• Тұлға
  • 19 Қараша, 2020

ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ КӨП...

Сүлеймен Босқынбайұлы Көшкіновтің «Өткен күнде белгі көп...» деп аталатын ғұмырнама­лық кітабы 80 жылдық мерейтойына арналып жарық көрген екен. Бұл кітапты мен бірнеше рет оқысам да араға уақыт салып қайталап көз жүгіртіп отырудан еш жалыққан емеспін. Өйткені, міне, отыз жылдан аса уақыттан бері отбасымызбен туыс ретінде қоян-қолтық аралас-құралас өмір сүріп келе жатқандықтан, аталған кітапта жазылған кейбір естеліктердегі өмір шындығы маған да таныс.

Өткен ғасырдың сонау 1988 жылдың наурыз айында Сүлеймен Босқынбайұлының кіші ұлы Ержан мен балдызым Айдын екеуі тағдыр қосып, отау құрды. С.Көшкінов ­туралы материалдарды газеттерден оқып, біліп жүрсем де алғаш жүзбе-жүз танысуымыз бен туыстығымыз сол бір тойлы дастарқаннан басталып еді. Орта бойлы, мығым денесін тік ұстаған Сүлеймен Босқынбайұлы ол кезде ердің жасы елудің ішіне жаңа ғана енген, бірақ өмірден көргені көп, күш-қуаты нағыз кемеліне келіп тұрған шағы еді. Қандай адам да өмірде көптен күткен қуанышында бал-бұл жанып, көңіл жаймасы жарқырай жайнап, шаттығын айналасымен бөліспей ме? Сүлеймен аға мен Мәкен тәтеміздің сол той дастарқанындағы бақыт құшағындағы сәттері әлі көз алдымда. Түннің бір уағына дейін созылған той салтанаты кезінде жаны бір серпіліп, әңгіме тізгінін өз қолында ұстап, әргі-бергі ата тарихынан еш қоспасы жоқ шындыққа толы ата-бабасының «соқтықпалы да соқпақсыз» өткен жолдарында жатқан бүркеулі ақиқаттан бейхабар кейбір туған-туыстары да, былайғы жұрт та біле отырсын дегендей жиі-жиі әңгіме қозғап еді.

Жоғарыда айтқанымдай, ағаның соңғы отыз жылында аралас-құралас болып, етене араластық. Осы жылдар ішінде ағаның не қызмет бабында, не былайғы өмірде жан баласына дауыс көтере жеки сөйлегенін бірде-бір рет көрген емеспін. Арындап, атойлап даукестеніп келген қай-қайсысын да мәселенің мәніне әр қырынан келуге мәжбүрлеп, сабасына бір түсіріп алған соң, «асығыс түбі өкініш, ойланып алмақ сабыр сол» дегенді алға тартатын да, көбінесе істің түйіні еш дау-дамайсыз өз шешімін тауып жататын.

Сүлеймен Босқынбайұлының еңбек жолы туралы жазылған бірнеше журналистің суреттемелік мақала-очерктерімен, қызметтес болған мамандардың естеліктерімен де жақсы таныспын. Солардың кейбірін оқып отырсаң, «сол жылғы қаһарлы қыстың қатал аязына қарамастан күн-түн демей тынымсыз еңбек етті» немесе «жолсыздан жол тартып, қияннан жем-шөп тасытып» деген тәрізді үйреншікті әсірелеулерге құрылған. Тұралап қалған шаруаны шалқытып, жетістіктерге қол жеткізу үшін әрине табиғат қиындықтарына қасқая қарсы тұрып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жанкештілік таныту ел қамын әріден ойлаған Сүлеймен Босқынбайұлы тәрізді нағыз елжанды азаматтардың ғана бойына тән қасиет. Айтайын дегенім, іс алға басып, шаруа дөңгеленіп оңынан жүре бастағанда, ең қауіптісі табиғаттың қаһарлы сынағы емес, адамдардың өздерінің бір-біріне жасайтын кедергісі мен алауыздығы ма дерсің? Өйткені гүлденіп келе жатқан шаруашылық, жақсара бастаған әл-ауқат, неге екені белгісіз, әлдекімдердің жанына түрпідей тиіп, тырнақ астынан кір іздеп, кіржие түсетіндер пайда бола кетеді. Ақыры «жер астынан жік шығады, екі құлағы тік шығады». Сөзімнің ­басын Сүлеймен Босқынбайұлының ғұмырнамалық кітабынан бастауым да тегіннен-тегін емес, өйткені өз еңбек жолының сәттіліктері мен өкіндірер тұстары ағаның жасы ұлғайған шағында жазған есте­ліктерінен қылаң беріп отырады. Сүлеймен Босқынбайұлының көзі тірі кезінде де өз аузынан бірнеше рет естіген өкінішінің бірін мен де білемін және ол менің де өкінішім, тіпті ол шаруасы шалқып келе жатып, жоқшылықтың қамытын бір-ақ күнде қайта киген Қоңырөлең кеңшары тұрғындарының ғана емес, күллі Жаркент өңірі тұрғын­дарының да өкініші дер едім. Ол – жұмысы жанданып барып, кілт тоқтаған (жоғарыда айтқанымдай, әлдекімдердің алауыздығының кесірінен тоқтатылған) тері цехы еді. Бұл туралы аталған кітабында аға былайша өкіне еске алады.

«...Қой орасан көп, өлім-жітім болмай тұрмайды. Терісін сыпырып аламыз, алайда ол іске аспайды. Өткізгенін өткіземіз, қалғаны босқа шіріп қалатын кездер аз емес. Тағы бір Құдайдың сәтті күні Жамбыл облысынан келген бір азаматтар, тері илеп, тон тігу қолдарынан келетінін айтты. Тыңдап отырсаң, құлаққа қонады. Біз де көрейік деп, алақанға түкіріп шыға келдік. Бұрынғы бір қойманы тазартып, жөндеп, жабдық әкеліп қойып, үш айда тері илейтін цех ашып, іске қостық. Теріні илеп, бояп цигейка жасай бастадық. Енді оны тігетін машина керек. Обкомға, ОК-ға барып жүріп, іс-жоспарымды қорғай-қорғай, айта-айта жүріп, тері тігетін төрт машина тауып әкеліп орнаттым. Тон тіге бастадық. Алдымен мамандарға, шопандарға тіктік. Тон көбейді, енді оларды қысы қатты Сібірге, Свердловскіге шығарып, машина, қосалқы бөлшектерге айырбас жасадық. Үлкен-үлкен үш мосты ЗИЛ-дерді айдап келдік.

Пайдасы мен қызығын көре бастаған соң қойдың терісі аздық етті. Енді бағалы да сәнді аңдар: түлкі мен құндыз (норка) терісін илеп көрейік деген ой жетеледі...

...Сұраушы, қызығушы көп. Тері цехы дүрілдеп тұр. Аңды көбейтейік деп ойладық. Біз сол кездің өзінде нарыққа бейімделіп, дайын тұр едік. Әттең, өкінер тұсым да осы. Барлығын ақылмен шешіп, қолынан келетіндерге жекешелендіріп бергенде күні бүгін талай адам белшесінен байлықта отырар еді. Оның орнына ел ішінде: «Ойбай, ана аңның терісін жуып, өңдегенде пайдаланатын химикаттар қалдық сумен жерге тарап жатыр, у екен. Өйтеді екен, бүйтеді екен» деген әңгіме қауға тиген оттай болды.

Шаруашылықтарды тарататын 1992 жылы кеңшарды ұстап қалу мақсатымен сол өңірге белгілі үш ұжымшардың төрағасы үшеуміз жоғарыға хат жаздық. Мұны есті­ген­дер: «Көшкінов кеңшарды сатып алайын деп жатыр екен, қалғанымыз соған жұмыс істеп, құл болады екенбіз» деген қаңқу сөз таратты. Мұндай әрекетті қолынан ештеңе келмейтін, өзіне де, өзгеге де ештеңе болмасын дегендер жасайды. Ал сөздің құдіреті деген қиын, ол тас ­жарады, тас жармаса бас жарады. Кімнің аузына қақпақ боласың?! Мен де сөз ұқпаған, жақсылыққа бастасаң, кері тартқандардан шаршай бастадым.

Тарату деген опыр-топыр бас­талған кезде, аудан әкімінің орынбасары болып Жаркенттен бір-ақ шықтым. Бір-екі жылда сүттей ұйып, берекесі шалқып отырған шаруашылық үлеске түсіп, быт-шыт болып тарады да кетті. Аң терісі де, бәрі де жайына қалды».

Айналайын жаны жұмсақ аға­тайым-ай, өз естелігінде де бұл жайлы сыпайылап қана ауыр күрсіне баяндағанын көрмейсің бе? Әйтпесе, иә, әйтпесе сол өңір тұрғындарының ғана емес, тіпті жалпақ елдің әл-ауқатын көтеруге де өз үлесін қосатын сол бір игі істі кертартпалап, ­жойып тынғандардың әрекетін қалай кешіруге болады? Үлкен сұранысқа ие болған сапалы өніміне басқа елдер де қызығушылық танытып, сатып ала бастаған тері цехының жұмысы қолынан іс келмейтіндердің кесірінен күрт тоқтап, ту-талапайға түспегенде сол бір ғана өндірістің өзі бұл өңір жұртшылығына қыруар ­пайда келтірері сөзсіз еді. Бұл күнде сол тері цехының жұрнағы да қалған жоқ. Жұртының қамын әріден ойламаған жаныашымастардың кесірінен кеңшар мүлкі талан-таражға түсіп, жоғарыда айтылған игі істер аяқсыз қалды. Бұған не дерің бар, кімді кінә­лайсың? Жоғарыда бұл менің де өкінішім дегенім сол.

Дегенмен, ел-жұртының алдында қашанда жүзі жарқын Сүлеймен Босқынбайұлы бұл қиындыққа мойыған жоқ, әрине. Жаркентке аудан әкімінің ауылшаруашылығы бойынша орынбасары қызметіне құлшына кірісіп, зейнеткерлікке шыққанша абыроймен еңбек етті. Қолы қалт еткенде ұлдары Болат пен Ерғанатты ортақ та елге пайдалы іске жұмылдыра отырып, батпағы мен шипалы суы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, сұрықсыз күй кешіп жатқан ол кезде Сарпылдақ деп аталатын өңірді игеріп, бүгінде оны гүлстанға айналдырды. Керімағаш деген ежелгі әдемі атауын қайтарды. Барған жан кеткісі келмей, шөл далада ғажайып бір оазиске тап болғандай сезінеді. Сол жерден елді ұйымдастырып, өз қаржыларына мешіт салдырды. Сол жылдары қасиетті Меккеге барып мұсылмандық парызын өтеп, Қажы атанды.

Өткен жылдың қараша айының 20 жұлдызы күні Жаркенттен бір суық хабар келіп жетті. Сексен төрт жасқа қараған шағында Сүлеймен Босқынбайұлы көз жұмыпты. Бұл хабарды ести сала, Жаркентке елі­міздің түкпір-түкпірінен қа­быр­ғалары қайысқан қалың жұрт жиналып, Сүлеймен ағаны қимас­тықпен мәңгілік сапарына шығарып салды. Одан бері де, міне, зыр етіп бір жыл өте шығыпты-ау! «Жақсының аты өлмейді» демекші, артына мол ұлағатты ісі мен өнегесін қалдырып кеткен Сүлеймен ағаның бейнесі әлі де тірі кезіндегідей көз алдымызда.

Көшкіновтер әулетінің алтын діңгегі, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының және Панфилов, Райымбек аудандарының «Құрметті азаматы» Сүлеймен Көшкіновтің есімі ел есінде. Бүгінгі күні ұл-қызы әке бастаған істі жалғастырып жүр. Үлкені Болат пен келіні Аманкүл және олардың ұлы Ербол үшеуі Керімағаш шипажайының жұмысын жүргізіп, елдің алғысын алып отырса, Ерғанат пен Салтанат шаруа қожалығын басқарады. Үлкен қызы Зейнегүл қаржы саласында қызмет етіп, зейнетке шықса, ал одан кейінгі Ержан мен Света – мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп жүр. Немере-шөберелері де еліне адал қызмет етуге кірісе бастағанын айта кетпеске тағы болмайды.

Бүгінде жасы 80-ге келген Мәкен тәтеміз де олардың бәріне әжелік ақ тілеуін тілеп, шүкірлік етіп отырған жайы бар. Ал ежелгі Жаркенттің киелі топырағын жамылып, оның төрінен мәңгілік мекен бұйырған Сүлеймен Босқынбайұлы туралы, оның жоғары адамгершілігі мен тек ел көсегесін көгертуді ғана ойлап тер төккен машақатқа толы адал еңбегі жайлы әлі де талай-талай әсерге толы естеліктер жазыла беретініне де күмән жоқ.

 Шаяхмет Алжамбай,

ақын, Қазақстан ­Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі

Алматы

2005 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы