• Руханият
  • 19 Қараша, 2020

МҰСТАФАНЫҢ ТҮРКІСТАНЫ

Өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі жеткілікті Торғай датқа мен би болыс Шоқайдың шаңырағында дүниеге келген, тәрбиенің темір қазығы – отбасында ұлттық тәрбие көрген, берісі Ресейдің, арысы Батыстың білім бұлағынан сусындаған, шынайы саяси әлеуметтік өмірде шыңдалған, жиырма жылдан астам шет елде, жат жерде сан түрлі талай қайраткерлермен әділеттілік үшін айтысқа түскен, көзбен көргені де, ойға түйгені де мол Мұстафа Шоқай Еуропаның нақ ортасы – Францияда түркі тектес эмигранттардың кемел көсемі ғана емес, түйінді сөздің шешені де болған еді. Бұған ұлы тұлғаның Ресейдің отарлық саясаты, соның саяси жалғасындай болған кеңестік шындық, Түркістанның азаттығы үшін күрес, тәуелсіздіктің мәні мен мазмұны, оған жетудің амалдары мен жолдары, ұлттық мемлекет құру, қоғамдағы саяси қайраткерлер мен зиялы қауымның орны, оларға қойылатын талап тілектер, т.б. тақырыптарды қамтыған, жинақтағанда көлемі бір ­баспа табақтан асып түсетін саяси-әлеуметтік ой-тұжырымдары мен нақыл сөздері толық дәлел бола алады.
Бүгінгі мақаламызға 1929 жылдың желтоқсан айынан шығып, 1939 жылдың қыркүйек айында тоқтаған, Польшаның басшысы, маршал Иосиф ­Пилсудский тарапынан құрылған «Прометей» қоры қаржыландырған «Яш Түркістан» журналында жарияланған, түрік-шағатай тілінен қазақшаға аударылған ұлы тұлғаның 200-ден астам еңбегі негіз болып отыр.

Большевиктер Қазан төң­ке­рісінің алдында, яғни билік ­басына келерден бұрын-ақ өз ұстанымдарына тарту үшін бүкіл ­Ресей мұсылмандарына, оның ішінде түркі­стан­дықтарға да өз қалауы ­бойынша өздерін басқару деген сарында да ұран тастағаны белгілі. Саяси сахнаға шығысымен-ақ ұмытыла бастаған бұл саясатты Мұстафа Шоқай қатал сынап, әлі ашық бой көрсете қоймаған кеңестік шындықтың табиғатына мынандай керемет сипаттама берген болатын. «...«қызыл сөздерге боялған» мұндай үгіт насихаттың нәтижесі іс жүзінде «орыстың ұлттық рухына негізделген пролетариат диктатурасынан басқа ештеңе де болмай шықты..» [1 том, 39-б.]. Бұл негізсіз емес еді. Осы сәтте ­«Ресей – дүниежүзінде ең қомағай, ешқашан тойымы жоқ мемлекет. Ол жерді қанша көп иемденсе, соншалықты араны ашыла түседі. «Тәбет тамақ үстінде ашылады» деген мақал Ресейдің осындай ашкөздігіне байланысты шыққан десе де болады» деген патшалық Ресейге берілген саяси сипаттаманы еске түсіре кетейік [1том, 227-б.]. Міне, осындай нақты негізі бар кеңестік шындықты басқа елдермен салыстыра отырып, саяси сарапшы 1932 жылы жазған «Қызыл отар» атты мақаласында: «Большевиктер «отарлық құлдықта» деп санайтын үнділер Үндістанның тәуелсіздігі хақында шетелдіктермен ашық сөйлесе алады. Ал «Кеңес ұлттық рес­публикасындағы» туысқан халықтар болса «тәуелсіздік» туралы жұмған ауыздарын ашуы мүмкін емес. Олар тек қана Мәскеуде бекітіліп, рұқсат етілген «рухпен» ғана сөйлесуге мәжбүр» деп жазды [1 том, 243-б.]. Мұстафа Шоқай осындай ұлттық саясаттың мәнін «Большевизм – түрікшілдіктің жауы» атты мақаласында «Яш Түркістан» журналының оқушылары жақсы білетінін ескерте келе былай деді: «Ол – атамекеніміз халқының ұлттық сана-сезімін тұншықтырып, оның қандай да бір көріністеріне жол бермеу, түрікшілдіктің белгілерін түбірімен құрту болып табылады» [1 том, 163-б.]. Кеңестік қыспақтың негізгі мақсаты былайша тұжырымдалды: «Большевиктер атамекеніміз Түркістанда ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болады» [1 том, 166-б.]. Осындай себептерден Кеңес үкіметі тепкісіндегі халықтардың арасында толассыз бас көтеріп келе жатқан бір халық болса, ол – біздің түркістандықтар екеніне шүбә болмауы керегін де атап көрсете отырып, Мұстафа Шоқай: «Оған себеп – Түркістандағы орыс большевиктерінің әдеттен тыс езуі мен қанауы, қатыгездігі болып отыр. Түркістан орыс большевиктерінің жекелеген саясатына ғана қарсы күресіп жатқан жоқ, «орыс пролетарлары билігінің» тұтас жүйесіне қарсы күресіп келеді» деді [1 том, 85-б]. Осы ой 1929 жылдың аяғында дүниеге келген «Яш Түркістан» журналының тұңғыш санында жарияланған «Біздің жол» атты мақаласында былайша тұжырымдалды: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды» [1 том, 21-б.]. Мұны қанағат тұтпай, ойын күшейте түсіп, қайсар күрескер: «Бiз құл болып тұра алмаймыз. Бiз ұлт азаттығымызды аламыз» деп кесіп айтты [1 том, 60-б].

Большевиктер Түркістанда өздері құрған республикалардың түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық десе, Мұстафа Шоқай: «Ал біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп Түркістан үшін күрестің басты мақсатын нақты атап көрсетті [1 том, 22-б]. Азаттық үшін күрестің осы түпкі мақсатына Мұстафа Шоқай кейін де қайта-қайта оралып отырды. 1931 жылы жазылған «Кеңестік Орта Азия ­федерациясынан Түркістан ұлттық тәуелсіз мемлекетіне» атты мақаласында былай деген болатын: «Келешектегі тәуелсіз Түркістан үкіметінің ең басты міндеті – байыпты да парасатты саясат жүргізе отырып, бүкіл түрік атаулыны бір қазанда қайнатып, ақырында бір ұлы ұлттық мемлекет түзу болып табылады» [1 том, 141-б.]. Ал осы жылы жазылған «Түркістан ұлттық күресінің себептері мен мақсаттары» атты мақалада осы мұратқа қайта оралып: «Түркістан шет жұрттықтардың бұғауында қалғысы келмейді. Түркістан түріктері ұлт ретінде құл болғысы келмейді. Олар өз халықтарының мүддесі үшін, тәуелсіз ұлттық мемлекетін құру үшін күресетін болады» деп алдыңғы ойды пысықтай түскен еді [1 том, 175-б.]. Алайда мұны да қанағат тұтпай, халқымыз атамекеніміздің тәуелсіздігін жеңіп аларына сенетінін ескерте отырып, Мұстафа Шоқай: «Түркістан тек өзінің саяси тәуелсіздігі үшін ғана емес, сонымен қатар түріктің ұлттық рухани мәдениеті үшін де күресуде» деді [1 том, 173-б.]. Ұлттық мемлекеттің ішкі мәнін ашатын бұл аса маңызды факторға Мұстафа Шоқай өзінің «Түркістан әдебиеті хақында француздар не айтады?» деген мақаласында: «Ал рухани мәдениетке келсек, ол мүлде басқа мәселе. Рухани мәдениет халықты есейтетін және жетілдіретін нәрсе. Рухани мәдениет үстем жауын табанда жұмсатып тастамағанымен, дұшпандарын мысымен басып, өзге халықтардың құрметіне ие бола алады» деп рухани мәдениетке ерекше баға берген еді [1 том, 171-б]. Бұл тұжырымдама түркістандықтардың түпкі мақсаты саяси тәуелсіздікпен бірге ұлттық рухани бостандық, әлеуметтік азаттық деген ойға жетелеп тұр. Рухы еркіндікте болмай, халық толық тәуелсіздікке жете алмайды. Ол – жартыкеш дүние. Мұны тәуелсіз қоғамымыздың бүгінгі дамуы да айқын байқатып отыр. «Алауыздыққа орын қалдырмайық (Уәли Нұралдин бектің мақалаларына орай)» атты еңбектегі: «Біз еркін және азат өмір сүргіміз келеді. Біз де Түркия тәрізді ұлттық билікке қол жеткізуіміз керек. Осы мақсатымызға жету үшін біз өзімізге қарсы келген күштермен күреспей тұра алмаймыз» деген сөз жайдан-жай жазылмаған болатын [2 том, 11-б.].

Түркістан мұқтариятының тағдырын басынан өткізген, Алашорда үкіметінің жайынан жақсы хабардар, ұлттық мемлекет құру жұмысының аса күрделі екенін жақсы білген, терең сезінген Мұстафа Шоқай бостандық пен тәуелсіздікке жету мүмкіндіктеріне, кеңестік саясатпен күрестің стратегиясы мен тактикасына ерекше көңіл бөлді. 1932 жылы жазылған «Түркістан түрікшілдігі» деген мақаласында «Түркістанның болашағы – «тәуелсіз Түркістан» ұраны астында Ресейден бөлініп шығып, Түркістан мемлекетін құратын халық бұқарасының қолында» деп [1 том, 256-б.], басты мақсатты тағы да айқындап алып, осыған жетудің амалдары мен жолдарын жан-жақты қарастырды. Ең алдымен, ұлттық тұтастықтың қажеттігін, ұлт ішілік бөлінудің аса қауіпті екенін аса терең сезінген ұлы күрескер: «Біз бүгін ұлтты құтқару күресімізде, ұлттық құрылысымызда түркістандықтарды ру, ұлыстарға бөліп, іштен іріткі салатындарды Түркістан ұлтшылдық идеясы мен мұраттарының жаулары деп есептейміз» деумен шектелмей, «Қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен ... – бәрі бір кісідей жұмылып Түркістанның ұлттық ұраны астына топтаспайынша, Түркістанның болашағын қамтамасыз ету мүмкін емес» деді [1 том, 256-б.]. Осы пікірді 1939 жылы аша және жалғастыра түсіп, тамаша тактик тағы да бәрiнен бұрын түркiстандықтардың өз қатарларының бiрлiгiн күшейтуді ұсынып: «Егер біз ішкі бірлігімізді сақтап қала алсақ, дұшпанымыз кім, досымыз кім екенін қатесіз айыра алсақ, үмітіміз бен сеніміміз еселеп артатын болады» деді [2 том, 342-б]. Мұстафа Шоқай орыс империализміне қарсы күресте түркістандықтардың жалғыз емес екенін атап көрсетіп, азаттық үшін күресті ниеттестермен бірге ұйымдастырудың да аса қажеттігіне ерекше мән беріп, күрес алаңын кеңейте түсуді қалады. Сол себепті «Желтоқсан естеліктері» атты еңбегінде: «Біз осы ұлы мақсатқа өз ішіміздегі ынтымақты күшейте отырып, біздер сияқты ұлтының азаттығы жолында күресіп жатқан басқа да ұлттар тізе қоса қимылдағанда ғана тезірек жете алатын боламыз» деп жазды [1 том, 288-б.].

Әлемдік дәрежедегі күрескер Мұстафа Шоқай бытырап жатқан сан түрлі күшпен әсте жеңіске жетудің мүмкін емесін, жаудың күшті екенін және оның өмірлік мәні бар буындарды өз қолдарында ұстап отырғанын ескерте келе, алдымен тек бірігіп қана жеңіс тұғырына көтерілуге болатынына сенді, соны үзбей, тұрақты өсиеттеді: «Біз бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алуға мәжбүр болып отырмыз. Содан соң біз ұлттық тәуелсіздігімізді құрметтеп қана қоймай, бізбен тең тұрғысы келетін күштермен ғана келісім жасау жөнінде пікір алысулар өткізуге әзір екенімізді мәлімдейміз» [2 том, 252-б.]. Сонан соң тек түркі тектес халықтармен бірігуді жетімсіз санап, ­Ресейден ­айрылу үшiн күресiп келе жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандарымен тығыз үйлестiрудің қажеттігіне ­ерекше мән беріп, былай деп жазды: «Біз тек Еділ Орал, Қырым, Әзербайжан қатарлы өз бауырларымызбен ғана тығыз ­байланыста болып қоймай, Кавказ халықтары, ­Украина және орыс казактарының тәуелсіз мемлекет құру ­жолына түскен бөлігімен ұйымдық тұрғыдан да, жеке тұрғыдан да тығыз байланыстар орнатуы­мыз қажет» [1 том, 147-б.]. Осы ойды аша түсіп, «Ашығын айтқанда, өздерінің тәуелсіздігі жолында күресіп жатқан Түркістан, Кавказ, Еділ Орал, Қырым және казактардың жеке-жеке әрекетінен пәлендей бір нәтиже шықпайды. Барлық күшімізді біріктіріп, бірлескен шеп және бірлескен бір тәуелсіз орталық құруымыз лазым...» деді [1 том 239-б.]. Ұйымдарға біріккенде аса қажет мәселелер ­назардан тыс қалдырылмай, нақты атап көрсетілді: «Орыс империализмiне қарсы күрес майдандағылардың ұлтын, дiнiн, нәсiлiн, партиясын тергеп-тектемейiк, алаламайық. Тек осындай жол ғана бiздi ұлттық азаттыққа жеткiзе алады… Бұдан басқа жолдардың барлығы алдамшы, тұйық…» [2 том, 107-б.]. Мұстафа Шоқай «Мұғажырияттағы ұлттық міндеттеріміз» атты мақаласында тәуелсіздік жолындағы күресте ішкі бірліктің аса маңызды екеніне тағы да назар аударып, Түркістанды құтқару ісі күллі түркістандықтардың ғана қасиетті борышы деп санап, былай деді: «Қай кезде де еcте ұстауға тиісті бір басты нәрсе бар: өз өміріміз бен өз күшімізді танытатын қуатты ұйымымыз бен белсенді іс қимылымыз болмайынша, басқалардан көмек дәмету орынсыз...» [2 том, 197-б.]. Өзі алдымен Орталық комитетiнiң мүшесi, кейін жетекшiсі болған Түркістан Ұлттық Бірлігі (ТҰБ) осындай мақсатпен құрылған ұйым болатын.

 Мұстафа Шоқай туған елінің азаттығы, мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күресетін қайраткерлер туралы, олардың тамаша кісілік қасиеттері жөнінде де тағылымды өсиеттер қалдырды. «Біз саяси қайраткерлерді оның ұрандарына қарап емес, іс-қимылдарына қарап бағалаймыз» деген ой кейін ары қарай дамытыла түскен еді [2 том, 30-б.]. Өз сөзімен айтқанда, ұлы төңкерістің жиырма жылдығына арнап жазылған «1937» деген мақалада саяси қайраткерлер үшін тағы да қандай аса қажетті қасиеттер керегі атап көрсетілді: «Үміт, сенім, иман – ұлттық күреске бел байлап кіріскен адамдар үшін аса қажетті қасиеттер. Әрине, жалғыз осылармен ғана жеңіске жете алмайсың. Жеңіске жету үшін осы аталған қасиеттермен қатар, білім қуаты керек. Техникалық білімге ие болу, қару-жарақтарды емін-еркін қолдана білу керек» деп азаттық үшін күресте бұдан басқа тура әрі қысқа жол болмайтынын зердеге тоқып, санаға сіңіріп алуды ескертті [2 том, 214-б.].

Шынтуайтына келгенде, мемлекеттің саяси сипаты да, әлеуметтік әлуеті де оның тікелей басшыларына байланысты болатынын тарих талай дәлелдеді. Осы мағынада оның: «Алманияның ұлы мемлекет қайраткері Бисмарктің: «Әкімшілігінен ынсап кеткен жерде заңнан қайыр жоқ» дегенін толық түсінуге болады [2 том, 164-б.]. Әсіресе саяси басшылардың жеке билігі көбіне қоғамның қай салада болмасын әлсіреуіне, төмендеуіне әкеліп отырады. Оған кәрі тарих куә. Оны «генсектердің» ғана ақыл-ойына сүйенген кешегі кеңестік биліктің тағдыры да толық дәлелдеген болатын.

Мұстафа Шоқай кеңестік саясат пен насихаттың теориялық мәселелері ­туралы ұтымды да тұрлаулы ой-тұжырымдар жасады. Пролетариат диктатурасының иелері адамзаттың рухани дүниесі, оның мәні мен түрі туралы қайшылықты көзқарас ұсынса, энциклопедиялық білімдар тұлға «Асылында халықтың ­рухани дүниесі (мәдениеті) біртұтас нәрсе. Оны «мазмұнға» және «формаға» бөлуге болмайды. Кез келген рухани мәдениет өзінің мазмұнымен айқындалады» деп түзетті [1 том, 134-б.]. Таптық құрамы айқындалмаған, өз билігі өзіне тимеген, Ресей мемлекетінің отары болып отырған Түркістан өлкесіне қатысты ұсталынған мұндай саясатты батыл ­сынай отырып, Мұстафа Шоқай: «Таптық күрес ұлттық өнеркәсібі қалыптасқан саяси, әлеуметтік және экономикалық мүдделері бір-біріне қарама-қарсы тұрған, ұлттық буржуазия мен ұлттық пролетариат таптары бар тәуелсіз елдерде ғана болуы мүмкін» деп жазды [1 том, 192-б.]. Большевиктер ­социализм идеясын адамзат қоғамы тарихында ең жетілген, нағыз саяси еркіндік пен әлеуметтік әлеуетке жеткізеді деп түсіндіргені белгілі. Мұстафа Шоқай: ­«Социализм – экономикалық теория болумен бірге, ұлттық теория да. Барлық ұлттардың барлық жағынан теңдігі қамтамасыз етілмейінше, нағыз социализм туралы сөз болуы мүмкін емес» деп атап көрсетті [1 том, 135-б.].

Мұстафа Шоқай қоғам дамуында, ­жалпы мемлекеттің жаңаруында ойы өрісті, сөзі келісті, еңбегі жемісті, ұлттық рухы жоғары, шынайы патриот зиялыларға ерекше көңіл бөліп, олардың алдындағы аса қасиетті міндетті былайша бейнелеп еді: «Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни оны жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып, өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру сынды негізгі мақсатқа жету үшін ұлттық зиялы қауым мен ол өзі тән болып отырған халық бұқарасы арасында бір ортақ сана болуы тиіс» [1 том,15-б.]. Мұнымен шектелмей, осы сананы айқындау, оны дұрыс және анық бір формаға келтірудің бағдарламасын жасау зиялылардың міндеті екенін атап көрсеткен болатын.

Мұстафа Шоқай қоғамның зиялы қауымына, оның білімінің төркініне, ұлттық тәрбиесіне биік талаптар қойды. Оқыту мен білім берудегі «ұлттық рухтың негізі – ұлттық тілдің» рөліне ерекше көңіл бөлді, онсыз алған білімнің де, көрген тәрбиесінің ұлтына пайдасыз екенін ашық айтты. «Орыс мектептерінде оқып, орысша тәрбие алған орыс емес ұлт зиялылары, өздері меңгерген ғылым-білімдерін туған халқының игілігіне жұмсай алмай, орыс зиялыларының тобын көбейтіп, орыс білімін толықтыру үшін қызмет етті» [2 том, 243-б.] және «Батыс тәрбиесін алған зиялылардың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді» [1 том, 155-б.] деген келеңсіз, тәуел­сіздік талаптарына тіптен қайшы келетін құбылыстар туралы айтылғанына осыдан сексен жылдан асса да, оның бүгінгі қазақ қоғамында, халқымыз тәуелсіздікке жеткен жағдайда жалғаса түскені өкінішті-ақ.

Мұстафа Шоқай азаттыққа жету үшін, қолға тиген тәуелсіздікті тұғырлы етуге де аса қажетті ұлттық қасиеттерді сақтай, оны дамыта білуге қатаң талаптар қойған еді. Мысалы: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi» дегенде қаншама ойлар, қаншама өсиеттер жатыр [1 том, 166-б.]. Өкінішке қарай, бүгінгі күні ұлттық рухсыз жандарды көріп, мыңдаған жылдар ата-­бабамыз күш-жігерін, тіптен ғұмырларын да құрбан етіп, қол жеткізген азаттықты күнделікті өмірде тиісінше қадірлей, қастерлей, мақтаныш ете алмауы­мызды байқап жүрміз. Осы сәтте Мұстафа Шоқайдың сонау 1923 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген туысқан Түркия елін реті келгенде әркез үлгі еткені еріксіз еске түседі: «Батыс білімін» «Шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды. Біздіңше, дүние ­тарихында бұрын-соңды көтерілмеген жетістіктердің түпкі себептері – Түркия ұлттық күштерінің Еуропа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі менталитетін (Mentalitet) сәтімен үйлестіре алуында жатыр» [1 том, 157-б.]. Бұл ойлар бүгінгі күні бізге қажет-ақ, ­керек десеңіз, мұнсыз тәуелсіздікті тұғырлы ете алмаймыз. Жалғыз Батыс мәдениетінің жетімсіз екенін тәуелсіздік жылдардың байқатқанын елемеу жалғасып келеді.

Мұстафа Шоқай Алаштың ­шынайы ұлтшылдық ұғымына қатысты боль­ше­виктердің екіжүзді саясатын былайша талдағаны да тағылымды. «Больше­виктердің «түрік достығы» атты мақалада большевиктердің өздері негізінен теріске шығаратын ұлтшылдықты кейде мақсатқа жету жолындағы құрал ретінде пайдаланатыны былайша атап көрсетілген болатын: «Мәселен, большевиктер еуропалықтарға қарсы қою үшін «қытай ұлтшылдығын» таниды және қолдайды. Ағылшындарға қарсы үнді ұлтшылдығын да оңды құбылыс деп санайды». Большевиктердің өз идеяларының әлемдік құбылысқа айналуын көксеу саясатын: «... ұлттың ішкі бірлігіне іріткі салуды, ондағы күштерді өздерінің «пролетарлық төңкеріс» идеяларына қарай икемдеуді де ұмытпайды» [2 том,19-б.]. Сонымен бірге, Мұстафа Шоқай «Озбырлар мен отаршылдар ұясы» деген мақаласында Түркістанның жерін, суын тартып алумен қанағаттанбаған большевиктердің кеңестік қыспағының саяси негізі олардың шовинизміне жан-жақты талдау жасалған еді. «Кеңес үкіметі өзі қорғаштап-қолпаштап келе жатқан «ұлы орыс шовинизмінің» өктемдігі мен озбырлығын бір сәтке болса да әлсіреткен емес. Ол қазір ұлттық кадрларды дайындайтын ұяларға да орнығып алды» деп көрсеткен болатын [2,103б.].

Мұстафа Шоқай – азаттық үшін күрестің нысандарын да айқын ажыратып, олардың бірін-бірі толықтырып отыратына да тиісінше көңіл бөлген күрескер. Адам баласын бүкіл жанды әлемнен ерекшелейтін басты көрсеткіш оның ­рухани ­болмысы, ақыл-ойы, ­санасы, ­ерекше түйсігі екені белгілі. Мұстафа Шоқай рухани факторға ерекше көңіл бөліп: «Біз саяси күрестер барысында ұлтты құтқарудың жолдарын іздейміз. Біз халқымыздың қас ­жауларына қарсы жүргізіп жатқан саяси айтыстар нәтижесінде атамекеніміздің тәуелсіздігін жеңіп аларына сенеміз» деп саяси күрескерлердің рухани дүниесін алға шығарған болатын. Мұстафа Шоқай өзіндік терең тарихы, соған сәйкес ешкім­нен кем емес ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар қазағымызды: «Халқымыз жәй ән­шейінгі адамдардың жиынтығы емес, өзіне тән мәдениеті бар қауым екенін, сондай-ақ қазіргі жүріп жатқан ­саяси талас-тартыстар тек «күн астынан бір жа­ғы­ра­фиялық орын» алу үшін ғана емес, өз мә­­дениетін күллі әлемге, соның ішінде Еу­­ропаға да таныту екенін білуге тиіспіз. Біз­­дің ең басты саяси міндетіміздің бірі, міне, осындай» деп бағалаған еді [1 том, 171-б.].

Кезінде кеңес насихаты Мұстафа Шоқайды кім демеді? Оны сатқын, керітөңкерісшіл деуді кем тұтып, «панисламист», «пантүркішіл» деп көбірек сыналды. Бұған нақты негіз де бар еді. Большевиктерге ұлы тұлғаның ерекше байқалатын түрікшілдік қасиеттері әсте ұнаған жоқ. Бұл жалпы Мәскеудің Түркістандағы ұлттық саясатының бір қыры болатын. Сол себепті Мұстафа Шоқай орыс большевиктерінің түркістандықтардың ұлттық рухымен рахымсыз күрес жүргізуін былайша бейнеледі: «Большевиктер атамекеніміз Түркістанда ұлтымыздың өзіне тән ­рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ ­болады» [1 том, 166-б.]. «Пантүркизм – түрік бірлігі» деп түсінген Мұстафа Шоқай осы ойды дамыта келе өзінің «Большевизм – Түрікшілдіктің жауы» деген мақаласында кеңестік саясаттың мақсаты «атамекеніміз халқының ұлттық сана-сезімін тұншықтырып, оның қандай да бір көріністеріне жол бермеу, түрікшілдіктің белгілерін түбірімен құрту болып табылады» деп атап көрсетті [1 том,163-б.]. «Түрікшілдік пен кемализмге қарсы күресу – большевик теоретиктердің ең сүйікті кәсібі» деп большевиктік саясатқа тиісті баға берді [1 том,16-б.].

Бүкіл түркі жұртының азаттығын аңсаған Мұстафа Шоқайды большевик­тердің «пантүркист» деп атауын түсіну қиын емес. Алайда Мұстафа Шоқай ең бірінші өзінің саналы ғұмырын, қажыр-қайратын, асыл мұрасын туған Отаны – Түркістанның тәуелсіздігіне арнады. Оның туған еліне деген сезімі бала күнінде қалыптасып бүкіл ғұмырына серік болды. Өмірінің соңғы 20 жылдан астамы ­эмиграцияда өткізгенде бұл күшейе түспесе әсте әлсіреген жоқ. «Егер мен өзімді мұғажырмын деп санасам, атамекенім мен халқымнан біржола үзіліп қалуға тиіс емеспін. Ылғи да Отаныма қайту ойында жүремін және соған жету үшін тырысамын. Демек, атамекенімді құтқару үшін күресемін» [2 том, 195-196-б.]. Алайда тағдыр мұны бұйыртпады. Германия соғысты бастағаннан соң, эмигранттардың бірсыпырасы Америкаға, мұсылмандары Түркияға кетіп жатқанда маған паналайтын орын берген мемлекетті тастап кету, өз Отаныңды тастап кеткенмен бірдей деп санаған Франция да бұйыр­мады. Герман жерін мәңгілік мекен етті.

Мария Шоқай өзінің «Менің Мұстафам» атты аса құнды естелігінде мы­нан­дай жайды жазыпты. Бірде екеуі Трокадеродағы этнографиялық музейде болғанда, Мұстафа онда тұрған домбыраны қызметкерінен сұрап алып, құлақ күйін келтіріп, әсем қазақ әуенін орындап шығып, аспапты орнына қояды. Жары оның жанарының жасқа толғанын байқап: «Мен алғашқы және соңғы рет Мұстафаның көз жасын сол кезде көріп едім» деп жазыпты. Осындай жанның: «Атамекенді сүю дегеніміз – өзіңнің жеке басыңның талаптарын қанағаттандыру немесе белгілі бір топтың не бір жеке адамның мүдделерін қорғау дегендік емес. Атамекенді сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жан пида қылуға ­дайын тұру болып табылады» дегенін толық түсінуге болады [2 том, 127-б.]. Қазір де маңызды, кімге болса да аса тағылымды осы ойлар былайша тұжырымдалған еді: «Жалпы ұлттың мүддесін жеке қожалықтар мен жеке топтың мүддесінен жоғары қоя білген, өзінің белгілі бір түзімге белгілі бір себептермен қалыптасқан қатынасын, оған тәуелділігін, жалпы ұлт мүддесі тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетін түзім жолында құрбан ете білген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметші бола алады» [2 том,128-б.]. Иә, бұл асқақ сөздерді еліне қызмет етудің ерен үлгісін көрсеткен Мұстафа Шоқайдың өзіне арнауға әбден болады.

Жалынды публицист, заңгер-ғалым, тамаша тарихшы, қайсар қайраткер, халықаралық деңгейдегі саяси сарапшы, энциклопедиялық білімдар Мұстафа Шоқай әлемге өзінің қай жағынан болсын кемеліне келгенін осындай сан тақырыпта айтылған асыл саяси-әлеуметтік ой-тұжырымдарымен және көсемсөздері арқылы да танылған болатын.

Мақаладағы деректер Мұстафа ­Шо­қайдың таңдамалы шығармаларының үш томдығынан алынды.

 Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылым докторы,

профессор

1270 рет

көрсетілді

67

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы