• Тұлға
  • 19 Қараша, 2020

МӘШҺҮРТАНУШЫ

Қазақ әдебиеттануының ғылым ретінде қалыптасып, дамып келе жатқанына бір ғасырдай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қазақ әдебиеті түрлі бағыттарда зерттеліп, өзінің тарихи даму кезеңдерін айқындады. Ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасып, дамуы – түптеп келгенде сөз өнерінің ғылыми-теориялық жүйесін тұжырымдап, тарихи-әдеби процесті, әдебиеттану ғылымының даму заңдылықтарын айқындап, оның түрлі салаларын зерттеп, еңбек етіп жүрген ғалымдардың есімдерімен тығыз байланысты.
Осыған байланысты әдебиетті зерттеп, оны іргелі ғылым деңгейіне жеткізген ғалымдардың еңбегіне көз жүгірту – ақиқатында, ұлттық әдебиетіміздің дамуындағы тарихи кезеңдерін зерделеу деген сөз.
Ұлттық сөз өнерін өзіндік ғылыми таныммен тұжырымдап, зерттеп жүрген әдебиеттанушы ғалымдардың бірі – Сейфитден Сүтжанов.
Ғылымдағы қадамын мәшһүр­танудан бастаған, бүгінде қазақ-түркі әдеби байланысын зерттеу нысаны еткен, Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Сейфитден Сүтжанов бүгінде жетпістің белесіне шығып отыр.

Сүтжанов Сейфитден Назым­бекұлы 1950 жылы Павлодар қала­сында туған. Қаладағы бірден-бір жалғыз Абай атындағы қазақ мектебін бітіргеннен кейін ҚазМУ-дің ­филология факультетіне түсіп, оны тамамдаған соң, 15 жылдай Қазақстан Республикасының кітап палатасында библиограф, аға редактор болып еңбек жолын бастайды. Осы қызмет орнында жүріп, Сейфитден Назымбекұлы республикалық, облыстық газет-журнал беттерінде («Қазақ әдебиеті», «Пионер», «Жетісу», «Кітап жаршысы») ақын, жазушылардың жаңадан шыққан кітаптарына рецензия, сын мақалаларды өндіре жазған. Солардың кейбіреуі «Бала қылығы бал», «Піл мен керік», «Шығарма арқауы достық», «Жылы леп бар», «Бөрене ұйқас, қисық тіркестер», «Әуелгі әуен қандай?», «Талапкерде ­талап болса» деп аталады. Бұл жылдары оның «Ержанның досы» әңгімесі «Пионер» журналында жарық көрсе, бірнеше өлеңдері ­«Жазушы» баспасынан шыққан ­«Балауса» атты жыр топтамасынан орын алған болатын. Осы кезеңнен бастап баспасөз бетінде қаламын ұштауы кейінгі тұста өзіндік жалғасын тауып, әдебиетші-ғалымның Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне өтуіне септігін тигізді.

1989 жылдан бастап ғылымға, ұстаздыққа ден қойып, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, Қазақ қыздар педагогикалық инсти­тутында аға оқытушы болып, кейіннен ұстаздық қызметін өзінің туған жерінде С.Торайғыров атындағы ­Павлодар мемлекеттік университетінде жалғас­тырды: қазақ филологиясы кафедрасында доцент, аға ғылыми қызметкер, кафедра меңгерушісі, филология факультетінің деканы ­болып жұмыс істеді. Бүгінде ­Павлодар педагогикалық университетінде ­профессор.

Сейфитден Назымбекұлы университет жанынан құрылған «Ұлағат» атты әдеби-педагогикалық орталығында аға ғылыми қызметкер болып, Ы.Алтынсариннің өмірі мен әдеби-педагогикалық шығармашылығы ­туралы бес томдық зерттеулер жинағын құрастыруға атсалысты.

Кешегі жариялылық кезеңінде Мәшһүр Жүсіп шығармашылығын алғаш ғылыми тұрғыдан зерделеп, бірнеше ғылыми мақалалар мен монографиялық еңбек шығарды. Сөйтіп, мәшһүртану атты ғылыми саланың қалыптасуына негіз қалады. Сейфитден Сүтжановтың ғалымдық, ұстаздық жолындағы жасаған жұмыстарының ең елеулісі, әдебиеттің тұлғатану саласындағы тер төккен жұмысы – мәшһүртануға арналған еңбектері. 1994 жылы «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ақын шығармаларының туындауындағы әсер еткен тарихи жағдаяттар, қоғамдық, саяси сана сияқты факторларды саралай отырып, оның шығармашылық аңсарының қалыптасуы туралы тың тұжырымдар жасады. Атап айтқанда, Мәшһүр Жүсіптің ақын, тарихшы, фольклортанушы ретіндегі шығармашылық тұлғасын ашып, алғаш рет біртұтас ғылыми зерттеу жасайды.

«Ғылымға қалай келдіңіз?» деген сұраққа былай жауап қатты:

– Кезінде идеология қырын қарап, шығармашылығы түрлі себептермен мансұқталған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әдеби мұрасын жан-жақты саралап ғылыми айналысқа түсіру де оңай болған жоқ. ­Академик Серағаң – Серік Смайылұлы Қирабаев «Мәшһүр бабаңды зерттеуді саған жүктесем қалай қарайсың» деп ұсыныс жасағанда біраз қобалжығаным бар. Кейін Керекудегі әкеммен хабарласқанымда, «Жақсы ұсыныс екен, балам, Мәшекеңе қатысты біраз деректерді тауып бере аламын, ол кісінің 1907 жылы шыққан кітаптарын да қарастырып көрейін, бір ақсақалдардан көргенім бар, Мәшекеңді зерттегенің дұрыс, атаңның аруағы қолдасын» деп батасын беріп еді. Бәрі де осыдан басталды. Мәшекеңнің аруағы қолдап, әкемнің берген батасы қуат беріп, жетекшім Серағаңның ақыл-кеңесімен ғылымға осылай келдім...

Сейфитден Назымбекұлының «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығар­машылық өмірбаяны», «Мәшһүр мұрасы», «Мәшһүртану курсы» атты зерттеулері мен оқу құралдары бүгінде республикалық көлемдегі жоғары оқу орындарында сұранысқа ие болып отырған қат дүниелер.

«Мәшһүр Жүсіп оқулары» кон­фе­ренциясын тұңғыш ұйымдас­тырушылардың бірі де өзі болды. Алғашқы конференция аймақтық деңгейде, кейін республикалық, халықаралық көлемде өткізілді. 2003 жылдың қараша айында халықаралық конференцияға туысқан түркі жұртынан біраз адамдар қатысты. Еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар да біршама. Өз кезегінде баяндама жасауға шыққан академик Рымғали Нұрғали отырғандарды жағалай бір сүзіп өтіп: «Орталарыңнан Сейфитденді көрмей отырмын, Мәшһүр Жүсіптің шығармашылық мұрасын алғаш ғылыми айналысқа түсірген, мәшһүртанудың жолын салған сол еді, қатыспағаны қалай?!» дегені бар еді. Әдебиеттану ғылымының тыныс-тіршілігін жіті бақылап жүретін Рымғали Нұрғалидың Сейфитден Сүтжановты іздеуі оның мәшһүртанушыға деген құрметі болса керек. Бұл кезде Сейфитден Сүтжанов келесі бір түркітанулық ғылыми ізденіс үстінде жүрген болатын.

Еліміз егемендік алып, өткенімізді түгендеп, ұлттық дүниетанымға қайта үңіліп жатқан кезеңде, тұтас ұлттың тағдырына ықпал жасаған ХХ ғасыр басындағы құбылысты арқау еткен әдебиет зерттеле бастады. Бұл дәуір Алаш ардақтыларының азаматтық үні жаңғырған заман еді. Сонымен бірге, ұлттық әдебиеттер арасындағы көркемдік дәстүрлер жалғастығы, ықпалдастығын зерттеу, олардың арасындағы рухани алмасуларды, әдеби байланыстарды жаңаша тың көзқараста зерделеу қажеттігі туындады. Түркі халықтарының ортақ әдеби-мәдени байланысы бір-бірімен үндесіп дамыған уақыт та осы кезең. Әдетте осыған дейін рухани арнаны сараптағанда біз әдеби байланыстарды қазақ-орыс, қазақ-еуропа төңірегінде еуроцентристік бағытта карастырып келдік. Ал түбі бір түркі жұртының ортақ үндестігіне кейіннен ғана көңіл бөле бастадық. ХХ ғасыр басындағы тұтас Түркістан мемлекетін көксеген Мұстафа Шоқай сынды арыстарымызға аттан салып қосылғандар арасында татар, башқұрт, қырғыз, өзбек ағайындардың азаматтары да бар еді. Отаршылдыққа қарсы шығып, өз елінің мұңын шаққан ақындарымызды «зар ­заман» ақындары деп атағанымыз да біздің әріге ұмтыла қоймағанымыздың белгісі болса керек. Дегенмен, мұның бәрі егеменді ел болып, етек-жеңді жиғалы түгенделіп-ақ жатыр.

Осы бағытта Сейфитден Сүтжанов бірсыпыра жылдардан бері қазақ және түркі халықтары әдеби байланыстарын зерттеп келеді. Кез келген ғылыми еңбек дерек негізінде жазылатыны анық. Әсіресе компаративистика бағытындағы ізденіс нақты деректерді қажет етеді. Туысқан түркі халықтарының әдебиетін салыстыра зерттеуді нысандаған С.Сүтжанов Қазан, Уфа, Санкт-Петербург, Мәскеу, Омбы, Тәшкент, Бишкек архивтеріндегі құжаттарды іздеп, тауып, оларды ғылыми айналымға қосты. Ізденіс нәтижесінде «ХХ ғасыр басындағы қазақ және түркі халықтары әдебиетінің типологиялық сипаты» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Аталған ­салада бірнеше ғылыми зерттеулер: «Рухани алмасу арналары», «Қазақ-түркі әдеби байланыстары», «Алаш және түркі руханияты» монографияларын жазды. Шетелдік, отандық ғылыми басылымдарда 200-ден аса мақала жариялады.

«ХХ ғасыр басында жаңа толығып, толыса бастаған қазақ әдебиетінің барынша дамуына оның басқа ұлт әдебиетімен, әсіресе түбі бір туыстас түркі халықтары әде­биетімен рухани байланыс жасауы игі ықпал етті» деп атап көрсетеді ғалым. Бұл жерде Алаш зиялылары көркем дүниенің кемерін азды-көпті татар, башқұрт сынды жәдиттік ағым мектептері ерте қалыптасқан ұлттардан татып алды десек болады.

Ал әдебиетші ғалым ХХ ғасыр басындағы түркі халықтары әдебиетіне бір ғана Ұлы Абайдың шығармасы үлгі болғанын дәлелдеп береді. Құр фактологиямен емес, нақты мәтіндік ғылыми талдаулар арқылы ашып көрсетеді. Қалай болғанда да, жалпы түркі руханияты осы дәуірде бір қазанда біте қайнасып жатты. Ғалым Сейфитден Сүтжановтың ғылыми ізденістерінің бағыт-бағдары, мұрат-мақсаты осы құбылысты ғылыми негізде ашып көрсету.

Жалпы С.Сүтжанов өзінің ғылыми-ізденіс еңбектерімен қатар оқу-білім саласын дамытуға да үлес қосып келе жатқан ұлағатты ұстаз.

Сейфитден Сүтжановтың білім беру саласындағы бағыты да ерекше, ол – тұлғатану. Тұлғатану М.Әуезов негізін қалап кеткен «Абайтанудан» басталады. Алғаш ҚазМУ-дің филология және журналистика факультеттерінде арнайы курс ретінде оқытылып келді. Кейін келе тарих, философия, педагогика сияқты ғылымдарды қамтып, тұлғатану курсының көлемі мен мазмұны ұлғайды, оны оқытудың әдістемесі жасалды. Қазірде еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени, рухани дамуына айрықша үлес қосқан қайраткерлердің өмірі мен шығармашылығымен жете таныс­тыратын, осы бағытта білім беретін гуманитарлық мамандықтардың оқу үрдісінде арнайы курс ретінде оқытылып келеді. Міне, ­Сейфитден Сүтжанов болашақ ­филологтарға тұлғатанудың «жілігін шағып, ­майын ішкізіп» жүрген профессор-ұстаз. «Мәшһүртану», «Абайтану», «Аймақтық тұлғатану» курстары ­бойынша дәріс оқып келеді.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Иса Байзақов, Әлкей Марғұлан, Зейін Шашкин, Қалижан Бекхожин, Бекмұрат Уақатов және т.б. тұлғалардың шығармашылық өмірбаянына қатысты әдеби-танымдық мақалалары баспасөз беттерінде жарияланып келеді. Осы негізде арнайы бағдарлама жасап, оқу үрдісіне «Аймақтық тұлғатану» курсын енгізді. Өңірлік ақын-жа­зушылардың шығармаларын сту­денттердің дипломдық, магистр­лік жұмыстарына тақырып етіп беріп, ғылыми зерттеушілік жұмыс­тарына жетекшілік жасап жүрген ­Сейфитден Назымбекұлы «аймақтық әдебиеттануға» түрен салған алғашқылардың бірі.

 Әділбек Әміренов,

ПМПУ доценті, филология ғылымының кандидаты

КЕРЕКУ

 

1091 рет

көрсетілді

43

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы