• Мәдениет
  • 12 Қараша, 2020

Жүректерге нұр құйған «100 өлең»

Қазақстан Жазушылар одағында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында қазақтың қара өлеңіне сусаған көрермен бес сағат бойы тапжылмай отырып, ұлтымыздың жауһар жырларынан қанып ішіп, шөлін басты.
Майлықожа, Сүйінбай, Дулат Бабатайұлы, Абай, Жамбыл, Мұқағали, Фариза секілді дүлдүлдер мен бүгінгі кезеңнің үздіктерінің еңбегін қамтыған «100 өлең» республикалық көркемсөз оқу сайысына кіл мықтылар жиналып, өзара бәсекеге түсті.

Жас ұрпақ арасында өлең жаттау дағдысын қалыптастыруды, қазақ поэ­зия­сының көкжиегін кеңейтуді, қазақ ақындарының шығармашылығын қол­дауды көздеген сайысты ұйымдастырушы «Assyltas» қоғамдың қорының төрағасы Дулат Тастекеевтің айтуынша, бұл іс-шара «Тұғыры биік – Тарбағатай» фестивалі аясында өтуі тиіс болған. Елдегі жағдайға, пандемияға байланысты дүркіретіп өткізуге мүмкіндік болмағандықтан, наурыз айында 100 өлең топтастырылып, әлеуметтік желілерде шарты жарияланады. Бірден халықтың қызығушылығы артып, алпысқа жуық адам сайысқа қатысқан. Онлайн іріктеуден өткен 15 қатысушы Алматының қақ төрінде бақ сынасып, бір-бірінен оза шауып, бәйгеден алдына жан салмауға барын салды.
Қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман: «Қазақ баласын сөзге, өлеңге ­ауыздандыруда бұл бір тамаша тәсіл» екенін атап өтті. «Біріншіден, мұндай іс-шараны теледидар арқылы халыққа көрсетіп, насихаттау керек. Екіншіден, 100 өлеңді таңдау кезінде келеңсіздікке жол берілмегені дұрыс. Қазақ поэзиясының жауһарларын ­жаттату керек. Тұманбай, Сағи қайда? Жәркен қайда? Көп қой, қазақта. Абайдың және т.б. ең тәуір өлеңдері іріктеліп алынып және оны сыдырлатып, жаңылтпаш сияқты емес, көркемдеп оқу керек. Өлеңді жатқа айтуда да, көркемдеп оқуда да мән бар. Қатысушылардың қай-қайсысы болса да талантты, біз қуанып отырмыз» деді.
Қазақстан Жазушылар одағы басқар­масы төрағасының орынбасары ­Бауыржан Жақып қазақтың поэзиясына құрметі үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтып, «келесі жолы қазақтың таңдаулы 100 өлеңін іріктеп беруді Жазушылар одағы мойнымызға алып отырмыз» деген пікірін білдірді.
Сайысқа аса ыждағаттылықпен дайын­далған, алғырлығымен көзге түскен екі жас өренді ерекше атап өткен жөн. Оның бірі Нұр-Сұлтан қаласының ­6-сынып оқу­шысы, елдің ерекше ықыласына бөленген Әмина Байкемелқызы және Жамбыл облысының Қордай ауданынан келген 10-сынып оқушысы Қуаныш Кенешбай.
Әмина Елордадағы №24 мектепте оқитынын, жүз он өлеңнен бөлек, қазақ ақындарының өлең-поэмаларын жатқан айтатынын, болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, тіл маманы, тіл жанашыры, ақын болғысы келетінін тілге тиек етті. Әминаның анасы Раиса ­Алдабергенованы да сөзге тартқанды жөн деп білдік. Анасының айтуынша, Әминаның кіндік шешесі, яғни өкіл анасы елге танымал айтыс­кер ақын Елена Әбдіқалықова екен. «Қызымның қабілеті өте мықты. Екі жасында әріп таныды. Төрт жасында зуылдатып оқитын. Мектеп жасына дейін 4-5 кітапты жатқа білетін. Қазір Мұқағалидың бір кітабын, поэмаларын жатқа айтады. Мұқағали, Әбіш Кекілбаев, Фариза оқуларына қатысып, жүлделі орын алып жүр. Ағылшын, араб тілдерін толық меңгерген. Құран сайысына да қатысады. Есте сақтау қабілетін ары қарай дамыту үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жас қаламгер» үйірмесіне бердік. Екі жылдан бері ұстазы, әдебиетші-ақын Мәрия Ақбабақызынан дәріс алып жүр. Ұлым да, қызым да – осы, бір тал гүл. Құдай қаласа, өсіп жатса, бір талым мың тал болады. Қыз бала болғаннан кейін жанында жүремін, тәрбиесімен өзім айналысамын. Имандылықты бойына сіңіріп, өтірік айтпауға, адалдыққа тәрбиелеп жатырмыз. Әкесі де бес уақыт намаз оқиды. Мектепте озат, жасы 11-де» деп, қызының арманы тіл жанашыры болғысы келетінін жеткізді.
Бірінші кезеңде әр қатысушы жеребе арқылы қолына іліккен 5 өлеңді жатқа айтса, екінші кезеңде қазылар алқасы жүз өлеңнің кез келген жерінен сұрап, сынаққа алды. Тартысқа толған үшінші кезең көрерменнің арқасын қоздырды. Жанкүйерінің бағы жанғанын қалап, өлеңнің әр сөзіне құлақ тігіп отыр. Бірі бастайды, екіншісі оны іліп әкетеді.
Қазылар алқасына жеңімпазды анықтау оңай тимеді. «Assyltas» қоғамдық қорының бірінші орынға тіккен темір тұлпарын актер Едіге Қайыртайұлы ­олжалады. Екінші орынды 12 жасында Құранды толық жаттап, қари атанған мектеп оқушысы Қуаныш Кенешбай алды. Үшінші орын Еркін Қуанышқа бұйырды.
Кіл таланттар жиналған сайыста екі адамға арнайы сыйлық тағайындауға тура келді. Елордалық Әмина Байкемелқызы мен жаркенттік Айғаным Ақынбайға әрқайсысына 100 мың теңге табысталды.
Ұйымдастырушылар «100 өлең» ­жобасын дәстүрлі түрде өткізуге ниетті екендігін атап өтті. «Келер ұрпақты ақындардың қанатты сөзімен, нақыл сөзімен өсіретін болсақ, ұлттың болашағы зор болады. Бүгін жаттаса, мағынасын түсінсе, ертең өмір жолында қолданса біздің бір қадам алға басқанымыз» дей келе, Дулат Тастекеев қолдау білдірген барша қауымға алғысын жеткізді.

Бағдагүл Балаубаева
«Аna tili»

1407 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы