• Тұлға
  • 19 Қараша, 2020

ТІЛ БІЛІМІНІҢ ТАРЛАНЫ

Қазақ тіл білімінің дамып, кемеліне келуіне айтарлықтай еңбек сіңірген, оның тұғырлы негізін қалаушылардың бірі, білікті де зейінді шәкірттер дайындаған, текті жердің тұлпар ұлы, тұңғыш рет «Абай тілі сөздігін», 10 томдық «Қазақ тілі сөздігін» дүниеге әкеліп, «қазақ тілі ғылыми морфологиясының атасы да, негізін жасаған да, иесі де болған» әйгілі тіл маманы Ахмеди Ысқақұлы Ысқақов Шығыс Қазақстан облысы, бұрынғы Абыралы ауданында 21 қараша 1910 жылы дүниеге келген.

Қазақ тілін ғылыми тұрғыда зерттеп, оның дамып қалыптасуына еңбек сіңірген айтулы ғалымдар есімі тарихымызда алтын әріппен ­жазулы. Оның көшбасшылары XIX ғасырдың екінші жартысындағы Н.И.Ильминский, Ы.Алтынсарин сынды баба ғалымдардан бас­талса, XX ғасыр басында А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедұлы сияқты ата буын ғалымдар оны жалғастырып, негізін салып, үлес қосты. Ал XX ғасырдың 30-жылдарынан аға буын ғалымдар С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, С.Жиенбаев, Ф.Бегалиев, Ш.Досқараев, т.б. қазақ тіл білімін жан-жақты зерделей зерттеп, ғылым ретінде қалыптастыруға зор еңбек сіңірді. Солардың бел ортасында ғылымды ұйымдастыра білудегі іскерлік қабілеті, білімдарлық дарыны, адамгершілік, парасат болмысы, ғылымдағы табыстарымен көзге түскен көрнекті тіл маманы, түркітанушы, ғұлама ұстаз, білгір ғалым Ахаң – Ахмеди Ысқақов болғаны көпке аян.

Ғалым-ұстаздың қысқаша өмірбаянына зер салсақ («Қазақ тілі». Энциклопедия. Алматы, 1988), күш-қуаты мол, жалындаған жас шағында КСРО ҒА-ның КСРО Халықтарының Тіл және жазу институтының аспирантурасын бітіріп, жан-жақты терең білім алып оралған соң «Халық мұғалімі» журналында редактор (1941-42), одан соң Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты директорының орынбасары, директоры (1942-47), Қазақтың Қыздар педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі ­(1947-51), ал 1951-56 жылдары ҚазКСР ҒА Тіл және әдебиет институтында және Ы.Алтынсарин атындағы педагогика институтында директор, өмірінің ақтық деміне дейін Тіл білімі ­институтында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған.

Ғалым қаламынан туған 300-ге тарта ғылыми еңбектерінің ішінде қазақ тілінің морфология, лексика, лексикология, тіл тарихы, әдеби тіл, қазақ тілінің орфографиясы, қазақ тілінің әдістемесі, лексика, морфология, синтаксис саласындағы жеке монографиялар мен терең мәнді ғылыми мақалаларының мән-маңызы айрықша. Ахаңның лексикография бойынша жазған еңбектері бір төбе. Ғалым «Қазақша-орысша», «Орысша-қазақша» сөздіктерді құрастырушы, әрі редакторлардың бірі болса, өзі басқарып, тұңғыш рет шығарған «Абай тілі сөздігі» (1968) мен он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» ­(1974-1986) қазақ филологиясы саласындағы ірі де іргелі, сүбелі, халқымыздың сарқылмас мәдениетіне қосылған елеулі үлес екені даусыз. Халқына, туған тіліне осыншама қыруар еңбек сіңірген зиялы ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ұстаз-ғалымнан тәлім-тәрбие, өнеге алып өскен шәкірттер республикамыздың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп, ел алғысына ие болып жүр. Олардың ішінде ғылыми қызметкерлер, ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары, профессорлар саны да аз емес.

Қымбатты Ахаңның жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғамасам да, өзімді ол кісінің шәкіртімін, ғалым-ұстаздан алған тәлім-тәрбие, өнегем мол деп білемін. Өйткені жаны жайсаң, мінезге бай, адамгершілігі зор, осы бір ақиық-ұстаздан дәріс тыңдап, 40 жылдан аса қарауында қызмет істей жүріп, ізгі қасиеттерінен үлгі-өнеге алғанымды еш естен шығармаймын.

1949 жылы Абай атындағы Қазақ педа­гогикалық институты филология факуль­тетінің ІІІ курс студентіміз. Жаңа оқу жылы кестесінде Қазақ тілінің морфология курсы өтетіні жайлы ақпарат бар екен. Лекцияны кім оқиды екен деп жүргенімізде ұстазымыз, доцент Т.Қордабаев келіп ­«Курсты филология ғылымының кандидаты, ­доцент Ахмеди Ысқақов жүргізеді» деп айтып кетті. Айтқанындай-ақ, келесі дәрісті Ахаң өткізді. Ол кезде курстағы 44 студент тұтас, топқа бөлінбестен, жұбымызды жазбай, бір ­аудиторияда отырып лекция тыңдайтынбыз. Ахаң лекцияны оқыр алдында курс туралы жалпы мағлұмат айта келіп, осы пән ­бойынша емтихан тапсыратынымызды ескертті. Осымен қатар лекцияны зер сала мұқият тыңдап, мүмкіндігінше толық жазып оты­руымызды да баса айтты. Өйткені оқулық, оқу құралдарының жоқ кезі. Сондықтан лекцияны ұқыпты түрде зейін қоя тыңдап, анықтап жазып алмасаң, мүлдем қиынға соғары сөзсіз.

Ахаң ешбір алаңсыз, аспай-саспай лек­цияны құлаққа құя байыппен айтып тұрды. Алдында ешбір қағаз не кітап болмады. Ұстазымыздың тым шебер, ешбір мүдір­местен, байсалды дәрісін әрі тыңдап, әрі бір сөзін қалдырмай қағазға түсіруге тырысып бақтық. Ахаңның үні құлаққа жағымды, әрбір сөзі анық та нық, салиқалы да мығым, нығыз болатын-ды.

Ахаңның осы сабағынан емтихан тап­сырға­нымызда 44 студенттің жартысынан көбіміздің «өте жақсы», қалғандарының «жақсы» баға алғаны әлі есімде. Қазақ тілінің морфология саласы бойынша алған сол біліміміз ерекше есте қалған, жадымызда бүгінге кейін сақталған, баянды білім болды. Ахаң осы морфология пәнін жинақтап зерделей жүріп, 1964 жылы «Қазақ тілі. Морфология» атты көлемі 398 беттік үлкен оқулық шығарды. Ахаң осы еңбегін маған да берді. Кітаптың бетіндегі «Телғожа! Сын көзімен қарап пайдалану үшін 20.1.64. автор А.Исқақов» деген жазуын оқыған сайын әлі де құрметті ұстазымды көргендей қатты әсер алам. Осы бір ауыз сөзден-ақ Ахаңның өте кішіпейіл, ақ ниетті, мейлінше парасатты ғалым-ұстаз екені кімге де болса анық көрінсе керек. Бұл тамаша оқулық қазір де жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде бірден-бір басты құрал ретінде өз құнын жоймай келеді.

Мені Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына Ахаң директор болып тұрғанда қызметке 1951 жылы қабылдады.

– Бүгіннен бастап екеуміз мына жұмыспен шұғылданамыз, – деп, маған алдында жатқан шағын көлемді жұмысты ұсынды. Жұмыстың тақырыбына көз салғанымда «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері» дегенді оқыдым. Ахаң әңгіме үстінде осы ереже туралы айта келіп, «Бір жетіден соң газет бетінде жариялауға дайындаймыз. Өзіңді осы жұмыстың басы-қасында болуға, газетке бергенге дейін мұқият оқып шығуға жекпек ойым бар» деді. Жұмысты алып кеттім де, екі күннен соң әкеп тапсырдым.

– Біраз қателерін жөндеген екенсің, ертең «Қазақстан мұғалімі» газетінің бас ­редакторы Омарғали Құдышевке апарасың. Ендігі жұмысың сол кісімен болады. Газетке жариялайды. Содан соң менімен хабарласып тұр! Редактордың сұрақтары болса, хабарлассын, – деп шығарып салды.

Ертесіне «Қазақстан мұғалімі» газетінің редакторына материалды тапсырдым. ­Редактор аласа бойлы, дембелше денелі, басы келіскен, өзі өте сыпайы да сабырлы, күлімсіреп сөйлейтін, ақ жарқын, ашық жүзді, ақ сары өңді кісі екен. Аспай-саспай, байсалды күйде отырып, материалды бастан-аяқ қарап шықты. Телефон номерін жазып берді де! «Екі күннен кейін хабарлас, мына материалдың газет бетіне дайындалып, газеттегі гранкасын, одан соң версткасын бірлесе отырып оқимыз. Содан соң материал газетте өңделіп толық жарияланады. Бұны жалпы халық талқысына салу басты міндетіміз. Ғалымдар мен мектеп, жоғары оқу орындары оқытушыларынан, жазушылар мен журналистер, т.б. мамандар тарапынан көптеген материалдар түсері сөзсіз. Сондықтан біраз жұмыс істеуге тура келеді. Танысып алайық, аты-жөнің кім?» деп сұрады. Мен аты-жөнімді, ол кісі өзінің аты-жөнін айтты.

«Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері» көп ұзамай «Қазақстан мұғалімі» газетіне жарияланды. Ахаңа бірнеше ­газет әкеп бердім. Әлі есімде, газет бетінде орфо­гра­фиялық ереже бойынша пікір таласы өрби түсті. 4-5 ай бойы мақалалар үздіксіз жария­ланды. Өзім де бір-екі мақала жарияладым. 1953 жылдың наурызында газет бетінде жарияланған материалдарды қорытындылау үшін бес адамнан комиссия құрамы бекітілді. Комиссия төрағасы Ахмеди Ысқақов, орынбасары Әділ Ермеков, мүшелері Әмеди ­Хасенов, Омарғали Құдышев және мен. ­Комиссия мүшелері қорытындылаған материалдар тал­қылану үстіне талқылана түсті. Соның нәти­же­сінде «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінің» жаңа нұсқасы дайындалды. Осы ережені жазуда, оны ұйымдастыруда Ахаң­­ның Институт директоры ретіндегі еңбегі ора­сан зор болғанын тіл мамандары жақсы біледі.

Ахаң 1953 жылдың күз айында басқа қызметке ауысты да, Институт директоры болып Х.Сайкиев іске кірісті. Бұл кезде орфографиялық ереже жайлы сөз болған емес. Кейін ол жұмысты 1956 жылы ­директор болып тағайындалған академик І.Кеңесбаев басқарды да, 1957 жылы 5 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумы қаулысымен «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері» бекітілді. Арада 6 жыл өткен соң, 1963 жылы тұңғыш рет 64000 сөзді қамтыған «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаевтардың басқаруымен жарық көрді. Аталмыш ережеде де, сөздікте де институт директоры болып тұрғанда алғаш рет ұйымдастырып, тер төгіп еңбек сіңірген Ахмеди Ысқақовтың аты аталмай қалғанына, өзімді былай қойғанда, белгілі тіл мамандарының қайран қалғаны әлі есімде.

Ахаң қазақ тіл білімінде айрықша із қалдырған, молынан еңбек сіңірген күрделі сала – лексикография. Қазақ тіл білімінің мор­фология, лексика, тіл тарихы, әдеби тіл, тіл мәдениеті, қазақ тілінің әдістемесімен қатар, сөздік жасау сияқты өте күрделі де ауыр мә­селені қатар алып жүруі – ғалымның жан-жақ­тылығын, оның білімдарлығын танытса керек.  

 Сөздік жұмысына 40-жылдардың ортасынан қатысып, «Қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктердің» авторы, ал 1954 жылы жарық көрген үлкен «Орысша-қазақша сөздіктің» авторы ретінде зиялы қауымға кеңінен танымал болғаны бар. Сөздік жасау ісі өте ауыр да қиын екенін тіл мамандары ғана емес, жалпы қауым жақсы біледі.

Ахмеди Ысқақов басқарған Академиялық сөздік бөлімінде 20 жылдан аса қоян-қолтық бірлесе жүріп еңбек еттік. 1962 жылдан ­бастап «Абай тілі сөздігін» жасау мақсатында материал­дар жиналып, нұсқаулық ­жасалды. Қиын да тың жұмысты ұйымдастыру, абыроймен орындау барысында Ахаң «түн ұйқысын төрт бөле» жүріп қатты еңбектенді. Ахаңның іскерлігі, тамаша басшылығының барысында 1968 жылы «Абай тілі сөздігі» 734 бет, 80 баспа табақ көлемде жарық көрді. Ол еңбек жеке жазушы тілі жайлы алғаш рет жасалған түсіндірме сөздік болғанымен, XIX ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының мәдени дәрежесі жөнінде нақтылы түсінік берумен қатар, қазақ әдеби тілін дамытудағы, оны бірыңғай ізге түсіріп қалыптастырудағы ақын Абай рөлін толық та жан-жақты көрсете білген еңбек екені көпке аян. Сөздік туралы баспасөз беттерінде, әсіресе жазушы қауым тарапынан аса жоғары бағалар айтылған еді.

Бұл ретте тұңғыш рет жарық көрген еңбекті жазып шығуға қыруар жайттар: әсіресе ақын тілінің сан қырлы мән-мағынасын ашуда, сөздер мен сөз тіркестерінің бейнелік, образ­дық қолданыс аясын талдап түсіндіруде көп­те­ген қиындықтардың кез болғаны да бар. Сол кезде ауыр да зіл салмақты, авторлар көтере ал­май жатқан жүкті демеп, көтерген де Ахаң еді.

Ақын тілінің алуан түрлі сыр-сипатын, оның сөздерді қолдануда стильдік ерекше­ліктерін, әдеби тілімізді қалыптас­тырып, дамытудағы орнын, басқа да келелі әрі түйінді мәселелер жайлы Ахаң қаламынан шыққан, Ахаңның ой-пікірінен туған аталы сөздер «Абай және қазақтың әдеби тілі» атты мақаласында толық қамтылды.

Ойшыл ғұлама, көрнекті тіл маманы, ұлағатты ұстаз-тәлімгер, Қазақ тіл білімінің айтулы тарланы, профессор А.Ысқақов тындырған ұлы істің биік шынары – іргелі де зор еңбек, он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі». Он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» (1974-1986) мән-мағынасы, оның жарыққа шығуы, берісі қазақ тілінің, Тіл білімі институтын, арысы халқымыздың атақ-даңқын аспанға көтерген, мәдениетімізге қосылған зор үлес болды. Сол кездегі Одақ көлемінде ғана емес, жер жүзіне танылды. Сондықтан да Одақ көлеміндегі орталық газет-журналдарда, шетелдерде (Германия, Франция, Қытай Халық Республикасында) жазылған салиқалы пікірлер тіліміздің, діліміздің мерейін көтеріп, үстем етті. Өйткені түркітілдес халықтар тарихында он томдық түсіндірме сөздік жасауымыз тарихтағы тұңғыш оқиға, жаңа үрдіс, соны бастама еді. Қазақ тіл білімінің асқар шыңы саналатын іргелі, күрделі еңбектің дүниеге келіп, жарық көруі, сөз жоқ, Ахаңның білікті де білгір басшылығының және өзі сеніп, сүйенген жәрдемшісі Б.Қалиев пен сөздік авторларының ерен еңбегінің нәтижесі еді.

Осы он томдық түсіндірме сөздік туралы Ахаң жазған терең мағыналы алғы сөз бен соңғы сөз және «Абай тілі сөздігіндегі Абай және қазақтың әдеби тілі» атты алғы сөз ретінде жазған мақалаларын жеке өз алдына жарыққа шығарса, сөз жоқ, бір кітап ретінде маңызды да, сапалы еңбек болар еді. Өйткені онда он томдық сөздікті жасау тәжірибелерінен туындаған лексикографияның ғылыми-теориялық принциптері мен ой-парасатқа негізделген нақты теориялар бар. «Абай және қазақтың әдеби тілі» бойынша жазылған мақаласында ақынның поэтикалық тілі мен қара сөздері тілінің қыр-сыры, лексикалық, саяси-әлеуметтік, логика-психологиялық мән-мағынасы, Абайдың жазба әдебиетті қалыптастырудағы зор қызметі мен тарихи орны жан-жақты талданып, шынайы да ғылыми тұрғыдан баяндалған.

Он томдық «Қазақ тілінің сөздігі» толық аяқталып, соңғы том 1986 жылы жарық көргенде қуанышымыз қойнымызға сыймай, мәз-мейрам болдық емес пе?! Қуаныш бәрімізге, институт қызметкерлеріне ғана емес, күллі зиялы қауымға ортақ болды. Осы он томдық түсіндірме сөздікті Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанда Ахаң өзіне хас әділ де сыншыл, нағыз ғұлама ғалымға тән ой-парасатымен сөздік авторларына салиқалы бағасын берді.

Ахаңның салмақты да мазмұнды ірі ­жұ­­мыс­тарды атқара жүріп, жастарды білімге баулу, оқыту, оқу жүйелерінде де ұстаз­дық-тәлімгерлік ісін шет қалдырмай қазақ тілінің морфология саласынан тұңғыш рет оқулық жазып, оны жарыққа шығаруы да зор табыстардың бірі болған-ды. Өмірінің соңғы кездерінде көп жылдар бойы ойланып-толғанып жүрген пікірлерін қорытып, қазақ тіл білімінде алғаш рет қолға алынған фономорфология саласы бойынша «Қазақ тілінің фономорфологиялық құрылымын тарихи тұр­ғыдан сараптау» атты көлемді еңбегі 1999 жылы жарық көріп, баршамызды қуанышқа бөлеген еді.

Ахаңның ғалымдық тұлғасына азаматтық іс-әрекеті, жалпы адамгершілік болмысы ерекше жарасым беретін. Ол кісінің адамгершілік мінез-құлқына ерекше сүйсініп, өнеге алдық. Хас ғалымның терең ойшылдығы мен парасаттылығы, әділ де тура, өткір сөздері, принципшілдік пиғылдарына дән риза болатынбыз. Өйткені үнемі адалдық пен әділдікті, тура да нақты іс-әрекетті қалайтын.

Ғылыми жұмыстардың сапасы мен мән-мазмұнына айрықша сын көзбен қарап, үнемі әділ де орынды, дұрыс бағасын беріп отырушы еді. Ағын – ақ, қарасын – қара, барын – бар, жоғын – жоқ деп айқын да ашық, бүкпесіз де батыл айтатын.

Студент кезден тату-тәтті бірге өскен жолдасы Ә.Ділібаев дүниеден ерте кетіп, жас анасымен қалған балаларына Ахаңның жасаған адамгершілігіне институт қызметкерлері ғана емес, көптеген адам куә. Жолдасының балаларының жоғары оқу орындарына түсіп, білім алуына, олардың анасын қарауына қызметке алып, үнемі қамқор болғанын көрген біз қаншама разы болған едік. Шәкірттеріне деген жақсылығы ұшан-теңіз. Әсіресе ­Асылы Османова, Бәкизат Қайымова, Сейдін Бизақов, Әрсен Ибатовтарға ­деген ыстық ықыласын біз жете білетінбіз. «Жақсының жақсылығын айт» деген ғой, айта берсе ­таусылмас әңгіме көп. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деп халық тауып айтқан. Докторлық диссертация жазып жүргенімде институт басшылары маған арнайы уақыт бермеген кезде, Ахаң авторефератымды жазып аяқтау үшін бір ай  жұмыстан босатып, оның үстіне оппоненттерді іздеп қиналып жүргенімде «мен бірінші оппонент боламын» деп қуантқан еді.

Құлағымызға есімі жас кезімізден ­танымал украин халқының атақты ақыны Тарас ­Шев­ченконың: «Ұйықтап өтсем өмірімде, Ұйқым ұдай қанбаса. Өлгенім не, тірлігім не? Артымда ізім қалмаса!» (аудармасы Қ.Аман­жолов) деге­ніндей, қазақ тіл білімінің нағыз тар­ланы, белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері А.Ысқақов артына айдай жарқыраған айқын да, айшықты із, мың­даған жылдарға хас асыл қазына, тозбай, ескірмей, келер ұрпаққа аманат бай ғылыми мұра қалдырды. «Жақсының өзі өлсе де, аты өлмейді» дегендей, бұл күнде Ахаң – Ахмеди Ысқақов есімі ғылыми өмірде өзі бірге жүріп, талай ғылыми еңбектерді бірге жазған заман­дастарымен бірге жүр. «Қазақ тілі ғылыми мор­фологиясының атасы да, негізін жаса­ған да, иесі де А.Ысқақов» деген, замандас ­ға­лым­дарының бағасы өте орынды да әділ деп білеміз.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарла­масы бойынша жасалып, 2011 жылы жарыққа шыққан он бес томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» жалпы редакциясын басқарушының біріншісі ретінде Ахмеди Ысқақов есімі зор құрметпен жазылып тұр. Болашақ томдарында да Ахаң есімі өз замандастары мен жас ғалымдар көзіне оттай ыстық басылып, өмірде жайнап тұра береді.

Ғалымның ғылыми мұралары ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, бүгінгі тәуелсіздік күніне жетіп отырғандай әлі де ғасырларға жалғаса бермек!

 Телғожа Жанұзақ,

профессор, Мемлекеттік

сыйлықтың иегері

371 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала МӘШҺҮРТАНУШЫ
Келесі мақала «АҚЫНМЫН СӨЗІ ЖЕТЕР САН ҒАСЫРҒА...»

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Стремись не к тому, чтобы добиться успеха, а к тому, чтобы твоя жизнь имела смысл. http://bit.do/fLc9r?h=6f42a80c4d97505ad7a863c2ed8bd916&

19 Қараша, 2020

Стремись не к тому, чтобы добиться успеха, а к тому, чтобы твоя жизнь имела смысл. http://bit.do/fLc9r?h=6f42a80c4d97505ad7a863c2ed8bd916&

ANA TILI №48

26 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор