• Тарих
  • 12 Қараша, 2020

ҰЛЫТАУ

Нұрперзент ДОМБАЙ
«Ana tili»

Ұлытау.
Жер бетінде таулар көп. Оны айтасыз, өз еліміз де таудан кенде емес. Олар – Алатау, Қаратау, Көкшетау, Ортау, Мұзтау... Санай қалсақ біраз жерге барамыз.
«Ұлы» деген сөзді иемденіп тұрған жалғыз тау – Ұлытау.
Неге Ұлы? Неге Кіші емес?
Осы сауалды өзіңе қоясың да, ой мұхитына сүңгіп кетесің. Таңданасың. Таңырқайсың. Сосын мынаны мойындамасқа шараң қалмайды. Қазақ қандай атауды да, атты да жөн-жосықсыз қоя салмаған. Осы арада ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің мына сөзі тіліміздің ұшына оралады: «Біздің қазақ жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жаһан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады».
Демек, Ұлытау атауы жайдан-жай қойылмаған. Енді себеп-салдарына тоқталайық.

Бір ғажабы – Ұлытау Ұлы даланың нақ кіндігінде, ортасында орын тепкен. Мұны бір деп қояйық. Бірақ, біздіңше, негізгі себеп бұл емес. Басты мәселе таудың тарихта алар орны деп ойлаймыз.

Таудың Ұлытау атануы беріректе болса керек. Бұған дейін Кендіртағы, Ертағы атанғанын ғалымдар айтады. Әйгілі парсы тарихшысы Әбу Сайд Гардизидің ХІ ғасырда жазған «Зайн-әл-ахбар» («Баяндау керек») атты еңбегінде былай делінеді: «Қимақтарға шығатын жол жайлы айтсақ, әуелі Фарабтан Жаңа қонысқа барасың, сол Жаңа қоныстан қимақ еліне қарай жүргенде, жолда өзен кездеседі, одан өткен соң алдыңнан бұйра-бұйра құм шығады, түркілер оны Уюкман деп атайды. Әрі қарай Сокук өзеніне жетесің, одан өткеннен кейін тұзды сорларды басып өтесің. Әрі қарай Кендіртағы тауы басталады. ­Жолаушылар өзенді жағалай өскен қалың шөп, жайқалған ну то­ғайдың ішімен жүріп отырып, биік тауға, өзеннің бастауына жетеді. Осылай тар шатқалдағы жолмен тауға көтеріледі. Сол Кендіртағы ­тауынан шығып, Асус өзеніне тіреледі. Осы Асус өзеніне дейінгі бес күндік жолда қалың ағаштың көлеңкелері адамдарға күн түсірмейді. Өзеннің суы қап-қара, оның шығыстан бас­талған арнасы Табарыстанның қақпасына дейін барады. Жолаушылар бұдан әрі қарай қимақтар елінің шекарасы Ертіс өзеніне жетеді».

Осыларды атап өте келіп, белгілі қаламгер, зерттеуші Қуаныш ­Ахметов тілге тиек етілген географиялық атауларға төмендегідей түсінік береді: «Фараб – сол кезеңдегі Отырар қаласының аты, Жаңа қоныс ­Оты­рарға жақын маңдағы Кедер деп аталған сауда орталығы. Уюкман – Мойынқұм құмы, Сокук – Сарысу өзені, Асус – Есіл өзені, Кендіртағы – қазіргі Ұлытау тауы».

Ертағы мен Кертағы атауларына келе­тін болсақ, атақты Қиуа ханы, тарихшы – шежіреші Әбілғазы «Түрік шежіресі» еңбе­гінде мұның Ұлытау мен Кішітау таулары екенін нақты айтады. «Қазіргі Ұлытау мен Кішітау дегендерді ол кезде Ертағы және Кертағы деп атайтын» дейді.

Ұлытауға қатысты шындыққа бергісіз аңыз-әңгімелер жетерлік. Алаштың ардақты перзенті Әлім­хан Ермековтің мына әңгімесі Ұлытаудың қасиетін одан әрі арттыра түседі. Әлем ғылымында Заратуштра есімімен белгілі Ұлы даланың перзенті, жалпы адамзаттың ұлы ұстазы, ұлылардың ұлысы Зәрдеш бабамыздың алғашқы рет Алламен жүздескен жері Ертағы мен Кертағы болыпты. «Еділ мен Алтай, Орта Азия арасын мекендеген халық Зәрдештің Алламен алғаш кездескен жерін, қасиетті мекенін бұдан былай Ұлытау деп атады. Адамзаттың ұлы перзенті, ұлы данасы Зәрдештің Алладан естіген алғаш аяны осы Ұлытауда естілген. Тұран даласында неше түрлі биік те әсем таулар бар емес пе? Алтай, Алатау, Тарбағатай, Қаратау, Көкшетау, Қарқаралы, Баян, Қызыларай сияқты. Бірақ солардың бәрінен бөлек Ұлытау деп аталу ерекшелігі осындай болатын» дейді қайраткер тұлға.

Адамзат бастан өткен дәуірді Ұлытау да кешті. Жан беріп, жан алысқан дүлей шайқастарға, қантөгістерге куә болған Ұлытау бұл. Сол оқиғалардың дәле­лін­дей ескерткіш-белгілер Ұлытау төңі­­регінде жетіп артылады. ­Әсі­ресе моңғол, жоңғар шап­қын­шы­­­лық­та­рына қатысты­лары жақсы сақталған.

Жер-әлемді тітіркеткен Шыңғыс хан қыпшақ даласын басқару үшін үлкен ұлы Жошыны төрт мың әскерімен Ұлытауда қалдырғаны белгілі. Ұлан-байтақ жерді алып жатқан Жошы ұлысының саяси-әлеуметтік, сауда-экономикалық орталығы Ұлытау болды.

Тірі кездерінде алысып, арпалысып өткен Едіге мен Тоқтамыс Ұлытаудың шоқысында қатар ­жатыр. Соңғы ханымыз Кенесарыға дейін ордасын тіккен ұлы хандардың қасиетті мекені болған Ұлытау бұл. 

Хан ордасы аталатын жер де бар. Өткен ғасырлардан осылай аталып келе­ді. Сөйтіп бүгінге жеткен. Осының бәрі жайдан-жай емес. Түбінде негіз, шындық барын аңғартады. Қазір бұл жерден нені байқайсыз? Төртбұрышты алқаптың жиегі төбешіктермен қоршалған. Бір кездері бұл төбешіктердің орнында ­дуалдар немесе қорғандар болғаны анық. Арада қаншама жылдар тізбектеліп өтті... Қашанғы шыдас берсін. Биік қоршаулар жермен-жексен болған. Төбешіктердің айналасында арықтың ізі сайрап ­жатыр. Кезінде іргедегі өзеннен арыққа су тартылғаны байқалады.

Ұлттың жақсылары мен жайсаңдары осы жерде бас қосып, болашақ хан ­болатын адамды ақ киізге көтеріп, ұлықтау салтанатын өткізген. Осыдан-ақ кешегі уақыттары Ұлытаудың ­саяси орталық, ел астанасы болғандығы дәлелденер еді.

Қарт Ұлытауды аспан астындағы ­тарихи мұражай деп толық сеніммен айта аласыз. Мұндай өңір елімізде некен-саяқ. Аяқ басқан жерің өткен замандардан сыр шертіп, түрлі деректер мен оқиғаларды алдыңа тартады.

Алаша хан, Жошы хан мазарларының жазылудан кемдігі жоқ. Әйгілі Орда Базар қаласының орны әлі сақтаулы. Сәулеттік құрылысы ерекше Домбауылдың, Шыңғыс ханның қатыны Құланның, Жошының қызы Болған ананың мазарлары. Неолит, энеолит, қола дәуірлерінің таңбалары сақталған Теректі әулие ескерткіші. Орта ғасырлардың куәгері – Басқамыр, Аяққамыр қалаларының орындары. Сол заманның тағы бір дара белгілері Айбас дарасы мен Нөгербек дарасы. Ежелгі кен өндіру орталығы  – Талдысай... Осылай жалғаса береді.

Алтыншоқы аталатын жердің орны тіптен бөлек. Мұның да өз тарихы бар. Азияның азулы барысы атанған атақты Ақсақ Темір Тоқтамысты жаулауға бара жатқанда Ұлытаудың үстімен жүріп, осы жерге сан мың әскерімен аялдаған. Ұлытаудың таңғажайып табиғатына таңырқаған. Биік таудың басына шығып, айналаны көзімен шолып, сұлу көрініске сүйсіне таңдай қаққан. Сірә, көгілдір көктемнің іші болуы керек. Жап-жасыл дүние көздің жауын алып, жұтынып тұрғаны анық. Содан әмір бұл жерге ертеңдері жұрт естеріне алып жүрсін ­дегендей, бір белгі қалдыруды жөн ­санайды. Әскерлеріне тас жидыртып, бір жерге үйдіртеді. Екі жүз мың әскер жұмылғасын қойсын ба – таудай болмаса да әжептәуір биік шоқы қаланады. ­Осыдан кейін бұл төбе Алтын шоқы аталып кетеді.

Шоқы пайда болғаннан кейін ­шеберлер әмірдің нұсқауымен ­тасты ойып, жазу қалдырады. Бұл жазу кейініректе анықталғандай, араб және шағатай тілдерінде болған. Арабшасы: «Рақымды да шапағатты Алланың атымен! Жер жүзінің әміршісі, шындықтың шамшырағы, берік қорғаушы, бәрінен де күшті, бәрінен де құдіретті өмір мен өлім сыйлаушы данышпан Алла» деп оқылса, шағатай тіліндегісінде Тұран сұлтаны Темір бектің 793 жылы, яғни 1391 жылдың жазында екі жүз мың әскермен Тоқтамыс ханға жорыққа аттанғаны, әмірдің бұл жерден өтіп бара жатып, белгі болсын деп осы жазуды қалдырғаны айтылады.

Ақсақ Темірден қалған белгіні алғаш тауып, оны дүйім жұртқа жария еткен ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев болатын. Ол 1941 жылы жазылған ­«Доисторические памятники в Джезказганском районе» деген мақаласында бұл ­туралы айтып өтеді. «Алтын шоқыдан табылған мемориалды тас плитаның тағдырына Ленинградтағы Эрмитаждың ­директоры, академик Орбели қызығушылық ­танытты. 1936 жылдың күзінде Қарсақбайға Эрмитаждың аға ғылыми қызметкері Морозов келіп, плитаны Ленинградқа алып кетті. Кейін (1937 жылдың басында) Морозов тастағы жазуды профессор Поппэнің анықтағанын және ол қандай мағына беретінін хабарлады» дейді Қаныш.

Алтын шоқыдағы қазіргі жазу – бұл көшірмесі. Ал түпнұсқа қазіргі күні Санкт-Петербордағы Эрмитажда сақтаулы.

Тарихқа бай Ұлытау көркем табиға­тымен де жаныңа жылы шуақ құяды. Жалғыз Ұлытау ғана емес, бұл төңіректе Кішітау, Арғанаты, Желдіадыр, Майтөбе, Ақмола, Суықтөбе, Қарауылшы аталатын таулар да кездесетінін еске салғымыз келеді.

Қасиетті қоныс өзендерден де кенде емес. Қаракеңгір, Сарыкеңгірді айтпағанда, ел-жұртқа  Терісқаққан, Жезді, Байқоңыр, Білеуті, Қияқты, Қимықы және басқа да өзендер жақсы таныс.

Ұлытау төңірегі көлдердің саны жағынан да есе жібере қоймайды. Олардың ішінде көлемділері Қарақойын мен Шұбар  теңіз көлдері. Ары қарай жалғастырсақ – Барақкөл, Ащыкөл, Қоскөл, Обалы, Дәнсары, Бұршақтыкөл, Бозбайтал...

Ұлытаудың сай-салаларында қарақат, бүлдірген, жиде секілді жемістер мол ұшырасады. Шоғыр-шоғыр қайың-терек, топ-топ тоғай – дала сәні. Тау арасы қызылды-жасылды гүлдерге тұнып тұрады. Жаз күндері үйрек пен қаздан көз алмайсыз. Кешегі уақыттары құлан, бұлан, сілеусін, қоян, қасқыр сияқты аңдар тау бөктерінде өріп жүретін.

Ұлытаудың биіктігі теңіз бетінен 1150 – 1200 метрге жетеді. Таудың негізі граниттен жаралған.

...Ұлытаудың даңқы әйгілі болған­дықтан бұл жерге келуге әркім де құштар. Олардың арасында шетелдіктер де бар. Еліміздің бірегей тұлғаларының ішінде осылай қарай ат басын бұрмағандары кемде-кем.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – ­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бірнеше рет болып, Ұлытаудың қазақ тарихындағы орны жөнінде, ел бірлігі туралы  ой-толғаныстарымен бөліскен. Нұрекеңнің бұл жаққа алғашқы сапары 1993 жылдың қыркүйек айында түсті. Сол жылы Ұлытау селосына тақау тау етегінде қазақ халқының тұтастығын бейнелейтін болашақ ескерткіш орнына белгітас  қойылған еді. Елбасы белгітасқа беттеп гүл шоғын қойды. Ұлытаудың құдіреті ­буын-буынын босатты ма Нұрағаң көңілін толқытқан ойларын жиналған қауым алдында жайып салды:

– Өткенде Ордабасыда бүкіл халықты жинап, үлкен мерейтой өткіздік. Әрине Ұлытаудың өзінің орны басқа. Кешегі уақытта қазақ халқының үш дана биі ортақ жауға қарсы тұру үшін елдің басын қосып, бас сардарды сайлап, жауға қарсы қойып, қантөгіс қырғында еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалды.

Ал оның басы осы Ұлытауда басталған болатын. Тарихты жөндеп бүгін таласып жататын уақыт емес. Осы күні неше түрлі әңгімелер айтылып жүр. Әр ауылда, әр облыста өздерінің жағдайымен айтады. Ата-бабадан қалған деректер бойынша ең бірінші қазақтың басы қосылған жер – осы жер. Мұның өзінің тарихи мағынасы бар. Ұлытаудың басына ылғал жиналып, төңірегі көгерген кезде бүкіл қазақ жайлауға келеді екен. Шақырып жатудың ешқандай қажеті жоқ. Өздері жиналады. Осы жерде сол халықтың – әр рудың, әр тайпаның, әр елдің әкімдері жиналып, өздерінің басшыларын сайлаған. Сондай сайлаудың ең басы ХІ ғасырдың басында осында болған дейді. Халық жиналып, өзінің ханын сайлап, ақ киізге салып көтерген жері осы жер екен. Қазақтың басы қосылып, ел болып отырғаны мың жыл бұрын десек, ешқандай қиянаттық болмайды. Есім ханнан кейінгі деректер бойынша Едігені хан сайлаған   – Ұлытау. Тоқтамыс ханды сайлаған да – Ұлытау.

Біздің тарихымыз үзілмейді, ары қарай жалғаса береді...

Сол жолы баяғыдан келе жатқан дәстүр бойынша жиналғандар Нұрекеңді хан ордасындағы Хан тағына отырғызып, «Елбасымыз аман болсын!», «Нұрлы ­заман болсын!» деген ақжарма тілектерін айтты.

Нұрсұлтан Әбішұлы осыдан алты жыл бұрын Ұлытауға тағы да соғып, тарихи жердің маңызы жөнінде кең көлемде сұхбат бергені көпшіліктің есінде.

Өткен жылдың жазында қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлытауға арнайы атбасын тіреп, осында өткен халықаралық туристік форумға қатысты. Мемлекет басшысы жиындағы сөзінде Ұлытаудың халқымыз үшін алатын орны жөнінде ерекше тоқталған еді: «Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағлымды тарихымыздың куәсі. «Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда» бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп, ерекше құрметпен қараймыз. Қасиетті мекеннің қадыр-қасиетін барша әлемге танымал ғұлама ғалымдар да мойындаған. Бұған әйгілі Геродоттың жазбалары дәлел.

Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер. Халық бұл ­жерге Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулие ­таудай киелі орындарды көру үшін келеді. «Азияның арыстаны атанған» атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған. Ұлытау аңыздарында ұлттың ұйысуы, жұрттың жұмылуы айқын көрініс тапқан. Тірлігінде егескен, топырағы теңескен батырлар туралы әңгімелер осы мақсаттан туған. Бір-бірін дауға қиса да, жауға қимаған халқымыз береке-бірлікті бәрінен жоғары қойған. Бабалардан қалған салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруы тиіс. Тарихы терең Ұлытаудың қадыр-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз» деді ­Президент.

Ұлытау дегенде ел бірлігі, ын­тымақ, татулық ұғымдары ойға ора­лады. Ел ­басына ауыр күн туғанда  бабаларымыздың осы жерге жиналып, ақылдасып, ой-пікірлерін ортаға салып, тұйықтан шығудың жолын қарастырған. «Үш жүздің басын қосқан Ұлытау» деген сөздің сыры осында.

Ұлытаудың қадыр-қасиеті жөнінде ұлтымыздың ұлы перзенті, ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мынандай сөзі бар: «Орыстарға Кремль қандай қадірменді болса, меніңше қазақ елі үшін Ұлытау да соншалықты қастерлі». Бұдан артық теңеу  табу да қиын болар. Осы тұжырым көп нәрсені аңғартады.

Ұлытау жөнінде бұған дейін де жазылған. Әлі де жазыла беретіні анық. Өйткені ол біздің мәңгілік қастер тұтар, бас иіп тағзым етер қасиетті де киелі ордамыз, тірлігіміздің, бірлігіміздің бастауы, қайнар көзі.

2198 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы