• Мәдениет
  • 25 Қараша, 2020

ЖЕТІСУ ТӨРІНДЕГІ ТЕКТІ ӨНЕР

Қазақтың театр өнерінде Қазақстанның халық артисі Шолпан Жандарбекова есімінің шоқтығы биік. Оны өнердің айналасында жүрген жас та, жасамыс та жақсы біледі. ­Ак­триса сахна саласында өзінің шебер рөлдерімен ғана емес, сахнада өнер көрсететін актер­лерді дайындау ісімен де ерекше із қалдырды. ­Шолпан Жан­дарбекованың сондай шәкірттерінің бір легі сонау 1975 жылы Талдықорғанда ашылған театрдың алғашқы қойы­лымында өнер көрсеткен еді.

Тек Шолпан Жандарбекова ғана емес, Асқар Тоқпанов, Ыдырыс Ноғайбаев сынды театр өнерінің корифейлерінен сабақ алған жас актерлердің ойынына сол кездегі Мәдениет министрі Мүсілім ­Базарбаев «Өнер жолы өте ауыр, ой-шұңқыры мол, кедір-бұдырлы жол. Тақтайдай жазық даңғыл соқпақ емес. Нағыз талант, дара туған өнер тұлғалары ғана тау-тасты бұзып, тыңнан жол салады. Көп салалы ұлттық өнеріміздің бір саласы ­театр өнерінің бірден-бір иесі екен­дік­­теріңізді жақсы сезініп, соған лайықты шығармашылық үлкен қызмет атқарып телегей-теңіз абы­ройға бөленіңіздер. Ең бастысы ел-жұрпен бірге тыныстаңыздар, денсау­лықтарыңыз мықты болсын» деп бата берген еді.
Үш жыл ішінде 13 премьера өт­кізген театр 1978 жылы Алматы­дағы М.Әуезов атындағы театрдың сахнасында өнер көрсетті. Енді-енді ширап келе жатқан ұжым үшін бұл өте үлкен жауапкершілік еді. Талдықорғандық актерлер бұл сыннан сүрінбей өтті. Өнер ұжымының сол кезеңдегі тынысы жайында кәсіби сыншы Бағыбек Құндақбайұлы «Уақыт және театр» еңбегінде «Театр­дың шығармашылық жолмен қойған спектакльдерімен, труппа құрамымен, режиссурасымен жақын танысқанымызда, респуб­ликамыздың ең жас ұжымының дұрыс бағыт ұстап, түзу қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған театрдың қазіргі беталысы келешегінен үлкен үміт күттіретіндей» деп жазған екен. Бұл үміт көп ұзамай ақталды. Ақталғанына өнер ұжымы артқа тастаған 45 жыл, осы жылдар ішіндегі саф өнердің тұнығына шомылған сан мың көрермен куә. Ұрпақ жалғасты, буын алмасты. Биыл Талдықорған театрының ашылғанына 45 жыл. 45 жыл бір азаматтың ер жетіп, ес жиятын, өзіне ғана емес, өзгеге де жөн сілтеп, жол көрсететін дер шағы. Шымылдығын Ғабит Мүсі­репов­тің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы­мен» ашқан театр бұл аралықта көптеген әлемдік және қазақ драма­тургиясының классикалық шығар­ма­ларын сахналады, заманауи тақы­рыптарды да қалыс қалдырған жоқ.
Тағдыры текеметтің өрнегіндей әрқилы кейіпкердің жанын ұғып, сырын ақтарып, бірде мұң жамылып, қайғы арқалап, енді бірде шаттанып-шалықтап, кей күні телегей-теңіз көңілдің түкпіріне түсіргендей тебірентіп, болмаса сай-сүйекті сыз­датқан қайғыны ұмыттырып күлдіріп, келесіде жан дүниеңді қопарып, жүректі қозғап, ойлантқан мәртебелі өнер ұжымы 45 жыл Жетісу халқымен бірге жасасты. Өзі де ел-жұртпен бірге тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бір кідіріп, бір серпілді.
Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл толғанда Алматы облысы әкімші­лі­гінің қолдауымен Б.Римова атын­дағы өнер ұжымы жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа ғимарат тың серпіліс бергендей. Жаңа ғимаратта театр ұжымы ұлы Абайдың 175 жылдығына орай М.Әуезовтің «Абай» ­трагедиясы мен (Режиссері Қ.Қасымов), М.Бецуякудің «Деніңіз сау ма?» ­абсурдын (Режиссері Н.Өтеулинова) сахналады. Театрға басшылыққа келген Руслан Исабекұлының арнайы шақыртуымен келген Қуандық Қасымов қолтаңбасы республикаға танымал. «Абай» тра­гедиясындағы режиссерлік ше­шім соны. Тараздық сахнагердің Талдықорған көрерменіне тарту еткен «Абайы» жаңа сипатта. Әрине, драматургиялық шығарманың түпкі ойы мен мазмұнынан қиыс кетпей-ақ, режиссер Абай бейнесін декорация мен кейіпкерлердің киім кию сәнін жаңа заманға жақындатқан. Басты рөлді екі құрамда кезек-кезек сомдаған Бикен Римова атындағы театрдың майталман актерлері ­Базарбек Тоқымтаев пен Сағындық Жұмаділ. Базарбек Сләмбекұлы бұған дейін Алма Кенжебекованың «Абай туралы аңызында» Абай рөлін сомдаған еді. Әуезов шығармасындағы ­Базарбек Тоқымтаев сомдаған Абай ойшылдығын тек актердің дауыс ырғағы мен сөз ойнату тәсілі арқылы ғана емес, үнсіздігі арқылы да көрдік. Абайдың күйінген кезі мен шаттанған шағының, өзінен кейінгі білімге құштар жастардың сол бір кертартпа қоғамды алға жетелейді деген үмітке толы бейнесіне иландық. Ал Сағындық Жұмаділдің сомдауындағы Абай ши­рақ, өткір, болмысын көзін­дегі от ай­қындап тұрған бейнесімен есте қалады.
Шетелдік автор шығармасының желісі бойынша қойылған «Деніңіз сау ма?» спектаклінде Талдықорған актерлері өз кейіпкерлерін өте ­шебер сомдап шықты. Бар-жоғы бес кейіпкерден тұратын абсурд жанрын­дағы қойылым сізді бір сәт терең ойға жетелейді. Бірін-бірі түсінгісі келмейтін адамдар өмір сүретін қоғамда «Деніңіз сау ма?» деген сұрақ жиі қойылатын сыңайлы. Әрі оның жауабы да жоқ, ешкім ешкімді тыңдамайды, ешкім ештеңеге жауап бергісі келмейді. Дөңгелектей шыр айналған сұрақтар, сол сұрақтарға шырмалған тағдырлар. Түсініксіз, шым-шытырық шырмауықта адамға тән аяулы қасиет біртіндеп сетінеп, тозған еді. Шарасыз, сенімсіз бас кейіпкерді бір ғана сөз құтқарады.
– Сен ешкімге жамандық жаса­мадың, сен ештеңеге кінәлі емессің!..
Тек өз қамын ойлаған, ешкімді ешкім тыңдамайтын меңіреу қоғам­ды да осындай бір сөз құтқара алар ма?.. Өнердің міндеті де осы қойы­лым­дағыдай адам рухын жамандық пен ашкөздіктен құтқару. Дәл осы қойылым арқылы жетісулық сахна шеберлері өз көрерменінің жанын бір сәтке болса тазартқанына, рухын серпілткеніне сенімдіміз. Жапон азаматтарының бейнесімен қазақ қоғамының бір көрінісін сипаттаған Айдана Кенбаева, Айгерім Бекболатова, Асыл Ақтураева, Әсемай Тұрархан, Ақерке Мұстафаева сынды актерлер мен жас режиссер Назым Өтеулинованың кәсіби шеберлігі бағалауға тұрарлық.
«Хас сұлудың жанарындай мөлдір» өнер иелерінің Жетісу халқының көңілінен шыққан тағы бір қойылымы – Әлімбек Оразбековтың «Бір түп алма ағашы». Бір отбасының әр мүшесінің тағдыры әрқилы, бұралаңы көп, ­сырына ешкім үңілгісі келмеген, күйбең тірлікке көміле жүріп үңіле де алмаған бұйығы жандар. Қара шаңыраққа келіп, ашынғанда ақтарылған сыр мен шер кенже баланың өліміне әкеп соғады. Драматург идеясы мен ­режиссер шешімі бір-біріне сай келіп, ол актерлердің шеберлігі арқылы көрерменге жетті. Дәметкен рөліндегі ҚР Мәдениет қайраткері Ғалия ­Темеребаева бастаған, Ерғали роліндегі Дастан Пышанов, Әлия рөліндегі Аян Қожбанова, Ләйла-Айгерім Бекбулатова, Мақсат – Әлішер Тайболатов, Тұрсын – Еркебұлан Айдымбаев, Зарқымбек – Ерлік Қалибек сынды актерлердің өз кейіпкерлерін мейлінше сіңіре білгені анық аңға­ры­лады. Бұл қойылымды бүгінгі күннің кейіпкерлерін мейлінше шынайы сомдаған шоқтығы биік спектакль десек, ешкім қарсы келе қоймас.
2020 жылдың күзі жалпы театр өнері үшін бұрынғыдан өзгеше болды. Карантин талаптарын сақтай отырып қала тұрғындарына бірнеше премьера ұсынды. С.Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» реквиемін, Жолтай Әлмашұлының «Аққан жұлдыз құласа» және Серік Әбікенұлының «Орақты батыр» тарихи драмаларын сахналады. Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының актері Ерлан Кәрібаев режиссерлік еткен спектальдің қоюшы-суретшісі Мәдениет саласының үздігі ­Қарлы­ғаш Шалабаева. Бұған дейін қойылған ­спектальдерден бөлек сипаттағы ­туынды Жетісу ­сахнасына тың серпін әкелді. Динамикаға құрылған режис­серлік шешім, тың декорация, сөзден гөрі іс-әрекетке құрылған актерлік ойын тек ­театр ұжымы үшін ғана емес, Талды қаланың көрермені үшін де жаңалық болды.
Театр – ұжымдық өнер. Дегенмен, сахнадағы ең үлкен жауапкершілік қашанда актерге артылатыны белгілі. Бұл тұрғыда Бикен апа театрының актерлері осы жауапкершілікті анық сезіне алады. Оған Алмахан Кенжебекова, Серік Нұрхалық, Кендебай Темірбайұлы, Аман Қожабеков, Мәкен Нұрмұхамбетова, Әлихан Ыдрышева, Мұса Әжібеков, Базарбек Тоқымтаев, Сағындық Жұмаділ, Ғалия Темербаева бастаған сақа өнер иелерімен ұрпақ сабақтастығын жалғап келе жатқан орта буын Аян Қожбанова, Абай Нұғманов, Сандуғаш Мұңайтпасова, Дастан Пышанов, Ақмарал Толеуова сынды актерлердің еңбегі мен олардың ізін басып келе жатқан Роза Қапашева, Ерлік Қалибек, Еркебұлан Айдымбаев, Айгерім Бекболатова, Ақерке Мұстафа, Гүлжазира Тлепбергенова, Жасұлан Заманбеков, Гүлмайра Тілеуғабыл, Айдана Абдрахимова, Толғанай Ағламова және т.б. жастардың талпынысы мен ізденісі дәлел бола алады.
Қазір республикаға ­танымал ­режиссерлер Талғат Теменов, Әлімбек Оразбек, Мұрат Ахманов, Болат Ұзақов сынды Республикаға танымал актерлер мен режиссерлердің дәл осы Талдықорған театрынан қанат қаққанын ескерсек, Бикен апа есімін иеленген өнер ұжымы әлеуетінің әлі де мығым екенін аңғаруға болады.
Жаңа ғимаратқа жаңа жоспармен келген театр осы маусымда көптеген фестивальдерге қатысуды жоспарлап еді. Пандемияға байланысты ол жоспар кейінге қалды. Дегенмен, карантин уағында да маусым ашыла сала үш премьера өткізіп үлгерген шығармашылық ұжымның еңбегі, кәсіби талғамы академиялық театр­лармен тең түсетіні анық.

Назым ДҮТБАЕВА,
журналист

1421 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы