• Тұлға
  • 12 Қараша, 2020

САҢЛАҚ ҒАЛЫМ

Қазақ филологиясында ресми ғылыми дәрежесі жоғары болмағанмен, ғылыми деңгейі, шоқтығы биік ғалымдар болды. Солардың бірі әрі бірегейі – Құлмат Өмірәлиев. Қасиетті Қазығұрт тауының баурайында сонау 1930 жылдың оныншы қарашасы күні дүние есігін ашқан жас түлек өзінің бала кезінен-ақ алғырлығымен, ізденімпаздығымен ерекшеленіп, көзге түскен. Қазақ білімінің қарашаңырағы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультеті мен аспирантурасын тамамдаған соң (1953-60) бірді-екілі жылдай (1961-62) Атырау ­пединститутында ұстаздық етіп, оншақты жылдай «Қазақстан мектебі» журналында бөлім басқарған (1962-72) ­дарынды ғалым, 1972 жылдың көктемінен бастап 1985 жылдың мамыр айына дейін Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясында, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының түркітану бөлімінде қызмет еткен-ді.
Бұл кісі – тіл мен әдебиет мәселелерін бөліп-жармай тел ағымда алып қарастыра отырып, оларды ірі қоғамдық, гуманитарлық үрдісте зерделей білген ғалым. Қандай зерттеуін алып қарасаңыз да, оның әрбір азатжолынан ғалымға тән кең тыныс, ешкімді қайталамайтын өзгеше, өзіндік ойлау және жазу стилі, ғалымның әмбебап білігі мен кешенді сараптау жүйесі «менмұндалап» тұрады. Құлмат аға - тарихи поэтиканы тарихи грамматикалық категориялармен сөйлетуші, сөз өнерін, жалпы мәдениетті зерттеуші, жазушы, ақын, тілші-әдебиетші ғалым, ұлттық деңгейдегі ірі тұлға.

Ғ

алым тарихи лексикологиялық, стилистикалық, грамматикалық зерттеу жүргізе отырып, әр ақын-жыраудың өзгені қайталамайтын өзіндік ерекшеліктерін айқындап, ашып береді. Мәселен, XV-XX ғасырлар аралы­ғындағы қазақ поэзиясында, ақын-жыраулар шығармашылығында сонау көне түркі, баба түркі кезеңдерінен бері жалғасып келе жатқан, жалғыз қазақ халқына емес, көшпелі өмір салтын ұстанған көптеген ұлттар мен ұлыстарға тән, ортақ сөз саптау мәнері, ортақ клишелер, фигуралар, теңеулер, образдар көптеп ұшырасады. Осылардың бәрін де бүге-шігесіне дейін біле отырып, әр автордың өзіндік бет-бейнесін, қайталанбайтын қолтаңбасын көреген тамыршыдай тап басып, анықтап беретін қабілетке ие адам. Құдды бір ұлттық, ұлтаралық деңгейдегі симфониялық оркестрді басқарушы, әр аспаптың өзіндік мүмкіндіктерін, өз даусын дәлме-дәл білетін адам деуге болады.

Құлмат аға поэзия тілін жан-жақты, кешенді филологиялық ауқымда, стиль, жанр мәселелерін толық қамти отырып, тарихи даму барысын ескере отырып, тарихи поэтикалық тұрғыдан зерделеуді ұсынады. Ғалымның академик Ісмет Кеңесбаевтың жетекшілігімен қорғап шыққан «XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» атты кандидаттық диссертациясы – осындай ғылыми ұстанымның құндылығын іс жүзінде айғақтайтын, дәлелдейтін еңбек. «Ғалымды тақырып өсіреді» деген қанатты сөз бар. Жоғарыда сөз болғандай, әуел ­баста ҚазПИ-ден, тіл тарихының сұңғыла зерттеушісі Сәрсен Аманжоловтың мектебінен қанаты қатайып, түлеп ұшқан жас зерттеушінің ірі ғалым болып қалыптасуына септігін тигізуші үлкен фактор, құбылыс – ол кісінің үлкен ғылымға түсетін сүрлеу жолдың ­бастауында дәл осындай әрі соны, әрі кешенді зерттеуді талап ететін ірі тақырыпқа тап болуы еді. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деп ұлы Абай айтқандай, ұланғайыр уақыт пен кеңістікті алып жатқан бес ғасырлық өлең-жыр шежіресін зерделеу ісі – дәл осы Құлмат ағадай көшелі зерттеушінің пешенесіне жазылған шаруа еді.

Сөз ретінде айтатын болсақ, ол кісі еш­қашан да мәнсіз, маңызсыз тақырып­тарға қалам тартқан адам емес. Ата түркі мұрасының асыл бастауларында жатқан көне түркі жазба ескерткіштерінің жауһар туындыларының бірі «Күлтегін» туралы, ғасырлар тұңғиығынан бізге «түнде ұйқтамадым, күндіз отырмадым, қара терімді төктім, қызыл қанымды ағыздым» деп үн қататын Тоныкөк тәрізді кемең­гер басшылар туралы, ол кісілердің ұйға­рымымен құлпытасқа түсірілген шежіре-жәдігерлік мәтін туралы жазған программалық мақаласында аталмыш туындының күллі түркі әлемі үшін, өскелең жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі үшін аса зор мәні мен маңызын тарихи-филологиялық, ірі қоғамдық, гуманитарлық деңгейде ашып береді.

Ғалым түркі халықтарының ең ежелгі фольклорлық мұрасы «Оғыз қаған» эпосы мен оның тіліне талдау жасайды. Өзінің 1988 жылы «Ғылым» баспасынан жарыққа шыққан «Оғыз қаған эпосының тілі» атты еңбегінде аталмыш эпостың елтанымдық, этностанымдық, мәдениеттанымдық, тілтанымдық қырларын кешенді түрде зерделейді.

Поэтикалық тіл шежіресін зерделеуші ғалым жалпыхалықтық мүддені жыр еткен Бұхар жырау поэзиясын, өз заманының кескін-кейпін айқын-ашық жырлаған ірі тұлға – Дулат поэзиясын тарихи-филологиялық, лингвотекстологиялық тұрғылардан зерттейді. Ғалым жалпы қоғамдық ойды, жалпы қазақ халқын бай-кедей, жақсы-жаманға бөлмей тұтас жалпыхалықтық мүдде тұрғысынан жырлайтын Бұхар поэзиясын, сондай-ақ ­жалпы қоғамдық оймен қатар қазақ қауымын қара халық пен әділетсіз ел билеуші хан-сұлтанға бөліп қарастыратын, бұқаралық мүддені жырлайтын Махамбет поэзиясын жеке-жеке қарастырып, жан-жақты талдайды. «Қазақ» сөзінің қазақ поэзиясында жалпы халықтың жиынтық атауы ретіндегі ұғымда бірінші рет Бұхар жырауда ғана қолданылғандығын түйіндеп айтады.

Қазақ поэзиясындағы жекелеген туын­дылардың авторлығы мәселесін тексто­логиялық талдаусыз айқындау өте-мөте қиын шаруа екендігі белгілі. Мұны ғалым өз еңбектерінде Бұхар жырау, Шал ақын, т.б. ірі ақын-жырауларға телініп жүрген кейбір өлең-жыр жолдарын осы тұрғыдан қарастыра отырып, олардың табиғатындағы жасанды, құранды тұстарды айқындай отырып дәлелдейді. Мәселен, ғалым осы негізде Бұхар жырау өлеңдерін: «Бұхар өлеңі екендігі, я еместігі таза шартты өлеңдер, Бұхарға катемен таңылып жүрген өлеңдер, Бұхардың ортақ ой, ортақ мотивке құрылған өлеңдері, Бұхар жыраудың төл туындылары» деген төрт топқа бөліп қарастырады.

Поэтикалық тілдегі қолданым тап­қан лексикалық бірліктерді нақты тарихи дәуір, заманның тілдік қолданым ерекшеліктері тұрғысынан електен өткізіп, поэтикалық тілдің өзіндік ерек­шеліктерін тамыршыдай тап басып, ақын-жыраулар поэзиясын талдау барысында әр автордың өз «менін» қызғыш құстай қорғайды. Мәселен, Махамбет өлең-толғауларындағы «азамат», «азамат ердің баласы» тәрізді сөзқолданымдардың кейінгі дәуірдің тіліне, Махамбет ақынның тіліне тән екендігін дәлелдеу арқылы, оның өлеңдерінің авторлық төл туынды ретіндегі құндылығын еселей түседі. «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясы» жинағында Қазтуғандікі делінген өлең жолдарын мысалға алады. Осыған ұқсас жолдардың Махамбетте де бар екендігіне мысал келтіреді. Өлеңдерге текстологиялық талдау жасап, «азамат ердің баласы» тіркесінің, сондай-ақ «балдағы алтын құрыш болат» тіркесінің XV ғасырға тән еместігін дәлелдейді. Махамбеттің өзге өлеңдерінде де осы тіркестердің өте жиі ұшырасатынын ­жазады. «Махамбет тілінің сөздігіне» зер салсақ, шынында да, мәселен, «азамат ердің баласы» тіркесі және осы тіркеске синонимдес «жақсы атаның баласы» тіркесі Махамбет ақынның шұрайлы қолданымдары қатарында болғанын көреміз: «АЗАМАТ зат. (6). Ер адам, жігіт. Азамат, сені сақтадым, Бір күніме керек деп (М., 22). Алқалаған жер болса, Азамат басы құралса (М., 90). □ Азамат ер. Батыр, елін қорғаушы. Азамат ердің баласы, Аз ұйықтар да көп жортар – Дұшпанға кеткен ары мен Барымтаға түскен малы бар (М., 27). Ел шетіне жау келсе, Азамат ердің баласы Намысына шыдай ма, Жаттан көмек сұрай ма?! (М., 63). Азамат ерден мал тайды (М., 64). Азамат ерлер кімде жоқ (М., 106) [Махамбет тілінің сөздігі. – Алматы: «Арыс», 2012. – 360 б.]. Бұл жерлерде ерек­ше жауапты, сөзіне тұратын, уәдеге берік, өз отбасы үшін де, ағайын-туғаны, халқы үшін де мойнына жауапкершілік ала алатын адам, ірі тұлға туралы сөз болып отыр. Махамбет өзінің жырларында дәл осын­дай жақсы адамның баласы, асыл аза­мат пен арғымақ ат туралы сүйсіне жазады:

«Арғымақ, сені сақтадым,

Құлағың сенің серек деп.

Азамат сені сақтадым,

Бір күніме керек деп.

Жабыдан туған жаман ат

Шаба алмайды бөжектеп.

Қырдан қиқу төгілсе,

Еділге таман үңілсе,

Арғымақтың баласы

Шабушы еді-ау безектеп.

Жақсы атаның баласы

Басыңа қиын іс түссе,

Алдыңнан шығар өбектеп,

Жаныңа не керек деп...».

Демек, басқа қиын іс түскен кезде, көлеңке тәрізді жаман «достар» жан-жаққа қашып кеткен кезде, шын асыл «азамат адам», «жақсы атаның баласы» ғана көмекке келе алады. Махамбет азамат деп осындай адамдарды айтады. Бұл бүгінгі күні де ерекше маңызды, мәнді мәселе. Құлмат ағай да осы ойды меңзеп айтып отыр.

Ғалым, өзі жазғандай, ақын-жыраулар тілін олардың шығармасында көтерілген тақырыппен, идеямен, жанрмен бірлікте алып қарастырады. Қазтуған, Шалкиіз толғауларын ерлік-серілік өлеңдер ретінде, олармен тұстас «Орақ-Мамай», «Әділ сұлтан» жырларын ерлік-жауын­герлік тақырыптағы тарихи жырлар ретінде бағалайды, дәл осындай «ерлік-жауынгерлік тақырыптағы жырлардың тууы – тарихи құбылыс» дейді [«XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» // «Көне түркі әдеби ескерткіштері туралы зерттеулер», Алматы, «Арыс» баспасы, 2010, 14-бет]. Зерттеуші XV ғасырдағы «Сыпыра жырау толғауы», «Тоқтамыс сөзі», XVI ғасырдағы «Орақ-Мамай жыры», «Ер Тарғын жырындағы» кейбір үзіктер мен Махамбеттің (XIX ғ.) біраз өлеңдері – азаматтық-ерлік, ерлік-жауынгерлік мазмұнда туған, өзара өте жақын стильдік-тілдік жүйеге ие сөз үлгілері болып табылатындығын, бұ­лардың осы XV-XIX ғасырлардағы дидактикалық мазмұндағы шешендік ­терме, толғаулардан бөлек үлгідегі ­туындылар екенін жазады (аталған еңбек, 17-бет). Ғалымның тұжырымы бойынша, қазақ ­поэзиясында, әсіресе ­Махамбет поэзия­сында эпостық-батырлық жырлардың әсері едәуір болғандықтан, оның өлеңдерінің стильдік-тілдік жүйесінде фольклордың осы жанрына тән стильдік-тілдік белгілер мол ұшырасып отырады.

Құлмат аға қазақ халқының жеке ел ­болып құралу дәуірімен тұстас келген бірлі-жарым жырау өлеңдері мен жырларды алып, оларға ірі айдар тағып, оларды ­жасанды жолмен қазақ халық поэзиясына бастау болған еңбектер ретінде қарастыруға қарсы екендігін айтады. Мәселен, қазақ поэзиясы тілін осы поэзияның тууы мен дамуын қарастыра отырып зерттеудің міндеттілігі туралы айта отырып, ғалым: «Қазақ халқының құрылу дәуірімен тұстас келетін бір ақынның өлеңінен, я шығарушысы белгісіз бір өлең үзігінен қазақ поэзиясының ­тарихын бас­тау да көп ретте дұрыс болып шықпайды. Өйткені ондай ақындар өлеңінің я өлең үзігінің бізге келіп жетуі – таза кездейсоқтық нәрсе. Айталық, XV ғасырға тән «Қазтуған туралы сөз» не «Досмамбет сөзі» өзінің түрі, әсіресе мазмұны, тіпті мұралық-еншілестік жағынан қазақ ­поэзиясы деген үлкен поэзияның көрінісі не соның басы деуге сын көтермейді, ол ең мықтағанда, сол XV ғасырда қазақ ­поэзиясы деген поэзияның болғандығын жанамалап анықтайтын факт ғана. «Қазтуған ­туралы сөз», «Досмамбет сөзі» деген жыр, «Орақ-Мамай жыры», «Әділ сұлтан жыры», т.б. сөз үлгілері қазақ халқының құрылу қарсаңында, одан бергі дәуірде өзге территорияда Еділ мен Жайық бойында, Еділ, Қырым аралығында Алтын Орданың өзге бір ордасына ұйытқы болған ноғайлар арасында туды. Ал бұл жырларды осы құрамда болып, қазақ халқына кейін қосылған ру-тайпалар өзімен бірге әкелді. Кейінгі дәуірлердегі қайта жырлаулар негізінде бұл жырлар өзінің бұрынғы ноғай әрі Қырым жұрты редакциясынан біраз өзгеріп, біршама қазақыланды. Осы себепті де, бұл сипаттас біраз сөз үлгілеріне қазақ, ноғай, қарақалпақ, т.б. халықтардың ортақ еншілестігі бар мұра ретінде қарау керек» деген тоқтамға келеді. Ғалым: «Тегінде, ноғай, қазақ түбіміз бір, Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір. Орманбет хан ордадан шыққан күнде, Асан ата қайғырып айтыпты жыр» (Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясы. Алматы, 1967, 101-б.) тәрізді мысалдарды келтіре отырып, ­Орман­бет хан өлгеннен кейінгі Ноғайлыда басталған ыдырау туралы айтады. Айтар­лықтай ірі ноғай ұлыстарының қазақ халқының құрамына қосылғандығын, мәселен, ноғай ұлыстарының Шах-Мамай ұлдарының басқаруындағы «алты ұл» аталатын шығыс тобының қазақтардың «Кіші жүзі» құрамына сіңгендігі туралы дерек келтіреді.

Бұрынғы дәуірлердегі қазақ көркем­сөзіне қатысты жәдігерліктердің басым көпшілігі ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға ауызекі үлгілерде ұласып, қағаз бетіне кейінірек түскені ақиқат. Осы тұрғыда ғалым: «Ауызша шығарылғанына қарамай, шығарушыларын (авторларын) сақтаған ауыз әдебиеті бар. Сондықтан да қазақ ауыз әдебиетіне жалпы өзге халықтарда болған ауыз әдебиет тұрғысынан қарап, баға беруге болмайды. Әрі қазақтың шығарушылары (авторы) сақталған поэзиясын ауыз әдебиеті деп атаудан қашуға да болмайды» деген тұжырым жасайды.

Ғалымның пікірі бойынша, қазақ поэзиясының бастауын жалпыхалықтық ауқымдағы идеяларды көтеретін, халықтың басын біріктіретін идеялар негізінде туындаған мұралардан, сондай мұралар туындаған дәуірден іздеген жөн. Осы негізде ол: «Қазақ поэзиясы (әдебиеті) деген бір тарихи категорияның басталуын жеке, кездейсоқ фактілермен шешуге, дәлелдеуге болмайды. Бір халықтың әдебиеті-тарихының басталуын халық тарихына бейтарап болған шығармалардан іздемей, сол әдебиеттің халықтың тарихи тағдырына қатысы тұрғысынан келіп іздеу керек. Бірнеше ақын мен олардың өлеңдерінің жиынтығы (мейлі, ол сол халықтың қалыптасуымен тұтас келіп жатсын) белгілі бір әдебиеттің басы болып табылмайды, белгілі бір халықтың қалыптасу процесі тұсында осы тарихи мәселеге үндескен шығарма ғана әдебиеттің басы болып табылады» деген қорытындыға келеді. Сөйтіп, ғалым қазақ халық әдебиетінің, қазақ поэзиясының басын қазақтың азаматтық поэзиясынан іздеудің қажеттігін негіздейді.

Қорытып айтар болсақ, ғалым өзінің зерттеулерінде, баспадан шыққан төрт кіта­бында тіл мен әдебиеттің ортақ ­нысаны болып табылатын көркем әдеби тілдің алуан түрлі, көкейкесті мәселе­лерін зерделейді. Қазақ халқының тарихи ­поэтикасын жасаудың жолдарын көрсетеді, оның тарихи көздерін, тұма ­бастауларын ашады. Болашақ іздену­ші­лерге қажетті зерттеу алаңдарын дайындайды. Аз ғана ғұмыр жасында елі үшін еңбек етіп, көп іс тындырған азамат ағаның, саңлақ ғалымның жазған зертте­мелері әлі талай ұрпақтың қажетіне асары сөзсіз. Ғалымның хаты өлмейді! Оның ғылымда жасаған істері қазақ тілімен, қазақ халқымен бірге мәңгі жасай бермек!

 Мырзаберген Малбақұлы,

филология ғылымының докторы,

профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының

бас ғылыми қызметкері

1912 рет

көрсетілді

54

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы