• Қоғам
  • 19 Қараша, 2020

ІНДЕТТЕН САҚТАНУ – БАРШАҒА МІНДЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шараларын тағы да бір пысықтау үшін Үкімет мүшелері және бірқатар орган басшылары мен қалалар, облыстардың әкімдерімен бейнеконференция режимінде кеңес өткізгені жөнінде Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында пандемия кезінде отандық дәрігерлердің тиісті тәжірибе жина­ғанын, бұл дерттің негізгі белгілерін айқындап, онымен күресу жолдарын үйренгенін айтты.

Коронавирус басталғалы сегіз айдың ішінде еліміздің денсаулық сақтау саласы біршама нығайып, жаппай тестілеу жұмысы жүйеленгеніне тоқтала келіп, індеттің екінші кезеңінен сақтану керегін ескертті.
– Пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ес­керуіміз керек. Бүгінде бүкіл әлем «ковид теңдеуі» деп аталатын күр­делі мәселені шешудің алдында тұр. Мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді. Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқылықтардың кесірі түрлі теріс пиғылдардың асқынуына, оның ішінде, қылмыстың өршуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау. Бірқатар облыс­тарда коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да ­облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол ­шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ бүкіл еліміз бойынша ­коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді. Қазіргі ахуал жете бағаланбай, қабылданған шаралар толық жүзеге асырылмай отыр. Халықтың індеттен сақтану деңгейі төмендеп кеткен. Бұл – аксиома. Мұндай жағдай әлемнің көптеген елінде байқалуда. Аталған проблеманың біздің денсаулық сақтау жүйемізде де созылмалы ­сипат алғанын мойындауымыз керек. Медициналық ұйымдарға жүргізілген бағалау қорытындысы олардың дайындық деңгейінің әлі де төмен екенін көрсетті. Денсаулық сақтау нысандарының жартысынан астамында заң бұзушылықтар анықталған. Ауруханалар аймақтарға толық бөлінбеген. Нәтижесінде, емделушілер мен аурухана қызметкерлерінің індет жұқтыру қаупі сақталып отыр. Шын мәнінде, барлық өңірлерде жан сақтау бөлімшелерінің тиісті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілмегені көрінді. Атап айтқанда, коронавирус індетімен қатты ауырған науқастарды емдеуге қажетті жекелеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың же­тіс­пеушілігі байқалады. Өңірлер емдеу хаттамасында көрсетілген дәрі-дәрмек­тер­ді емес, өздерінің білгені бойынша препараттар сатып алуда. Менің тапсырмам бойынша ПТР сынамалары мен медициналық бетперделердің бағасы төмендетілді. Мұндай оң бас­таманы халық бірден сезінді. Осындай жұмыстарды медициналық дәрі-дәрмектерге, ең алдымен, корона­ви­русқа қарсы медикаменттер­ге ­қа­тысты жүргізу қажет. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Мемле­кеттік кіріс комитетімен бірлесіп, аталған мәселені қарастыруды тапсы­ра­мын. Жалпы Агенттік дәрі-дәр­мек­тер мен медициналық бұйым­­дардың бағасын реттеу ісіне атсалысып, фарма­цевтикалық бизнестегі картель­дерді әшкерелеуі керек, – деді ­Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент мемлекет тара­пынан коронавируспен ­кү­рес­ке жұмылдырылған медицина қыз­меткерлеріне үстемеақы төлеу жал­ғасатынын айтты. Санитарлық ­та­лап­тар мен шектеу шараларының сақ­­талуына компания басшыларының және бизнес иелерінің жауапты екенін де ескертті. Сонымен қатар білім сапа­сы­ның төмендемеуін, оқыту нәти­жесіне мониторинг жүргізуді, жем­қорлыққа жол берілмеуі керегін, медицина қызметкерлерін қорғаныш құралдарымен қамтуды, дәрі-дәрмек бағасын арттырмауды Үкіметке тапсырды. Отандық екі вакцина келешегі зор әлемдік биоқұралдардың қатары­на енгізіліп, қазіргі уақытта оларға кли­ни­калық зерттеулер жүргізіліп жат­қанына да тоқталды.
– Үкіметтің алдында тұрған үлкен міндет – отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу. Уақытша тіркеу тәртібін жеңілдетіп, вакцинаның тәжірибелік-өнеркәсіп және өнеркәсіп өндірісіне арналған зауыт құрылысын аяқтау қажет. Мен Ресей Президентімен ресейлік вакцина өндірісі зауытының құрылысы бойынша келісімге келдім. Үкімет осы қажетті жобаға инвестиция тарту бойынша келіссөздерді бастап та кетті. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру маңыз­ды. Мұндай шараларды дамыған мем­лекеттердің бәрі қабылдап жатыр. Парламенттің осы сессиядағы жұмысы аяқталғанға дейін депутаттардың қа­рауына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі заң жобасын енгізу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің түйінінде Президент барша азаматтарды тәртіпті қатаң сақ­тауға, уақытша шектеу шараларына түсі­ністікпен қарауға шақырды. Мемлекет басшысы індетпен күресте алдыңғы сапта жүрген дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге алғыс айтты.

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

1096 рет

көрсетілді

45

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы