• Руханият
  • 19 Қараша, 2020

НАР ТӘУЕКЕЛ

Дәнеш
АХМЕТҰЛЫ

Баян-Өлгейдің шығысында, қалың быдырқай ­тастауыт, ұсақ қырқалардың ­арасында «Қарабетшаған» деген ауыл бар. Ауыл неге бұлай аталған дейсіз ғой. Оның да өзіндік жөні бар. Ауыл Байөлке қазақтары мен мұңғұлдардың нақ ортасына орналасқан. Сондықтан да бұл ауылда негізінен алғанда жоғарыдағы аты аталған екі ұлт жұртшылығы тірлік етеді. Сан жағынан аздап басымдығына орай ауылда қазақтарға қарағанда мұңғұлдардың түрлі ұлттық ойындары, ырымдары мен салттары жиі аталып өтеді. «Қарабетшаған» қазақтардың Әз Наурызы секілді мұңғұлдардың ежелден тойланып келе жатқан көне мерекесі. Бір айта кетерлігі, бұл мейрамды тойлау айдан асып жығылады. Ай бойы мұңғұлдар жылына бір айналып келетін осы дәстүрлі мерекені атап өтеді. Және бір айта кетерлігі, жергілікті ұлт өкілдері осы мереке салтына сай бір-бірінің бетіне қара бояу жағады. Көшеде болсын, жол бойында болсын, кейде үйге кіріп, ас ішкен адамның бетіне құрметпен қара бояу жағады. Ең қызығы сол, бетіне қара бояу жаққан адам ай бойы бетін жумауы керек. Егер кездейсоқ жуа қалса, ол адамның ұлттық мерекені елемегені, сыйламағаны болып есептеледі. Тіпті өзіндік айып, жаза тартуы мүмкін. Сондықтан да шаған мерекесі басталғаннан аяқталғанға дейін ауыл адамдарының беті қара қожалақ, тіпті қап- қара болып жүреді. Бүгін сол «Қарабетшаған» ауылында дәстүрлі «Көк бұқа» мерекесі өтпек.

«Көк бұқа» мерекесі бұл елдегі ­сонау ықылым заманнан бері келе жатқан ең көне мерекелердің бірінен саналады. Көк бұқа деп аты айтып тұрғандай, бұл көшпелі елдің төрт түлік малға деген риясыз ыстық ықыласының, шынайы сүйіспеншілігінің белгісі. Бар байлығын, ырысы мен берекесін өзін аялап баққан адамдардан аямаған тірі қазынаға деген мәңгілік шүбәсіз құрметінің нышаны. Егер сиыр көк бұзау туса және ол еркек болса, ол малға ешкім тиіспейді. Ен де, таңба да салмайды. Бұл Тәңірінің малы деп, еркін қоя береді. Қайда барады, қай өріске жайылады, оны көк бұқаның өзі таңдайды. Егер де жазатайым өліп қалып, ит-құсқа жем болса, бұл да Тәңірінің жазғаны. Арыдан айтқанда, көк бұқаның тілеуінің орындалғаны.

Көк бұқа мұңғұл ұғымында мал басы, төрт түлік малдың құты мен киесі. Ол аз дегендей, көк бұқаның өзге емес қара жердің өзін көтеріп тұрғанын ескерсек, бұл малға деген өзге жұрттың сүйіспеншілігі тіптен аспандай түседі. Аталмыш мереке әр жылы тамыздың соңы, сары ала күздің алғашқы аптасында өтеді. Бұл мерекенің биыл да тойланар шағы келіп жеткен.

***

Баян-Өлгейден пәлен шақырым ­алыста, күзеуде жалғыз үй отырған Қосан қарт биыл да осы дүрмекке баруды ниет етіп еді. Таң бозынан тұрып, тиісті шаруасын тындырды. Шамалы қой-ешкісін қорадан шығарып, бақташының алдына салды. Бүлдіргенді сайға келді де, жылқысына көз салды. Ең әуелі аттарына назарын тіктеді. Үйірлі жылқының ішінде он шақты аты да қылаң беріп, қара көрсеткендей болған. Қосан қарт жылқысына таяп келіп, аз кідірді. Қайсы атты ұстарын білмей дал болды. Ана бір шабдар шаруаға мінер аты, мына көк шолағы тым жүріскер, аяңшыл, ұзақ жүрістің аты. Тор қасқасы болса, жүрісі мардымсыз, лоқ-лоқ етіп жүргені еңсеңді езеді. Қарт таңдауы айналып келгенде сүліктей жирен атына түсіп еді. «Осы дұрыс болар, – деді іштей өз-өзінен күбірлеп, – сүлік жирен жүріске де, шабысқа да мығым. Оның үстіне керіскедей болып, керіліп тұрғанының өзі неге тұрады. Жануардың алды биік, омырауы кең, арты құйылып тұр. Мұңғұлдар ең әуелі астыңдағы атыңа қарайды. Кісіні атына қарап бағалайды. Қандай ат мініп келгеніңе қарап-ақ сенің бұл тойға деген ықыласыңды, өзгеге деген құрметіңді бағалайды...».

Қосан қарт сүлік жиренге жүген салып, жетегіне алып, үйге келгенде төрт қанат киіз үйдің алдында бәйбішесі күйбеңдеп жүр екен.

– Батыр-ау, неге сонша кібіртіктеп қалдың, – деді күле тіл қатып. Тап бір мұң­ғұлдардың Көк бұқа тойына емес, қалыңдығыңа баратындай қылаңыт­қаныңа жол болсын. Үйге кіргеніңіз жөн болар, шай дайын.

– Сен де қай-қайдағыны еске саласың-ау, бәйбіше. Баяғыда басқа жиренмен Тойбалаға барғанымды меңзеп тұрған боларсың, сірә.

– Ә, қу шал, ойыңның үстінен түстім бе, бәлем. Ішім шалғайдағы бір көмулі құпияны сезгендей болып еді. Бәсе, жиренді бекер таңдамаған екенсің.

Шал біреу қытықтағандай, мырс-мырс күліп, құнжың қақты. Жирен мұртының шалғысы ұзарып, өңін күлкі табы аралады.

– Е, өтті ғой дүние, көп-көп дәурен артта қалды, – деді жиренді мама ағашқа байлап, қолын шайып, үйге бет алып келе жатып. Тойбала да келмеске кетті, әлсіздігімізден, әрі Алланың ықыласы аумағандықтан болар, алғашқы сөз айтқан бойжеткен еді. Одан да қағылдық. Одан кейін жирен аттар өзге ауылға бет түзеді. Талай қызды ауылдың сыртында әудем жерде, ағаш арасында байлаулы тұрды. Өзіңе де сол кезде жирен атпен барғаным есіңде болар.

– Шал-ей, қойшы сондай әңгімені. Сен де жөні жоқ жерде қай-қайдағыны ойға оралтып, елпілдей қалады екенсің.

– «Бұқаның өзі қартайса да мұрны қартаймайды» дегенді естіген боларсың...

– Бәрекелді, сөзіңе болайын, жүр, үйге кір, шайыңды іш. Одан кейін жиреніңмен жолға шық та, Тойбалаңды іздейсің бе, жоқ басқа ғашықтарыңды іздейсің бе, өзің біл.

– Е, не дерің бар бәйбіше, дегеніңнің бәрі жөн, айтқанына көнді, айдағанына жүрді деген осы...

Бәйбішесінің қаймақ қосқан құла ­шайын қанып ішіп еді, көңілі марқайды. Басына жиек-жиегі енді-енді сетінеп, кенеуі кете бастаған, айыр қалпағын, үстіне көгілдір пүлішпен қаптаған жеңіл жол шапанын киіп, беліне қайыс белдік тағынып еді, шыттай жігіт болып шыға келді. Есіл қарттың өзге емес, дәл қазіргі шақта өрістен жүгендеп әкелген жирен аттай жұтынып, сілкініп тұрғаны рас еді.

– Міне, енді демнің арасында жігіт ­болып шыға келдің, – деді бәйбішесі ­шалына көзін сықситып қулана қарап. Жарап тұрсың, басеке.

– Е, сен де дей береді екенсің, бұрын­нан жігіт болып келе жатырмыз ғой. Біздің сол шіркіндерден қай жеріміз кем.

– Көлеңкеңе бір қарағаның да жөн ­болар. Байқа, отағасы, бүгін өзің тым желігіп тұрғандайсың. Әлденеге ұрынып қалып жүрме...

– Құдай сақтасын, дегенмен, осы бүгін өзім біртүрлі болып тұрған секілдімін. Алақаным қыши ма, арқам қоза ма, әйтеуір бір құқай бар.

– Ет пен терінің арасындағы желік қой ол, басқа не дейсің. Көп желпіне берме.

Бәйбішесімен қашанғы әдетінше өстіп, қидаласып сөйлесіп, әзілі жарасқан шал ендігі сәтте жирен атқа да мініп үлгіріп еді. Атқа мінгеннен соң тіптен қоразданып кетті. Төрт қанат қараша үйге, есік алдында өз-өзінен күйбеңдеп, өз-өзінен сөйлеп жүрген бәйбішесіне көзінің қырымен бір қарады да, сүлік жиренге қамшыны тартып жіберіп, Бай өлкенің шығысын бетке алып, дүсірлетіп шаба жөнелді...

Күн бүгін де ашық, шағырмақ болатын түрі бар. Ақшаңқан шыңдары алыстан менмұндалаған асқақ таудың арғы жақ қапталынан бір шоғыр аққанат бұлттар қаптап шыға келді де, тау алқабында алашабыр көлеңке ойнады. Ауада білінер-білінбес аздаған суық леп бар. Әлгінде ғана тау баурайынан қоңыраулап, майда ескен ерке самал да сап тыйылыпты. Ала қарға мен күркілдек қоңыр кептер де бұрынғыдай көкке биіктемей, жар жағалап, жер бауырлай бастапты. Байөлкенің тастауыт, таулы алқабы өзіне тән кербездік, сұлулығымен еріксіз жанарыңды жасқайды.

Қосан қарт сүлік жиренді бөрі аяң, ит бүлкекке салып, екі қырқа асқанда Қызыл кезеңде замандасы Бөрібай, тағы екі белес­тен асқанда алдынан Бәйтен күтіп алды. Бұл да Қосанның замандасы, көп жылдардан бері үздіксіз араласып келе жатқан көне танысы. Сонымен, үш құрдас бірде қатар жортып, бірде жол ыңғайына қарай бірінің артынан бірі шұбап, күле сөйлеп, ашық қабақ, жарқын жүз, өзгеше бір ­шабытты шақпен «Қарабетшаған» ауылына қарай өңмеңдей ұмтылып келе жатыр еді.

***

Үш жолдастың әзілі әу дегеннен отқа май құйғандай жанданып сала берді. Әрненің басын шалып, қилы-қилы әңгіме айтты. Бірінің айтқанын екіншісі құп көріп, жадырай қабақ танытып, жарқылдап күлісіп те алды.

– Бүгін тегі жиреннің жүрісі бөлек, әй, бір қиғылықты салғалы тұр-ау деймін, – деп ұзын бойлы, қатпа денелі, қушық иықты, қырма сақалды, имек мұрын, шүңірек көз Бөрібай өзінше әзіл айтқансыды. Жануар бізге келіп қосылғалы алдыға түсіп еді, әлі алдыны бермей жортақтап келеді.

– Мен де әлденені сезгендеймін, – деп ұзын, иір бойлы, қапсағай денелі, жауырынды келген, қара қошқыл өңді, ер бітімді Бәйтен оның сөзін іліп әкетті. Жануардың бас шұлғып шыбындауы, Қосанның тұғырында ұзақ отырып, ұшуға зар болған кәрі бүркіттей шүйлігуі жаман. Осы Қарабетшағанда тосын хикмет қылаң бермесе игі еді.

– Арты қайырлы болғай.

– Е, қайбір қайрауы жетіп, қағынып отыр дейсің – деп, күле тіл қатты Қосан қарт. Бірақ осы бүгін әлденеге ереуілдеп отырған сияқтымын. Бірде алақаным қышиды, одан арқам қозады. Белгісіз бір үміт желіктіріп те, желпіп те отырған сықылды.

– Сонда не болғаны – деп, Бөрібай алақанын жайып, шарасыздық танытты.

– Жас емессің, қызды ауылға бара жат­қан. Батыр да емессің жекпе-жекке шық­қалы тұрған. Сонда сені кім десек екен.

– Ойқашты пендеміз ғой деп алдарқатты Қосан қарт. Басқа не дерсің. Дүние деген сол деп, енді көне бір сарынға бет бұрды. Өтіп бара жатқан уақыт, тұрлаусыз тағдыр. Осыдан бес-он жыл бұрын осы Шағанның тойына топ-топ болып бармаушы ма едік. Ана сайдан үшеу, ана бір қолаттан төрт-бесеуі, төменгі төскейден тағы шұбырып әлденешеуі келе жатушы еді. Сонда Сүліктінің жазығына шыққанда жан-жақтан жиылған ақ қалпақ қазақтар кәдімгідей қордаланып, қораланып молынан көрінетін. Және сол шоғырдың ішінде кімдер жоқ дейсің, бәрі де болушы еді. Ақыны да, әншісі де, палуаны да, көмейі бүлкілдеген шешені де қатар сап түзейтін. Енді соның бірі де жоқ. Бәрі жыл құсындай болып, Үлкен үйге, дәлірек айтқанда Қазақияға көшіп кетті. Содан қалғанымыз мынау, осы үш-төртеуіміз ғана.

– Жөн айтасың Қосеке, таздың басындағы биттің тірлігі ғой бұл, – деп Бөрібай жұмсақ жымиып күліп қойды.

– Балақтағы бит демегеніңе тәубе – деп, Бәйтен езу тартты. Әйткенмен не де болса, баста жүрміз ғой.

– Біз сол шақта Шағанның ауылына атнөпір болып барғанда, мұңғұлдар да кәдімгідей тайсақтап тұрушы еді, – деп Қосан сол бір базарлы шақты сағына еске алғандай уайымдай тіл қатты. Іштерінен не ойлағанын кім білсін, сырттай жалбақтап тұратын.

– Ол не дегенің Қосеке, «көп қорқы­тады, терең батырады» деген де бар.

– Жамантай, Керімбек дегендер күресте жан шыдатпаушы еді. Палуаныңды шығар, болмаса жүлдемді бер деп қасқая көкірек қағатын.

– Сол шақта Шағанда мұңғұлдың Даба доржы, Ламба Сурен, Гамбат, Көкшіл Доржы деген палуандары болушы еді ғой. Әсіресе, Ламба Суреннің жөні бөлек ­болатын.

– Сол Ламба Сурен дегендердің ­Жамантайдан талай мәрте жеңілгені де есіңде болар.

– Басқасын білмеймін, соңғы рет Құлжа маңында Қойыр Сұмында таза жеңіліс тапқаны есімде. Содан болар әрбір той сайын жаңағы аты аталған біздің ­палуандар тойға барғанда кәдімгідей ығып, қағылып отыратын.

– Осы біздің Керімбек, Есен, Есентайлар да талай топта күреспей жүлде алды емес пе.

– Жөн айтасың, алды, алды.

– Ол түгіл, пәкене бойлы Мейіртайдың өзі неге тұрады... Ол да талай рет күреспей жүлде алды ғой, – деп, Бәйтен оның сөзін қостады.

– Бәйгеден де атымыз озып келіп жатушы еді. Түрлі-түрлі талас-тартыстың бәрінде де оза шабушы едік. Әніміз аспандап, абыройымыз асқақтап тұрмаушы ма еді. Енді соның бәрі де күн өткен сайын сағымға, уайымды сағынышқа айналып бара жатқан секілді. Олай болатыны ел тегіске жуық Отанына ауып барады.

– Осы айтқаныңның бәрі жөн – деді, Бәйтен енді дауысын қатайта сөйлеп. Бірақ өйтіп жөнсіз сарыуайым, егілме гөй-гөйге салына беруге болмайды. Санымыз аз екені рас, оны мойындаймыз. Дегенмен, бізге бұл арада қысым көрсетіп, тізесін батырып отырған ешкім де жоқ. Бәрі де сол бәз-баяғысындай өтіп жатыр. Мұңғұлдар бізді аз деп шет қаға қоймас.

– Шет қағу болмайды, – деді Қосан. – Бірақ іштей бір егес, іштей тайталас, көзге көрінбейтін ереуілдің болатыны рас.

– Ол қай айтқаның Қосеке, ол дегенің дұрыс. Әрқилы ұлт бас қосқан дүрмекте ат жарысында болсын, палуандар бәсекесі, тіпті ән, өнер саласында болсын іштей бір тартыстың болып жататыны айдан-анық нәрсе ғой. Сол құқай бүгін де болады...

– Не көрмеген елміз, – деді Бөрібай екеуіне кезек-кезек қарап, көресіні тағы да көруге әзірміз. Жә, итмалтамызды езе бермелік. Одан да Шаған тойына тезінен жетелік, – деп астындағы семіз шабдар атты сипай қамшылап, тебініп, шоқырақтатып шаба жөнеліп еді, өзге екеуі де артынан көсілте шауып, тізгін босатып қоя берген...

***

Сарының кейкеңіне шыға келгенде алдарынан андағайлап, Сүліктің жазығы көрінді. Шеті мен шегін кеңге салған алапат жазық Көк бұқа қызығын құшағына молынан сыйдырғандай болып, далиып жатыр. Алыстан осы жазыққа түсіп қалған күміс белдіктей болып, ағараң тартып өзен көзге шалынады. Иіріліп, бұралып, толқып аққан көк өзеннің екі жағы сыңсыған ауыл. Өзеннің бергі жағына әдеттегіше көбіне қазақ үйлер тігілсе, арғы жақ қапталы дерліктей түртпек, шошақ төбелі мұңғұл үйлеріне бұйырыпты. Кісі қарасы, жүргінші, базаршы бүгін тіптен көп көрінеді. Әлден топ-топ болып, қаз-қатар тігілген үйлерді аралап, жайма базарды тамашалап, сабылып жүр. Мал қарасы да жиі ұшырасады. Мал қайырған бақташы, жүгірген бала, оның үстіне әр тұстан дамылсыз келіп жатқан шошақ төбелі қалпақ киген мұңғұл салт аттылары Шаған қозғалысын тіптен қоюлата түседі. Әсіресе, қазақ үйлердің арасында бірін-бірі қуалап, шапқылап ойнап жүрген балалардың қолындағы Қазақия байрағының кіп- кішкентай бөлшегі жалаушалар көзіне оттай басылады. Жасөспірімдер қолындағы осы кіп-кішкентай байрақшаларды көргенде Қосан қарттың жүрегі дір ете түскендей болған. Осыған дейінгі бойын басқан ұшпа мұң, сары тап уайымнан лезде құлан-таза айыққандай еді. Бойына тосын күш, ерекше қуат дарығандай болған. ­Жанары жарқ еткендей болып, енді дүниеге басқаша пейілмен қарай бастаған.

Үш құрдас а дегенде өзеннің бергі жағына, қазақ үйлерге тұмсық тіреді. Өздеріне арнап тігілген киіз үйге кіріп, жаюлы дастарқанға бата жасап, сусын ішіп, мауқын басқаннан кейін қайта тысқа шығып, Шаған қызығын тамашалауға кірісті. Жайма базар аралады. Әрқилы кездеме, тас шай, мәмпәси, шекер алып, қоржынның екі басын томпайтты. Жайдақ асханадан қымыз, шұбат ішіп, кәуап жеп дегендей көңіл көтергенсіді. Одан ығыса келе мұңғұл күресін тамашалады. Шағанның ең қызықты, думанды тұсы да осы мұңғұл күресі. Күрестің бұл түрін көру кімге болмасын айрықша қызық, айта қалғандай ойын түрі саналады. Үш құрдас күрес алаңына жақын қалғанда өкірген, дамыл-дымыл ішін тартып, солықтаған бұқа үні естілген. Бұл сырттан естілгенде кәдімгі зеңгі баба атасының үніндей ­болып естіледі. Бірақ зады олай емес. Бұл әр тұстан күреске алып келген палуандардың бұқаша өкірген даусы. Мұңғұлдар палуан­дарын өзге жұрт секілді әрқилы тәсілде киіндіріп, ортаға алып, қаумалап алып келмейді. Күреске түсер палуанына тек жарғақ шалбар ғана кигізіп, өзге жерін жалаңаш қалдырады да, палуанды кәдімгі бұқа сипатты ноқталап, жетектеп алып жүреді. Басына ноқта түскен палуанда маза болмайды. Дамыл-дамыл өкіріп, екі жағына топырақ шашып, тұрған жерін шаңға көміп жібереді. Өз-өзінен әлденені жайпап, құртып жіберердей айбат шегеді. Маңына жақын тұрған кісілерге өкіре ұмтылып, айбат көрсетеді. Байқамаса әуелі иықпен іліп тастап жазым етуі де мүмкін. Ол былай тұрсын, жетектеп алып барған иесіне қарсы шауып, дөң айбат жасап, құтырынып, қағынып кететіні тағы бар.

Қосан қарт тобы әдеттегіше мұңғұл күресін тамашалап, өздерінше мәз ­болысып қалып еді. Әлдеқайдан келген көшпелі цирк ойынын да қызықтаған. ­Әр-әр жерде ән айтылып, бірде күмбірлеген домбыра үні естілсе, бірде құрна үні безек қағады. Шаған ауылы ән мен күйге, би мен түрлі-түрлі тамашаға бөленіп тұрғандай еді. Салт бойынша шағандықтар өздеріне арнап тігілген он екі қанат киіз үйде ас ішіп, ақ тілектерін айтып, әсем әнмен сусындап, қазақ өнерін тамашалаған. Ендігі кезек өзеннің арғы жақ қапталына тігілген тақия төбелі мұңғұл үйіне ауысып еді. Ақ қалпақты топты қазақ ақсақалдарын алдарына салып, солай қарай ағылған. Шағандықтар барын дастарқанға төгіп, аса бір иба, өзгеше құрметпен қанаттас бауырларына сый көрсеткен. Қазақтардың батасын тыңдап, ақ тілегіне құлақ асқан. Әрнені бір айтып, дастарқан басына күлкі үйірген. Астан кейін есік алдындағы кең алаңқайда ұлттық өнер белең алған. Жиылған жұрт жаппай әнге құлақ тігіп, мұңғұлдың буын биін тамашалаған. Уақыт озған сайын бүгінгі күннің қызығы да сұйылып, сәл бәсең тартқандай еді. Ашық алаңқайдағы думан да тарқап, айнала сәт сайын оңашалана бастаған. Енді бұл арада тек қарттар ғана қалғандай еді. Мұңғұлдың мұндай дүрмекте ішетін әдеті. Үлкен-кіші деп жас талғамай сәті түссе іше береді. Және мұндайда ішкенді, тіпті мас болғанды әбестік санамайды. Ортаға қойылған ағаш үстелдің үсті неше алуан араққа, түрлі шарапқа, тіске басар ет пен қуырылған балық, құрт пен ежігейге толып, дәмді ас тәбетіңді ашады. Қосан бастаған он шақты қазақ қымыз ішіп, аққа қол созғаны болмаса, арақ атаулыға жолай қоймаған. Оның есесіне Лама Сурен бастаған мұңғұлдар жағы арақ, ішімдік атаулыны үздіксіз мазалаумен болған. Дамыл-дамыл ішіп, кейбірі масаң тарта бастаған. Әсіресе, Лама Суренде маза жоқ. Мейлінше ішіп, қызып алған ол бірде құрдастығын бұлдап, қазақтарға бір соқтықса, бірде кезінде осы маңның атышулы палуан болғанын айтып та жон көрсетіп қояды.

– Бауырларым, – деді ол баппен сөйлеп, бүгін тегі тым аз келіпсіңдер. Қатарларың сиреп қалыпты. Соған ішім ауырып отыр.

– Өзгеріске толы заман ғой бұл, – деді Бәйтен бипаздай сөйлеп. Кешегі бар бүгін жоқ, бүгін бардың тағдыры Алланың қолында. Келер жазда кім бар, кім жоқ, оны бір Жаратқанның өзі біледі.

– Сонда қалай болғаны? – деді Лама Сурен қайыра сұрақ қойып. Сол замандас­тарым менің қайда кеткен?

– Ел қайда көшеді, суды қайдан ішеді деген. Біразы о дүниеге аттанды, қалғаны Қазақияға көшіп кетті.

– Жөн, жөн, – деді Лама жауапқа көңілі көншігендей болып – бәрі де жөн.

– Лама, – деген осы арада Бөрібай саңқ етіп. Өкінішің орынды, әйткенмен, осы сен сол бүгін арада жоқ қазақтардан талай рет жығылғаныңды еске алып, тарығып тұрған секілдісің бе, қалай.

– Өкінбеймін – деді Лама, – несіне өкінемін. Күрес деген сол, бірде жығасың, енді бірде жығыласың.

– Дұрыс айтады, дұрыс айтады, – деп, оның сөзін қатарында отырған көп мұңғұл қоштап кеткен.

– Ламанікі сара сөз.

– Лама деген күшке мығым, ақылға да бай адам ғой.

– Лама біздің мақтанышымыз.

– Осы Ламаның қазақтармен күреспегеніне де мол болды-ау деймін.

– Иә, иә, соңғы сәтте Ламаның қазақ­тар­мен белдесіпті, яки жығыпты, яки жығылыпты дегенін естімеппін.

– Менің де ондай хабарды құлағым шалмапты.

– Онда не істеген жөн, – деді Ламаға таяу отырған жылтың көз, тышқан қара біреуі, – төрге төбедей болып, төрт-бес қазақ жайғасыпты. Сәті түссе Ламаны ­солармен күрестіреміз бе, қайтеміз?

– Әуелі қазақтардың лебізін тыңдалық. Олар не айтар екен, соны білелік...

– Бұл бір қиын сұрақ болды-ау, – деді, Бөрібай қынжылғандай болып. – Біз мұнда күресіп, жүлде алғалы келгеміз жоқ. Оның үстіне біз палуан да емеспіз. Ол дегендерің бола қоймас.

– Иә, солай – деп оның сөзін Бәйтен де қостап қойды.

Тек Қосан қарт қана жақ ашпай үнсіз сазарып отыра берген.

Онда сөзді көбейтіп қайтеміз – деді, жаңағы тышқан көз қара тағы сөз бастап, – біз күрес тілеп отырмыз. Ал қазақтар күреспейміз, себебі біз палуан емеспіз дегенді айтады. Онда осы отырған үш қазақтың үшеуі де Ламаға жолын берсін. Сонымен бәрі де бітті болады.

– Жөн, жөн.

– Ерінші дәл айтады.

– Осы Еріншінің де бір қағары бар-ау, сірә.

– Көп сөз не керек, Еріншінің дегені болсын. Үш қазақтың үшеуі де қолда бар бағалы затын Ламаға беріп, өзін жеңілдіге санап, үйден шығып, жөніне кете берсін...

– Бәрекелді бұл іс солай болсын...

Үш құрдастың а дегенде не деп уәж айтарын білмей сасып қалғаны да рас еді. Расында табан асты не дей қойсын. Не істеу керек деген ой үшеуін де ­мазалай бастаған. Күрессе қалай болады, қалай болғаны сол жығылады. Атышулы Ламаға қайрат көрсетер құдірет көлденең көк атты жолаушыда қайдан болсын. Бәрібір жығылғанын мойындап, жолын беруге тура келеді. Ал күреспей жатып, қол қусырып, құлдық ұрса, оның ұяты өз алдына. Енді нетпек керек. Ойда-жоқта тосын шешімді Қосан қарт қабылдап еді.

– Сен екеуің, – деген екі серіктесіне қарап, – ешкімге ештеңе бермеңдер. Кеуделеріңді тік ұстап, неге болмасын қасқая қарап, мойымай тұра беріңдер. Ал мен күресемін. Нар тәуекел, еркек тоқты құрбандық, мен осыған пейілмін...

– Қойыңызшы, Қосеке, оныңыз қалай болар екен?

– Күреспей болмайды, – деген Қосан қарт. Шағанның тойында үш қазақ мұңғұлдарға күреспей жол беріпті. Ә дегеннен жеңілгенін мойындапты деген естіген құлаққа ұят. Одан да күреселік. Шағанның тойында Қосан қарт тәуекел деп, Ламамен күресіпті. Әйткенмен жығылыпты деген сөз алдыңғыға қарағанда сәл мипаздау...

– Жеңем деп тұрсыз ба?

– Жеңбесем де бірталай жерге барамын.

– Онда Алла жолымызды оңдасын, ата-баба әруағы қолдасын.

– Әумин!

– Қазақтар, үшеуара оңашада көп шүйіркелестіңдер. Нендей шешімге келдіңдер, – деді әлгіндегі тышқан көз, жылтың қара. Жауабын айтыңдар.

– Айтары сол, Қосан Ламамен күреске шығады.

– Солай ма?

– Солай.

Соның арасынша «Қосан мен Лама күреседі екен» деген хабар айналасын тегіс шарпып, желдей жүйткіп аралап өтіп еді. Демнің арасында ашық алаңқайдың айналасы адамға толды. Әркім әртүрлі болжам айтып сәуегейлік жасады...

Қосан қарт сырт киімдерін шешіп тас­тап, сыптығырланып, айқасқа әзірленді. Көз алдынан әлгіндегі жас балалардың қолынан көрген көк жалауша кетпеді. Сол көк жалауша көз алдына елестеген сайын сабазыңның бойына саумалдап күш құйылып жатқандай еді. Қазақияның көк байрағы көк аспаннан айрықша күш бергендей болған.

Қосан қарт күрестен де қара жаяу емес еді. Жас шағында, тіпті бозбала кезінің өзінде торқалы тойда талай күрескені бар. Соңғы ретте ғана екі тойда тобығын қатарынан екі рет шығарып алып, бұл өнерді тоқтатып еді... «Азар болса, тобық тағы шығар – деп, іштей толқыды қарт. Жаным арымның садақасы. Көз алдымда Қазақияның көк байрағы желбіреп тұрғанда, жеңіле қоймаспын...».

Қосан қарттың балаң кезінде күресте қолданатын өзіндік әдісі болушы еді. Айтушылар бұл Қосан әулетіне сонау арғы аталарынан келе жатқан мұрсал әдіс дейтін. Қосан қарттың есіне енді түсті. Күрестің бұл әдісі бойынша ­палуан басын төмен салып, аяғын алшақтау ұстап, қарсыласын бар күшімен бірде ана жаққа, бірде мына жаққа итереді. Сөйтіп, оның әдіс жасауына еш мүмкіндік қалдырмай, іштей ығыр етеді. Қарсыласының олай да бұлай тасқаяқтай қағыстырып итере бергеніне ыза болған палуан енді өзі де итеруге күш салады. Ол да қарсы итереді. Сол шақта өзін алапат күшпен итеріп келе жатқанға қарсы әдіс қолданады. Сәл ортаға келгенде көз ілеспес шапшаңдықпен бір тізерлей отыра қалып, қарсыласын бір жағына атып ұрады. Қосан осы әдіспен талай қарсыласын жер қаптырған. Енді бүгін қалай болар екен...

Күрес басталған. Кеудесі талыстай, қара бұжыр өңді Лама Сурен жардай болып, құтырынып шыға келді. Қосанға қорашсына бір қарады да, қол алысып, сыйластық ырымын жасағаннан кейін қапсыра құшақтап, кеудесіне қысып, сілкіп-сілкіп қойды. Қарсыласын тас­тай бере шағын алаңқайды айналып, көрерменге ізет көрсетті. Жардай болған палуанның көптен бері күрес алаңына шықпағаны, ашық айқасты сағынып қалғаны анық еді. Лама өстіп селсоқ аз жүрді де, ендігі сәтте оқыс бұрылып, қарсыласына тура ұмтылған. Екі ­палуан шаппа-шұп ұстаса кеткен. Ламаның қозғалысы кердең, қимылы қамсыз жеңетініне сенімді секілді. Қайсы әдіспен жығарын білмей өзінше ой қорытты. Оның үстіне кішкене болса да ермек болсын деп, әдейі уақыт оздырып жүргені де рас. Қосан қарт баяғы ескі әдісіне салған. Ә дегеннен Ламаны бірде олай, бірде бұлай итере бастаған. Осы итеріс сүт пісірім мезетке созылған. Қошеметшілерінің көзінше бұрыштан-бұрышқа лықсығанын ерсі көрді, білем, енді Ламаның өзі қарсы итеруге көшіп еді. Қосанды оңды-солды қақпалай бастаған. Өстіп жүргенде Қосан қарт күткен сәт те туып еді. Өзін екпіндеп, омыраулай итеріп келе жатқан жойпан қараны алаңның орта тұсында күтіп алып, бір тізерлеп отыра қалып, басынан асыра лақтырып жіберген. Лама тегі бұл күрестен бұны күтпесе керек. Көзді ашып-жұмғанша жауырыны жер қауып жайрап жатты. Жеңіс сыйлығы Қосанға бұйырды. Лама алаң ортасында не болғанын білмей есеңгіреп отырып қалғанда, төреші мұның қолын көтерген. Кенет Қосан қарттың көз алдына әлгіндегі ойнап жүрген балалардың қолындағы көк жалауша елестеді. Дүниені тегіс көк ­жалауша жаулап алған тәрізді. Қарт көзіне көк түсті Қазақияның жалауынан өзге ештеңе елес бермеген. Енді әлгі көк жалаушалар көгершін құсқа айналып, көк тұңғиығына қарай қалақтап ұшып бара жатты. Жанары жасқа толған қартқа әлгі көгершіндер бірде көк жүзінде қалықтап жүргендей, бірде көк теңіздің үстінде баяу тербеліп, жүзіп бара жатқандай...

 

1276 рет

көрсетілді

69

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы