• Тұлға
  • 12 Қараша, 2020

«... ЖАЛҒЫЗ ЖАЛАУ ЖАЛТЫЛДАП»

«Абай жылында» хакім хақында аз жазылып жатқан жоқ. Олардың кейбірі кәдеге асса, аткөпір мақалалардың ішінде (ешкім өкпелемесін) іліп алары некен-саяқ. Бірақ «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» қам жейтін ұлы ақынды жатырқауға бола ма? Елімізде бұндай орасан оқиғаны үзбей қадағалап отыратын «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі»-нен басқа БАҚ-тармен қатар, ұйғырша «Ұйғыр авази», кәрісше «Коре ильбо» («Кәріс апталығы»), немісше «Дач» («Жалпы неміс үнжариясы») жарық көреді. Соларға қарағанда, Абай тегі тек қазақтарға ғана керек емес шығар деген ұяң үміт қылтияды. Оның данышпандық әлемі әлемдік ірі құбылысқа айналғалы қашан. Әйтсе де, үстіміздегі тоғыз айда «Дач» газетінің Абай туралы бірде-бір хабар, не мақала бермегені таңданыс тудырады. Бұл қалай? «Экспресс К» басылымының бүкілхалықтық мерейтойдан сырт қалуы да қынжылтады. Әлдекім зарлағандай болып, биылғы мамыр аяғында Керекуде (Павлодар) түрмеде отырған Қайроштың азаматтық танытып, ұлы абыз ақынның суретін салғанынан ғана мөлтек хабар жариялапты. «Палау бәрінен де басым», «Адам итке дос», тағы-тағы тек өздерінше қызықты көрінетін хабар-ошар берген «Время» газеті де қазақтың Бас ақынын насихаттауға ләм-мим деп ауыз ашпай, оның есімін айналып өтіп құлықсыз қалыпты. Оған арналған бетте «Абай ­балалар көзімен» атты ­суреттеме бергеніне шүкір, әйтеуір. «Караван», «Литер» де асқан шайыр шығармашылығына онша құлшыныс танытпағандай. «Московский комсомолец в Казахстане», «Комсомольская правда» алдаусыратып республикадан бір-екі қысқа хабар бергенсіп, өз тақырыптарын көлдей ғып ұсынады. Жергілікті ұлт мүддесін, рухани өмірін көрсетуді қажет етпейтіндей. Неге бұлай? Олардың Қазақстандағы таралымы Ресейдегіден кем емес. Газет Өзбекстанда не Түрікменстанда шығып көрсінші, шылауға жармасып, тізгіндеудің көкесін көрер еді.

Байрон, Гете мен Мицкевичтерді терең түсініп, орыс санаткерлері ­(зиялы қауым өкілдері) А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов пен И.А.Крылов және басқалардың туындыларын қырда тіл бітіріп қазақша тамаша тәржімалаған А.Құнанбайұлына жіті назар аудармағанда, енді кімге? Жалпы оның шығармаларын орысшаға (өзге байланыс құралдары) аударудың күрделі көкейкесті мәселелері аз емес. Арнайы шақырып алып А.Вознесенскийге Махамбетті, М.Ду­динге Абайды аудартудағы сәтсіз­діктерден лайықты қорытынды шы­ғарып, ащы сабақ алған ешкімді көр­геніміз жоқ. Абайды ұлықтауға жара­маған үнжариялардан не үміт, не қайыр?

Елгезек танауын түздің жібек желіне ғана тосып, су мен жемді аса талғампаздықпен таңдап, кім көрінгенге күдіре жалын сипатпай, асау мінез танытатын арғымақтар болады. Абай сондай қол жетпейтін құдірет. Бұл уақыт дүрбелеңіне астаң-кестеңі шығып, мұғдарда мөңкіп жататын мұхиттар мұзтауларының (айсбергтер) титімдей ғана бөлігін көрсетіп, негізгі сұлбасын тым терең тұңғиыққа жасырып тұратын құбылыс. Жүрексінсе де ­айбозым ақын туындыларын орыс тіліне тәржімелеуде бір шоғыр ақын мен аудармашылар ат­салысып, ащы тер төгіп, еңбек етіп, қаламгерлік қажыр-қайрат жұмсады: Е.Винокуров, Л.Озеров, М.Дудин, В.Рождественский, Ю.Кузнецов, С.Липкин, М.Зенкевич, Ю.Нейман, М.Пертовых және басқалар бұл ­салада қамшы салдырмай шабыт шуағын төкті. Тіпті (Абайдың тірі кезінде) Солтүстік Пальмирада туған В.А.Рождественскийдің орны бөле (1895 ж.). Жамбыл, І.Жансүгіров өлеңдерін аударды. Алайда, баса айта кетсек, қазақтың бетке ұстар қаймақ сөзі қай тілде де ойдағыдай шықпай жүр.

Қашанғы қақсаймыз? Барған сайын аударма өнері өрістеп, қанатын кең жайып келе жатыр. Олардың әзірге көңілді көншітпейтіні де жасырын емес. Қарауыл, Жидебай мен Нева жағалауында Всеволод Александровичпен болған ұзақ әңгіме де сол жайында еді. Өмір мен өлең туралы «Қысын» Сіз аударған нұсқада дәу ұзын сақалмен кедей-кепшік қайдағы дүние дегенімде кәнігі әдебиетші біраз ойланып жалтарып кеткендей үнсіз қалды. Бар кінәратты жолма-жол аудармаға жапты. Шеберлік шыңының алынбай қалғаны, әрине, жалғыз бұл емес болатын. Кейін Ә.Қодар да бұл өлеңді орысша сөйлетті. Ол да сөз төркінін толық түсінбегендей. Автор тақырыптағы оқиғаға бірден кірісіп, «Кто?» демейді. «Старикашка лихой» «антұрған кәрі шалды» бере ме? Ол қауқарлы қиқар қарттың бейнесін жасайды. Қазақ қазақты ұғынбаған сықылды. Талғам таразысы әртүрлі болғанмен, нысана бір. Ауыр жауапкершілік жүгі жеңілдеп кеткендей. Иә, басқалар түгіл, біз өзіміз Абайды қалай қабылдап, қалай түсініп жүрміз?

Төкен Ибрагимов:

«Абай адамды тірідей өлтіреді. Жаның шықпай тұрып, жүрегіңді ­суырып алады, «Біріңді-бірің ғизат етіс, тұрғандай бейне қорқып және шошып» дейді... Қорқып отырғаным аз болғандай және шошуым керек. Абайда: «Аш түйенің күйсегеніндей» дейтін зәреңді ұшыратын теңеу бар. Бұл сұмдық, өзі аш түйе қайтіп күйсейді? Бұдан артық қандай қасірет болуы мүмкін? Кейде осы кісіге «қатты ренжіп» қиналамын, қарап отырып адамның масқарасын шығарады. Бірдеңе айтайын десең, бәрін айтып тастаған. Қалай ренжімейсің? Мен – Абайды оқи-оқи уланып қалған адаммын. У басыма шапқанда жаман саяжайыма барып, жападан-жалғыз жатып аламын. Қашқан түрім. Бәрібір құтылмаймын».

Мекемтас Мырзахметов:

– Парасатты адам деп кімді айтамыз?

– Бұл ілім әл-Фарабиден басталады. Фараби парасатты адамның он екі қасиеті жөнінде айтады. Оның ішінде ақылды, әділетті, нәпсіні тыю қасиеттері бар.

– Жүректі кірлетпеудің бірден-бір жолы қандай?

– Өте бай болып кететін адам едім. Абай мені кедей қылды. Неге? Абайдың «толық адамын» зерделеген соң қолым ештеңеге бармады.

Сәбит Досанов, жазушы, Мемле­кеттік сыйлықтың иегері:

«Абай орыстың Толстойы, өзбек­тің Фирдоусиі, тәжіктің Рудакиі, немістің Гетесі, ағылшынның Шекс­пирі, француздың Бальзагы, испанның Сервантесі, арабтың Юсеф Ас-Сибайы, жапонның Харуки Муракамиі... тағы басқа да әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалармен талант, ақыл-парасат жағынан қандас, туыстас. Абай солармен иықтасып қатар тұр. Бұлай деу де аз, олардан бір елі болса да биік».

Академик Оразалы Сәбден:

«...Абайды оқыған бала адаспайды.

Адам қандай ғылыммен айналысса да өзінің рухани негізін, тарихын білуі керек. Қазір шетелде оқитын жастардың көбі осыған аса мән бер­мейді. Сақ, Ғұн, түркі қағанаты мен хандықтарды білуі міндетті.

Абайды өте жақсы білген бала ғылымның барлық жағынан жетіс­тікке жетеді. Ақынның өлеңдерін, қара сөздерін, «толық адам» ілімін игерген жеткіншек өмірде адас­пайды».

Көкбай Жанатайұлы:

«Абайдың көзін көріп, пірінің есімін қызғыштай қорғап, әр қадамын ыждаһатпен бақылайтын үзеңгілес шәкірті (М.Әуезов жазып алған) еске алады:

...1880 жылдан бастап 1886 жылдарға дейін Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ бұл уақытта сөздерінің барлығын Көкбай сөздері деп жүргізді. Кейін ­Омбыда «Дала уәлаяты» мен «Серке» газеті шыққанда бірер өлеңін тағы да менің атыммен жіберді. «Сорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды» дегенді менің атымнан айтып еді.

Осы хал 1886 жылға дейін келді де сол жылдың жазында ел жайлауға шықты. Абай ауылының ең өрістен барып, орнықпақ болған жайлауы Бақанас өзенінің бойы еді.

Көш жүріп кетті, біз Абаймен бірге бірнеше кісі болып артынан келдік. Осы жылы Абай ауылында доктыр Долгополов та қонақ болды. (Ол 80-жылдарда Петірбордан айдалған орыс халықшысы еді). Ауыл Бақанастың бойындағы «көпбейіт» деген жерге қонып жатыр екен. Абай қонып жатқан ауылды көріп: – Осы суретті өлең қыл, – деді.

Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып, бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім: – Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой, – деді. Мен: – Асса, басында мен қолқалап алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып қайта аларсыз, – деп қалжыңдадым. Сөйтсем, сол күні «Жаздыгүн шілде болғанда»-ны жазған екен. Оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғаш рет, аз да болса қанағат қылғанын көргенім осы. Менің қалжыңыма орай қылып: – Сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзім алайын, – деді.

«Жаз» өлеңіндегі ауылы – өз ауылы. Абайдың астында Әбдірахметінен алған аяңшыл күрең төбел аты. Абайдың шалы – сол жылы өз ауылымен көрші болып отырған Әнет Бармақ деген шал. Құс салып жүрген жас жігіттер өзінің балалары Ақылбай, Әбдірахман болатын. Осыдан кейін өлеңді жиі жаза бастады. Тегінде өлеңді көп жазатын уақыты – қыстыгүні мен жазға салым болатын. Кейін 1889-1890 жылдарда тыныштық алып отырғанда, барлық әндерін де бір-ақ қыста, жазға салым шығарды.

Өзі біреуге ұзақ әңгіме, ұзақ жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда, еш уақытты басқа бөтен нәрселерге ­аумай, таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдайтын. Және әрқашан сондайды тыңдап болған соң, мағынасы мен жөнін ұғындырып сын айтатын. Сол ретпен «Ақбала – Боздақты» айтқанымызда осы жырдың ішіндегі бір-ақ өлеңін жақсы көрді де: «Мынаны жазған кісі ақын» деді. Тегінде өлең ішінде бірер ауыз дәмді сөз табылса сол үшін қатты ырза болып қалушы еді. Жаңағы өлеңде Ақбала мен Боздақ тау аралап келе жатса алдарынан шағылысып жүрген құр, ұйығып жүрген екі түлкі кездесіпті. Сонда Боздақ Ақбалаға:

Бір қораз, бір мекиен талда ойнайды,

Адам түгіл, хайуан мал да ойнайды.

Құдайым бір нәрсеге бастап жүр ме,

Алдымызда кез келген аң да ойнайды, – депті.

Әрқашан Абай ақындық туралы сөйлегенде «Ол қуат, табиғат сыйы, құдай сыйы. Ақындық шабыты шын келгенде, адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде адам жай, ­жабайы адам болмайды» дейтін».

Айтпайын десең, тілің қышиды.Көп жыл Абай мұражайының Бас шырақшысы болған жанның сыры түсінікті. Қалам құдіреті ес жиғызбай, ақын мысы басты. Көпшілік білікті тұлғатанушы деп есептейтін ғалымның «Абай мені ­кедей қылды» дегені қай сасқаны? Қайта Абай оны сыбайлас, жемқорлық, парақорлық пен дүниеқоңыздықтан сақтап, ­рухани жағынан байытпады ма? Қарт қалам­геріміздің бірі әлем әдебиеті тарихына өзінше өзгеріс енгізейін деген бе? Рудакиді тәжік, Фирдаусиді ­(Кейде Фердауси – пері даусы) өзбек ­жыршысы де­генде кім, не ұқты? Білуімізше, олар ­парсы ақындары емес пе еді? Әлі қатал уақыт сынынан өтпеген Х.Мураками мен ­Ю.Ас-Сибайды ұлылармен иық­тастыруға бола ма? Абайдың бәсін «Бұлай деу де аз, олардан бір елі ­болса да биік» деп әріптестерімен салыстырады. Кемеңгерлікті өлшеп жатқан ешкім жоқ. Кім кімнен биік екенін мәртебелі мезгіл көрсетеді. Абай шәкіртінің естелігінен ұзақ үзінді келтіргеніміздің себебі ұлы ақынға әлі де сенбей, күмән келтіріп кү­пір­лікке баратындарға құлаққағыс еткіміз келеді.

Шыңғыстау құз-қиясындағы қыран даусы бүкіл қазақ даласына келе-келе естілетініне сенгендей. Небәрі 176 өлең, 3 поэма, 45 қара сөз, мақала ­жазыпты. Ең шабытты шағы 1895 жылы болғандай. 17 өлең туғызып, көңілді бір демеген тәрізді. 1900 жылы қаламынан 2 өлең шығыпты.

Ғалам құпиясын ашуға тырысып, көшпелілер қылдай қиянат жасамай, қаз-қалпында сақтау үшін жиі қоныс аударып, төрт маусымда көктеу мен жайлауға шығып, күздеу мен қыстауға келіп қонуды үрдіске айналдырады. Сол себепті оның табиғаттанудағы бай мән-мазмұнын түсінбегендер өмір сүрудің бұл түрі артықшылығы көп ­болса да ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақтай көріп, оны паткарда қылды. Сөйтіп жүріп олар табиғатты тамашалап қана қоймай, таңғажайып сырын ашуға ұмтылып, еркебұлан күн кешті. Жер жұмбағына үңіліп, Күн мен Айға табынғандай, жұл­дыздарға қарап жорамалдап бал ашты, мәңгілік өмір жырын шертті. Адамзаттың өткеніне зер салып, шежіреге шұқшиғанда сары құрлықты қойып, ерте-ертеде анау алыстағы Америка үндістері кәдімгі төр­кіндегідей он екі жылда бір Алтай жаққа үдере көшіп келіп, құтты қонысқа зия­рат етіп қайтатын болған. Шіркін-ай десейші...

Сол тұмса табиғаттың түлектері Абайға дейін де, жаратылысты ­жа­тыр­қамай жырлап келді. Мысалы, Асан қайғы:

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген,

Екі семіз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген

Еділ деген қиянға,

Еңкейіп келдің тар жерге,

Мұнда кеңес қылмадың.

Кеңестің түбі нараду...

 

Шалкиіз жырау:

Қоғалы көлдер, қом сулар,

Кімдерге қоныс болмаған,

Саздауға біткен қара ағаш,

Кімдерге сайғақ болмаған?

Жағына жалаң жібек байлаған

Арулар кімнен қалмаған.

Жағы түкті жылқы айуан

Иесін қайда жаяу салмаған.

Жалп-жалп еткен жапалақ

Жазыда кімге жолдас болмаған.

Сар шыпшықтай шырлатып

Ғазырейіл кімдерге құрық салмаған?

Сақалына сары шіркей ұялап,

Миығына қара шыбын балалап,

Жазыда мал іздеген қазақтың

Басы қайда қалмаған?

Күлелік те ойналық,

Күйелік те ішелік,

Мынау жалған дүние

Кімдерден кейін қалмаған!!!

 

Ақтамберді:

От басар орны отаудай,

Қабырғасы халық орнаған жонсаудай,

Ор қояндай қабақты,

Қиған қамыс құлақты,

Сары мысықтай азулы,

Саптаяқтай ерінді,

Қидасын кәрі жілікті,

Омырау еті есіктей,

Ойынды еті бесіктей

Табаны жалпақ тарланды

Таңбалап мінер ме екенбіз?

Дулат:

Асқар таудың сәні жоқ,

Төрт түліктің қонысы,

Басылмайтын сонысы,

Көк майса белі болмаса;

 

Өзен, судың сәні жоқ,

Өрлеп құнай қонатын,

Жағасы малға толатын,

Аймақты елі болмаса.

 

Қопалы жердің сәні жоқ,

Тұңғиық мөлдір үйірім,

Көз болжамас қиырын,

Айдын көлі болмаса.

 

Ақ ауылдың сәні жоқ,

Топталып жылқы үйездеп,

Ноқталы құлын күйездеп,

Тартқан желі болмаса.

 

Махамбет:

Адамы қойдай қырылып,

Құлазыған жер қалды-ау!

Қарағай, қайың, тал, терек –

Қалың ну орман қалды-ау!

Қиқулап құстар қонатын,

Суы тұнық көл қалды-ау!

Тәрбиелеп өсірген

Ата мен ана бұл қалды-ау!

Қатын жесір тұл қалды-ау!

Еңбекпен жиған мал қалды-ау!

Бұлардан енді қимайтын

Енді менің нем қалды-ау!

Тек шықпаған жан қалды-ау.

Бұлардың біразын білетін Абай мүлде тыңға түрен салды.

Аспаны күлімсіреп, күн алтын ­шатырына кіріп, көлеңке басы ұзарып, ай сәулесі суда дірілдеп, дүние масатыдай құлпырады. Ол қазақ көктемі, жазы, күзі мен қысын ғашық көзбен көреді. Жаратылысқа жан, тасқа тіл бітіріп, сұлу сипатқа ие болады. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» тіпті сақ-скиф аң айшықтарынан (звериный стиль) түсіп қалғандай. Тегі жиі-жиі айта беретін дәстүршіліктен жаңашылдық туғызу осы шығар, бәлкім. Қанық шымқай бояулар баттаспай, кенепке сәулелі сурет түсіп шамырқандырады, делебе қоздырады. Тау мен дала, өмір мен өлім үшін жанталасқан тағылар. Қою көріністен көз тұнады.

Абайдың табиғат лирикасындағы ең бір сезімге шауып, ойды оятып құйқылжып қанат бітіретін «Желсіз түнде жарық ай». Қандай сурет! Мөлдіреп таңғы шықтай тұнып тұр.

Дүние балбырап көктем мен жас­тықтың иісі бұрқырайды. Ай астын­дағы ауыл. Қотан қорыған маң төбет. Сақтық үшін оны айтақтаған күзетші. Махаббат аясы мен саясында кездес­кен екі ынтызар жас мұңлық. Қайдағы бір сағынышты оятады. Кең құлашты сыршырайға тіленіп тұрған шуақты шығарма.

Ғалам
құпиясын ашуға ­тырысып, көшпелілер қылдай қиянат жасамай, қаз-қалпында сақтау үшін жиі қоныс аударып, төрт маусымда көктеу мен жайлауға шығып, күздеу мен қыстауға келіп қонуды үрдіске айналдырады. Сол себепті оның табиғаттанудағы бай мән-мазмұнын түсінбегендер өмір сүрудің бұл түрі артықшылығы көп болса да ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақтай көріп, оны паткарда қылды. Сөйтіп жүріп олар табиғатты тамашалап қана қоймай, таңғажайып сырын ашуға ұмтылып, еркебұлан
күн кешті.

Тіршілігінде тұяқ серпуге шамасы келмей, жантәсілім еткен социалистік қоғамның бүкіл іс-әрекеті мен солақай тәлім-тәрбиесіне топырақ шаша бермей, бірақ тұтынушылық пиғылдың сұмдық етек алғанын айтса да жеткілікті. «Табиғаттың бермесін тартып алуға» талпынған қыңыр мінез көбейді. Қаскөйлерге (броконьерлер) тыйым жеткіліксіз болды. Тіпті бір ақын «Адамға табын, жер, енді» деп астамшылық жасады. Қаныпезер болмаса, өз анасына кім қол көтереді? Жалған Морозовтар, Стахановшылар, Лысенколар, Матросовтардан аяқ алғысыз болатын. Содан мұраға қалған науқаншылдық, дақбырттық пен дарақылық әлі жалғасып келе жатқандай...

Дала перзенті Абай өзін табиғат бөбегі сезіне отырып, жылдың төрт мезгілін келістіре суреттеді.

Өмір белестерінің бірінде «Безендірген жер жүзін тәңірім ­шебер» дейтін Абай інісі Оспан, әкесі Құнанбай қажы дүние салып, сүйікті ұлы Әбдірахман қайтыс болып:

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» дүниеге келді. Неге олай деп жазды? Басқа түрге енсе де табиғат өлмейтінін білмей ме? Ол кезде Капустин Яр, Сарышығанақ, Семей сынақжайлары (полигон) мен Байқоңыр ғарыш айлағы болған жоқ еді. Әлде ақын сол алапатты тылсым түйсікпен сезді ме? Бұл жан жұмбағы.

Қолымызда осы бір өлеңнің ­орысша аударылған төрт нұсқасы бар. Абай басқа тілдерге аударылғанда неге шықпай жүр деген мәселе қайта ­туындайды. Қырдағы қиқу оңайлықпен басылмайды. Тұлпарлар тұяғының дүбірі мен қырандар шаңқылын естімегендерге Абайдың тұғыры биік ­тудай туындыларын тәржімалау ешкімге жеңіл тимейді. Орыс (Ю.К. – Юрий ­Кузнецов) пен (Л.О. – Лев ­Озеров) аудармашыларына да жаннан қосу (отсебятина) көп. ­Тыныс белгілерін (әсіресе леп пен сұрау) рет-ретсіз қолданады. ­Ой-пікірлеріне толық бойламай ұлттық нақыш пен рухты жеткізу оңай емес.

Келісті көркемдік пен бейнешілдік болмаған соң тұзы жеңіл, еңбек еш. Қазақ аудармашылары тәуекел желқайықпен айбарлы айдыннан баса-көктеп өтіп кетеміз дегендей. Абай асқары алынбаған күйі қалыпты. Біз олардың бұл талпынысын құп көрсек те Абайға жеңіл-желпі қарағанына ­ойымыз ортайып қалды. Іске сәт тілейтін кез алда әлі.

 Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН

 

1190 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы