• Руханият
  • 12 Қараша, 2020

Абайдың «Әлифбиін» қайта оқығанда

Әлиф дек ай йүзіңе ғибрат еттім,

Би – Бала’й дәртіңа нисбәт еттім.

Ти - Тілімнән шығарып түрлі әбиат,

Си - Сәнан мәдхіңа хүрмәт еттім.

Жем - Жамалың қандай ақ рузи маған,

Ха - Халаллық таппадым, жаным, сәнан.

Хи - Халайық, мен емес, бәрі ынтизар,

Дәл - Дариға ғишық оты бермес аман.

Зәл - Зәлиллік көрген соң, сайрай бер, тіл,

Ре - Риза қылмағыңды, яр, өзің біл.

Зи - Зәһәрдай күйдірді ғишқың қатты,

Сын - Сәләмат қалмағым болды мүшкіл.

Шын - Шикәр ләб есіме түскен сайын,

Сат - Сабырым қалмады, мен не әйләйін.

 

Зат - Зайғ өмірім өтті менің бекер,

Тай - Талаптан әйтеуір құр қалмайын.

Зай - Залым көп қылыш боп жанға оқталды,

Ғайін - Ғақлымды басымнан тартып алды.

Ғайын - Ғариблік басыма түскеннен соң,

Фи - Файдаң тие ме деп жаза салды.

Қаф - Қабыл болар ма екен жазған хатым?

Кәф - Кәмил ақылың, асыл затым.

Ләм - Ләбіңнен ем қылсаң мен дерттіге,

Мен - Меһріңнен қалмас ед бар апатым.

Нон - Налә ғып қайғыңмен күйдірдің көп,

Уау - Уәйлана ғишқың уайым жеп,

Һи - Һеш файдаң тимесе өлді ойлаңыз,

Ләм - Әлиф, Лә иләһа илалла деп.

Я - Ярым, қалай болар жауап сөзің?

Мәт – қасың, тәштит – кірпік, секін – көзің.

Үтірмен асты-үстілі жазуда бар,

Болуға асты-үстілі көнсең өзің.

Араб әліпбиіндегі әріптердің Абай өлеңі өрнегіне түскендегі сипаты, міне, осындай. Алайда өлеңді оқи отырып, ақынның ой түбіндегі кейбір өрнектеріндегі мәнділіктерді байқамай кеткен тұстарымыз да болған екен.

Өлеңді қайта оқысақ, әліптей ай жүзіңе ғибрат еттім дегендегі Ай қай Ай? Әрине, жаңа туған ай. Айдың бір жаңасындағы – Ай. Онда да шалқалап туған «Ай емес, әліпбидегі әліптей түзу туған Ай». Шалқалап туған Айды шаруа адамы ұната қоймайды. Халықтық метеорологиялық білімі бойынша он төрттегі Айға шейін немесе өліараға дейін күн жауын-шашынды болып, мал-жанға қолайсыз деп біледі. Өлеңді оқи отырып, осы жайт еске түскенде, түзу туған Айды Абайдың әліпбидегі әліпке теңеуінде бір мән бар екен-ау дейсіз.

Дей отырып, «Әлифби» өлеңіне тағы бір назар аударсаңыз араб алфавитіндегі жиырма сегіз әріп, төрт диакритикалық таңбаны көресіз. Көресіз де әр дыбыстың әріптік атаулары бар екенін: әлиф, би, ти, си, жем, ха, хи, дәл, зал, ре, зи, сын, шын, сат, зат, тай, зай, ғайін, ғайын, фи, каф, қаф, ләм, мим, нон, уау, һи, ләм және мәт, тәштит, секун, үтір деп аталатын төрт диакритикалық белгіні байқайсыз. Байқай келе, кейбір әріптердің дауыссыздың жуан/жіңішкелігіне қарай, мысалы, т-ның тай, ти; с-ның син, сат; х-ның ха, хи; з-ның зал, зәл, зат; ғ-ның ғайын, айын; к-ның каф түрінде оқылатынын көресіз.

Көре отырып, дауыстылардың жуан-жіңіш­келік қасиеті дауыссыздардың ықпалында екенін, ал қазақ тілінде, өзге де түркі тілдерінде дауыссыздардың жуан-жіңішкелік сапасы «дауыстылардың билігінде» (А.Байтұрсынұлы) болатынын байқайсыз. Байқай келе, ғылым-әлім, ғасыр-әсір, ғашық-ашық, хакім-әкім, хүкім-үкім, хүкмет-өкімет, ғарыз-арыз, Ғұмар-Омар, Ғали-Әли, т.б. параллельдердің араб әліпбиіне тән жазу-сызудағы ерекшеліктермен байланысты болғанын, жазба тілдегінің ауызшада қалай игерілгенін байқағандай ой түйесіз.

Бірақ жазба тіл дегеніміз қай тіл? Шағатай тілі ме? Әлде ортаазиялық түркі жазба ескерткіштерінің тілі ме? Осы аталған ортағасырлық түркі жазба ескерткіштерінің тілін шағатай тілі деуден гөрі А.Н.Самойлович, Н.Т.Сауранбаев ортаазиялық түркі тілі деп деп атауды жөн көрді. Ортаазиялық түркі тілі, сайып келгенде, ескі өзбек жазба тілі, ескі татар жазба тілі, ескі қазақ жазба тілінің жасалуына тілдік төсеніш болды. Мысалы, ескі қазақ жазба тілінің құрылым-құрамында, біріншіден, халық тілінен бөгде көрінетін ортағасырлық жазба тіл ескерткіштеріне тән дыбыстық, грамматикалық компоненттер, екіншіден, жалпыхалықтық тілде кездесе бермейтін араб-парсылық қолданыстар, ал үшіншіден, халық тілінің төлтума тілдік бірліктері болды. Міне, Абайдың «Әлифби өлеңінде» осы аталған үш компоненттің үшеуін де кездестіресіз. Кездестіресіз де, аталмыш өлеңді ескі қазақ жазба тілінің бір үлгісі деп танисыз.

Ә.Марғұлан, Р.Сыздық, М.Қойгелдиев сынды ғалымдарымыздың Қадырғали Жалайыридың «Жамиғат тауарих» шығармасын, сондай-ақ ғалым ағамыз Бабаш Әбілқасымовтың Әбілғазы хан баһадүрдің «Түрік шежіресін» қазақ жазба тілінің байырғы мұрасы, бастау көзі деп қарайтын зерттеулерін тағы бір еске аласыз.

 «Әлифби өлеңі» өрнегіндегі әрбір 28 сөз 28 әріптің қалай оқылатынын (дыбысталатынын) аңғартатын, әліпби үйренушінің жадында оны бекіте түсетін дидактикалық мәнге ие екенін, жаттауға қарасөзден өлең оңай дегендей дидактикалық дәстүрді ақын қаламының қайта жаңғыртқан себебін байқағандай боласыз. Әрине, қазақтың бәрі ақын емес, бірақ баршасы ақынжанды екені шындық. Міне, қалам ұстаған шақта ұлтқа тән мәдени-әлеуметтік бұл ерекшелік ақынның ой түпкірінде тұрғаны да шындық. Ақынның әліпбиді өлеңмен паш еткені де сондықтан болар.

Абайды қазақтың бас ақыны деп алғаш таныған Ахмет Байтұрсынұлы да өзінің төте жазу әліпбиінде әсіресе мақал-мәтелдерді дидактикалық материал ретінде жиі қолданғаны жанрдың ішкі ұйқасқа құрылған поэтикалық ерекшелігіне байланысты болар деп түсінуіңіз мүмкін. Дұрысы солай. Өйткені даналық пен поэтиканың адам таным-сезіміндегі қозғаушы күш екені де рас. Бұл жөнінде пікір түйіп, мақала да жаздық. Сөз арасында айта кеткен артық болмас, профессор Кәкен Ахановтың мектепке арналған сонау жылдардағы «Қазақ тілі» оқулығында мақал-мәтелдердің дидактикалық мақсатта жиі қолданғанын байқаған едік.

Бұл тұста «Әлифби өлеңіне» байланысты тағы бір айтайық дегеніміз – дидактикалық материалдың эстетикалық таныммен сабақтастық жағы.  Мәт (алифтің екеу екенін білдіретін мадда белгісі) – қасың, тәштит (қосарланған дауыссызды білдіретін белгі) – кірпік, секін (қатар келген әртүрлі екі дауыссыздың бірнішісінің үстіне қойылатын белгі) – көзің,  Үтір мен  асты-үстілі жазуда бар, Болуға асты-үстілі көнсең өзің! – деп ақын әліпбидегі диакритикалық белгілерді, – сұлу қыздың қасын мәтке, кірпігін тәштидке, көзін секунге, асты-үстілік үтірді, ерке мінез, еркелікке балама (символдық) мағынамен айтуы араб жазуының жай ғана таңбалар жүйесі емес, эстетикалық мәнге ие екенін паш еткенін аңғарамыз. Аңғара отырып, әліпби жөніндегі эстетикалық танымның сонау Абайға дейінгі немесе сол кезеңмен тұстас ақындардан кездестіргеніңіз де еске түседі.

Талас алқабынан шыққан әйгілі Ұлбике (1825-1845) Күдері Қожамен айтысында:

Сен-ақ оқы әліп пен Әбіжатты,

Мұрным әліп болғанда қасым мәд-ті

Көкірегім – кітап сөзі, тілім – Құран

Мен сенен үйренбеймін шариғатты, – дейді.

Әйелдің әдемілігі әліпбидегі әріптерге теңеліп айтылады. Мұрынның әліптей түзулігі, қастың әліп үстіне қойылатын мәд тәрізді иректігі этномәдени-тілдік ұжымның байырғы санасында әйел әлпетінің сұлулығын танытатын символға ие болған. Мұның өзі әліпби дәстүрінің этномәдени семантикалық кеңістіктегі орны ерекше болғанын байқатады. Әсіресе іргелі (концептуалды) діни ұғымдар байыр­ғы айтыс өлеңдерде әліпбидегі әріптердің атымен беріледі.

Ұлбике:

Сабақ басын сұрасаң «нун» болады,

Жаман сөз жақсы адамға мін болады.

Пайғамбар ат сұрамақ сүннеті екен,

Әкең атын сұраймын кім болады, – дейді.

Адамның таным-білімділігін өзекті тақырып еткен Ырысжан мен Әсеттің айтысында әріптердің атауын Ырысжан жұмбақ етеді:

Бір сарай нұрланады жалғыз «мим»-мен,

«Ра» мен «нун», «хи» менен «зи» оған ерген.

Бұл бес әріп бес сөздің бесеуінде,

Білдің бе мағынасы қайдан келген?

Бұл жұмбақты Әсет ақын былай деп шешеді:

Бір сарай нұрланады Мекке дүрмен,

Қажы парыз бай кісіге хақтан келген,

«Нун» – намаз, «ра» – риза, «зи» – зекет,

Парыздың енді бірі иман білген.

Мұндағы «мим» – Мекке, «нун» – намаз, «ра» – ризалық, «зи» – зекет, «хи» – қажылық. Байырғы этномәдени өрісте парыз бен қарыз, жақсылық пен жамандық, жомарттық пен сараңдық, ақыл мен сабырлылық, т.б. тәрізді жалпыадамзаттық құнды­лықтарды танытатын категориялық ұғымдар мен діни түсініктер қатарласа қолданылып, этикалық-моральдық ұстанымдармен сабақтаса айтылды.

Түйіндей келгенде, Абайдың әйгілі «Әлифби өлеңі» ескі қазақ жазба тілінің (ескі кітаби тілдің) көркем жанрдағы көрінісі болып саналады. Бұл тұста араб жазулы ескі қазақ жазба дүниесін тағы бір еске тұтсақ, олардағы жалпытүркілік, ортаазиялық жазбаға тән қолданыстарды салыстыра отырып, қазақтың халық тіліне тән тілдік белгілерді, әсіресе сигнификаттарда айқындап берген ғалымдарымыз акад. Р.Сыздықтың, Б.Әбілқасымовтың еңбектері қазақстандық түркітанудың бетке ұстар зерттеулерінің бірегейі болды. Институттағы дәстүр жалғастығы, зерттеу сабақтастығы болар, Гүлфар Мамырбекова, Айнұр Сейтбекова сынды ғалымдарымыздың осы бағыттағы ізденістерінде ескі жазба тілдің кітаби тұрпатын сақтағандары, халықтық тілге бейімделгендері зерделеніп, лексикографиялану тезінен өтті (Г.Мамырбекова. Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің түсіндірме сөздігі; А.Сейтбекова. Араб-парсы сөздерінің түсіндірме сөздігі. XII-XVII ғғ. жазба ескерткіштер негізінде). Зерттеу барысында алынған ғылыми өнімдер онбестомдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде», үлкен біртомдық «Қазақ сөздігінде» «ескі кітаби» деген стильдік белгімен берілгенін, тиісінше, Абай қолданған «ескі кітаби» тілдік үлгілердің де қамтылғанын атап айтамыз. Осылайша ұлы ақынның көпқырлы «Әлифби өлеңін» қайта оқи отырып ондағы дүниетанымдық, дидактикалық, эстетикалық тұстарын біршама барлап көрдік. Барлай келе, сонау кезеңдердегі қазақ қоғамында атар таңның нышанындай ­болып мәдени-әлеуметтік сипат алған араб жазулы ескі қазақ жазба дүниеліктерінің маңызы ерекше болғанын да тағы бір еске түсірдік.

Сонымен, ұлы ақынның көпқырлы «Әлифби өлеңін» қайта оқығандағы ойға түйгеніміз әзірше осы.

 

Нұргелді Уәли,

филология ғылымының докторы,

профессор

2545 рет

көрсетілді

152

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы