғынұя текшесінің үстіндегі алаңқайда-тын.

Арада көп жылдар өткенде... Иә, жарты ғасырға жуық уақыттан соң... Болмысы мен бітімі бөлек осы таулы аймақ есімізге түскен. Мұндағы көз жанарыңды суырып әкетердей сұлулыққа ие ­шырышы бұзылмаған тұмса табиғат оқтын-оқтын ойымызға орала берген. Сөйтіп, оның тылсым күшке толы төскейлері түсімізге еніп, сынап сағым сырғанаған сілемдер сиқыр күшпен өзіне тартқан да тұрған. Әсіресе өздерін қырғыздармыз дейтін сартқалмақ тайпасы, олардың бала күніміздегі есімізде сақталып қалған ­ерекше салт-дәстүрлері мен аталмыш аймақта бұлардан басқа ешкім айналыспайтын қодас шаруашылығы... Астанадан ауылға аңсарымыз ауғанда: «Шіркін, сол Сырт жайлауына тағы бір рет барсақ, көрсек» деп армандайтынбыз. Сөйтіп жүріп ақыры биылғы жаздағы жолға шыққан бетіміз ғой. Бірақ, амал қанша, аяқ астынан бәрінің де өзгеріп кеткені. Бұған себеп: екі ел арасына ала баған орнатылғалы бері анда-санда жүріп өтетін көрші мемлекет шекарашыларының патруль күніне тап келгеніміз еді. Әйтпегенде...

...Ойға алған жоспарымыздың орындалмай, қабағымыздың кірбің тартқанын байқаған Дүйсенбайда маза жоқ. Көңілімізді аулау үшін ол бізді біресе асудың Қытай жақ бетіндегі Тұйықаша шатқалына, келесіде сонау Хан Тәңірі баурайынан бастау алатын екі-үш өзеннің ерекшелігіне назар аудартумен әлек. Оның алғашқысын біз білетінбіз. Бұл осы өңірдегі 1928-1932 жылдардағы аласапыранға қатысы бар әңгіме-тін. Атап айтқанда, тау нояны Мергенбай батыр елді қызылдардың қырғынынан құтқару үшін оларды шекараның арғы бетіне алып өтуге бел байлайды. Сол оймен көшті Қақпақ аңғарымен жүргізіп отырып Сулысайға жетеді. Одан ешбір шығынсыз Тұйықаша шатқалына өтеді. Ақырында Асутөрге аяқ басқанда аттап жүре алмас ақ қар, көк мұзға тап болады. Бұл қиындықтан шығу үшін батыр көштегі еркек кіндіктінің бәрін беткейге жауып жіберіп, оларды жалғыз аяқ жол сұлбасын жасауға жұмылдырады. Сөйтіп, қасат қардан аршылған мұзды жер үстіне қарағайдың қордасы мен киізден жасалған мүлік-мүкамалды аямай төсеттіреді. Сол арқылы мал-жан атаулының бәрін қияметтің қыл көпіріндей соқпақпен аман-есен өткізіп, қуғыншылардан құтылып кетеді. Мұны ертеректе біз «Тянь-Шаньның ковбойы» атты мақаламызда егжей-тегжейлі жазғанбыз. Тарихи-көркем фильмге сұранып-ақ тұрған тақырып...

Ал орманшының тау өзендерінің ерекшелігі жөнінде айтқан екінші әңгімесі назар аударарлық нәрсе дер едік. Бұл бұрын біз естімеген тың дерек. Соны мағлұмат. Дүйсекеңнің сөзіне қарағанда, мұндағы шың-құздан құлай аққан сулар түсінің көгілдір болуы оның құрамында алтын қиыршықтары бар деген ұғымды білдіреді. Бұл жай сөз емес, әлмисақтан бергі әңгіме. Оған жүгінсек, сонау патша заманында мұндағы тау қазақтары Хан Тәңірі баурайындағы өзендерде бар алтын құмын Сібір тайгасындағы немесе ­Америка аляскасындағы старательдер секілді өндіріп отырған. Атап айтқанда ол сондағы құм-тастарды сарқырамадағы науаға жуу және иірімдерге құрым киіз тастап барып алу дер едік. Мұндағы бірінші, яғни науамен жұмыс істеу тәсілі жұртшылыққа жақсы таныс. Ол Мамин-Сибиряк пен Джек Лондон шығармаларында жеткілікті жазылған. Ал екінші әдіс... Бұл нендей нәрсе? Жолбасшымыздың түсіндіруінше, бабаларымыз өзеннің су айналып ағатын мүйістеріне киіз текеметті шым-шым ­батырып, ағыс алып кетпес үшін шеттерін таспен бастырып тастайтын болған. ­Содан белгілі бір уақыт өткенде оны иірім түбінен қалқыта алып шығып, жиекке әкеп сорғытқан. Осыдан кейін кепкен киізді тақыр жердегі арнайы жайылған қара мата үстіне төңкере қаққанда, оның бетіне құм секілді ұсақ алтын қиыршықтары жылтырай түсіп отырған. Осылайша жергілікті қазақтар тау өзені суындағы өздері жайған текемет не туырлықтағы жүн қабаттары ұстап қалған бағалы металдың ине ­жасуындай шөгінділерін асқан төзімділікпен мысқалдап жинаған. Ғажабы сол, жоғарыдағыдай өте қиын қарекетпен өндірілген алтын құмын сақтау да оңай емес екен. Сондықтан ешқандай мата түрлеріне тоқтамайтын оны бабаларымыз артель кеңсесіне ірі қара терісінен тігілген кішкентай былғары дорбаларға салып апарып өткізетін болған.

Тянь-Шаньның Сырт, Байынқол аңғарларындағы көгілдір сулы өзендер- де кездесетін алтын қиыршықтары туралы әңгіме мәнісін осылай десек, енді оның мына біз тұрған жер үсті – тау жүлгелеріне қатысты айтылар сөз тіпті бөлек. Соның бірі мәселен сонау 1941-1945 жылдарғы соғыс кезіндегі елдің қорғаныс қуаты қажеттілігі үшін ашылған Жарбұлақ алтын кені. Тау жүлгелерінен табылуы мен алынуы тез оның сол кезде қандай зор маңызға ие екенін бір-ақ нәрседен байқауға болатын. Ол – аудан орталығы Нарынқолдан Хан Тәңірі етегіндегі Мәрмар қабырғаға дейінгі ит тұмсығы өтпес ну орман мен жойдасыз тау-тасты бұзып-жара отырып салған 74 шақырымдық күрежол. Егер аса бір күйіп тұрған қиын іске керек етілмесе мемлекет сол кездері мұндай қадамға бармас еді. Демек, солай болған ғой. Сөйтіп, оның пайдасын алғашында аталмыш рудниктегі кенші, геолог, ­шофер қауымы көрсе, одан кейінгі 75 жылда ол жайлаудағы шопандар мен қарағай дайындаушы бригадаларға, шыңдарға жорыққа аттанған альпинистер мен ­шекара заставаларындағы жауынгерлерге мінсіз қызмет көрсетіп келеді. Ал ГРП деп аталатын геологиялық барлау партиясы бекетінің биік беткейіндегі соғыс жылдарында үңгіп салынған забойлар ше? Жарты ғасыр үнсіз тұрып, жұмысы осы бертінде ғана қайта жанданған оның штректерінде жоғарыда айтылған қаһарлы кезеңде 150 жұмысшының төрт ауысымымен күндіз-түні тынбай еңбек еткенін қазір ешкім білмейді. Бұл тек архив сөрелеріндегі шаң басқан қағаз беттерінде ғана сақталып қалған сирек дерек. Олардың 1941-1945 жылдардағы, яғни батыста жүріп жатқан соғыс уақытында жұмыс істеген ата-әкелеріміздің қатарында бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған 16 жастағы жасөспірім, болашақта қазақ әдебиетінің классигі атанатын жазушы Бердібек Соқпақбаев та бар-тын. Кейін атақты қаламгер өзінің көптеген туындыларында иен таудағы осы Жарбұлақ алтын кенін, ондағы суық та сұрқай барак үйлері мен күнгейдегі қауіпті қия жолмен руда тасыған жерлестерінің азапты өмірін асқан бір аяушылық сезіммен жазған еді. Оны, әсіресе Бекеңнің «Өлгендер қайтып келмейді» атты өмірбаяндық трилогиясындағы бірінші кітап тарауларынан анық байқауға болады.

...Асу үстінде, міне, жоғарыдағы жайттарды сөз етіп тұрғанымызда төңіректі тінткілеп жүрген жолбасшымыз іздеген жоғын тапты-ау деймін, бізді өзіне қол бұлғап шақырғандай болды. Сөйтті де іле-шала: «Тыныш... Қозғалмаңдар!» деген ишарамен қалт тұра қалды. Бұған себеп: төбеміздегі төніп тұрған жақпартас жақтан шыққан үн еді. Шиқылдаған белгісіз ­дыбыс, бөгде құс даусы.

– Ұлар! – деді қуана тіл қатқан Дүйсекең. – Білесіңдер ме, мұны?

– Жоқ. Естігеніміз болмаса, көрген емеспіз.

– Ендеше бері қараңдар. Мен анау қырға барамын да үркітемін. Сонда оны көретін боласыңдар.

Осылай деген ол жоғарыға қарай адымдай жөнелді. Қия беткейді өрлеп, бізден 150 метр биіктікке көтерілгенде, қалың тобылғы арасынан әлдебір құстар бой көрсете бастады. Түрлері қоңыр мен сұр түс өңдес. Бір көрген жан оларды беткейдегі бозғылт тастардан ажырата алмай қалары анық. Пошымдары да бөлек. Үлкенді-кішілі дегендей әртүрлі. Біреуі аталығы немесе аналығы, екіншісі осы көктем мен жазда өсіп жетілген балапандары ма деп ойлайсың. Байқағанымыз, көп ұшпайды екен. Өрге қарай зымырай жорғалап барады. Осы кезде... Иә, оларға Дүйсекең таяй берген уақытта қалың қорымтастардың арасынан бір ұлардың көкке көтерілгені! Дене тұрқы кіші ­жабайы қазға ұқсай ма, қалай?.. Ғажабы сол, шоқыдан ұшып шыққаннан бастап ол қанатын қақпады. Құдды бір парашют дерсің. Көк жүзінде қалқыда да отырды. Сөйтіп, аңғардың қарсы бетіндегі арша арасына барып қонды.

Жолбасшымыз күнгейден түсіп, жанымызға келгеннен кейін ұлар құстың қимыл-қарекетіне қызыққан біз ал кеп оны нөпір сұрақтың астына алдық дейсіз. Дүйсекеңнің соларға қайтарған жауаптарынан ұққанымыз: бұл қанаттылар өкілі еш уақытта етекке түспейді екен. Таудың ұшар басында ғана жүреді. Қорегі беткейден жиі-жиі көшетін қорымтастар арасындағы аң-құс аяғы тимеген алаңқайдағы ұлар шөп пен тау шайы атты өсімдік, сондай-ақ тобылғының гүлді жапырақ сабақтары және арша діңінен шығып, сол ағаш қабығына пышақ қырындай ғана боп жиналған сөл майы. Ара-тұра құз-қиядағы қалақтастар арасындағы қыналарды да шоқып қояды дейді. Онда да олардың бәрін емес, кейбіреулерін ғана. Ал қыс кезіндегі күн ашықта бұл құстар таутекелер тобының артынан ілесіп отыратын болып шықты. Себебі ол аңдар қарды бұзып, жылқы сияқты тебіндемесе де, соған ұқсас әрекет жасап, шиырлай жайылады екен. Міне, ұларлар сондағы із түсіп, ашылған жердегі бұта, шөп арасынан өз нәпақасын тауып жеуді инстинкті түрде жақсы меңгерген.

– Ұлар – өте сақ құс, – деді сөз етіліп отырған тақырыпқа байланысты біздің ерекше қызығушылығымызды білгеннен кейін шешіле сөйлеген орманшы. – Ол адамды 1-1,5 шақырым жерден-ақ байқап, шиқылдай бастайды. Жақындай түссең, одан әрі мазасызданады. Сөйтіп, бүкіл ­тобымен мүлгіп тұрған тауды у-шу қылады. Қазақта: «Ұлардай шулады» деген сөз бар емес пе? Бұл соған орай айтылған ба деп ойлаймын. Содан соң ол ешкімге ұстатпайды және қолға да үйренбейді. Ақиқатын айтсам, алпыстан асқан осы жасыма дейін айласын асыру арқылы оны аулап алған аңшыны көргенім жоқ. Егер қапелімде мылтық оғынан топшысы үзіліп, аяғы сынған, соның кесірінен ұша да, жүре де алмай амалсыз қолға түскен ұлар болса, ол көп өмір сүрмейді. Тез өліп қалады. Қасиетті құс қой. Серті солай. Әйтпесе зоопарктерде ұлар неге жоқ? Себебі – жоғарыдағыдай.

Осылай деген Дүйсекең сөзінің соңын төмендегідей әңгімемен аяқтады. Өзіміз сөз етіп отырған құстың қанаттары о бастан өте қысқа жаратылады екен. Сондықтан ол көп ретте ұзындығы 40-45 сантиметрлік, салмағы 2-2,5 килограмдық дене тұрқына сай тепе-теңдікке қол жеткізе алмай, еркін ұшып-қонуға орашолақтық танытатын болып шықты. Оның көк жүзіне сирек көтеріліп, қанатын қақпай қалықтауы міне осындай жағдайға байланысты сияқты. Бұдан өзге аналығы 4-8-ге дейін жұмыртқа тауып, бір ай мөлшерінде балапан басып шығаратын ұлар етінің емдік, адамға күш-қуат берерлік қасиеттері де назар аударарлық. Ол иен таудың ешкім аяқ баспаған жерлеріндегі сирек өсімдіктер бойындағы дәрумендер нәтижесі ғой. Сондай-ақ ұлар онша семіз болмайды екен. Оның етінде май өте аз мөлшерде кездеседі дейді әңгіме иесі. Мұны: «Бұл құстың тыным таппайтын қозғалысына, атап айтқанда қиядан қияға жорғалап жүретін мазасыз қимылына байланысты жағдай» деп түсіндірді ол.

– Мана сіз осы төңіректен бірдеңені іздеп тауып, оны көрсетуге ишара жасап шақырғандай болып едіңіз, – дедік біз көлікке мініп, қайтуға жиналып жатқанымызда. – Сол кезде ұлар шиқылдап... Назарымыз соған ауып кетті емес пе? Ал ол...

– Е, мұны жақсы еске салдыңыздар. Бұл мына нәрсе. Жүріңіздер көрсетейін.

Осылай деген орманшы беткейге келіп, бір шөпті түбімен жұлып алды. «Бұл – сарыкүйік, – деді. – Осы Сырт аймағында ғана өседі. Басқа жерде жоқ. Көріп тұрсыздар, бәкене бойлы, сирек ақшыл сары ноқат гүлі бар, бір-бірімен тұтаса өскен елеусіз шөп. Мұны жылқы керемет сүйсініп жейді. Қыстан азып шығып, ал көктемде бұған аузы тиген қылқұйрық атаулының қай-қайсысы да тез қунап шыға келеді. Желідегі сауым арасында сарыкүйікке жайылған биелердің қымызы да күшті. Ұйқыңды келтіріп, ұрып жығады.

Дүйсекеңнің мына сөзін естігенде көз алдымызға жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров елестеді. Ол кісі 1927 жылы атақты Қарқара жайлауына келіп, осы өңірді түгел аралаған. Нәтижесінде «Жетісу суреттері» атты бірнеше цикл­дан тұратын поэзиялық туындыны өмірге әкелген. Сонда «Жер түгі» деген тарау бар. Мұны бөле-жара айтып отырғанымыз, 54 жолдық осы өлеңде Кеген, Нарынқол өңірінде өсетін тоқсаннан астам ағаш пен өсімдік түрлерінің аттары аталған. Солардың қатарында қазір мына біз тұрған Сырт жайлауындағы сарыкүйік те бар. Атап айтқанда мұны қазақ өлеңінің хас жүйрігі: «...Биікте бітед шөптен сарыкүйік, Тістеніп жатыр жұлып мал сүйсініп. Қымызын сарыкүйіктің ішеміз деп, Албандар жайлайды екен құстай биік» деп төгілтеді. Сол өсімдік, міне, осы. Мұны  қазір көп ешкім білмейді. Бұлай дейтініміз, кеңестік кезеңді қойшы, оның аты тәуелсіздіктен бері жарыққа шыққан көп түсіндірме сөздіктердің өзінде жоқ. Ғалымдар енжарлық танытқан немесе ұмытқан. Сондықтан Жетісу жеріндегі ерекше бір өсімдіктің атын атап, түсін түстеп, қағаз бетіне қалдырып кеткен Ілияс ағамызға «Рақмет!» дейміз.

Осыны ойлап асудан төмен түсіп келеміз. Мақсатымыз – аңғарды бойлап кері қайту. Жолшыбай орманшы ­досымыз көрсетуге уәде берген бір жерге соғып, сондағы өте сирек табиғат туындысын тамашалау. «Ол не нәрсе екен?» деп қоямыз ішімізден. Өстіп отырып үлкен Қақпақ өзеніне келдік. Оны жағалаған күйі Бозымбай сайы бұрылысына жеттік. Сәлден соң Атабайдың ақ тасынан өттік те Сарықолатқа жете бере көліктен түстік. Сөйтіп шығыс жағымыздағы жолбарыс жонды жота үстімен өрге қарай жаяу тарттық.

Осы кезде күнгейден «әңгүшік-әңгү­шік» деп суыр шәңкілдеді. «Бар екен-ау, таудың бейкүнә мақұлығы. Жоғалып кетпегеніне шүкір!..» дедік Дүйсенбайға қарап. «Иә, бар, – деп тіл қатты біздің таңданысымызды түсінген ол. – Бұрынғыдай болмаса да қайтадан өсіп-өне бастады ғой». Сөйтті де бұл жағдайды білмейтін біздің жанымыздағы «National Geographic» журналы жігіттеріне оның тарихын айтуға көшті. «60-жылдары, – деді, – Мәскеудегі ғылыми-зерттеу институттарының бірінен жіберілген арнайы бригада осы Сырт жайлауына келді де шатырларын тігіп тастап, жаз бойы жатты да қойды. Тірліктері – сай-саладағы суыр індеріне дәрі тастау. Момын мақұлықты өлтіру. Қыру. Себебін сұрағандарға айтатындары – бұлар оба ауруын таратады, сондықтан осылай істеп жатырмыз деген уәж. Аталмыш науқанның етек алғаны сонша, кейін жоғарыдағы бригадаға өз адамдары жетпей, олар бұған жергілікті жердегі қолы бос зейнеткерлерді жалдай бастады. Осылайша айналасы 4-5 жылдың ішінде Сырт жайлауындағы күнгейлерде еш алаңсыз жүрген бейкүнә мақұлық көрінбейтін, даусы да естілмейтін болды. Оларды орталықтан келген ғылыми-зерттеу мекемесінің мамандары неге ­жойды? Үкімет жоғарыдағы әрекетті бірнеше жыл бойы неге тоқтатпады? Оған сол кезде де, одан кейін де жауап болған жоқ. Тек ел-жұрттың ұзынқұлақтан естігені: «Ешқандай да обаның алдын алу емес. Сол уақытта жаңадан бір дәрі-препарат табылған екен. Соны мамандар суырлар арқылы сынақтан өткізіп көріпті» деген күңкіл сөз ғана. Жарайды. Өткен оқиға өзімен кетсін. Арада көп жылдар өткенде суырлардың қайтадан өсіп-өніп, дауыстарының жарқын-жарқын шыққанына шүкір дейік. Иә, барға қанағат. Ал.., жоққа салауат.

Осыны айтқан жолбасшымыз кезекті бір төбеден асып түсіп, келесісіне қарай көтерілгенімізде, қысқа-қысқа тағы екі хикаяға ерік берді дейсіз. Оның алғашқысы 2500-3000 метрлік биіктіктен төменге көз салғанымызда байқалған ойдым-ойдым қара жерлер еді. Ерте замандағы қыстау орындары ғой. «Баяғыда, орыс пен қытай саудагерлері, мұнда келмей тұрғанда, – деді соларды нұсқаған орманшы, – аңшы бабаларымыз өздеріне қажет мылтық оғының дәрісін 40-50 жылдық ескі қой қоралары астынан алатын болған. «Қалай?» дейсіздер ғой. Өзіміз қыста отқа жағып жүрген көң қабаты бар емес пе? Алдымен олар, міне, соны қопарады екен. Оны текшелеп, басқа жерге үйген соң соған ұқсас, бірақ көптен бері жиналған сары суға шыланған екінші жер қыртысын аршуға кірісетін болып шықты. Осыдан кейін үшінші кебу қи қабатына жеткенде, оның табанында құмшекер сияқты аппақ тұз ұнтақтары құп-құрғақ күйде жататын болған. Аңшылар, міне, соны өздері білетін әдіспен жинап алып, одан мылтық дәрісін жасаған. Ол ақжол деп аталған.

Хо-о-ш, енді екінші әңгімеме көшейін. Бұл мына қарсы қапталдағы ақ тасты шоқыға қатысы жайт. Өткен заманда мұнда Атабай атты қырғыз аңшысы өмір сүріпті. Ол мергендігінде шек жоқ өте қырағы адам екен. Міне, сол кісі бір күні Сырт жайлауының теріскейінен үлкен таутекені атып жаралайды. Соны қуа-қуа осы маңайға келгенде ақ бұршақ аралас жаңбыр жауып, құз-қия атаулының бәрі ақша қарға оранғандай болып шыға келеді. Осы мезетте аңшы өзі ізіне түсіп келе жатқан таутекені жақын мүйістен көріп қалады. Жараланып, әбден әлсіреген ­жануар екі бүйірін соға дамылдап тұр екен. Сол сәтте оны қарауылға алған Атабай алға аттай бермей ме?.. Бірақ қапталдағы ақ тас пен оны жапқан ақ бұршақтан ештеңені ажырата алмай қалған аңшының аяғы оқыстан тайып кетіп, құздан ұшады да кетеді. Сөйтіп, оның беткейдегі әр тасқа бір соғылған денесі етектегі сай табанынан барып шығады. Содан бері мына шоқы Атабайдың ақ тасы аталып кеткен екен».

Осы оқиғаларды айтып бола беріп: «Міне, келдік! Анаған қараңыздар!» деген Дүйсекеңнің қуанышты үнін естіген біз ол нұсқаған жаққа жалт қарадық. Сөйтсек... Сенейік пе, сенбейік пе?!. Алдымызда алып жартас тұр. Ол таудың қыр желкесіне міне орналасыпты. Ғажабы сол, ақ тастан құралған оның қабырғасының ортасы үңірейген тесік. Үлкен ойық. Одан көк зеңгір аспан мөлдірей көрініп тұр. Кәдімгі қақпа.., иә, аспан қақпасы! Немесе көк жүзіне көз тігер табиғат терезесі дерсің мұны. Сонда бұл қай заманда өмірге келген? Және оны кім тесіп жасаған? Адам ба, жоқ әлде табиғаттың өзі ме?

– Бұл жерді ешкім білмейді, – деді орманшы. – Өйткені орналасқан жері өте биік, жүретін жолы да қиын тау сілемі ғой. Суретке жақсылап түсіріп алыңыздар. Себебі елге әлі беймәлім жер болғандықтан, фотосы да газет-журналдарға шыққан емес.

– Солай деңіз. Жартастағы тесік... Анау ойықты айтамыз да. Ол неден пайда болған? Соны білесіз бе?

– Бұл сан жылдар бойғы батыстан соққан жел мен жауынның әсері. Басқа ештеңе де емес. Көріп тұрсыздар, жартас биік тау қыраты үстінде орналасқан. Ол Тянь-Шаньдағы күз бен қыс және көктемнің алғашқы айларында пайда болатын өкпек желдің өтінде тұр. Екпіні адамды ұшырып әкетердей күшке ие ол өзіне кесе көлденең тұрған тас қабырғаны мүжіп, теспегенде қайтеді. Бұл күндер мен айлар және жылдар бойғы әрекет емес. Ғасырға тең уақыттың әсері.

...Таудан төмен түсіп, қайтуға жиналдық. Ойымыз ояу. Көңіліміз тоқ. Жүзіміз жадыраңқы. Жүрісіміз де ширақ. Бұған себеп о бастағы жоспарымыз жүзеге аспағанымен, оның орнын орманшы жерлесіміз Дүйсенбай Сіләмжанұлының Сырт аймағы туралы бүгінгі айтқан тың да соны деректерге толы әңгімелері мен табиғаттың тосын құбылыстарын көрсеткен жерлерінің әсері. Солар бәрін артығымен толтырғандай. Иә, Таянь-Шаньдағы бір асу, бір аңғар. Оны бойлай аққан бір өзен. Және солар орналасқан бір тау жүлгесі. Осылардың өзінде жоғарыдағыдай қаншама сыр жатыр. Ал Нарынқол атты аруақты аймақтың бұдан басқа Байынқол, Қайшы, Ойқарағай атыраптарында қаншама құпия жатыр десеңізші... Алдағы уақытта Алла енді сол жерлерді көруімізге жазсын дейік.

 Алматы облысы

Райымбек ауданы

Нарынқол ауылы

 

2198 рет

көрсетілді

133

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы