• Руханият
  • 19 Қараша, 2020

ІЗДЕНГЕН ЖЕТЕР МҰРАТҚА

Кез келген зерделі адам Алла берген ғұмырында жиған-тергені көрген-білгені үшін, ең алдымен, ата-анасына, сонан соң білім берген мектебі мен ондағы ұстаздарына қарыздар. Журналистік кәсібімізбен сапарға шығып, аялдаған қала-ауылда мектепке бас сұғуға тырысатынымыз да осыдан болар. Жеткіншек ұрпақты тәрбиелеудегі сәтті ізденістер жанымызға шуақ құйып, қиялымызды көкке өрлетіп жатады. Ондаған ұлттар өкілдері мекен еткен Мәртөк ауылында №2 мектеп-гимназияда болған екі сапарымызда осындай күйге түскенбіз. Біріншісінде осыдан бес жыл бұрын білім ордасының ашылғанына сексен жыл толу салтанатына қатыстық. Екіншісі биылғы қазан айында мектеп ғимаратында Абай орталығының ашылуына орай жүзеге асты.
Ең алдымен, мектеп-гимназияның тарихынан қысқаша мағлұмат берейік. Ақтөбе облыстық кеңес атқару комитетінің 1933 жылдың 18 қазанында өткізілген мәжілісінің шешімімен Мәртөк ауылында қазақ мектеп-интернатын салу белгіленіп, арада бір жылдан астам уақыт өткенде бастауыш мектеп ашылды. Кейін оның ауқымы ұлғайтылып, жетіжылдық қазақ-татар мектебі деп аталды. Біршама жылдан соң бірыңғай қазақ орта мектебіне айналдырылған. Еліміздің тәуелсіздігі жарияланған 1991 жылы осында небәрі жүз оқушы білім алыпты. Бұлай болу себебі – қаратопырақты, табиғаты әсем, шаруаға қолайлы өңірде күні кешеге дейін негізінен өзге ұлттың өкілдері қоныстанып келген, қазақтардың үлес салмағы аз болыпты. Оның бер жағында кеңестік дәуірдегі орыстандыру саясаты салдарынан тұрғылықты қаракөз бауырларымыздың өз балаларын орыс мектебіне беру дағдысынан арылмағаны және бар.

 Уақыттың әдемі ағысынан дегеніміз жөн, егемендік лебі әсерінен өзге ұлт өкілдері ешқандай теперіш көрмесе де өз ықтиярымен тарихи Отанына бет алды. Керісінше, облыс орталығы Ақтөбе қаласына таяу орналасқан Мәртөкке Өзбекстан, Түрікменстан республикаларынан, Қытай мен Моңғолиядан қандастарымыздың көшіп келуіне жол ашылды. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны артты. Біз сөз етіп отырған білім ордасы 2006 жылы №2 мектеп-гимназия деген мәртебені иеленді.

 Осы замандық жобаға сай екі қабатты оқу ғимараты дүниетанымы кең, үнемі ізденумен жүретін азаматтардың бірі Серік Ботағарин ауданға басшылық еткен кезеңде салынып, 2005 жылы пайдалануға берілді. 82 мұғалім, оның ішінде 17-сі жоғары санатқа, 24-і бірінші санатқа ие. Жұмыс істейтін мектеп-гимназияда 513 шәкірт жиырма төрт сыныпта екі ауысымда білім алуда. Облыстық олимпиаданың нәтижесімен «Үздік инновациялық мектеп» атауымен жүлделі үшінші орынды жеңіп алған білім ордасы «Зерде», «Дарын», «Кіші ғылым академиясы» жобалары бойынша сайыстарда алдыңғы қатардан көрініп келеді.

 Білім беру саласының танымал ардагерлерінің бірі, жасы 90-ды иектеген, сонау жылдары осы ұжымда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс берген Нағашыбай Ердәулетовпен бірге ғимаратты аралап келеміз. Ең алдымен аңғарғанымыз – пәндік кабинеттердің, қосымша білім беру және тәрбиелеу нысандарының атаулары латын әліпбиімен жазылған. Бірыңғай үлгіде киінген, көрсе көз тоярдай ұстаздардың қимыл-қозғалысы сыпайы, қай-қайсысы да өз пәні немесе жүктелген міндеті турасында сауалдарға нақпа-нақ жауап береді. Ұстаздар мен ата-аналардың бірігіп қимылдауымен жасақталған мұражайға кіргенде мектеп-гимназияда жұмыс істеген ұстаздар, алғаш ашылғаннан бергі кезеңде басшы болған адамдар, осында білім алып шыққаннан кейін еліміздің әр қиырында еңбек етіп жүрген түлектер туралы біршама мағлұмат алдық. Сондай-ақ мұғалімдердің дәріс беру және әртүрлі үйірмелерді жүргізу барысында тұтынған бұйымдары ретімен қойылған.

 Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ашылған орталық үшін Қарақалпақстаннан көшіп келген қандасымыздан үлкен киіз үй сатып алынып, оқу ғимаратының екінші қабатында тігілген. Іші қазақы көріністі сипаттайтын жәдігерлерге толы. Жаңа орталықтың ашылуына халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы атынан біз – осы мақаланың авторы және аудандық ұйым төрағасы Қымбат Сүйінғалиева, сонымен бірге мектеп-гимназиямен тұрақты байланыс орнатқан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінен ғалымдар Абат Пангереев, Нұрдәулет Алдашев, Басқар Әлиев қатыстық. Аудан әкімінің орынбасары Медет Ысқақов еңбек ұжымының ізденістері туралы сүйсіне баяндады. Шараға қатысушылар ғұлама ­бабамыз өмірі мен шығармашылығынан тың деректер алды, Абай әндері шырқалды.

 Білім ордасында ашылған ІТ кабинеті, робототехника, «Жеті қазына» үйірмелері, басқа да пәндік сайыстар шәкірттердің сабақтан бос уақытында ой-өрісін кеңейтуіне жол ашты. Сонан да көптеген оқушылар облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдемен оралып жүр. Тұрақты ­кестемен жұмыс істейтін «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» ұстаздар қауымының жұртшылықпен байланысын күшейте түсті. Мәртөк ауданында қалыптасқан жақсы дағды – білім беру саласының еңбек ұжымдары арасында әр оқу жылы сайын белгіленген бір тақырыпта шығармашылық конкурс ұйымдастырылады. №2 мектеп-гимназия осы конкурста бірнеше мәрте бас жүлдеге ие болды.

 Осындай шаңырақта тәлім алған түлектер ұшқан ұясын ұмытпаса керек. Әр жылдары бітіріп шыққан қыздар мен жігіттердің өз қаржысына мектеп жиһаздарын жаңартып бергені, ғимарат ­ауласында 44 түп алма ағашын отырғызғаны – осыған дәлел.

 Мектеп-гимназияда еңбек етіп жүрген ұстаз­дардың көпшілігі Білім және ғылым министрлі­гінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-техникалық орталығының Алғыс хаттарымен марапатталды. Математика пәнінің мұғалімі Ш.Қаратаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Р.Телеуғалиева облыс әкімінің грантына ие болса, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Б.Өтеген «Жыл адамы» атанды. Ұстаздардың еңбекқорлығының сипаты – мектепте физика, химия, биология, ­информатика пәндері үш тілде оқытылуда.

 Әдетте еңбек ұжымының тартымды тірлігін сөз еткенде оның басшысын атап көрсеткен орынды. Мектеп-гимназия директоры Бақтыгүл ­Абдуллина – Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің түлегі. Мәртөк ауданындағы Хазірет орта мектебінде, Дмитриевка негізгі мектебінде, «Қарлығаш» және «Айгөлек» балабақшаларында, Жайсаң дамуында тежеуі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта, №1 Мәртөк орта мектебінде басшылық қызметтер атқарған. Оған аудан басшылығы сенім артып, №2 мектеп-гимназия жетекшілігін жүктеген. Әңгіме барысында кейіпкеріміздің ұстаз кәсібін мейілінше ықыласпен атқаруға құштарлығын аңғардық. Бақытгүл Аманжолқызы өзіне де, өзгеге де талап қою нәтижесінде ауызбіршілігі күшті, креативті ұжым қалыптастыра білген.

  Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Ақтөбе

164 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала Абайдың «Әлифбиін» қайта оқығанда
Келесі мақала НАР ТӘУЕКЕЛ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Стремись не к тому, чтобы добиться успеха, а к тому, чтобы твоя жизнь имела смысл. http://bit.do/fLc9r?h=f78dea5f2c1ca2a706ef9c8d84b25596&

19 Қараша, 2020

Стремись не к тому, чтобы добиться успеха, а к тому, чтобы твоя жизнь имела смысл. http://bit.do/fLc9r?h=f78dea5f2c1ca2a706ef9c8d84b25596&

ANA TILI №48

26 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор