• Қоғам
  • 25 Қараша, 2020

Сенім туғызған серпіліс

2018 жылы Алматы облысындағы Райымбек ауданы қайта ашылып, шекаралы аймақтың жаңғыру дәуірі басталған еді. Содан бері екі жылда атқарылған шаруалар аз емес. Аудан орталығы мен ауылдарда әлеуметтік нысандар салынып, тұрғын үйлер халықтың пайдалануына берілуде. Осындай игілікті шараның бірі жақында болып, оған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов, облыстық құрылыс басқармасының ­басшысы Дәурен Жолжанов, ­облыс прокуроры Азамат Жылқыбаев секілді бір топ басшылар мен аудан активтері және тұрғындар қатысты.

Жалпы аудан орталығында 111 тұрғын үй салынып жатса, солардың 83-нің 1,2 кезең бойынша құрылысы аяқталып, бұрын 20 үй пайдалануға беріліпті. Ал бұл жолы 33 тұрғын үй мен бірнеше әлеуметтік, әкімшілік нысандар пайдалануға берілді.

Салтанатты шараны ашқан облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы өзінің құттықтау сөзін төмендегіше жеткізді.

 – Шекараның шебінде, облыстың шетінде қайта шаңырақ көтерген Райымбек ауданының жаңарып, көркейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Жарлығымен қайта құрылғаннан бері аудандағы халық саны өсіп, 40 мыңнан асты. Соның ішінде 2 мыңнан аса адам туған жеріне қайта оралған. Ауданның дамуына, инфрақұрылымын қалпына келтіруге республикалық және облыстық бюджеттен 17,9 миллиард теңге қаржы жұмсалды.  Жолдары жасалып, көшелеріне асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылып, су құбырлары тартылып, жаңа ғимараттар салынды. Басқа да игілікті істер жасалуда. Соның ішінде, бірінші кезекте, ауданға жұмыс істеуге келген қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешіп келеміз. Бүгін, міне, 33 тұрғын үйді қолдануға беріп отырмыз. Қоныс­тарыңыз құтты болсын! – деді А.Баталов.

Өз кезегінде баспаналы болған тұрғындар атынан аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Ақылов пен аудандық аурухананың эпиде­миолог-дәрігері Құралай Бұқарбаева ризашы­лықтарын білдірсе, аудандық ақсақалдар алқасы атынан Медетхан Абиров бата берді.

    Жаңа қоныс иелерінің бірі, 20 жылдан бері бір перзентке зар болып, жуырда нәрестелі болған Қуаныш Абаевтар отбасы кішкентай Нұрислам үшін облыс әкімінің бата-тілегін алғысы келетіні туралы ниетін білдірді. Амандық Ғаббасұлы отбасының шаңырағына кіріп, нәрестенің болашағына жарқын жол тілеп, батасын берді. 

Қоныс той қуанышына кенелгендердің көпшілігі аудандағы басқармалардың басшылары мен бюджеттік мекемелер мамандары болса, арасында 1 көп балалы отбасы, 1 жетім бала және 1 мүгедек азамат бар. Берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 3242 шаршы метр. Құрылысын «Фуд МС» ЖШС және «Асан М» ЖШС құрылыс компаниялары жүргізген.Осы күні пайдалануға берілген «Азаматтарға арналған үкімет» орталығы, аудандық прокуратура, қайта жөндеуден өткен ҰҚК ғимараттары да осы құрылыс компанияларының қолынан өткен.  «Азаматтарға арналған үкімет» орталығында халыққа қызмет көрсету бөлімі, полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобы және мұрағаты, әлеуметтік қамсыздандыру, жер ­кадастры бөлімдері орналасыпты. Мұнда күніне 100 адамға ресми қызметтер көрсетілуде. Облыс басшысы орталыққа қызмет алуға келген тұрғындармен тілдесіп, қызмет көрсетуші мамандармен әңгімелесті. Мәселен, Ерлан Тоқтабек пен Сымбат Мұқаш мұнда жас маман ретінде келген. Екеуі де жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын осы орталықтан бастағандарын айтты.

Облыс басшысы құрылысы кешеуілдеп жатқан спорт комплексін де аралап көріп, мердігер компания басшысына бірнеше кемшіліктерді қолымен шұқып көрсетіп, пайдалануға берілгенше түзетуді қатаң тапсырды.

– Сіз спорт комплексін тапсыру мерзімінен кешіктіңіз, енді асығыстық жасамаңыз. Мен көрсеткен кемшіліктерді түзету қажет. Мұндай спорт кешені ауданда тұңғыш рет ашылғалы отыр. Халыққа сапалы ғимарат берейік. Мен өзім келіп ашып, өзім қабылдап аламын.

Мердігер құрылыс компаниясының басшысы С.Құсайынов аталған кемшіліктерді түзетуге облыс басшысы мен халық алдында уәде етті. Уәдені орындар деп сенеміз.

Жаңа үйдің кілтін салтанатты жағдайда табыстаған облыс әкімі осы шараның ашылуына арнайы барған БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, Райымбек ауданын дамытуға жасалып жатқан мемлекеттік қолдаулар және алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар туралы қысқаша айтып берді. Облыс басшысының сөзіне қарағанда,болашақта ауданға газ құбыры тартылып, су қоймасы салыну ­жоспарлануда екен. Сонымен қатар келесі жылы ақиық ақын М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай ақынның ескерткіші орнатылмақ. Сол сияқты ауданның бұрынғы басшысы Жолан Омаровтың еңбегін де еске алып, болашақта ардақты азаматтың еңбегі есте қалатындай шаралар атқарылатынын айтты.

Өз кезегінде БАҚ-на сұхбат берген ­Райымбек ауданының әкімі Нұржан Кеңесұлы да атқарылып жатқан жұмыстар мен болашақта істелінетін істерге тоқталды.

– Биылғы жылдың өзінде құрылыс жұмыстарына 8 миллиард теңге қаржы  бөлінді. Соның 3 миллиард теңгесі – «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы бөлінген. Ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, жастар туған өлкесіне қайта оралып жатыр. Келесі жылы тәулігіне 250 адам қабылдайтын, жобалық құны 2,8 миллиард теңгелік емхана салына бастайды. Аудандық аурухана ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі. Суару жүйелерін ретке келтіреміз. Ауданда 36 000 гектар суармалы жер болса, бүгінде соның 16 000  гектар жері ғана пайдаланылуда. Болашақта осы суармалы жерлердің көлемін арттыруымыз қажет. Ірі инвесторлар осы өңірде ауылшаруашылығының бірнеше саласы бойынша кәсіптерін дамытуға ниет білдіруде. Келген инвесторларға қолайлы жағдай жасаймыз. Ауданымыз табиғаты тұнып тұрған, туризмді дамытуға қолайлы өңір. Болашақта экотуризмді дамытуға ­жобаларды қаржыландырамыз. Жыл басынан бері жұмыссыздыққа 600 адамнан өтініш түссе, соның 426 жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар ауданда әлі де дәрігер, кейбір пән мұғалімдері, ветеринар және техникалық мамандар жетіспейді. Осы мамандар келсе, оларға жұмыс беріліп, әлеуметтік жағдайлары жасалады.

Байқауымызша, елдің әлеуметтік жағдайы дұрысталып қалған. Елімізде ауылшаруашылығы экономиканың дамытушы күші болып саналатыны белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде Райымбек ауданында ауылшаруашылығы саласы екі жылда даму үрдісінде екенін  байқадық. Нақты деректерге жүгінсек, 2020 жылдың 10 айын­да ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 25 миллиард 362 миллионды құрап, жоспарланған меженің 99,8 пайызы орындалыпты. Бұл көрсеткіш жыл аяғына дейін жүз пайыздан асып орындалатынын айтты, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Оралқұлов.

–  2019 жылмен салыстырғанда мал басының өсімі байқалады. Мәселен, ірі қара мал 55 343-тен 65 594-ке, 37 235-тен 43 033-ке, қой-ешкі, 254885-тен 271 974-ке, құс 39 100-ден 41 994-ке көбейген. Тірі салмақтағы ет жоспары – 18 000 тоннаға, сауылған сиыр сүті жоспары-31 000 тоннаға, жиналған жұмыртқы жоспары – 5 миллион 656 мың данаға орындалған. Дәнді дақылдан – 23 321 тонна өнім жиналды. 2020 жылы қаңтар-қазан айлары аралығында аудан ­шаруа қожалықтары 67,7 млн теңгеге 14 бірлік (трактор – 4 бірлік, агрегаттар – 10 бірлік) ауылшаруашылығы техникалары алынды. Оның ішінде, лизинг арқылы 23,5 млн теңгеге, өз қаражаттары есебінен 44,2 млн теңгеге ауылшаруашылығы техникаларын алды. Жалпы алынған техникаларға кеткен қаражат мөлшері – 145 млн теңгені құрады.

Жалпы іссапар барысында аудан халқы­ның еңсесі көтеріліп қалғанын, болашаққа деген сенімдерін байқадық. Ал сенім бар жерде алар асулар биік болары анық.

 Нұрболат Сұлтанғазиев
«Ana tili»

601 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы