• Руханият
  • 12 Қараша, 2020

«ТІЛ!» ДЕП ОЯНҒАНДА

Таяуда тілге қатысты өткен онлайн жиында бір жас азамат аға буынға екі сұрақ қойды. «1) «Үш тілділік» дегеннің бастауы – «қос тілділік» қайдан шықты?
2) Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы елге не берді?..».
Біздіңше, «қос тілділік», «үш тілділік», «көп тілділік» – ғылыми терминнен гөрі саяси термин. Ғылымда «билингвизм»  деген ұғым бар. Ол – дербес екі тілде қатар ойлап, жаза білетін шығармашыл адамдардың психологиясын, тілдік-әлеу­меттік ерекшелігін зерттейтін ғылым саласы. Мұның табиғи жағдайда пайда болатын, амалсыздықтан игерілетін, түп тілді жойып барып меңгерілетін, т.б. түрі жетіп артылады. Ең соңында мидай араласқан мультилингвизмге апаратын тарам-тарам жолы да бар. Әлі есімде, 80-жылдардың басында филология факультетінің студенттері «Жазушы-академик Мұхтар Әуезов қазақ және орыс тілдерін бірдей деңгейде, тең дәрежеде меңгерген бе?» деп, қызылкеңірдек болып айтысатынбыз. Кейінгі жылдары заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлын «билингв-жазушы» деп бағалаған диссертацияны да көзіміз шалып қалды. «Бәрін бір Алла біледі» дегендей, бұл мәселе әлі талай рет ғылыми-мәдени дискуссияның тақырыбы болары сөзсіз.

Тіл – өте нәзік, сан салалы құбылыс. Ол тек қана қарым-қатынас яки коммуникация құралы емес. Сонымен бірге тілді меңгерудің сатылары әркелкі. Мектеп көрмей-ақ қос тілде сөйлейтіндер бар (мысалы, кеңес тұсында ауылдық жерде тұрған кейбір өзге ұлт өкілдері). Мектеп түгіл, жоғары оқу орнында қазақ тілін оқып, екі ауыз сөздің басын қоса алмайтындар бар. Сондай-ақ қазақ арасында өссе де орыс мектебіне барып, қос тілде сайрап сөйлегенімен, қазақша әдеби кітап оқуға қабілеті жетпейтін, дұрыс жаза білмейтіндер бар. Бұлардың бәрі де – ғылым нысанасы.

Қазақстандағы «қос тілділік» – қазақ тілінің мемлекеттік тіл деңгейіне жету кезеңіндегі бір амал еді. Сондықтан оны сынаудан бұрын, республикамыздың 80-жылдардағы ахуалына назар аударған абзал.

КСРО-ның «қайта құру», «жариялы­лық» ұраны жай науқан болып қалмай, «ежелден еркіндік аңсаған» көңілге де, ниетке де, іске де серпін берді. «Елдік тегеурін» деген – дариядан да үлкен теңіз немесе мұхиттың тасқынындай екен. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін «бұларды бір ­жасытып алайық» деген Кремль мен Қазақстан компартиясының пиғылын қоғамның дамуы басқа арнаға бұрып жіберді. Осы орайда республика компартиясы Орталық комитеті мен Министрлер кеңесінің 1987 жылы 3 наурыздағы ­«Республикада қазақ тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы» және ­«Республикада орыс тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы» қаулылары қос тілге қызмет еткенімен, шындап келгенде, аңқасы кепкен ана тіліне ресми нәр бере бастады. Кейінгі Отан тарихында тұңғыш рет «партия және кеңес органдарында, министрліктер мен ведомстволарда, қоғамдық ұйымдар мен түрлі мекемелерде еріктілік принципін қатаң сақтау негізінде қазақ тілін үйренгісі келетіндер үшін курстар мен үйірмелер ұйымдастыруға жете көңіл бөлу» мәселесі көтеріліп, биік мінберлерден қазақ тілін дамыту ісіндегі кемшіліктер мен олардың себептері, олқылықтардың орнын толтыру жолдары айтылды.

Республикада алғаш рет «Қазақ ССР-інің Тіл туралы Заңының» жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды. 1989 жылы 20 қыркүйекте СОКП Орталық комитеті арнайы пленум шақырып, «Партияның қазіргі жағдайдағы ұлт саясаты» мәселесін күн тәртібіне шығарды. Мұнда «Партияның қазіргі жағдайдағы ұлт саясаты» атты платформа қабылданды. КСРО басшылығы осы құжатта амалсыз ұлт тілдеріне көңіл аударуға мәжбүр болды. «Қайта құру» қарқынымен Мәскеу бекіткен құжатта: «Одақтас немесе автономиялы республикаға аты берілген ұлттың тілін мемлекеттік тіл деп тану – республикалардың өздері шешетін мәселе. Мемлекеттік тіл статусы тілді кемсітуге бастамауға тиіс, ол мұның қоғамдық және мәдени функцияларын кеңейтуді, бұл үшін қажетті материалдық-техникалық, кадр, педагогикалық ­немесе басқа да мәселелерді шешуді, басқа ұлт өкілдерінің жергілікті тілді оқып-үй­ренуін көтермелеп, оған көмектесуді көздейді» деп тайға таңба басылғандай жазылды.

Әйгілі 1986 жылғы Желтоқсан көте­рілісінен кейінгі 2-3 жылда еліміздің намысты қоғам қайраткерлері, белсенді ақын-жазушылары, білім, ғылым, мәдениет саласының қызметкерлері елеулі жұмыстар атқарды. Солардың қатарындағы қаламгер-этнограф марқұм Ақселеу Сейдімбек әзіл-шыны аралас былай дейтін: «Осы бір қиын кезеңде күнделігіме жазу түспей, аз-кем шимайымның өзі табылмай, өкініп жүруші ем. Бекер үйткен екенмін, «үш әріптегі» жігіттерге рақмет, не істегеніміздің бәрі хаттап қойыпты...».

«Жаңа заман тарихына» енетін тағы бір деректі өз көзімізбен көрдік. Алаштың Ташкент кезеңінде, сонау 1918 жылы негізі қаланған ұлтымыздың ең байырғы жоғары оқу орны – Абай атындағы ҚазПИ-де аға оқытушы болып қызмет істейтін Дос Көшім мен Жасарал Қуанышәлі 1988 жылы қазан-қарашада 50-60 студенттің басын қосып, екі-үш мәрте жиын өткізді. Мақсат – басқа да университет-институттардағы тілге ­жанашыр студенттерді тарта отырып, бір миллионнан астам халқы бар Алматы қаласының мекеме-орындарындағы, көше-даңғылдарындағы атауларды, жарнамаларды, хабарландыруларды, ісқағаздарын тексеру. Бүгінгі тілмен айтқанда, мониторинг, бақылау-бағамдау жүргізу. Сол кезде-ақ қоғам қайраткері деңгейіндегі Досекең мен Жәкең: «Бұл – болашағымызды және елдігімізді анықтайтын «Ана тілі» қозғалысы» деген еді. Бірнеше ай ­аудан-аудан, көше-көше, мекеме-­мекеме кезіп, сын-ескертпемізді бума-бума қағазға жазып, тиісті орындарға тапсырғанымыз есімде.

Басында талай ресми орын: «Бізді тексеретін, бізге ақыл айтатын сендер кімсіңдер?» деп өре түрегелгенде, ұстаздарымыз ­Алматы қалалық атқару комитетінің шешімін шығарып берді (Суретте: сол шешімінің көшірмесі). Өздері де табанынан таусылып жастардың жанында жүрді. «Ана тілі» қозғалысына белсене атсалысқан сол ­кезде студент, кейін түрлі жауапты қызмет атқарған Ертай ­Балахмет (кейін Қостанай облысының имамы ­болды), Қайрат Мамаділ (Алматы, Астана университеттерінде кафедра меңгерушісі, декан қызметін атқарды), Екпін Нүсіпбек (Алматы облысының Кербұлақ ауданында орта мектепті басқарды) сынды азаматтар тағдырдың жазуымен бақиға көшіп кетсе де, артында жақсы із қалдырды...

Абай атындағы ҚазПИ ұстаздары мен студенттері мұрындық болған іс ­туралы БАҚ көп насихаттамады. Бірақ оның ­хабары Алматыға келіп-кетіп жатқан білім, мәдениет саласының адамдары арқылы республикаға кеңінен тарап жатты. Жиналған, жүйеленген ­материалдар биік орындардың, тіпті тұғырдан тая қоймаған компартияның олжасына айналды. ­Облыстарда да қазақ тіліне ­деген сұраным буырқанып, республика орталығынан нақты шешімді талап етті. Нәтижесінде Қазақстан Жоғарғы кеңесінің (бүгінгіше Парламент) сессиясы 1989 жылы 22 қыркүйекте «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» заңын қабылдады. Оның 1-бабында: «Қазақ тілі Қазақ ССР-інің мемлекеттік тілі болып табылады» деп жазылды.

«Қос тіл» деген саяси термин астарында «қазақ тілін орыс тілі деңгейіне жеткізу немесе ана тіліміздің құзыретін арттыру» мағынасы тұрғанын басшыдан қосшыға дейінгі адамның бәрі де аңғарды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1922 жылы: «Қазақ мәдениеті орыстан кем болған соң, жем болатыны шәксіз. Ол жем болудан мәдениеті жетілгенше құтылмайды. Қазақ жем болудан түбінде Декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады» деп жазған еді.

1989 жылы бұл пайым қандай көкейкесті болса, қазір де сондай көкейкесті. «Қос тіл» де, «үш тіл» де – замана жаңғырығы, түсінісу баспалдағы. Біз үшін мемлекеттік тілдің орны да, мүддесі де, мұраты да ұлтымыздың аты мен затынан туындайды. «Тіл – ұлттың жаны» дегенді Шығыстың да, Батыстың да ғұламалары әлімсақтан айтқан.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылы 22 қазанда құрылды (Ө.Айтбайұлының «Kazinform» агенттігіне берген сұхбатындағы дерек, 22.09.2009). Әу бастағы мәртебесі рес­публикалық болатын. 1992 жылы 26 ­қа­рашадағы 2-құрылтайда оған «халық­аралық мәртебе» берілді.

«Қазақ тілі» қоғамы Тәуелсіздікті орнату мен қалыптастыруда аса зор рөл атқарды. Тағы да есте ұстар дерек: облыстар мен жергілікті жерлерде осы ұйымның аты мен заты «Қазақстан Тәуелсіздігінің синонимі» ретінде ұғынылды. Ол «тіл!» деп оятып, ұлтты ойлантты. Сананы селт еткізді.

Мұның бірнеше себебі бар: біріншіден, атқарушы билікке бұрынғы коммунистік партия қатарынан өте салған мемлекеттік біраз қызметкердің лексиконында Қазақ елінің тарихын, мәдениетін түсіндіріп бере алатындай сөз, ұғым өте жұтаң болып шықты; екіншіден, қоғамдық келісімге жауапты кейбір тұлғалардың Тәуелсіздікті «уақытша» деп түсініп, радикалдық ­немесе сепаратистік күштерге иек арт­қаны байқалды; үшіншіден, бірнеше ай­мақта, жергілікті жерлерде қазақ тілі мұғалімдерінен бастап қазақша жазу ­машинкасы мамандарының тапшылығы белгілі болды; төртіншіден, тарих, ­география, этнография, т.б. салаларға ­сауатты ономастика мен топони­мика маман­дарының, БАҚ қызметкерлерінің қажеттілігі артты.

Мемлекеттік тіл қоғамы осы кешенді жұмыстарды шама-шарқынша жүргізе алды. «Қазақ тілі» ұйымы республикамен ғана шектеліп қалмай, шекара сыртындағы ағайынға (диаспораға) көмек қолын созды. Бұл бастама Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына жол ашты.

Әбдуәли Қайдар, Рахманқұл Бердібай, Шона Смаханұлы, Тұрсынбек Кәкішұлы, Өмірзақ Айтбайұлы, Сапабек Әсіпұлы, т.б. тұлғалар бүкіл қоғамды мемлекетшілдік идея төңірегіне топтастыра алды.

Мысалы, академик Ә.Т.Қайдардың әр мақаласы, әрбір сұхбаты жалғыз ғалымның еңбегінен гөрі ұлт зиялыларының тұжырымындай, Қазақ елінің және қауымының жаңа сөзіндей ұғынылатын.

Бұл елдік істе билік тарапынан тіл мәселесі көтерілетін алғашқы жылдары – мәдениет министрі, кейін – орталық комитет хатшысы болған Өзбекәлі Жәнібековтің «мұсылман мен кәуірдің арасын өтіп бұзып» жол ашқан қызметі ерекше.

1990 жылы 22 наурызда «Қазақ тілі» қоғамының үні – «Ана тілі» газеті жарық көрді (бас редакторы Ж.Бейсенбайұлы). Бұл басылым бір кезде Алаш ұранды талай газет-журналға негіз болған «Қазақ» газеті секілді, өңірлерде ұлттық «үнжариялардың» (сол кездің неологизмі) өмір жүзіне шығуын тездетті. ­Мысалы, Ақмоладағы «Қараөткел» (бас редакторы А.Смайыл), Керекудегі «Дауа» газетінің (бас редакторы Ж.Марданов) және басқа да демографиялық ахуалы күрделі облыстардағы тіл туын көтерген басылымдардың жергілікті зиялыларға, жастарға тигізген әсері айрықша болды.

1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз Тәуелсіздігін жариялаған кезеңде де «Қазақ тілі» қоғамы аянбай еңбек етті. Қоғам төрағасы Әбдуәли Қайдар мен төраға орынбасары Өмірзақ Айтбайұлы вице-президент, үкімет төрағасы деңгейінде мәселе қойып, орайлы қаулы қабылдатуға ықпал ете алды. 1993 жылы үкімет құрылымы (министрлік) ішінен тұңғыш рет Тіл комитеті құрылды. Оның төрағалығына белгілі қаламгер, тележурналист, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалы тағайындалды. Қазақ тілі мәртебесін көтеру үшін Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлерден мемлекеттік тілден емтихан алуға қол жеткізілді. Осы деңгейдегі тұңғыш Лингвистика­лық комис­сияның төрағасы да Ә.Т.Қайдар болды.

Ойлана қарасақ, «Қазақ тілі» қоға­мының негізінде тұрған үш арнаны байқаймыз. Олар: 1) Ұлттың азаттық мұраты; 2) Алаш зиялыларының ғылыми-ағартушылық аманаты; 3) Тіл мен діл бірлігі, ел мен жер тұтастығы үшін күрес.

Қалай дегенде Тәуелсіздік қарсаңын­дағы және азаттық жылдарындағы тіл қозғалысының Қазақ елінің жаңғыруында, жаңа мемлекетіміздің қалыптасып-дамуында айрықша рөлі болды.

Біз Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына 1990 жылдың 1 тамызында қызметке қабылдандық. Жаңылыспасам, қаламгер-зерттеуші Құлбек Ергөбек, марқұм архивтанушы Бейсенбай Байғалиев үшеуміздің жұмысқа алынғанымыз жөнінде бұйрық бір күнде шықты. Директорымыз – ҚазПИ-де ұзақ жыл кафедра меңгерушісі, проректор болған ұстазымыз, сыншы-ғалым Серік Қирабаев еді. Ол кісі біздің алдымызда «қан жаңарсын» деп, институтқа танымал қаламгерлерден Қойшығара Салғараұлы, Тұрсын Жұртбай, Тұрсынжан Шапай, т.б. тартқан екен.

Ғылымның жөні бөлек қой, небір мар­ғас­қалар қызмет ететін Әдебиет институтында «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымы жұмыс істеді. Төрағасы – М.О.Әуезов музейі жанындағы Халық уни­верситетін ұзақ жыл басқарған аса танымал ғылым докторы (кейін академик), романтанушы, фольклорист Рахманқұл Бердібай. Бір күні Рахаң шақырып алды да: «Сен «Қазақ тілі» қоғамының хатшысы боласың!» деп, тағайындады да жіберді.

Жаңа ғылыми қызметкерлердің бәрін Рахаң «Қазақ тілі» қоғамына қабылдап, ­бояуы кеппеген мүшелік билет тапсырды. Бір аптаның ішінде академик М.Қаратаевтан бастап барлық ғылым докторы мен кандидаты да осындай құжат алды. Мүшелік жарна жинап, тиісті орындарға тапсырып жүрдік.

Р.Бердібай айына, тоқсанына бір рет жиналыс өткізіп, тіл қоғамы жұмысын ілгерілететін жөн-жобалар көрсететін. Ғалымдарымыздың ана тілін дамыту мен қорғау, шалалықтарды әшкерелеу, кеңес беру жөніндегі газет-журналдарға мақала жариялауы, теле-радио арналарына шығып сөз сөйлеуі міндеттелетін. Сондай-ақ ­институт мамандары түрлі кәсіпорындарға, мекемелерге барып тегін дәріс оқып жүрді. Аса күрделі заң және қаржы саласына тіл мәселесін енгізуге де мұрындық болды.

Рахаңның Академиядағы тіл майданы басқа институттарға (жаратылыстану мен нақты ғылымдар бағытындағы) ауысып, жаңа ұлттық ғылыми терминология жасау бойынша пікірталастар, басқосулар өтіп тұрды. Кейбір өткір тақырыптар Халық университеті алаңына да шығарылды.

«Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымы­ның бүкіл елге мәшһүр төрағасы мәселені соз­балақтамай бірден шешілуін немесе тиісті орындарға жетуін қадағалайтын. Рахаң­ның тезистерін немесе қаулыларын сол күні әп-сәтте «Ана тілі» мен «Алматы ақшамы» газеттеріне жеткізу – біздің абы­рой­лы міндетіміз еді. Сөйтіп жүріп тіл апта­лығына қосымша жұмысқа да кіріп алдық...

Біз жалғыз ғана бастауыш ұйымның бір үзік мысалы арқылы «Қазақ тілі» қоға­мы­ның жұмысынан мағлұмат беруге ­ты­рыс­тық. Сондықтан мұны мұзтаудың (айсберг) теңіз бетіндегі бөлігі ғана деп ұғыңыздар. Облыстық, аудандық «Қазақ тілі» қоғамы бөлімшелерінің, шетел диас­пора ор­талықтарындағы филиалдарының та­рихи қызметін де, батыл қадамдарын да ұмытпаған жөн.

Рас, мемлекет тарапынан кейін ашылған Тіл комитеті (соңыра құрылымдық түрлі мәртебе иеленді) аталған қоғамның елеулі функциясын өзіне алды. Солай болуы керек те еді. Бірақ атқарушы биліктің қолы жетпей жататын шетін тұстар бәрібір «Қазақ тілі» қоғамының мойнында қалып қойды. Көрші Ресейде мұндай жұмыстарды мемлекеттен қомақты қаржы, грант алатын Орыс география қоғамы мен «Орыс әлемі» қоры атқарады. Олардың жағырафия тануы мен танымы сан салалы. Ішінде әскери-патриоттық қозғалыстан бастап, тіл, дін қозғалысына дейін бар...

Дей тұрғанмен, бізге өз туысымыз Түркияның тәжірибесі ұнайды. Кезінде Мұстафа Кемал Ататүрік Тіл құрымы мен ­Тарих құрымын үкімет жанынан ашып, елдегі бір банкке мәңгі-бақи қаржы­лан­дырып тұруды міндеттеп кеткен. Мемле­кеттің дәстүрге беріктігі қандай жақсы, 80-90 жылдан бері сол низам әлі өзгермеген.

«Қазақ тілі» қоғамы бүгінгі «қоғамдық бірлестік» деген мәртебесіне қарамай елеулі елдік жоба болып қала береді. Оны сапаландыру, мазмұнын байыту, миссиясын кеңейту жергілікті ұлт саны 71 пайызға жеткен қоғамның өзіне – сіз бен бізге байланысты. Бәріміз жақсылықтан үміттенеміз.

 Дихан Қамзабекұлы,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ проректоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі

 

 

1344 рет

көрсетілді

51

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы