• Білім және ғылым
  • 19 Қараша, 2020

ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНА ҚОСЫЛҒАН ІРГЕЛІ ЕҢБЕК

Тарих ғылымы тағы бір іргелі еңбекпен толықты. Кеңестік және ресейлік ғалым, ­тарихнама ­теориясы мен әдіснамасының білікті маманы, тарих ғылымының докторы, профессор, РҒА мүше-корреспонденті Л.П.Репина, тарих ғылымының кандидаты, доцент В.В.Зверева мен тарих ғылымының докторы М.Ю.Парамонованың «Тарихи білім тарихы» атты оқулығы орыс тілінен қазақ тіліне тәржімаланып, оқырманға жол ­тартты. Бұл еңбек ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылып отыр.

Кітапты: тарих ғылы­мының магистрі, қауымдастырылған профессор Ернар Ұстағалиев тәржімалады. Ғылыми рeдaктoры тарих ғылымының докторы, профессор Гүлжауһар Көкебаева, ал әдeби рeдaктoры әрі жауапты шығарушысы филология ғылымының кандидаты Дәурен Мұхамадиев. Бұл еңбекте архаикалық дәуірден біздің заманымызға дейінгі ­тарихи сананың қалыптасуы мен ­тарихи ойдың эволюциясы, тарихи білімнің кәсібилену процесі, оның ғылым пәні ретінде орнығуы кешенді түрде қарастырылады. Тарихнама бойынша негізгі мектептер мен бағыттардың сипаттамасы беріледі әрі тарихты зерттеудің мәселелері, әдіснамасы, пәні мен міндеттерін түсінудегі өзгерістер жан-жақты зерделенеді. Сонымен қатар өткенді қабылдаудың түрлі ­формалары, тәсілдері мен деңгейлері, әртүрлі дәуірлердегі ­тарихи ой өкілдерінің концепциялары, орыс және шетел тарихшыларының әйгілі туындылары, тарихи білімнің табиғаты, шынайылық критерийлері, ғылыми және қоғам­дық мәртебесі туралы ­заманауи пікір­таластар талданған.
Оқулық ежелгі өркениеттерден бастап бүгінгі күнге дейінгі (XX-XXI ғғ. шегінде) тарихи білімнің дамуының жеке бөлімдеріне арналған тоғыз тарау­дан тұрады. Олар: ­«Тарих ­деген не?», «Тарих қалай ­жазылады?», «Антикалық тарихнама: тарихи білімнің пайда ­болуы», «Орта ғасыр тарихнамасы», «Ерте жаңа дәуірдегі тарихи білім», «XIX ғасырдың ­тарихшылары мен философтары: өткен тарих туралы түсініктер», «XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы тарихи ой және кәсіби тарихнама», «XX ғасырдағы тарих: тарихи танымдағы дағдарыстар мен революциялар», «Мыңжылдықтар тоғысында: жаңа мәселелер мен жаңа тәсілдер». Сондай-ақ тарихтың өзге де білім салаларымен байланысы, тарихи дамудың концептуалдық модельдері, тарихи деректерді талдау принциптері, тарихтың әлеуметтік қызметіне ерекше назар аударылады.
«Тарих деген не?» атты бірінші тарау­да терминдер және оның проблемалары, тарихи сана және ­тарихи жады сынды өзекті мәселелер қарастырылады. ­Тарихи жадыны қалыптастырудың үш жағдайы, ­сондай-ақ тарихи білімнің шынайы­лығы мен нақтылығы, ­тарих пен әлеуметтік теорияның ұқсастықтары мен айырмашылықтары сипатталған.
«Тарих қалай жазылады?» деп аталатын екінші тарау тарихи деректердің түрлері мен спецификасына, оқиға­лар мен факт сынды тарихтың маңызды категорияларына, кезеңдеу мәселесіне арналған. Жалпы тарихтың мазмұны мен концепцияларының ерекшеліктері, тарих пен әдебиеттің арасындағы байланыстар ежелгі дәуір мен ағартушылық дәуірдің көрнекті өкілдерінің тұжырымдары мен көзқарастары негізінде талданған.
«Антикалық тарихнама: тарихи білімнің пайда болуы» тарауында жаңа тарихи білімнің бастауында тұрған логографтар мектебінің, ­Геродот пен Фукидидтің ­тарихи әдістері академиялық тұрғыдан сараланған. Классикалық және эллинизм дәуіріндегі грек тарихнамасының өзіндік ерекшеліктері мен римдік тарихшылар Тит Ливий, Тацит, ­Марцелин шығармаларындағы тарихты баяндаудың аналитикалық және көркемдік-драмалық тәсілдері егжей-тегжейлі пайымдалған.
«Орта ғасыр тарихнамасы» атты төртінші тарауда тарихтың хрис­тиандық тұжырымдамасы, орта­ғасырлық тарихшылардың жұмыс әдістері мен аудиториясы ­туралы құнды мәліметтер баяндалады. ­Тарихи уақыттың ортағасырлық концепциясының қалыптасу, даму процесін сипаттаған. Баяндаудың хро­нологиялық құрылымдық прин­ципі – фактілерді уақыт бойынша жүйелеу мәселесі ортағасырлық та­рихнаманың маңызды ерекшелігі саналады. Ренессанс дәуіріндегі тарихи сана мәселесі мен тарихнамадағы антикашылдық дәстүрдің орнығуы кезеңнің ерекшеліктері мен антикалық мәдени мұраның жалпы қабілеттігімен түсіндіріледі. Гуманистердің анти­калық мәдениетті қайта жаңғырту туралы тезистері жан-жақты талданған.
«Ерте жаңа дәуірдегі тарихи білім» және «XIX ғасырдың тарихшылары мен философтары: өткен тарих ­туралы түсініктер» атты тарауларда XVII ғасыр мен ХІХ ғасыр аралығындағы ғылыми төңкеріс пен тарихи білімнің прогрессивтік дамуының бағыттары сипатталған. Ағартушылық дәуірдегі тарихтың философиялық тұрғыдан ­баяндалуы, яғни «философиялық тарих» кезең ерекшелігімен байланыстырылды. Сонымен қатар прогресс пен тарихи циклдердің теория­сы, романтикалық тарихнаманың бағыттары, ағартушылық кезеңдегі ­тарихты жазу тәжірибелері дәуір­дің ­философ ғалымдары мен тарихшыларының көзқарастары және шығармаларының негізгі ойларымен сабақтастықта қарастырылған. ХІХ ғасырдың интеллектуалдық мәдениетінде әлемдік тәртіпті, қоғамның табиғатын, тарихи процесті тұтастай түсіндіруге ұмтылған бірқатар жаңа философиялық және ғылыми теориялар қалыптасқан еді. Гегельдің философиялық-тарихи жүйелері, Ф.Ницшенің сыни ­идеялары, әлеуметтану теориясының негізін қалаушылар О.Конттың, Д.Милльдің концепцияларының айрықша ықпалды болды. Бұл құрылымдардың барлығы ХІХ ғасырдағы тарихи білімнің сипатына тигізген әсері ғылыми тұрғыдан негізделген.
«XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы тарихи ой және кәсіби тарихнаманы» сипаттайтын жетінші тарауда позитивистік бағыттағы ойшылдар, ғалымдардың тарихтың пәні мен мәртебесіне қатысты пайымдары мен пікірталастары сарапталған. Ресейлік тарихнаманың қалыптасу жолы мен «орыс тарих мектебі» өкілдерінің еңбектерінің мазмұны мен бағыттары, тарихнаманың алдында жаңа мүмкіндіктерді ашқан ғылыми зерттеудің сынау әдістері және принциптері талданып, кезеңнің бағасы беріледі.
«XX ғасырдағы тарих: ­тарихи танымдағы дағдарыстар мен револю­­циялар» тарауында жаңа мыңжыл­дықтағы тарихтың негізгі бағыттары мен парадигмаларының тарихи білімнің дамуына қосқан үлесі жайында баяндалады. Экономикалық тарих, әлеуметтік тарих, тарихи антропология, аймақтық тарих және микротарих секілді «жаңа тарих ғылымының» жаңашыл бағыттарының қалыптасу ерекшеліктері мен өткенді зерделеудің өркениеттік және мәдени-тарихи тәсілдері зерделенген.
«Мыңжылдықтар тоғысында: жаңа мәселелер мен жаңа тәсілдер» атты тоғызыншы тарау тарихи ақиқат пен тарихи таным концепцияларына арналған. Әлеуметтік тарихтан әлеуметтік-мәдени тарихқа дейінгі тарихи білімнің даму барысы, күрделі теориялық модельдері мен концептуалдық аппаратын ­жасап шығарудың өзіндік ерекшеліктері талданған. Сондай-ақ гендерлік тарих мәселелері, феминистік теорияның жаңартылуы, пәнаралық зерттеулердің әдіснамалық базасының кеңейтілуі, жаңа кешенді түсіндірмелік модельдердің құрастырылуы, гендерлік талдау мен зерттеулер туралы пайымдалған. Ғылыми айналымға жаңа концепцияны енгізу, гендерлік тарихтың әдіснамалық мәселелері айқындалады. Сондай-ақ тарауда тарихи ғұмырнама немесе «жаңа ғұмырнамалық тарих» бағытының жанрлары мен әдістері, бүгінгі күндегі зияткерлік тарихтың мәселелері мен даму болашағы қарастырылған.
Бұл еңбектің құндылығы – ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі ­тарихи ойдың даму эволюциясының заң­дылықтарын бір кешенде зер­делеуінде. Әр дәуірдегі тарихи білімнің тарихын өз уақытының ой-пайымы, таным-түсінігі тұрғысынан ­сипаттауы еңбектің ерекшелігі деп білеміз. Тарих ғылымы үздіксіз қозғалыста, әр кезеңнің ерекшелігіне сай ол үнемі өзгеріп отыратыны заңдылық. Бұл жөнінде автор Л.П.Репина былай деп түйіндейді: «Тарих – бұл, ең алдымен, қоғамның өз-өзін тану мен өз-өзін бірегейлеу тәсілі. Тарих әрқашан болды, оны миф, эпос, қасиетті хикая және т.б. сынды алуан түрлі формаларға бейімдеуге тырысты. Тарих тек модерн дәуірінің қоғамдарында ғана ақиқатты іздеуге бағытталған және тарихи сын мен жалпы қабылданған шынайылық критерийлеріне арқа сүйеген рационалды ғылыми білім ретінде мойындала бастады, бірақ тарих үнемі қоғамның қажеттіліктеріне жауап беретіндіктен, ол әркез қайта жазыла беретін болады».
Еңбек тарихқа қызығатын ­жалпы оқырманға арналған. Оқулықтан ­тарихи білім мәселелеріне қатысты сауалыңызға жауап ала аласыз.

Дәурен Мұхамадиев,
филология ғылымының
кандидаты

Ернар Ұстағалиев, қауымдастырылған профессор

2204 рет

көрсетілді

78

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы