• Білім және ғылым
  • 19 Қараша, 2020

БАЛА АРМАНЫН ҰҒАЙЫҚ

Үлкен немерем Мүслиманың бір жасқа толмаған кезі. Ас бөлмеге кіріп келсем, келінім Гүлжайна Мүслимаға кілегейді шай қасықпен аузына тосып, немеремді тамақтандырып отыр екен.

– Қызым қасықты Мүслиманың қолына ұстата сал, өзі-ақ жемей ме?! – дедім.

Келінім:

– Ата, онда Мүслима үстін де, едендегі кілемді де былғайды ғой! – деп жауап қатты.

– Бірақ баланы тамақ жеп үйретудің басқа амалы жоқ емес пе?! Киімін де, кілемді де жуамыз! – дедім.

Келінім келісті.

Аз уақыттан кейін ас үйге кіріп келіп, еріксіз күліп жібердім, немерем кілегейді қасықпен өзі жеп отыр, алайда дастарқанды да, киімін де, беті-аузын да, едендегі кілемді де кілегеймен былапыттап тастаған. ­Дегенмен, өзі мәз, мықшыңдап құтының ішіндегі кілегейді қасығымен іліп алуға талаптанады.

Кейін келінім Мүслиманың бетін жуып, бар киімін ауыстырып, едендегі кілемді де тазалап, біраз уақыт мықшыңдап жатты...

Бала осылай ғана үйренеді.

Балаларымызды дамытпайтын, алға жетелемейтін, керісінше, артқа тартатын мынандай шектеулер:

– Мұны жасай алмайсың!

– Қолыңнан келмейді!

– Әлі кішкентайсың!

– Бір жеріңді ауыртып аласың! (Қолыңды кесесің!)

– Киіміңді былғайсың! (Құлайсың! Сындырасың! Төгіп аласың!)

– Тыныш отыр! (Шулама!), т.б.

Бала табиғатының бір ерекшелігі оның ұдайы, толассыз, еш тоқтаусыз қимыл­дауын­да. Әрекет арқылы бала дүниені, өмірді таниды. Демек, оған бұл ізденісте жәрдем беру керек, дүниені зерттеу үшін мүмкіндік жасау қажет. Баланың ең басты арманы – ересек болу. Сондықтан да оған ере­сектердің жұмысын тапсыру керек. Мәселен, біз қандай да бір әрекет жасағанда (үй жинау, тамақ пісіру, дастарқан жаю, ыдыс не кір жуу, аула мен қораны сыпыру, дүкенде сауда жасау, отын жару, малға қарау, кітап оқу, жұмысқа дайындалу, т.б.) оның бір шетін балаларға беріп қою керек, бала­ларға сол әрекетпен айналысуды ұсыну қажет.

Ересектердің ісімен шұғылдану – бала үшін қызықты да таңсық іс. Баланың осы ерекшелігін пайдалану керек. Яғни балаларымыз кішкене кезінен үй жинау, тамақ пісіру, дастарқан жаю, ыдыс не кір жуу, аула мен қораны сыпыру, дүкенге барып сауда жасау, отын жару мен жағу, малға қарау, кітап оқу, жанұямен ақылдасу, т.б. әрекеттерге қатысуы керек.

Мысалы, үйде ақша ұстауды балаға 8-9 жасынан беру керек. Бұл үшін оларға аптасына пәленше ақша беріп, оған сатып алатын заттардың тізімін де қолына ұстатып көріңіз. Бала бір нәрсені сатып алғанда қашан және қаншаға алғанын жазып қою керек. Жексенбі күні кешкі астан кейін бала отбасы мүшелері алдында сауда жасағаны туралы есеп беріп көрсін. Әрине, басында қолына ақша мен сатып алу мүмкіндігі берілген бала ақшаны беталды жұмсауы да әбден мүмкін. Ата-ана бұл жерде сабыр сақтай тұрсын. Бұл үшін баланы ұрыспай, жазаламай, бұл келеңсіз жайтты баламен бірге талқылап, оның мән-жапсарын баламен бірге түсінуге тырысқан дұрыс. Ақша ұстау арқылы баланың жауапкершілігі артып, ұқыпты, үнемді бола түседі.

«Баланы жастан» дейді дана қазақ. Баланы ертеден ересектердің әрекеттеріне үйрету – әлемдік тәжірибе.

Мысалы, атақты кеңес педагогтары Борис және Лена Никитиндер балаларын 6 жасынан бастап пойызбен басқа қалаларға жіберіп отырған. Әрине, «Ол заманда елдің пиғылы басқа еді. Баланы қорықпай далаға шығаратынбыз. Қазір тіпті аулаға шығарсаң да, оны қадағалап отыру керек!» деген уәж айтарсыздар. Ол да дұрыс. Бірақ ересектердің әрекетін жасаудың амалын қарастырмаса, балаларымыз қалай үйренеді?

Жапония теледидарларында мектепке дейінгі жастағы балалар үшін алуан түрлі реалити-шоулар ұйымдастырылады. Онда 5 жастағы кішкене балаларға қала ішінде өздігімен жол тауып, бір жерден екінші жерге бару тапсырылады. Балақандардың маршруты қаладағы толып жатқан видеокамералар арқылы толығымен қадағаланса да, оларға таңдау жасап, шешім қабылдау құқығы беріледі.

Осы секілді әрекеттер балаларымызды пысық, еті тірі, еңбекқор, елгезек ете түседі емес пе?! Балаларымыз қаршадайынан еңбекке, белсенді әрекеттерге бейімделіп өседі. Оларда еңбектену мен белсенді әрекет жасау дағдылары қалыптасады.

Бірақ балаға тек ересектер жасайтын әрекеттер ғана қызық емес. Оларға ере­сектермен бірге жасаған әрекеттер де қызық! Мынаны түсіну керек: бүгінгі күннің ұстанымы кешегідей «Бала үшін!» емес, «Баламен бірге!». Яғни барлық әрекеттерімізге балаларды араластырумен бірге, өздеріміз де балаларымыздың әр әрекетіне қатысуымыз керек! Баламен бала болуымыз керек!

Ыбырай Алтынсарин да өзінің өлеңінде осы жайтты меңзегендей:

...Кел, балалар, оқылық!

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!

Ағартушы ересектердің балалармен бірлесе әрекеттесуі жайлы емірене айтқаны көрініп тұр: «кел», «оқылық», «тоқылық» деп бас қосып, жұмыла оқып-үйренуге шақырады. Ыбырай атамыз бұл идеядан алыс болса, онда оның өлең жолдары басқаша келтірілген болар ма еді:

Бар, балалар, оқыңдар!

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқыңдар!

Балаға ұсынған әрекеттерді онымен бірлесе атқарсақ – баламыздың көңілінен шығамыз, қомақты нәтижеге қол жет­кіземіз. Балаға ұсынған тапсырманың өзі­мізге де қызықты екендігін көрсеткен жөн. Егер де балаларға «Мынаны ­жа­саңдар!» деген тапсырма беріп, өзіміз оны орындамасақ, онда балаларымыздың да әрекеттенуі екіталай. Мысалы, сабақта «Балалар, мынаны үйреніңдер, өйткені ол ертең сендерге керек болады!» деп, өзіміз «Ал маған мұның қажеті жоқ, өйткені мен оны білемін!» деген сыңайда шет ұстап, берілген тапсырманы орындауға құлық танытпасақ, оқушыларымыздың да оны ынтамен орындауы екіталай.

Сабақта әр балаға өз ой-пікірін айту мүмкіндігін беріп, сабақ барысында әр баламен тілдесуге мүмкіндік тауып, олар­дың барлығын да демеп, ынталандырып отырсақ, көптеген мәселені шешер ме едік. Ата-аналар да өз баласымен үйде кез келген жұмысты бірлесе орындап (бұған мектепте үйге берілген тапсырмаларды да қосу керек), баласын дамытып отырса қандай ғанибет.

Әке-шеше де, мұғалімдер де баламен бірге әрекеттенуі керек. Мұнда, ең бастысы, ересектер бала жұмысының өздеріне де қызық екенін көрсетуі керек. «Математикадан үйге қандай тапсырма беріп еді?.. Мынау қызық тапсырма екен ғой! Қиындығы да мол! Кел, екеуіміз мұны бірге орындайық. Неден бастаймыз?». ­Осылайша, баланың қызығушылығын арт­тырып, оны ынталандырып, оның әр жетістігі мен табысына риза болып, сабаққа бірге дайындалса ғой, шіркін! Са­бақта да мұғалім өзі ұсынған тапсырманы оқушылармен бірге шағын топ (жұп) құрамында орындаса оқушылардың да бұл тапсырманы орындауға қызығатындығы сөзсіз.

Біз баламен өткізген уақытымызды өміріміздің ең шұрайлы да, қызықты сәт­теріміздің бірі деп түсінуіміз қажет. Көп жағдайда ересек адамдар тек бір-бірімен өткізген уақытты ғана құнды деп есептейді.

Сондықтан да балаға көп көңіл бөлейік. Ғалымдардың пайымдауы ­бойынша, балаға жұмсаған инвестициялардың қайтарылымы бес есе екен.

 Асхат Әлімов,

«Назарбаев зияткерлік

мектептері» ДББҰ

Педагогикалық шеберлік

орталығының аға менеджері,

филология ғылымының

кандидаты, доцент

742 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы