• Cұхбаттар
  • 19 Қараша, 2020

Уахит ШӘЛЕКЕНОВ, тарих ғылымының докторы, профессор: ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БІРЛІГІ ҚАЖЕТ

Тарих ғылымының докторы, профессор Уахит Хамзаұлы ШӘЛЕКЕНОВ ақсақал дүниеден өтті деген суық хабар жетті... Апта бұрын ғана үйіне арнайы барып, бірқатар сауалдарымызды арқау ете отырып, көрнекті тарихшымен жүздесіп, сыр-сұхбат құрған едік. Ақсақал 98 жасқа келсе де тың, қолынан қалам-қағазы түспеген. Әсіресе түбі бір түркі елдерінің бірлігі, олардың рухани-мәдени байланысы, саяси-экономикалық дамуы, ортақ мүдде мен мақсаттың айқындалуы тәрізді маңызды мәселелер төңірегіндегі алаңкөңілін аңдап едік.
Түркі халықтарының тарихына қатысты соңғы жылдары жазылған жаңа кітаптары жарық көріпті. Уахит ақсақал бір сөзінде: «Келер жылы егемендік алғанымызға 30 жыл толады. Сол 30 жылдың ішінде не істедік?» деп үлкен әңгіме қозғады. Тарихшы бір жағы өткенге ой жіберіп, есеп алып отырғандай көрінсе, екіншіден, сол күрделі сауалға жауап іздеу арқылы әртүрлі сын-қатерлердің алдын алуға байланысты тұжырымдарын да ортаға салған.
Әйгілі ақсақалдың соңғы сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Ұлтымыздың саяси қайраткері Мұстафа Шоқай: «Түркістан түріктеріне, өз бірлігіміз – түрік бірлігі бәрінен қымбат» деген пікірі бүгінгі күнде де өзекті ­болып отыр. Әңгімемізді бүгінгі түркі халықтарының бірлігін қалыптастыру мәселесінен бастасақ.

– Бүгінгі түркі әлемі, сол әлемді құрап отырған қазақ, қырғыз, әзербайжан, өзбек, түркімен, түріктер түбі бір, тарихы бір түркі мемлекеттері бірлік мәселесіне ерекше көңіл бөлуі керек деп есептеймін. Әрқайсымыз дербес мемлекет ретінде ­жеке-жеке дами беретін болсақ, бірікпесек, келешекте егемендігімізді сақтау қиынға түседі. Дербес қазақ халқы, қырғыз, өзбек, түркімен, әзербайжан, түрік халқы болып өз жолымызбен кете берсек, бірлігімізді қалай қалыптастырамыз? Міне, осы сұрақ мені көптен бері ойландырып келеді.

Тарихқа зер салатын болсақ, дүниежүзін мекендеген түріктер егемендіктің туын жоғары ұстап, соның негізінде адамзат өркениетінің негізін салып, дамыта білген. Бірақ ертедегі бабаларымыздың қалыптастырған рухани өркениетінің кейбіреулері әлсіреп, осалдап кеткен. ­Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озат жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деді. Міне, аталмыш бағдарламаны іске асыру үшін халқымыздың рухани қазына-байлығын ұрпақ игілігіне ­жаратып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған өте бай құндылық дәстүрлерін қайта жаңғыртып, осы жолда әрбір саналы азамат бар қуат-күші мен білімін сарқа еңбек етуі қажет.

Егемендігіміздің өзектілігі сондай: ол әр уақытта да көнермейтін пікір. Соны сақтау үшін барлық саналы азаматтар егемендікті алға өрлете беруі керек. Міне, осындай мақсатта біздің түрік халқы көп ғасырлар бойы егемендікті жасаған. Жоғарыда айтқанымыздай, адамзат өркениетінің негізін Орталық Азияда қалып, оны Шығыс Еуропа елдерінде таратқан. Ол жөнінде бірталай еңбек жазғанмын. Ұлым, тарих ғылымының докторы Мұрат Шәлекеновпен бірге «Орталық Азиядағы мемлекеттер» (Алматы, Қазақ университеті, 2017 жыл) деген кітап жазып шыққанбыз. Бұл кітапта түріктердің ұйымдастырған алғашқы мемлекеттері, империялары жөнінде айтылған. Міне, осы және тағы да басқа деректерге сүйене отырып, өткен тарихқа шолу істесек, біздің ата-бабаларымыз ежелден өркениеттерді орнатуға, оны дамытуға үздіксіз жұмыс атқарған. Орталық ­Азияны мекендеген түріктер жайын­да Лев ­Николаевич Гумилев былай деп ­жазады: «Этот континет на исторический ­обозримый период объединился три раза. С ­начала его объединили тюрки, создав каганат, который охватили земли тюрских кочевников от желтого моря до черного. На смену тюрков пришли из Сибири монголы. Затем после периода полного распада, дезинтеграции, инициативу взяла на себя Россия. С XIV века русские двигались на Восток, вышли на Тихий океан, новая держава выступила таким образом наследниками «Тюркского каганата» Монгольского ­улуса». Лев Гумилев түрік этностарының тарихына тамаша тұжырымдама жасай келіп, түрік қағанатының, оның өркениетінің мұрагері Ресей болды деген пікірін алға тартады. Алайда біз бұл пікірге қосылмаймыз. Солай болса да, Россия біздің еліміздің шығыс көршілерін, соның ішінде түріктерді отар елдерге айналдырған. Оны үш жүз жыл ұстап тұрған. Бірақ Россия бұрын гүлденген түрік халқының өркениетін иелеп, оның мұрагері болып, дамыта алған жоқ. Керісінше езіп, жаншыды. Сондықтан Гумилевтің түріктердің бөлінуі, бірлесуі жөніндегі пікірі дұрыс қой, бірақ түріктердің мұрагерлігін жалғастырушы – орыстар дегеніне көнуге болмайды. Оған сын көзбен қарауымыз керек. Осы бодандықтан шығу үшін, түріктер, оның ішінде қазақтар отаршылдармен үздіксіз соғысты. Қазіргі егемендікке халқымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қол жеткізді. Міне, осы егемендікті дұрыс пайдаланып, әлем түріктерін біріктіріп, ұлы түрік өркениетін құруымыз өзекті, мәртебелі мәселенің бірі. Міне, осыған көңіл бөлейік.

Ежелгі және құлшылық дәуірлерінде Түрік мемлекеті барлық тарихи формация­ларды басынан өткерді. Сондықтан осы дәуірлердің бәрінде түріктер мемлекет ұйымдастырған. Ол мемлекеттерді ұлғайтып үлкен империялар құрған. Сол алғашқы империялардың бірі – Ғұн империясы.

Мына Қара теңізден бастап Қытайға дейінгі жерді Ғұндар иеленген. Орыстың ғалымы Инородцевтің айтуынша, ғұндар екі түрлі аталған: батысы – ғұндар, шығысы – хундар. Батыс пенен Шығыс – екеуі де біртілдес, бір тектес халық. Бір тілде сөйлеген. Өздерінің егемендігі үшін күрескен. Біздің дәуірімізге дейінгі кезеңдерінде ғұндар бірігіп «Ғұн» империясын құрған. Оны Моде басқарған. Империяның құрамына өзге нәсілді, өзге тілді бірде-бір халықты кіргізбеген. Тек бір тілде сөйлейтін ғұндардан құрған. Басқа бағындырған халықтар, қытай, корей, содан кейін шығыс-славян халықтары, орыс, белорус, украин халықтары, тағы басқа халықтар вассал ретінде сақталып, өздерінше өмір сүрген.

«Өз еркілеріңізбен дамыңдар, біз сендерге жәрдем береміз, тек бізге бағынышты болып, салық төлеп тұрасыңдар» деген. Әйтпесе, оларды отарластырып, өздерінің қарауына алып, түріктерге қосып жіберуге болар еді ғой. Олай жасамаған. Міне, біз осы мәселеге жіті көңіл бөлуіміз керек. Ерекше атап айтарлығы, түріктер өздерінің бірліктерін жақсы сақтаған. Қазақтың мақалы бар ғой: «Бірлік болмай – тірлік болмайды», «Бөлінгенді бөрі жейді» деген. Бірлік деген қасиетті ұғым.

– Біздің түрік бабаларымыз өз тарихында ұлы империяларды құрғаны белгілі. Олардың жаулап алған елдеріне қатысты саясаты қандай болды?

– Біздің түрік әлемінің сыртқы саясатында отаршылдық саясат болмаған. Отаршылдық саясатты ұстамай, азаттық үшін күрескен. «Жер бетіндегі үлкенді-кішілі әр халық өздерінің жасаған табиғи-географиялық ұясында қалай өмір сүремін десе, еркіменен өмір сүрсін» деген. «Бір халық екінші халықты бағындырып, оны отаршылдыққа айналдырмау керек» деген. Яғни жер бетіндегі халықтың өміріне қол сұқпау керек деген. Олардың табиғи заңдылықпен дамуына, өсіп-өркендеуіне мүмкіндік берген. Мысалы, Аттиланы алайық. Аттиланың Батыс Еуропа елдерін Рим құлшылық империясынан азат етіп, олардың феодалдық жолмен эволюциялық дамуына даңғыл жол ашқанын, ­Еуропа этностары өте жоғары бағалаған және ол ­туралы жағымды пікірлердің әлі де өмір сүруін дәлелдейтін деректер баршылық. Батыс Еуропаның жазушылары, ғалымдары ­Аттила туралы көлемді ғылыми еңбектерді, әдеби және көркем кітаптарды Еуропа елдерінің көптеген ғұламалары жазған. Оған қосымша Аттилаға арнап опералар мен кинолар шығарған. Шіркін-ай, соларды жинақтап, Батыс Еуропа елдері этностарының ­Аттила жөніндегі көзқарастары бүгінгі түрік тілдес қандастарымыздың, соның ішінде қазақ халқының арасына таралса тамаша рухани байлық болар еді. Кеңес Одағы ыдырап, егеменді түрік тілдес халықтардың мемлекеті тарихи сахнаға шығуымен, ­Аттила қайта жаңғырып, ол туралы көлемді зерттеулер соңғы жылдарда жарық көруі тиіс.

Дүниені дүр сілкіндірген ғұндардың күштілігі олардың бірлігінде болатын. Олардың мәдениеті көп жағдайда басқа халықтардан жоғары болып, өздерінің үстемдігін шығыста да, батыста да ұзақ уақыт жүргізген. Сол кезде қалыптасқан ғұндардың бірлігі орта ғасырдың бас кезінде осалдап, 603 жылы Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінген. Сол кезде таққа отырған Түрік қағандары елдің бұрынғы бірлігін қайта қалпына келтіру үшін күштерін жұмсаған. Солардың ішінен Түрік мемлекетінің бірлігін сақтауда зор табысқа қол жеткізген Білге мен Күлтегін. Олардың өмірі мен атқарған қызметтері Орхон-Енисей ескерткіштерінде тасқа ойы­лып жазылып қалдырылған тамаша мұра ретінде бізге жетті. Міне, ежелден түріктер елдің, халықтың қадірін жақсы білген, тарихи тұлғалар ел бірлігін сақтау үшін бар күш-қайратын аямаған. Бірлік қасиетті сезім болып, халқымыздың сүйегіне сіңген.

– Ежелден-ақ түріктер бірліктің қадірін түсініп, құдіреті күшті империялар құрған және халқын алға өрлеткенін айтып отырсыз ғой. Өзінен бұрынғы осы тұлғалардың бірлік арқылы қол жеткізген тәжірибелерінен сабақ алған Шыңғыс хан да өзіне дейінгі бабаларының мол тәжірибесінен сабақ алды, яғни сол дәстүрді жалғастырды, ұлы істерін жетілдірді деп айта аламыз ба?

– Әлбетте, солай. Шыңғыс хан – ХІІІ ғасырда түріктер мен моңғол этностарын біріктіріп, Моңғол-Түрік империя­сын құрды. Шыңғыс ханның әлемдік деңгейдегі тарихи тұлғаға айналуының негізгі сырларының бастысы – Бірлік! Түріктер Орталық Азияның этностары. Олар бірліксіз өмір жоқ екенін жетік біліп, осы қастерлі ұғымды жоғары дәрежеде ұстанған және оны ұрпақ тәрбиелеуде пайдаланып келген.

Шыңғыс хан 27 жасынан бастап мем­лекетті басқаруға қатысқан адам. 30 жасында әскер құрып, Шығыс-Түркістандағы тайпаларды біріктірген. 1206 жылы «Ұлы Құрылтай» құрып, құрылтайға дейін «Жасақ» деген заңды әзірлеткен және осы ұлы жиында бекіткен. «Жасақ» деген заңға негіздеп, мемлекетті басқаратын болған. Бұрын ондай заң болмаған. Бірінші рет құрған. Сол заңды Құрылтай бекіткен. Моңғол мемлекеті деп жариялаған. Оның патшасы – Шыңғыс хан деген. Сол алқалы басқосуда алғашқы сөз діни басшыға берілген. Сонда айтқан: «Бүгіннен бастап Темучиннің аты өзгереді. Ол бұдан былай Шыңғыс хан деп аталуы керек. Шыңғыс хан деген патшалардың патшасы деген мағынаны білдіреді. Біз осыған бағынамыз. Бұл менің айтқаным емес, аспан құдайының айтуы бойынша айтып отырмын» деген. Шыңғыс ханның уақытында түріктер аспан құдайына бағынған.

Шыңғыс хан туралы қалам тартқан ғалымдар, жазушылар аз болған жоқ. Әлі де талай-талай шығармалар жарық көретіні сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, Шыңғыс хан – түрік халқын біріктіруші адам. Шыңғыс ханды біз тарихта «басып алушы» деп жаздық. Бұл – дұрыс емес. Шыңғыс хан соғысайын деп соғысқан жоқ. Ол – біріктіруші. Біріктіруші болғаннан кейін өзіне бағынбағандарды екі жолмен бағындырған. Бірінші – үгіт-насихатпен бағындырған. Оған көнбесе, соғысып бағындырған.

Шыңғыс хан сөзінің этимология­сын қанша жазса да, осы күнге дейін дұрыс таба алмай келе жатыр. 1216 жылы ­Хорезмшах мемлекеті дипломаттарының, елшісінің алдында сөйлеген сөзінде Шыңғыс хан: «Мен Шығыстың ханымын. Шығыстың әміршісімін. Тілімді алса, Мұхаммед Хорезмшах маған өз еркімен қосылсын. Империяның батыс жағын соған басқартып қоямын, өзімнің балаларымдай көремін» деген. Осыны Хорезмшахқа айтып барыңдар деген. Бұл кең көлемде жарияланған сөз, бірақ ұлы қағанның «Мен Шығыстың ханымын» деген сөзін осы күнге дейін ол туралы жазып келген жазушылар мен тарихшылардың біреуі мойындамаған. Себебі мұны Шыңғыс ханға қимаған, оның атын әртүрлі ақылға сыймайтын сөздермен қаралап келе жатыр. Шыңғыс хан төңірегіндегі ақылгөй адамдарымен ақылдасып, Бірінші Құрылтайда өзін «Шығыстың ханы» деп жариялағаны тарихтан мәлім. Олай болса, шындықты мойындайтын кез келді. Бұл сұраққа нүкте қойылу керек. Оның шын лақап аты: «Шығыстың ханы».

– Ұлттық тарихымыздың жазылуына, зерттелуіне қандай баға берер едіңіз?

– Түрік этностарының, соның ішінде қазақ халқының шынайы тарихы әлі жазылған жоқ. Олай болса, ­рухани жаңғыруды өзіміздің төл тарихымызды жазудан бастауымыз керек. Ол – ұлттық санамызды қалыптастырушы. Ұлы ғұлама Лев ­Гумилев «Көне түріктер» деген зерттеу еңбегінде: «Көне түріктердің адамзат тарихындағы маңызы орасан зор, бірақ бұл халықтың тарихы әлі күнге дейін жазылмаған. Ол жол-жөнекей, үстірт баяндалып келген, бұл ономастикалық, этнонимдік, топонимикалық сипаттағы қиындықтарды айналып өтуге жол ашты. Міне, сондықтан да батыс еуропалық ғалымдар арасындағы көшпелілер «адамзаттың арамтамағы» (Виолле Ле-Дюк) деген көзқарас пайда болған. Қазіргі таңда Оңтүстік Сібірде, Моңғолия мен Орта Азияда жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулер бұл пікірді жылма-жыл жоққа шығарып келеді, енді көп ұзамай-ақ көне түріктердің көркем өнері жөнінде әңгіме қозғайтын да күн ­туады әлі?!» деген.

Аталған еңбекте түрік әлемінің шынайы тарихының әлі жазылмағанын, жазылғандардың кейбірі әдейі бұрмаланғанын, түрік этностарын қалай масқаралағанын ұлы ғұлама нақты көрсетіп, оған жаны күйген. Міне, осыны ашық жазған Лев Гумилевтің асыл арманын іске асыратын мезгіл жетті. Әлемдегі түрік этностарының көпшілігі тәуелсіз елге айналып, ежелгі, орта ғасырдағы және жаңа дәуірдегі тарихына көңіл бөліп, оны егемендік жағдайында кешенді жаңарту үшін қам-қарекеттер жасап жатыр. Бұл ұлы мәселені шешетін тарихи деректер мен артефактілер жеткілікті дәрежеде жиналды. Әсіресе тарихтың археология мен этнология салалары бағалы жаңа деректердің мол қорын жинақтады. Түріктердің негізгі шоғырланған аймағы – Орталық Азия. Осынша ұлан-ғайыр жерді түріктер өз ­Отанына айналдырып, алғашқы адамзаттың заттай және рухани өркениетінің негізін салып, оны үздіксіз дамытып, алыс-жақын көршілеріне тарата білген. Оның оңтүстік Сібірден, Моңғолиядан және Орталық Азиядан табылған, әлі де табылып жатқан артефактілер нақты дәлелдеді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ даласы – ұлы түрік елінің қара шаңырағы» деген мақаласында: «Түркі халықтары жұмыл­ған жұдырықтар болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады» деп жазғанындай, кеше тарихымызда отар­шылдық кезеңге тап болуымыздың өзі түркі халықтарының арасындағы береке-бірліктің осалдап кеткенінен деп айта аламыз ба?

– Бұл сауалыңызға берер жауабымды Білге қағанның ұрпақтарына қалдырған өсиетінен бастайын. Білге қаған: «Түрктілдес халықтар бір болуы керек» деген өсиет қалдырған. Яғни біз бірлігіміз ғана мықты боламыз. Бірлігімізден айырылсақ, тоз-тоз болып, бөлінгенді бөрі жейдінің кебін киетінімізді меңгезені ғой. Сондықтан бірлігіміз шайқалған кезде жеңіліске ұшырап отырдық. Білге қағанның Қытайға қатысты айтып кеткен өсиеті де бүгінгі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Білге қаған Қытайдан әр уақытта қауіп туатынын айтқан. «Қытаймен тек қана сауда-саттық қарым-қатынас жасап отыру керек» деген. Қытайлар Батыс көршісі болған түріктермен соғысқан ғой. Соғысып, өзінің территориясын кеңітпекші болған. Бірақ та, бір метр жерін де ала алмаған. Уақытша кейбір жерлерін алып, Ферғанаға дейін барған. Артынан түріктер жиналып, оларды осы жерде қырып тастаған. Қытайлар «Қытай қорғанын» түріктерден қорыққандарынан салған. Бес мың шақырымға созылған қорғанды екі ғасыр салған. Бірақ ол қорғаннан түріктер, яғни біздің ата-бабаларымыз талай өтіп, Қытайға шабуылдап отырған.

Шыңғыс хан ең бірінші жорығын неге Қытайдан бастады? Бұл жөнінде мынадай пікірлер бар: Шыңғыс ханның Қытайдың байлығын алу үшін бірінші жорығын осы елден бастады дейді. Олай емес. Шыңғыс хан ата-бабасы Білге қағанның айтып кеткеніндей, қытайды уысында ұстап отыру үшін шабуыл жасаған. Тағы бір үлкен мақсаты – Хорезм шахты бағындыру болды. Хорезм шахпен күресу оңай емес. Ол да түрік. Бұ да түрік. Өзінің халқымен өзі соғысып отыр ғой. Неге? Біріктіру үшін. Тылды бекемдеу үшін. «Ертең Хорезм шахпен соғыссам, артымнан Қытай бас көтеріп шықса, менің жағдайым қалай болады?» деп ойлаған. Сондықтан Қытайды вассал ретінде сақтап, өзінің адамын қойған.

Сауалыңызға оралатын болсам, өздеріңіз жақсы білетіндей, орыс имерия­сы XV ғасырдан бастап Шығысқа көңіл бөле бастады. Петр І «Восточный вопрос» деген мәселені көтерді. Черкасскийдің басшылығы арқасында Кавказдан Хиуаға әскер жіберді. Қытайды басып алды. Башқұрды басып алды. Салават Юлаевтың көтерілісін тас-талқан етті. Қазақ жеріне келді. Қазақтармен соғыса бастады. Бірақ та, күші жетпейтін болған соң соғысудың айла-тәсілдерін өзгертті. Бетпе-бет шабуылмен емес, бекіністер құру арқылы жылжып отырды. Қазақтың өзін бағындыру үшін Ресейге 150 жыл керек болды. 150 жылға созылған азаттық күресімізді Кеңес өкіметі уақытында зерттеткен жоқ. Себебі Россияға сөз тиеді деп. Россияға өз еркімізбен қосылдық деген әпсана тауып алды. Әбілқайырды тарихта герой етіп көрсеттік. Шын мәнісінде, Әбілқайыр – қазақ халқының дұшпанының бірі болды. Ендігі жазылар тарихта осыны айтуымыз керек. Өзі де, баласы да қазақтарды отарлау үшін жәрдем беріп отырды.

– Тәуелсіздік алу бар да, оны әрі қарай өркендетіп, сақтау мәселесі де бар. Келесі жылы тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толады. Әлемдік саясат сахнасында геосая­сат жағдайлары күрделеніп, әртүрлі елдер арасындағы мүдде қайшылықтары орын алып жатқан қазіргі уақытта егемен мемле­кетіміздің іргетасын нығайту маңызды. Осы тұрғыдан келгенде егемендігімізді сақтау үшін, түрлі сын-қатерлерден аман-есен өту үшін не істеуіміз керек?

– Ол үшін бүкіл түркі әлемі бірігуі керек. Бірігіп, бір орталық құру керек. Меніңше, ондай орталық «Түрік демократиялық одағы» деген атпен құрылса деген ой бар. Түрік әлемі, түрік тектес халықтар бұрынғы Моде, Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Шыңғыс хан замандарындағыдай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесуі керек. Оны империя, мемлекет деп атамай-ақ қояйық. Одақ деп атайық. Одақ деген сөз федерация деген сөз. Сондықтан Түрік одағын құрайық. Сөйтіп, ұлы күшке айналдырайық. Түрік одағының құрамында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Түркия болуы керек. Бұл егеменді елдердің бірінші басшылары «Түрік демократиялық одағын құруға, екпінді, қарқынды жұмыстарды жүргізуі – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Біздің түрік бірлестігін құрамыз дегенімізге отыз жыл болды. Сөз жүзінде айтамыз, іс жүзінде істеліп жатқан нәрсе өте аз. Баяғы жеке-жеке, өз алдына дамудың жолында келе жатырмыз. Осы көзқарасты өзгертуіміз керек.

Осы мәселелерді қазір қатты қолға алуы­мыз керек. Шығыста Қытайға, Батыс­та Россияға жалтақтауды қоюымыз керек. Бұл саясатты батыл, ашық түрде жүргізуіміз керек. Жасырып, жабудың қажеті жоқ. Егер де түрік халықтары Түрік одағын құратын болса, оны ешкім ешуақытта жеңе алмайды. Ол мәңгі жасайды. Түрік одағын құрсақ, түрік халықтарының бірлігін бекемдеу үшін құрамыз ғой. Әйтпесе, біздің қанымызда отаршылдық саясат жоқ. Ресей басшысы Путин: «ХХ ғасырдағы үлкен трагедия – Ресейдің бөлінуі» дейді. Ал біз: «ХХ ғасырдағы ең керемет, жақсы оқиға – Кеңес Одағының ыдырауы болды» дейміз. Себебі азаттығымызды алдық. Менің байқауымша, үш жүз жылдай үстем­дік істеген көршіміз сырт елдерге сол баяғы үстемдігін орнатқысы келетін сияқты. Жириновский бастаған саясаткерлері: «Түріктер Тұран мемлекетін құрып, бізді отарластыратын болды» деп шуласып жүр. Жириновский қорықпай-ақ қойсын. Отарластыру саясаты түрік әлемінде ешуақытта болмаған.

Бүгінде Түркістан қаласының облыс мәртебесіне ие болуы түркі халықтарының бірлігіне серпін бере ме? Қалай ойлайсыз?

– Екі мәселені айтайын. Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университеті 25 жыл бұрын ашылды. Бұл университетті құрудағы бірден-бір мақсат – келешекте түрік елдерінің жастары келіп, осы оқу орнында білім алады, осылайша, түрік халықтарының бірлігі артады деген ой болды ғой. Ал енді осы университетті қаржыландырып отырған кім? ­Қазақ­­стан мен Түркия елі. Басқа түріктілдес халық­тардың біреуі де жәрдем бермейді. Жәрдем беру былай тұрсын, жастарын оқуға жібермейді. Бұл қалай болғаны? Бүгінде бұл үлкен университетке, білім беретін ғылыми орталыққа айналды. Осы универсиетті барлық түрік халқы қолына алмай ма? Қолынан келген жәрдемдерін беріп, бұдан да зор етіп, үлкейтпей ме? Осындай тұстарға мән беруіміз керек.

«Түркістанды – Түрік одағының рухани орталығы» дейміз. Ал неге Түркістан – түрік халықтарының астанасы болмайды? Рухани астана емес, түрік халқының жалпы үлкен астанасы Түркістан болуы керек. Өйткені Түркістан – түрік халықтарының қақ ортасында тұр. Ислам дінінің ошағы. Түркістан қаласында Түрік одағының Үкіметі болсын. Ол Үкіметтің мүшелері әрбір халықтан сайлансын. Әр халық өкілінің өзінің басқарушы орны белгіленсін.

Биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы Түркі академиясының құрылғанына 10 жыл толды. Он жылдың ішінде мына шаруа істелді, ана шаруа істелді деп баспасөз бетінде айтылып, жазылып та жатыр. Бірақ, менің ойымша, Түрік академиясының түрік халқын біріктіруде істеп жатқан ісі шамалы. Жоқтың қасы деуге болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында антрополог Оразақ Смағұловтың және абайтанушы Мекемтас Мырзахметовтың 90 жасқа толу мерейтойы­на орай конференция өткен. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысқан жиынды Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі сол жиынды жүргізіп отырды. Сонда мынадай мәселені айттым: «Түрік академиясы түрік халқының ежелден келе жатқан тарихи бірлігін неге жазып зерттемейді? Төңірегіне түрік тілдес тарихшыларды неге шоғырландырмайды? Түрік халқына ортақ тілді неге жасап шықпайды? Түрік халқының ішіндегі ең үлкен халықтардың бірі – өзбектер. Ал неге Өзбек академиясы Түрік академиясының мүшесі емес. Неге түркімен, әзербайжан, тағы басқа елдер осы академияның мүшесі емес? Қазақтың бай ауыз әдебиеті, ­«Бабалар сөзінің» 100 томдық еңбегі неге насихатталмайды?» дедім. Менің бұл пікіріме Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев көңіл бөлді. Қолдады. «Ақсақалдың айтқан пікірлері дұрыс. Ескеру керек» деді.

– Осыдан он шақты күн бұрын Түркияның Қорғаныс министрі Хулуси Акар мен еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев кез­десіп, өңірлік қауіпсіздік, екі елдің әскери-техникалық ынтымақтастығын, соның ішінде кадрлар даярлау, әскери білім беру, жауын­герлік даярлық, оқу-жаттығуларға қатысу мәселелерін талқылады. Сіздің ойыңызша, түркі халықтарының әскери саладағы ынты­мақтастығын арттыруда осындай кезде­сулердің маңызы қандай?

– Мұндай кездесуді қолдаймын. Әбден орынды деп санаймын. Бізге Түркиямен де, басқа да түрік елдерімен барлық салада, оның ішінде әскери салада да осындай екі жақты қарым-қатынас міндетті түрде керек. Бұндай әріптестік байланыстарға ерекше мән беруіміз керек және мұны алдағы уақытта жалғастыра бергеніміз абзал. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Түрік («Тұран») қарулы күшін ұйымдастырып, оны орталығы (штабы) Түркістан қаласында орналастырып, әрбір егеменді түрік республикалық әскерлерінен құрылуы тиіс. Тағы бір атап айтарлық мәселе – біз, түрік халықтары, түрік елдері бір-бірімізге жанашыр болуымыз керек. Жетістігімізге қуана білуіміз керек. Кейде баспасөз бетінен оқып қалам: «Ойбай, өзбектер бізден алға кетті. Біз қалып қойдық» деп жазады. Өзбекке «Рақмет» деу керек. Алға озсын. Өзбек – сенің туған халқың ғой, өз бауырың ғой. Оның жетістігін қабылдай біл. Сенің алға кетіп бара жатқан жағың болса, сен өзбекке жәрдем бер! Оның алға кеткенін – өз жетістігің ретінде қабылда! Бұл жалғыз өзбек немесе қазаққа ғана қатысты дүние емес, бүкіл түрік халықтарына қатысты ұстанымға айналса, игі іс болар еді.

Қорыта айтқанда, әлемнің саяси сипаты күн сайын күрделеніп бара жатқан мына заманда түрік халықтарының ынтымағы, ауызбіршілігі, тізе қосып әрекет етуі, түрлі сын-қатерлерге бірлесе қайрат көрсетуі – кезек күттірмейтін мәселе. Жасыратыны жоқ, өткен тарихымызда, бодандық замандарда түрік халықтарының қарым-қатынасы үзіліп қалды. Соның салдарынан түрік халықтарының бауырластығы бұрынғыдай бекем болмай қалды. Демек, түркі халықтарының бірігу мәселесінде алда атқарылар талай жұмыс күтіп тұр.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

1828 рет

көрсетілді

121

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы