• Cұхбаттар
  • 12 Қараша, 2020

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: АУЫЛДАН ТАМЫРЫМ ҮЗІЛМЕГЕН...

Экологиялық мәдениет, қоршаған ортаның тазалығы туралы әңгіме желісі ұзаққа созылатыны баршаға белгілі. Бүгінде экология сөзі ең көп айтылатын, мәселесі көбірек қозғалатын тақырыптардың біріне айналып отырғаны да анық. Ендеше, елдегі қоршаған ортаның жай-күйі, табиғатты қорғау, жасыл желектің аумағын арттыру, жан-жануар мен өсімдіктер әлемінің мәселесін осы саланың басшысының өзінен сұрап көргіміз келді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Маратұлы сұхбат барысында министрлік тарапынан атқарылған іс-шаралар легімен де кең ауқымда таныстырып өтті.

– Әлемдік пандемия экологиялық жағ­дайды едәуір түзегенін әлемдік БАҚ та, сарап­шылар да жазды. Алайда пандемиядан тұралап қалған экономиканы көтеру үшін экологияның мәселелері ысырылып қала ма деген қауіп қазіргі күннен айтыла бастады. Індеттен кейінгі экологиялық ахуалды бақылауда ұстап қалу үшін Қазақстан қандай да бір жоспар, бағдарлама қабылдады ма?

– Біздің ең маңызды бағыттарымыздың бірі – экономика мен экологиялық мәселелерді шешуде тепе-теңдік сақтау. Былтыр ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Экологиялық кодекс» жобасының жаңа нұсқасын аяқтап, бекіттік. Қол­даныстағы кодекстен жаңа кодекстің басты айырмашылығы – жаңа, озық, қолжетімді технологияларды енгізуді басты назарға алдық. Бұл Еуропаның тәжірибесі. ­Еуропада экологиялық ахуалды жақсарту үшін 15 жылдай уақыт кетті. Біз де қысқа мерзімде жағдайды реттей алмаймыз. Сондықтан 2025-2035 жылға дейін «жасыл экономикаға» көшеміз деп жоспарлап отырмыз. Жаңа технологияларды енгізу үшін өте үлкен қаражат керек. Біздің кәсіпорындар ондай қаражат таба ала ма, жоқ па – оны да сараптап отырмыз. Себебі, сөзімнің басында айтқандай, экологиялық та, экономикалық та мәселелерді шешкенде біздің билік тепе-теңдікті сақтауға ұмтылады. Қаражатты шешудің жолын былай қарастырмақпыз: әр кәсіпорын қазір эмиссияға төлем төлейді. Ол орта есеппен алғанда жылына 90 млрд теңгені құрайды. Жаңа кодекске сай, ең озық технологияларға көшкен кәсіпорындар эмиссия төлемдерінен босатылады. Ал озық технологияларға көшпесе эмиссия төлемдері әуелі екі есе, үш жылдан соң төрт есе, тағы үш жылдан соң сегіз есе өседі. Осындай іс-шаралар арқылы Жаңа ­Кодексте қабылданған жоспарларға біртіндеп кіріскелі отырмыз.

Енді пандемияға байланысты әңгімеге оралсақ. Әрине, коронавирус пандемиясы басқа салалар секілді, экология саласына да әсерін тигізді. Оның үстіне, қандай жағдай болса да экология мәселелерін күн тәртібінен түсіруге болмайды. Себебі халықтың өмір сапасы экологияға тікелей байланысты. Сондықтан пандемияға қарамастан, қоршаған ортаның ахуалын жақсарту, геологиялық барлау, сумен қамту, тағы басқа маңызды жұмыстарымызды жоспарлы түрде жалғастырып жатырмыз. Мемлекет басшысы «Жаңа жағдай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» ­Жолдауын­­да ғы­лыми қауымдастықпен және жеке ­сектормен бір­лесіп, «жасыл өсім» жөніндегі ұсыныстар жиынтығын әзірлеуді тапсырған еді. Осыған байланысты, ­сондай-ақ ұзақмерзімді Қазақстан – 2050 стратегиясын, «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде мемлекеттік жоспарлау және мемлекеттік басқару жүйесіне «жасыл өсім» қағидаттарын енгізуге арналған жұмыстарға кірістік. Аймақтардың экологиялық проблемаларын шешу үшін қоғаммен тікелей қарым-қатынас орнаттық. Себебі экобелсенділердің, жалпы жұртшылықтың пікірін ескеру өте маңызды. Сол үшін бүгінге дейін экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылау үшін қалалардың, атап айтқанда Теміртау, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Қарағанды, БҚО, ШҚО, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда, Сол­түс­тік Қазақстан облыстарының қоғам өкіл­де­рімен 14 онлайн кездесу өткіздік. Оған әкім­діктердің, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері шақырылып, ашық талқылаулар болды. Талқылап қоя салмай, кездесу қорытындысы бойынша, қалалардың, облыстардың экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол карталары әзірленді, кейбірінде әзірленіп жатыр.

Министрліктің аймақтардағы Экология департаменттері тоқсан сайын Жол карталарының іс-шараларын орындау мәселесі бойынша халықпен осындай кездесулер өткізіп тұрады.

– Бірақ, қалай дегенмен де, індет сіздердің жоспарлы жұмыстарыңызға өзгертулер мен түзетулер енгізуі мүмкін ғой?

– Көзге аса байқалатын өзгерістер енгізген жоқ. Экологиялық ахуалды жақсарту үшін бірнеше жыл керек. Дәл қазір сол жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыруға көшіп кеттік. 2025 жылға дейін дайындық жұмыстары жүргізіледі. Бұл уақытта әр мекемені, әр кәсіпорынды тексеріп, аудит жасаймыз. Содан соң әр кәсіпорынға тиісті технологияларды ұсынамыз. Олар стандарт ретінде белгіленеді де, Үкімет қаулысымен бекітіледі. 2025 жылдан бастап кәсіпорындар сол техонологияларға көшуі үшін уақыт береміз. Мұның ешқайсысы да кешеуілдеуге болмайтын, жоспарлы әрі уақытылы іске асуы керек жұмыстар.

– Осы әлемдік пандемия мен еліміздегі карантин кезінде азаматтарымыздың экологиялық мәдениетіне қатысты проблемалар да айқын көрініп қалды. Көбейтұзды ластаған, итбалықтарды қорлаған оқиғаны назарға алсақ. Табиғат нысандарына, жануарларға қатысты көзқарасты қалай өзгертуге болады деп ойлайсыз?

– Меніңше, қазір жағдай сәл де ­болса оңалып келеді. Оңалып келе жатқаны сол, қазір ол мәселелер «жабулы қазан» күйінде қалмай, қоғам талқысына түсетін, арнайы шаралар қабылданатын болды. Көбейтұз да, итбалықтар да қоғамның ­назарынан тыс қалмады. Азаматтарымыздың өз табиғатымызға қарсы жасаған әрекеттері қатты қынжылтты. Сондықтан экологиялық мәдениет, экологиялық тәрбие өте қажет. Ол үшін Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жоба бастадық, соның негізінде мектептерге экологиялық сағат берілетін болады. Жауапты – Білім және ғылым министрлігі. Олар әдіснамасын әзірлейді, тиісті өзгерістерді енгізеді. Біз де сол сала министрімен бірлесіп бірнеше рет талқылауға қатыстық, қолдан ­келер көмегімізді көрсеттік. Экологиялық тәрбиені балаға беру керек. Ертең олар ересек адамдарды өзгертетін шығар. Иә, өзімізді қоршаған ортаны, өсімдіктер мен жануарларды аялай білгенде ғана өркениетті ел екенімізді көрсете аламыз. Карантин кезінде ішкі туризмге сұраныс артып, ұлттық парктерімізге барушылар қатары көбейді. Бұл тенденция алдағы уақытта да жалғаса бермек. Ал біздің негізгі мақсатымыз – азаматтарымызға еліміздің қайталанбас табиғат ғажайып­тарын тама­шалауға мүмкіндік бере отырып, экожүйенің бұзылмауын, рекреациялық жүктеменің ­шамадан тыс артып кетпеуін қамтамасыз ету. Сол себептен де қазір ұлттық парктерімізде экологиялық туризмді дамыту жобалары жүзеге асырылып ­жатыр. Оның аясында жаяу серуендейтін соқпақтарды реттеуге басты назар аударылады. Өйткені ашық аспан астында демалу дегеніміз – өсімдіктер мен жануарлар әлеміне зиян келтірместен сейіл құру, табиғатпен тілдесу. Сонымен бірге жеңіл конструкциялардан визит-орталықтар салынып, азаматтарға табиғат ескерткіштері мен олардың баға жетпес құндылығы жөнінде ақпарат беріледі. Алматы облысындағы Іле Алатауы ұлттық паркінде табиғат аясында серуендеу мектебі ашылып, тыңдаушыларға экологиялық сауат, тауға шығу ережелеріне арналған дәрістер ұйымдастырылды. Бұл іске, әсіресе «Тамыр» атты волонтерлер ұйымы ­атсалысып, шатқалдардағы қоқыстарды жинап, басқаларға үлгі көрсетіп жүр. Экожурна­листика курстары да өтті. Осы тәжірибелерді басқа да ұлттық парктерге енгізу де жоспарда бар.

– Бас-басына санай алмағандарыңызбен, арнайы есептейсіздер ғой, еліміздегі жасыл желек пен тал-дарақтың «саны қанша»? Олар шығарған оттегіні жұтатын еліміздегі адам санына шаққанда біздегі жасыл желек жеткілікті болып есептеле ме? Жалпы әр елдің өсімдіктер әлеміне қатысты арнайы стандарттары болса, біздегі стандарт қандай?

– Өкінішке қарай, ормандар, басқа да жасыл желек шығаратын оттегі көлемі мен әр тұрғын үшін атмосферадағы оттегінің қажеттілік көлемі есептелмейді. Сондықтан сізге орман алқаптарын қалай есептейтініміз туралы ғана айтып өтейін.

Бүгінгі күні мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30058,1 гектар. Орман қоры республика аумағының 11,0%-ын алып жатыр. Ағаш өскен жерлер қазірше 13121,8 гектар немесе орман қорының жалпы ауданының 44,0%-ы. Еліміздегі орманды алқап республика аумағының 4,8%-ын құрайды. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Оны ұлғайту керек. Ел Президенті өз Жолдауын­да ел аумағында 2 млрд ағаш егу керек екенін айтты. Бұл өте асқақ, дегенмен қазір әлемдік трендке айналған жоба. Екінші мәселе, шетелдерден ағаш көшеттерін әкеліп, оларды арнайы мамандар назарға ала отырып, біздің аумаққа жерсіндіріп, табиғатқа бейімдеуіміз керек.

Жеке орман қорының ауданы 996 гектар, бірақ жеке орман қорында ағаштармен қамтылған жерлер әзірге жоқ. Мемлекеттік орман қорының басым бөлігі, атап айтқанда 74,7% облыс әкімдіктерінің қарамағында, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қарамағында орман қорының 24,6%-ы бар. Өткен жылы мемлекеттік орман қорының ауданы 1360 гектарға артқанын атап өтуіміз керек.

Ормандардың 49%-ын сексеуілді ормандар құрайды. Шөлді және шөлейт аймақтарда орналасқан сексеуіл үлесі – 23,6%. Құнды қылқан жапырақты ағаштар 13,6%, жапырақты ағаштар 12,0%-ды құрайды. Олар оңтүстік және шығыстағы таулардың, солтүстік және орталық шағын адырлардың баурайларында, Ертіс өңірінің құмды ленталарында, өзендердің гидроморфты алқаптарында және шатқалдарда орналасқан.

Өсімдіктер әлемі стандарттарына қатысты әртүрлі нормалар мен стандарттар бар. Мысалы, елді мекендерде көгалдандыру құрылыс нормаларына сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ орман дақылдарына, ағаштар мен бұталардың тұқымына арналған стандарттар, тұрғындар саны 1 млн адамға дейінгі қалалардың жасыл аймақтарының құрамы мен мөлшерін белгілейтін және басқа да стандарттар бар. Алайда бүгінде орман шаруашылығы саласындағы стандарттар қайта қарауды қажет етеді. Өйткені қолданыстағы стандарттар Кеңес заманында қабылданып, ескірген. Климаттың өзгеруіне оң әсер ететін жасыл желек екенін бәріміз білеміз. ­Сонымен қатар орманның ағынды сулар мен жерасты суларының деңгейін реттеп, өрістерді жел эрозиясынан сақтауда маңызы зор екенін атап өтуіміз ­керек. Кли­матты оң өзгертетін тағы бір фактор дала екенін де ұмыт­пайық. Қазақстан жерінің көп бөлігі дала екенін назардан тыс қалдыруға ­болмайды.

– Қазақ даласы желі көп аймақ. Лас ауаны жел де айдап әкетеді десек, ормандар желге тосқауыл болмай ма?

Әрине, желдің дұрыс соқпауы экологиялық өзгерістерге әкеледі. Бірақ қалай айтсақ та, орманды алқаптың көбеюі климатқа тек оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Мысалы, жасыл белдеуің әсерінен Нұр-Сұлтан қаласының желі азайды. ­Алайда экологиялық ахуал желдің азайғанына емес, жылу стансалары мен көлік санына байланысты нашарлап ­барады.

Арал теңізінің маңына да соңғы жылдары жетпіс мың гектарға жуық сексеуіл ағашы егілді. Сексеуіл баяу өседі, дегенмен тамыры тереңге кетеді де, тұз бен құмды ұстап тұрады. Арал теңізінің маңында кез келген ағаш өсе бермейді. Биыл 2-3 рет Өзбекстанға іссапармен бардым. Олар да Қарақал­пақстанда біздікіне ұқсас бағдарлама бастап, сексеуіл егіп жатыр екен. Арал теңізі маңын жақсарту үшін ағаш егуден басқа шешім де жоқ.

– Еліміздегі табиғи орман қоры мен қалалардағы жасыл аймақтардың жай-күйі назарыңызда ма? Қазір ондай жерлердің жалпы аумағын ұлғайту мәселелері қалай қарастырылып отыр?

– Қалалардың жасыл аумақтары, өкінішке қарай, біздің министрлікке қарамайды. Дегенмен, қала сыртындағы жасыл белдеулерге біз жауаптымыз. Кейбір облыс орталықтарында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Түркістан мен Нұр-Cұлтан қаласының маңайында жасыл белдеу бар. Әрине, министрлік жасыл аймақтардың жағдайын тікелей бақылауда ұстайды. Орман шаруашылығы саласындағы қазіргі мақсатымыз республиканың орманды жерлерін 2030 жылға қарай 4,8%-дан 5%-ға дейін ұлғайту.

Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп орман аумағын ұлғайтудың Қадамдық жоспарын іске асырып жатыр. Орман дақылдары іс-шараларын отырғызу материалымен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік орман иеленушілердің жерлерінде жалпы алаңы 4238 гектар 155 тұрақты орман питомнигі, яғни тәлімбақтар құрылды, ­рес­публика бойынша жыл сайынғы отырғызу ­материалын өндіру көлемі 160 млн данадан асады. Республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстанның облыс орталықтарының айналасында жасыл аймақтар құруға ерекше көңіл бө­лінеді. Қазіргі уақытта Қазақстанның елді мекендерінің айналасындағы жасыл аймақ­тар ауданы 174,3 мың гектарды құрап отыр.

Елорданың тәжірибесі ескеріле отырып, Қазақстанның басқа өңірлерінде де жасыл белдеулерді дамытпақпыз. Атырау, Ақтөбе, Көкшетау, Қызылорда, Қарағанды және Түркістан облыс орталықтарының айналасында жасыл аймақтар құрудың жұмыс жобалары әзірленіп қойды. Ал Орал және Өскемен қалаларының айналасында жасыл аймақтар құрудың жұмыс жобаларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жыл сайын елді мекендерде, оның ішінде жалпы білім беретін мектептердің аумағында мектеп түлектерін тарта отырып, жасыл желектерді отырғызу бойын­ша экологиялық акциялар өткізіледі. Акцияның мақсаты – ағаш отырғызу арқылы еліміздің елді мекендеріндегі экологиялық жағдайды жақсарту, ­сондай-ақ жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беру. Бүгінгі күнге дейін мұндай акцияларға 260 мыңнан аса адам қатысып, 1 миллионнан аса ағаш отырғызылды.

– Биыл Абайдың туғанына 175 жыл. Осы оқиға аясында Семейден Қарауылға дейін 175 ағаш көшетін отырғызып, науқан бастап жіберсе ше?

 Ондай науқандарға, әрине, риза көңілмен қатысамыз. Биыл, өкінішке қарай, пандемия болған соң науқандық іс-шараларды жасай алмадық. Дегенмен, бәрі де болашақтың еншісінде деп ойлаймыз. Жыр алыбы Жамбылдың, Ахмет Байтұрсынұлының және Алаш арыстарының, елге белгілі тарихи тұл­ғалардың құрметіне арнап ағаш егу дәстүрін орнықтырсақ деп отырмыз.

– Осы күні елімізде әлемдік стандарттарға сәйкес келетін күре жолдар салынып, ол жолдың ортасына темір жолақтар қойылды. Миграция уақытында жануарлар ол кедергіні аттап өте алмайтыны белгілі. Осы орайда жол салушылар мен оған жауапты құзырлы органдарға жан-жануарлардың емін-еркін көшіп-қонуы үшін «табиғи аспалы» көпірлер, арнайы өзге жолдар салдырту жағы неге қарастырылмады?

– Жануарлар әлеміне қатысты өте маңызды сұрақты көтеріп отырсыз. Қазақ­стандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауым­дастығы (ҚБСА) спутникті пайдаланып көп жылдан бері жануарлардың көші-қонына зерттеу жүргізіп келеді. Зерттеу нәтижесі, олардың көші-қон бағыттары белгілі және белгісіз факторларға байланысты жыл сайын өзгеріп отыратынын көрсетті. Мысалы, ауа райы әсер етуі мүмкін. Бір жер құрғап су іздеп кетуі мүмкін. Тыныштығының бұзылу факторы да бар. Сол себепті қазір экодуктар салу үшін нақты орындарды белгілеу мүмкін емес. Жануарлар типтік жерүсті және ­жерасты өткелдерін пайдаланбайды.

Көп жылдық зерттеулер көші-қон жолдары қазіргі уақытта көптеген зерттелген және белгісіз факторларға (ауа райы жағдайлары, су көздерінің ­болуы, мазасыздық факторлары және т.б.) бай­ланысты жылдан-жылға өзгеріп отыратынын көрсетті. Жануарлардың қозға­лыстары да кең фронтты. Сондықтан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы экодук салу жануарлардың көші-қонына ыңғайлы жағдай қалыптастырудың әмбебап шешімі емес екенін айтып отыр.

Десе де, Министрлік тарапынан ­автомобиль жолында жануарлардың көші-қонына қатысты мәселе қарастырылған. Экодуктардың орнына жылдамдық режимін шектеу керек. Арнайы жарық шағы­лыстырғыштар, қозғалыс жылдамдығын шектейтін жол белгілері және «жабайы жануарлар» деген ескерту белгілері орнатылуда. Жер төсемінің төмендетілуі де бақыланады. Автожолда қоршаулар қоюға болмайды.

Сіз айтып отырған күре жолдар құрылысын жоспарлау барысында біздің министрлікпен экологиялық, биологиялық, зоологиялық тұрғыдан келісім ­жасалады. Батыс Еуропа Батыс Қытай жолында экодуктар салынған. Бірақ ­жануарлар экодук арқылы көшіп-қонбайды. Бәлкім көлік дыбысынан шошитын шығар. Жолға жақындайды да, кері кетіп қалады. Сондықтан дәл қазір экодуктар 100 ­пайыз тиімді емес. Десе де, жануарлар уақыт өте экодуктар арқылы миграциясын жалғастыра береді деп үміттенеміз.

– Еліміздегі «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер мен жануарлардың жай-күйін білуге бола ма? Түрлі категориялардағы өсімдіктер мен жануарларды түстеп танимын деп айта аласыз ба?

– Бір-екі апта бұрын ғана «Қызыл кітапқа» өзгерістер енгіздік. Үкімет қаулысымен Каспий теңізін мекендейтін итбалықтарды «Жойылу қаупі бар» санатымен «Қызыл кітапқа» енгіздік. Итбалықтың саны расында да азайып барады. Ресей Федерациясымен бірлесіп, үлкен зерттеу жұмыстарын бастадық.

Екінші сүйінші жаңалығымыз киіктің санына байланысты. 2000 жылдары 9 мың болып қалған жануар 2009 жылғы есеп бойынша 334 мыңға артқан еді. Биыл пандемияға байланысты нақты есебін жүргізе алмадық, бірақ сарапшылардың айтуы бойынша, қазір олардың саны 500 мыңнан кем емес. Мемлекет тарапынан қолданылып жатқан шараларға қарамастан браконьерлердің қаскөйлік әрекеттері тыйылмай тұр. Киік мүйізіне деген «қара нарықтағы» сұраныс браконьерлерді қылмыстық жолға итермелейді. Жануарлар дүниесімен қатар, табиғат сақшылары да зардап шегіп жатыр. Охотзоопромның үш инспекторының қызмет бабында ерлікпен қаза табуы табиғат жанашырларын дүр сілкіндіріп, заң талаптары қатаңда­тылды. Биыл жыл басында қылмыстық ­заңна­маға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, браконьерлік үшін қылмыстық ­жауап­кершілік күшейді.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жаңа экономикалық және қоғамдық қатынастарды реттеу басты орынға шықты да, еліміздің табиғатын қорғау мәселелеріне басымдық беріле қоймағаны белгілі. Сол кезде дархан даламызды мекендеген бір миллионнан аса киік саны күрт азайып, олардың біржола құрып кету қаупі төнді. Қазір киіктерді қорғау жұмысы «Охотзоопром» өндірістік бірлестігіне жүктелген. Инспекторлары жолсыз таулы жерлердің, шөлдердің және далалық аудандардың өте қиын жағдайларында автокөлікті пайдаланып, 10 әкімшілік облыстың жалпы алаңы 123,0 млн гектар аумағында табиғат қорғау іс-шараларын жүзеге асырады. Бұған 225 жуық инспектор және өтімділігі жоғары 95 автокөлік құралы жұмылдырылған. Министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2020 жылғы 3 ақпандағы № 27-5-6/16 бұйрығымен Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салды. Сонымен қатар инспекторлардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында жарақтандырудың жаңа нормативтері және еңбек жағдайын жақсартуға арналған әлеуметтік кепілдіктер топтамасы әзірленді. Жалпы жануарларды қорғау жолында еңбек етіп жүрген ­мамандарды әрқашан жоғары бағалап, ерліктерін ­насихаттауымыз керек. Өздеріңізге белгілі, жақында Президентіміздің бастамасымен тұңғыш рет орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін қорғау саласындағы «Елім-ай» сыйлығы тағайындалды. Қызмет бабында үздік нәтиже көрсетіп, даланың жануарларын қорғауда тәуекелге бас тігетін инспекторларымызды арнайы марапаттадық.

Қазіргі таңда Мемлекет тарапынан «Қызыл кітапқа» енген жануарларды, киіктерді және басқа да жануарларды қорғау мен олардың өсімін молайту жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуі нәтижесінде саны тұрақты түрде көбейіп келеді. Жабайы тұяқты жануарларды қорғау бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар да оң нәтижесін беруде: арқар, қарақұйрық, құлан, тоғай кермаралының саны да артты.

Бұдан басқа, Қазақстан ­Республикасы Ішкі істер министрлігі табиғат қорғау ­инспекторлары үшін құқық бұзушыларды ұстау, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік ко­декстердің нормаларын, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті қолдану не­гіздері, қызметтік қаруды пайдалану қауіп­сіздігі ережелері, арнайы тактикалық дайындық негіздері бойынша арнайы оқу бағ­дарламасын әзірледі. Ол бойынша жыл сайын инспекторлар курстан өтіп тұратын болды.

– Еліміздегі экотуризмнің болашағы ­туралы да айтып өтсеңіз...

– Құдай бізге көркем табиғатты аямай берген деп есептеймін. Десе де, экотуризмді дамытқанда пайда табуды ғана көздемей, туристердің санын арттыруды ғана назарға алмай, экологиялық мәселелерді де ұмытпау керек. Экологиялық туризм табиғатқа мейілінше аз салмақ салуды көздейді. Айта кету керек шығар, бізде жалпы туризмге қатысты түсініктің өзі өзгеше секілді көрінеді. Экотуризм ­деген тау мен су жағалап қарын тойдыру емес, табиғаттың сұлулығынан ләззат алу, ­салауатты өмір салтын ұстану. Сондықтан да, ең әуелі, түсініктерді өзгерту мәселесін қарастырғанымыз жөн болар. Ол үшін тиісті инфрақұрылым жасауымыз керек. Әжетханалардан бастап визит орталықтарға дейінгі аралықтарды құрылымдарды ретке келтіруді назарда ұстап отырмыз.

– Өзіңіз сол табиғат аясына қаншалықты жиі шығасыз?

– Өкінішке қарай, жиі шыға алмаймын. Үнемі жұмыстамыз. Бірақ, әрине, мүмкіндік болса құр жібермеймін. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болғандықтан, отбасымызбен Зеренді жаққа жиі барамыз. Тауға шыққанды жаным сүйеді. Алматыда Іле Алатауы, Алтынемелге барғанды көңілім қош көреді. Жақында Көлсайға, Шарынға барып келдік. Бұрынырақта АҚШ-та бірге жұмыс істеген әріптесімді тау аясына екі күнге қыдыртып алып шыққан едім. Өзімен бірге қабын ала келген екен, жол бойы қоқысты ерінбей теріп, қапқа салып алды. «Ғажайып табиғаттарыңызды жақсы көрмейді, құрметтемейді екенсіздер» деп өкпелеп кетіп еді. Барлығын бірдей жамандыққа қимаймын, біраз отандас­тарымыздың арасында табиғатты аяламайтын адамдардың бар екені менің де жүрегімді ауыртады.

– Таулы жердегі экотуризмді дамыту қиындау секілді көрінеді. Табиғатты ластаудан бөлек, түрлі табиғи факторлар да экотуризмге кедергі емес пе?

– Арнайы тау туризмін дамыту мәселесін қарастырып жатқан жоқпыз. Еліміздегі экотуризмді дамыту аясында қараймыз. Мысалы, Іле Алатауында 153 метрлік көне сүрлеу бар. Оны қалпына келтіруді қолға алып жатырмыз. Тауға шығудың да өз тәртібі бар. Тауға шығудың жөнін білмесе, таудан ләззат алудың орнына шаршап-шалдығып оралады. Тау қауіпті де болуы мүмкін. Демек, тауға шығудың мәдениеті мен тауды сүюдің жолын да көпшілікке жиі насихаттау керек.

– Суға қатысты да сауалымыз бар. Суды ластайтын адами факторлар көп. Көл маңдарында жасалып жатқан туристік ны­сандарды экологиялық тұрғыдан қада­ғалайсыздар ма?

– Әрине, қадағалаймыз. Былтыр, Алакөлдегі судың ластануы туралы көңілді қынжылтатын деректерге көп кездестік. Экологиялық жаңа кодексте БАҚ және әлеуметтік желілерде резонанс тудырған оқиғалар шықса, сол күні тексере аламыз. Былтыр, мысалы, Алакөлде болған оқиғада бірден тексере алмадық. Себебі оған бұрынғы кодекс мүмкіндік бермеді. Тексеру үшін БАҚ пен әлеуметтік желіде сурет не бейнебаян жүктеу жеткіліксіз, бізге шағым түсіру керек еді. Сонда ғана тексеруге шыға аламыз. Ендігіде бірден істі назарға аламыз.

– Ұсақ айдындар туралы да білгіміз келеді. Оның жағдайын қалай қарастырасыздар? Көбейтұз да ұсақ көлдердің қатарында болған­дықтан, жағдай ушыққанда барып мәселе белгілі болды емес пе?

– Өкінішке қарай, ол іс біздің ұдайы назарымызда тұрады деп айта алмаймын. Ал айдындарды таза ұстау, тағы да қайталап айтайын, біздің мәдениетімізге байланысты дер едім.

– Осы күні урбанизация туралы көп айтамыз ғой. Ауылдан қалаға көшкен адамдар да көбейгені белгілі. Ал сол қалаларды «мекендейтін» жануарлар әлемі туралы ­арнайы зерттеулер жасала ма?

– Егер қаңғыбас жануарлар туралы сұрап тұрсаңыз, ол біздің бақылауға жатпайды. Оған көбінесе ветеринарлық сала, әкімдік жауапты. Қаңғыбас жануарлар пана болатын тиісті орындарға жеткізіледі. Екі ай қамқорлыққа алынып, иесі табылмаса эфтаназия жасалады, яғни амалсыз көздері жойылады.

Жалпы қала жануарлары да қоғам назарынан тыс қалмауы керек деп ойлаймын. Олар туралы арнайы заңнаманы қабылаудың уақыты жетті. Мәселен, дельфиндер, контактілі зообақтар мәселесі. Оларға арнайы стандарт енгізуіміз керек. Қазір Парламент қарауындағы Жануарлар туралы арнайы заңда осы мәселелерді көтерген болатынбыз.

– Сіздер экологиялық тазалыққа қарасаңыздар, біз тілдің тазалығы мәселесін назардан тыс қалдырғымыз келмейді. Жеке басыңыз қай тілде түс көресіз, балалар қандай мектепке барады, экология министрлігіндегі ресми іс-құжаттар қай тілде дайындалып, жиналыстар қай тілде өтеді?

– Қазақ тілінде түс көремін. Бес перзентім бар, бәрі де қазақ мектептеріне барады. Ресми іс-қағаздарын ең алдымен қазақша жазамыз. Жиналыстардың түгелге жуығы қазақ тілінде өтеді. Өзім Алматыда туып-өскеніммен, ата-анам ауылда тұрады. Ауылдан тамырымыз үзілмеген. Сондықтан болар, мен де, әсіресе балаларым да қазақ тілінде еркін пікір алмасамыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан

Қарагөз Сімәділ

 

379 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ЕҢБЕКТІҢ КІЛТІ – ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП
Келесі мақала Уахит ШӘЛЕКЕНОВ, тарих ғылымының докторы, профессор: ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БІРЛІГІ ҚАЖЕТ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №48

26 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор